ЖЕГЕНІ ЖЕЛКЕСІНЕН ШЫҚТЫ
28.03.2023
199
0

Парсы патшасы Камбиз-2 парақорлыққа жан дүниесімен қарсы болған көрінеді. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың бұл түрін иттің етінен жек көргені сол, осынау былыққа батқан пендеге адам баласы екен-ау деп қарамапты. Мәселен, парамен ұсталған қазының терісін тірідей сыпырыпты да, кейінгі қазылар отыратын орындықты сол терімен қаптапты. Ал енді қазы орындығына отырып пара алып көр!

Жо-жоқ, біз жемқорларға дәл осы жаза түрін қолдану керек демейміз. Жазаның ауырлығынан қылмыс тыйылса, жер жүзі әлдеқашан жұмаққа айналған болар еді. Алматы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының лауазымды тұлғасы М. Жексембаев «Реннесанс плюс» ЖШС өкілі Ғ. Беркінбаевтан қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және сұрыптау үшін Алматы қаласының тұрғын үй кешендерінің аумағында жер учаскелерін бергені үшін 5 млн теңге шамасында; «Компания Стройтекс» ЖШС директоры А. Мапаевтан Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының әкімшілік ғимаратының ЖСҚ әзірлеуге бұрын жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша жалпы қамқорлығы үшін делдал Б. Рахым арқылы 3 млн теңгеден астам пара алмас еді. Біз тілге тиек етіп отырған ақпаратты Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми сайты жариялаған екен.
Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотының үкімімен пара алғаны үшін (ҚК 366-бабы) Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы М. Жексембаевқа 96 млн теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындалды (параның 30 еселенген мөлшері).
Пара бергені үшін (ҚК 367-бабы) «Экосервис-С» ЖШС басшысы Ғ. Беркінбаев пен «Компания Стройтекс» ЖШС басшысы А. Мапаевқа сәйкесінше 73 млн астам және 64 млн теңге сомасында айыппұл салуға үкім шығарылды.
Парақорлыққа делдал болғаны үшін (ҚК 368-бабы) «Eco Almaty» ЖШС менеджері Б. Рахым 32 млн теңге мөлшерінде айыппұл арқалады.
Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы есебі 265 млн теңгеден астам соманы құрады.
Аталған адамдар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмірбойы айырылды. ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады (сот үкімі заңды күшіне енген жоқ).
Міне, «Жегені желкесінен шықты» деген осы. Мұндай мысалды тізбектеп айта беруге болар. Ең өкініштісі, құлқынқарын жемқор жалаңдап жей беруден тайынбайды ғой…

Ө.ӘРІПБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір