«АРМАН» НЕМЕСЕ АСЫЛ МАХАББАТ ЖАЙЫНДА
26.06.2015
1351
0
889198_543654083___________Ежелден астарлап сөйлеп, сөздің астарына үңіліп, астардан мазмұн мен мағына іздеп үйренген халықтың ұрпағымыз. «Бір сөзі – бірқаралық» деп мақтанатын шешен бабаларымыздың әрбір лебізінде қаншама өнеге-тағылым, иман мен ұят, ақыл мен парасат жатқанын сол дәуірлердің тасасында қалған ұғым мен таным, тереңге бойлар зерде ғана білер. Бүгінгі бізге жеткені астары тозып, сыртқы әлеміш реңі ғана қалған сөз қиқымы ғана. Көбінде соның өзін ғана малданып, байыбына бара алғансып, өтірік таңырқап, өтірік бағалап қоя салатынымыз да жалған емес.

Кейінгі буынның сол көнеден қалған сөз асылын іздеп, соларша сөйлегісі келген, ескі тілдің ырғағына елітіп, өлең өлкесіне сөз астарының қабат-қабат бояуымен енген, бүгінгі батыстікі деп бөгенайлап жүрген әлдебір астарлы тілдік ұғымының кезінде бабалары­мыз­дың жорығы арқылы соларға сіңіп, бүгін алдымыздан қайта шығып отырғанын білмейтін тобырға тосын көрінген биіктігі қайта-қайта «түсініксіз, күңгірт» аталып алдымыздан шыға беретіні және оның дабыра мен дақпырт туғызып, небір келеңсіз, түйтіксіз пікір­сымақ­тарға қор болып та қалатыны есті көңілге кіреуке болатыны бар.
Жә, бұл жағында сөз басқа. Біздікі енді жаңағыдай айтқан, астарлы сөз ұғымына ене біліп, оны өз шығармаларында әдемі қолданып, үлкен ақындық әлемге жол алған бір шайырымыздың бір өлеңіне өзімізше талдау жасап, пікірімізді сол арқылы дәлелдеу.
Ақын – Мұрат Шаймаран. Өлең аты – «Арман». «Түнгі сарын» атты жыр жинақтың 44-бетінде тұр.
Өлеңді толығымен алып келейік:
Мені күтіп тұрғандайын бақтар сан,
Өзімді-өзім ебіл-дебіл ақтарсам.
Анау көше, қара нөпір адамның,
Арасына кірсем-дағы жоқ болсам.
Сосын барып өзімді-өзім жылытсам,
Күйкі күннен көңілімді суытсам.
Қалтылдаған көше шырақтарына
Қалтыраған жүрегімді жылытсам!
Бар иісті басып түсіп бұл маңға,
Жетсе самал мен аңсаған қырлардан.
Мен тамсанған әрбір сұлу қыздардың,
Жанарында жайнап тұрса нұрлы арман.
Хор қызындай тым тәкаппар ол да аса,
Мені ешбір қаперіне алмаса.
Біріне де тіл қата алмай солардың,
Таң алдында қайтсам үйге далбаса.
Бұлбұл ұшып жаз күндерім бастан бұл,
Мен боп сонда мұңға батса аспан кіл.
Ал ертесі төсегімде аһ ұрып,
Не ауыру, не сау емес жатсам бір…
Мұрат әдебиетке енген сәтінен бастап-ақ қуатты романтикасымен, асқақ пафосымен, әрбір өлең шумақтарына астарлы ой, кемелді түйін жасыра білгендігімен және өлеңдегі ешбір жасандылығы жоқ шынайылығымен үлкен ақын болып қалған шайыр.
Мұраттың «Арман» атты жырында да сол романтикалық сарын мен меңзеп айтар астарлы ой басым. Мынау шулы дүниеден қажыған жанның әлдебір аңсарлы арман іздеп шалдыққан, шаршаған, сосын, онысын тапқан, тапқаны – қайтадан сол мазасыз ақындық биіктікте мұнартып, алыс сәуленің ошағында – сағыныш пен ынтызарлықтың, тап-таза махаббаттың деңгейінде, ізгілік әлемінде қалып қойған және ол мәңгілік сағыныш пен қам-қайғысы ретінде алдымыздан қайта-қайта соғып орала беретін өмір ретінде тұрады да қояды.
Жырда ақын жетпеген, жеткісі келген, қол созған бір махаббат елесі көрініс табады. Ол махаббат басқа әлемнен емес «жусан иісі бұрқыраған самала қырдан» ұшып жеткен сұлу­лардың жан дүниесіндегі, жүрегіндегі немесе арман мен үмітіндегі талғам мен тәкаппар биіктігімен өлшенетін сезім жарқы­лындай. Ежелден ізгілік даңқына шаң жұқтыр­маған даланың ең әдемі гүлдері – арулары да сол даладай кінәмшіл, кірпияз, пәк те кінәз. Тек пен қандағы тазалықты арындай ардақтаған тұқымнан кіршіксіз періштелік пен абадан ерлік туады.
Бұл жырда баяғының бай заманында, жұртымыздың іргесі сөгіліп, рухының реңі қашпай тұрған шағындағы азаматтарымыздың арушасын ардақ тұтқан, қыз біткенін хор сұлуындай әспеттеп, адамгершілік өлкесінің ең асқақ түкпірінде сақтап, болашақ аналардың жатыны мен жанына жамандық жолатпай қызғыштай қорғаған танымы мен эстетикасы, ерлігі жатқандай.
«Хор қызындай тым тәкаппар ол да аса,
Мені ешбір қаперіне алмаса.
Біріне де тіл қата алмай солардың,
Таң алдында қайтсам үйге далбаса», –
дейді ғой ақын.
Ақын өзі «тамсанған арулардың» жанарында да сол өзі аңсаған, өзі іздеген, жете алмай жүрген әлде не (мүмкін, ізгілік не асқақ сағыныш, болмаса нәпсіден биік махаббат… Әйтеуір өмірден асқақ бір әлем…) болса дейді. Сосын, жолығысқан сол асыл жандардың жанынан айналсоқтап шыға алмай, сұлулық пен дегдарлық ішіндегі бір дүниеде бәріне де (мейлі, елемесін, қарамасын… Маңын бастырмасын) риза жанның кейпін көреміз. Ақырында ақын «солардың біріне де тіл қата алмай, сарпалдаң күйде үйге қайтсам, немесе сол тәкаппар сұлу­лардың барлығы да сол тәкаппарлік кеңіс­тігінде қалып қойса етті» дейді. Бұл жерде ақынның бір ғана адамның көзқарасы жатқан жоқ, қайта махаббат пен сағынышқа деген бір ұлттың тұтас танымы мен идеясы қамтылып жатыр.
Кейде ойлаймын: басқы үш шумаққа дейін жазып келіп, соңғы екі шумақты басқамызға (басқа ақынбыз деп жүргендерге) беріп қойса қайтер еді деп? Мүмкін, жаңағы қаптаған қалың сұлулармен сүйісер ме еді, жоқ төсекке жетелер ме екен? Әлде, үйіне әкеліп алар ма еді? Болмаса, шалғайға бір-екеуін алып қашып әкетіп, кейін әкеліп тастайтын шығар деп…
Мұрат соңында:
«Ал ертесі төсегімде аһ ұрып,
Не ауыру, не сау емес жатсам бір…», –
деп аяқтайды.
Ертедегі аңыздар мен қиссалардағы зәурені озған ғашықтық, мәңгілік байыз таптырмас, не көрге, не төрге сүйрейтін ынтызарлық, нәпсі мен зауықтан биік сағыныш пен махаббат қана осылай болмақ. Және ол жаны мен тәні бірдей таза, ізгілік пен адалдық ірге тепкен жүректе ғана жасамақ.
Мүмкін, біздің үнемі айтатын «әйел құрметі» дейтініміз осы шығар. Сонау бабаларымыздан жалғасқан әйелді шынайы сүю мен оны ізгілік кеңістігіне көтере аялау, ғұмыр бойы аңсаған ұжымақты әйелдің табаны астынан көру, келер ұрпақтың тектілігі мен даңқын әйелдің тап-таза ары мен жанынан іздеу сынды көрегендік те осы болар.

Қуаныш Дәлей.
ҚХР.

ПІКІР ҚОСУ