Қарулы күшіміздің қауқары қандай?
Әлем жұртшылығы еліміздің әскери әлеуетін қалай бағалайды? Қазақстан қорғаныс саласына қанша қаржы жұмсайды? Осы салада қай елден озық тұрмыз, қай елдерге жете алмай келеміз? Әскери қызметкерлеріміздің саны қанша? Қандай қаруларымыз бар? Сілтемелерге сүйеніп жауап беріп көрелік.
Finprom.kz порталының жазуынша, Global Firepower-дің әскери қуаты бойынша рейтингінде Қазақстан 145 елдің ішінде 63-орында тұр. Елдің индексі – 1,0873. Көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, мемлекеттің әскери қуаты соғұрлым жоғары дегенді білдіреді.
Рейтинг сарапшылары 60 түрлі факторды бағалайды. Оның ішінде қорғаныс шығындарының деңгейі, техника мен құрылғының арсеналы, әскердің көлемі, танктердің, кемелердің, ұшақтардың және басқа да әскери техникалардың саны, мұнай, көмір және басқа ресурстарға қолжетімділік есепке алынады. Бұл ретте ядролық қарудың болуы ескерілмейді.
Рейтингке сәйкес, әскери қуаты ең жоғары елдер – АҚШ, Ресей және Қытай. Ал Бутан рейтингтің ең соңында тұр.
ТМД елдерінің ішінде Ресейден басқа Қазақстанның көрсеткіші Украина, Әзербайжан, Беларусь және Өзбекстаннан төмен. Рейтингте Қазақстаннан төмен Түрікменстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Молдова орналасқан.
Қазақстаннан жоғары тұрған ТМД елдерінің ішінде Ресей қорғаныс саласына 82,6 млрд АҚШ долларын, Украина 30 млрд АҚШ долларын, Әзербайжан 3,1 млрд АҚШ долларын жұмсайды. Бұл ретте Беларусь пен Өзбекстанның бюджеті Қазақстандағыдан бірнеше есе төмен болып шықты. Қазақстанда 2,6 млрд АҚШ доллары болса, аталған екі елде 723,1 млн және 692,5 млн АҚШ доллары.
Global Firepower сарапшыларының мәліметінше, ҚР авиациясында 237 ұшатын құрал, оның ішінде 75 жауынгерлік тікұшақ бар. Ал ұшақтардың ішінде – 39 шабуылдаушы ұшақ, 81 жойғыш, 17 көлік және 25 оқу-жаттығу ұшағы тіркелген. Елдің құрлықтағы күштерінде – 300 танк, 5,2 мың бронды тасымалдаушы, 246 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы, 456 сүйретілетін артиллериялық қондырғы және 407 көпреттік зымыран жүйесі бар. Әскери қызметкерлердің жалпы саны 77 мың адамды құрайды, оның 45 мыңы белсенді әскерилер, 32 мыңы әскерилендірілген құрамаларға жатады.