Түркістандық журналистер қаржылық сауаттылығын шыңдады
Бүгінде халықты қан қақсатып жүрген интернет алаяқтардың саны күн санап артып барады. Олардың торына сан соғып, алданғандардың саны есепсіз.
Банк саласы мамандарының мәліметіне сүйенсек, елімізде 10 мыңнан астам интернет алаяқтық тіркелген. Алаяқтар 18,2 млрд теңгені қалталарына басқан. Тіптен алаяқтарды құрықтап, темір торға тоғытса да тоқтамай болмай тұр. Шындығы сол, ақпараттық технологияның озық мүмкіндіктерін пайдаланатын оларды ұстаудың өзі оңайға түспей тұрғаны да жасырын емес.
Елімізде халықты жаппай қаржылық сауаттылыққа үйрету қолға алынып жатыр. Бұл, әрине, болашаққа жасалған мықты қадам. Бұл маңызды қадамның алға ілгерілеуі үшін ең алдымен БАҚ өкілдерінің атқарар қызметі мен міндеті жоғары болмақ.
Қазір ақпарат ағымына ілесу, сауатты кейс жасау әр журналистің меңгеру керек функциясы. Себебі бүгінде қарапайым жазу арқылы оқырманға ақпаратты жеткізе алмайсың. Оған машық қажет. Үздіксіз даму, сол даму процессіндегі жаңа дүниені медиада сауатты пайдалана алу өте маңызды.Осы орайда Halyk Bank және Түркітілдес журналистер қоры бірлесіп ұйымдастырған «Қаржылық сауаттылық:Іскерлік журналистика» тақырыбындағы кезекті семинар-тренингі Түркістан облысында өтті.
Семинар барысында Halyk Bank өкілдері интернет алаяқтықтан қорғану жолдарын түсіндіріп, қолдану жолдарын көрсетті.
Halyk Bank Түркістан филиалының директоры Артур Тасқарин мен оның командасы банк акциялары, әлеуметтік бағыттағы жобалары, интернет алаяқтық түрлері мен оның жолдары, халықтың қаржылық сауатын арттыру жайлы кеңінен әңгімелеп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Артур Тасқарин БАҚ өкілдерінен мына төмендегі ескертуге аса мән беру керектігін және халыққа жеткізуін сұрады. Оның айтуынша, онлайн сауда жасайтын кезде күмәнді транзакциялардан бас тартыңыз! Банк картасының деректерін, шот номерін және қауіпсіздік кодын бөтен адамға бермеңіз! Банктердің күмәнді сілтемелерін ашпаңыз! Күмән туғызған сілтеме бойынша кіріп, ол жерге жеке мәліметтеріңізді енгізбеңіз! Танымайтын адамға ақша аудармаңыз!
Сонымен қатар, соңғы кездері қазақстандықтарға өздерін банк қызметкеріміз деп таныстыратын алаяқтар телефон соғуды үдете түскен. Олар сіздің депозитіңізге қауіп төнгенін хабарлайды, ақшаны жедел шешіп алуды немесе депозитті «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынады. Бұл айлаға берілмей, керісінше банкке жедел түрде қоңырау шалыңыз!
Қаржылық сауаттылықтың маңызы, алаяқтардың сан түрлі айласы, сондай-ақ одан сақтану жолдарын үйретіп өтті.
Қор президенті Нәзия Жоямергенқызы да қаржылық сауаттылық жайлы пікірлерімен бөлісті.
Семинар барысында журналистер медиа тренер Ерсұлтан Хожалепестің «Ютубтағы рейтинг пен монетизация» туралы тақырыптарымен де танысып, тәжірибелік жұмыстарымен айналысты. Əрбір минутты барынша тиімді пайдалануға ұмтылған қатысушылар жаңа дүниені үйренуге белсенді қатысты. Себебі қазір сауаттылықты арттыруға бағытталған семинар ақылы. Оның үстіне уақыттың талабы жазған дүниеңнің әлеуметтік желіде тез қаралым жинап, одан пайда табу болып отыр. Сол себепті мұндай пайдасы зор әрі тегін сабақтан түркістандық журналистер толыққанды жауап алуға тырысты.
Бұдан басқа, семинарда медиа-тренерлер дәріс өткізіп, әріптестер жасанды интеллект бойынша іскерлік журналистикада қолдануды үйренді.
Жасанды интелектпен қалай жұмыс жасау керектігі, оның пайдалы тұстары қайсы, ол үшін қандай программалармен жұмыс істеу керектігін қазақ тіліндегі БАҚ өкілдерінің кəсіби білігін арттыру жолында медиа тренер Бауыржан Ғаппаровтың «AI: инфографика, постер, презентация» тақырыбында өткен сабағында түсіндіріп өтті. Атап айтқанда, постер, афиша, инфографика жасау, фотоколлаж, сурет, ашық дереккөздермен жұмыс, аудио монтаж, дыбысты тазалау, видео монтаж, жасанды интеллект секілді заманауи медиасауаттылық мүмкіндіктерін күнделікті қызметте қолданудың жолдарын үйренуге деген қызығушылық жоғары болды.
Бақдәулет Айдағараев