САЗ ӘЛЕМІНДЕ САМҒАУ
27.04.2026
38
0

Ұлттық музыкамыздың інжу-маржаны – ән мен күйдің оркестрлік орындау деңгейіне көтеріліп, жаңа формада дамуы дәстүрлі өнерді жаңа биікке шығарды. Осынау бекзат өнердің бүгінгі замандағы алдыңғы легінде белгілі дирижер, композитор, ұлағатты ұстаз, Қазақ­станның Еңбек сіңірген қайраткері Жамағат Темірғалиев есімі тұр. Елге танымал оркестрлердің дирижері болған, қырық жылға таяу уақыттан бері Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның оқытушысы Жамағат Хафизұлы оркестрлік өңдеудің хас шебері ретінде де мәлім. Биыл мерейлі 80 жасқа толып отырған дирижер ағамыздың бүкіл өмір жолы мың сан бояулы, тылсым үнге толы оркестрдің әсем сазындай өнермен бірге өріліп келеді.

Ұлттық өнермен өмірі бітеқайнасқан Жамағат аға – өзінің дирижерлік мектебін қалыптастырған майталман музыкант, дәстүрлі өнердегі бірнеше буынның ақылшы ағасы, қамқор ұстазы.
Жер жәннаты Жетісуда – Талдықорған облысы Сарқан ауданының Қарауылтөбе ауылында 1946 жылы дүниеге келген Жамағат ағамыз мектепті Бөрлітөбе ауданындағы Көктерек ауылында оқыпты (ол кезде М.Горький совхозы). Мектепте директор болған, одан кейін шаруашылық басқарған әкесі Хафиз домбыра тартып, күй шертетін, анасы Қамар сырнаймен ән салатын жандар еді. Бұл атадан балаға берілетін, қанмен келетін қасиет қой, өз тегі де, нағашы жағы да өнер қонған әулеттің балалары музыкаға жақын болып өсті. «Әкеміз бен анамыз қолы қалт еткенде қосылып ән салатын. Біз тамашалап тыңдап отыратын едік», – деп еске алады Жамағат аға.
«Талдықорғанда бір жылдық сырнайшылар курсын оқып келген Жеңіс ағам клубта жұмыс істеді, әншілерді сүйемелдеді. Музыкалық қабілеті керемет еді. Менің әуенге алабөтен құштарлығымды көрген Жеңіс маған баян аспабын үйрете бастады, сөйтіп мектеп бітіргенше нотамен әжептәуір ойнайтын болдым», – дейді Жамағат ағамыз. Оның алғашқы сахнасы – ауыл клубы, алғашқы тыңдарманы – ауыл жастары еді. Клубта өтетін би кешіне жиналған жастар оқушы Жамағатқа әйгілі «Дунайские волны», «Амурские волны» вальстерін тартқызады. Осылайша, дарынды жас музыка дейтін сұлу өнердің ортасында есейді. Әйткенмен, кәсіби музыкант болу, арнайы оқуға тапсыру деген ойында жоқ еді. Тарих пәнін жақсы көретін бозбала мектеп бітірген соң осы мамандық иесі болуға бекініп, Балқаштың жағасындағы Бөрлітөбеден пойызбен Алматыға тартты. ҚазПИ-дің тарих факультетіне құжат тапсырды. Ауыл баласының орысшасы шамалы ғой, үш емтиханнан екі 4, бір 5 алса да, конкурстан өтпей қалды. Ол кезде екі жылдық еңбек өтілі дейтін талап бар, ауылға барып жұмыс істеп, институтқа қайта тапсырармын деген үмітпен аудан орталығы Сарқанға келіп, білім беру бөліміне барады.
«Аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі: «Қолыңнан не келеді?» – деп сұрады бірден. «Баян тартамын, ауылда әншілерді сүйемелдедім». «Ендеше, осында жетім балаларға арналған мектеп-интернат бар, мына кісіге жолығасың», – деп бір жапырақ қағаз берді. Бардым. Басшысы орыс азамат екен, қағазды оқыды да баянды қолыма ұстатты. «Ал, қане, ойна». Моцарттың атақты «Рондосын» зырылдатып ойнай бастадым, соңына жетпей тоқтатты. Әлгі қағаздың артына бірдеңені сүйкеп, қайтадан білім беру бөлімінің меңгерушісіне жіберді. Ол кісі жазбаны оқып, қуанғанын жасырмады: «Ой, жарайсың! Сендей баянист ауыл тұрмақ аудан орталығында таптырмайды, осындағы Абай мектебіне жібереміз».
Сонымен 1963 жылы аудан орталығындағы мектепке музыка мұғалімі болып орналасты. Ән-күй пәнінен сабақ береді әрі көркемөнерпаздар тобының жетекшісі. Бір жылдан кейін Көктеректегі мектепте орын босап, әкесі «өз қолымызда боласың» деп алып кетеді. Мұнда да мұғалімдік пен клуб жұмысын қатар алып жүрді.
Музыка дейтін құдірет өз соқпағына тартпай қоймайды екен. Жамағат аға бірде газет оқып отырып, Алматы консерваториясының хабарландыруына көзі түседі. Дайындық курсы мен бірінші курсқа қабылдау басталатын күні, реті – бәрі көрсетілген. Емтихан маусымда, «түсе алмасам, тамызда басқа оқу орнына барармын» деп Алматыға бет түзейді.
1965 жыл. Екінші Алматы вокзалынан пойыздан түсіп, Коммунистік даңғылымен жаяу тартты. Консерваторияға келісімен жатақхананы да тез бере қойды. Бірінші курсқа тек музыкалық училище бітіргендерді алады, сол себепті мақсат – дайындық курсына түсу. Домбырамен тартатын екі-үш күйді әзірлеп келген. Кейін білгеніндей, емтихан қабылдаған атақты композитор Латиф Хамиди, күйшілер Қабидолла Тастанов, Құбыш Мұхитов деген ағалары екен. Сөйтіп, үш сынақтан да бес алып сыртқа шықты. Отыз шақты үміткердің арасынан болашақ дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров екеуі оқуға түседі. Алайда домбырашы мамандығына орын жетпей, контрабас аспабына ауысады. Онда да өзі радиодан талай тыңдаған виолончельге ұқсас аспап деген соң келісті. Расында бұл оркестрлерге өте қажет, күрделі аспап еді. Бар көңілі домбыраға ауған жас шәкірт бастапқыда өзіне бөтен контрабасқа мойын бұрғысы келмей, салғырттау қарап жүріпті.
«Бір күні «Темірғалиев деген сен бе?» деп шап беріп ұстай алған бір оқытушымыз контрабас сыныбына мәжбүрлеп апарды. Сабақ болып жатыр екен, концертмейстер отыр. Әлгі мұғалім сүйеулі тұрған үлкен контрабасты алып ойнай бастағанда аспаптың даусы құлағыма жағып сала берді. Бір жылдың ішінде көп-көрім үйреніп алдым. Екінші жылы мемлекеттік симфониялық оркестрге үйренуші қылып орналастырып қойды», – деп ұстаздарын еске алды Жамағат аға.
Бұл Николай Яковлевич Давыдов деген, кезінде үлкен оркестрлерде ойнаған одаққа белгілі контрабасшы еді. Оқу орнында негізгі мамандықтан бөлек, дирижерлік бойынша Шамғон Қажығалиев, Базарбай Жұманиязов, Исидор Рык, Кенжебек Күмісбеков секілді керемет ұстаздардан дәріс алып, шыңдалды.
Консерваторияны бітірген соң Жамағат аға бірден Құрманғазы оркестрінің құрамына алынады. Музыкамен тағдыры тығыз байланысқанын түсінген ол көп ұзамай дирижерлік мамандық бойынша аспирантураға түсіп, профессор Шамғон Қажығалиевтің қарамағында білімін жетілдіреді. 1976 жылы оқуын аяқтаған соң П.Чайковский атындағы музыкалық училищенің шақыртуымен мұғалімдік жұмысқа тұрады. Мұнда композитор Мәкәлім Қойшыбаевтың ұсынысымен бөлім меңгерушісі болады, тұңғыш халық аспаптар оркестрін құрады. Жеті-сегіз жылда училище оркестрі байқауларға қатысып лауреат атанды, халық аспаптары үлкен бөлімге айналды. Осындай ілкімді іс тындырған жас дирижер қайтадан консерваторияға оралады және аспаптану ісіне түбегейлі бет бұрады. Сабақ бере жүріп, консерваторияның студенттік оркестрін де 7-8 жылдай басқарды. Бұның бәрі табиғатынан талантты жастың тәжірибесін толықтырып, кәсіби дирижер ретіндегі жолын ашты.
Оркестр басқаратын адам партитура жазуды қатар алып жүретіні белгілі. Осы саланың маманына айналған дирижерларға әрдайым сұраныс зор. Сондықтан да жақсы музыкантты алыстан танитын басшылардың бірі, Алматы облыстық филармониясының директоры Қабиден Тұяқаевтың көзіне түспей қалмады.
Бұл 1978 – 79 жылдар болатын. Көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ мәдениетінің жоқшысы Өзбекәлі Жәнібеков ұмытылып бара жатқан музыкалық аспаптарды жарыққа шығаруды бастаған кезі. Филармония жанынан фольклорлық-этнографиялық ансамбль құру үшін білікті маман қажет болып, Тұяқаев Темірғалиевты шақыртады.
«Қарағым, сен өңдеу жұмысымен айналысады екенсің, дирижерлігің бар, ойнамайтын аспабың жоқ. Бізге сендей маман ауадай қажет», – дейді Тұяқаев. Сонымен Жамағат аға консерваториядағы қызметінен тыс уақытында келіп жұмыс істеуге келісімін береді. Бір жылда «Алтынай» би ансамблін құрады, «Адырна», «Сазген» ансамбльдерінің репертуарын, музыкалық көркемделуін реттейді.
«Қалай болар екен деген күмән-күдік те болды. Бәрі жаңа, бәрі тың. Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың ұлылығы, көрегендігі ғой, жұмыс бірден жүріп кетті. «Адырна» деген аспапты қайта жасатып, ансамбльдің атын берді. Көне әндер мен күйлерді түсіріп, партитурасын әзірлеуді маған тапсырды. Көп ұзамай ансамбльдер бүкіл ауыл-аймақты аралап, гастрольге шығатын деңгейге жетті». Сөйтіп, ансамбльдерді кәсіби өнер ұжымдарының қатарына қосқан Жамағат аға оқытушылық жұмысына қайта оралады.
Жамағат Темірғалиевтың дирижерлік мансабындағы елеулі бір кезең әйгілі «Отырар сазы» оркестрімен тығыз байланысты. Көрнекті композитор, дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиев есімі енді таныла бастаған жас дирижер туралы естіп жүреді екен. Ұсынысын айту үшін өзінің қызметтік «Волгасымен» үйіне алдырыпты. «Дереу өтініш жаз. Маған көмекші дирижер болып келесің». Айтты, бітті. Консерваторияда жұмысы барын алға тартса да, Нұрағаның сөзі – заң. Дәл сол жерде жұмысқа қабылдау туралы өтініш жазылып, қол қойылады.
«Осылай 1985 жылы «Отырар сазынан» бір-ақ шықтым. Бұл оркестрдің атағы бүкіл Қазақстанға дүркіреп тұрған шағы. Нұрағаңа деген халық қошеметінде шек жоқ. Гастрольмен елдің түкпір-түкпірін араладық, қиындыққа да бір кісідей төздік. Әйтсе де консерваториядағы жұмысымнан қол үзбедім».
Нұрағаның қол астында істеген бұл жылдар Жамағат Темірғалиев үшін өрісті де өнімді, тәжірибеге бай кезең болды. Оркестрге арнап өңдеген көптеген шығармалар мен төл туындылары жазылды. Таланты мен тегеуріні тең келетін Нұрғиса Атабайұлының көңілінен шығуының өзі көп жайтты аңғартса керек.
Кез келген дарын иесі туған жеріне бүйрегі ерекше бұрып, қолынан келген жақсылығын жасағысы келіп тұрады. Жамағат аға да Талдықорғанда Халық аспаптары оркестрін ашу жөніндегі ұсынысты жерге тастай алмады. Консерваториядағы оқытушылығынан уақытша қол үзіп, бірден туған жерге тартты.
Жамағат аға жалғыз келмей, сол 1990 жылы консерватория бітірген 13 баланы өзімен бірге ала келді. Музыканттарға байқау жариялады, артистердің концерттік костюмдерін тіккізді, аспаптарға тапсырыс берді. Жергілікті музыканттардың басын қосып, 50 шақты адамнан тұратын Ұлт аспаптары оркестрін ұйымдастырды. Репертуарын түгел өзі әзірледі, дирижері және көркемдік жетекшісі де өзі. Талдықорған облыстық Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі дүниеге осылай келді (атақты композитордың есімі 1993 жылы берілді).
Шебер ұйымдастырушы, өз ісіне ұқыпты маманды көзінен таса еткісі келмеген облыс басшылары Алматыға қайтқан Темірғалиевты қимай, өздерінде қалдырудың жолын іздеді. Сонымен
Сүйінбай атындағы облыстық филармонияға бас дирижер болуға аттай қалап шақырды. Мұндағы қызметінде де игілікті істерге мұрындық болды. Сол кездегі облыс әкімі Заманбек Нұрқаділовтің идеясымен өткен «Жаңа ғасырға – жаңа ән» атты байқауды ұйымдастыруға белсене атсалысты.
…Дирижерлік өнерде көп тәлім-тәрбие алған Нұраға – Нұрғиса Тілендиев дүниеден озғаннан кейін белгілі дирижер Төлепберген Әбдірашевтің шақыруымен осында қайта оралады. Осылайша, «Отырар сазы» оркестріндегі қызметін зейнетке шыққанша атқарды.
Жамағат ағаның бүкіл шығармашылығы халық аспаптары оркестрлеріне арнап партитура жазу, туындыны аспаптарға лайықтау ісімен тығыз байланысты. Ол кісіні замандастары мен шәкірттері осы өнердің шыңына шыққан маман деп санайды. Әндер мен күйлерді өңдеу, әрлеу – Жамағат Темірғалиевтың кәсіби қызметінің маңызды бір қыры.
Бір әуен – сан түрлі бояу: бұл оркестр өнерінің ғажайыбы. Оркестрлік өнердің дамуы арқасында ұлтымыздың көнеден келе жатқан ән-күйі өрнегі мен табиғатын бұзбай, жаңа формаға ие болды. Халық әуені симфониялық деңгейде орындалатын болды.
Ұлттық шығармаларды оркестрге бейімдеу, күйлердің жаңа интерпретациясын жасау ісінде ол кісінің өзіндік қолтаңбасы бар. Жамағат Темірғалиев шығармашылық қызметі барысында Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Қазанғап, Махамбет, Сүгір және Арқа күйшілік мектебінің ірі өкілдері Тоқа, Тәттімбет пен Қыздарбектің күйлерін, Алтай-Тарбағатай мектебінен Байжігіт және Жетісу өңірінің күйлерін оркестрге өңдеп әзірледі. Музыкалық оқу орындарына арнап оқу-әдістемелік құралдар жазды.
Бұлақтың көзін ашқандай, тәлімі мол ұстаздардан білім алу бақыты бұйырған Жамағат аға өзі де ұлағатты ұстазға айналды. Қазіргі таңда еліміздегі ең үздік ұлт аспаптары оркестрлері мен ансам­бльдеріндегі дирижерлер қауымы өздерін Ж.Темірғалиевтың шәкірті санайды. Консерваториядағы бірінші түлегі, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің дирижері Ықылас Нұрғалиев ұстазының ауыл-аймақтағы талай талантты жасты оқуға тартқанын айтады: «Жамағат ағамыздың қазақ фольклорлық музыкасына сіңірген еңбегі зор. Еліміздің түкпір-түкпірінде ашылған оркестрлердің Жамағат ағадан ақыл-кеңес алмағаны аз. Тағы бір ғажабы, бұл кісінің ойнамайтын аспабы жоқ. Адамшылығы да ерекше. Мені консерваторияда өз баласындай жақын тартып, тәлім-тәрбие берді. Бағдат Тілегенов екеуміз осы кісіден көп дүние үйрендік, ансамбліміздің жетістікке жетуі де ағамыздың арқасы. Біз Жамағат ағаны пір тұтамыз».
Әдетте өз кәсібін жоғары деңгейде меңгерген адамдар талғампаз келеді. Егер ол композитор болса, тек мінсіз шығарма туғызуды қалайды. Жамағат аға да – өзіне жоғары талап қоятын адам. Сондықтан да оның өз туындылары – ұлттық бояуымен, кең тынысымен ерекшеленетін өміршең дүниелер.
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Ж.Темірғалиевтың оркестрге арнап жазылған «Бақтыбайдың әуені», «Сынтас», «Күй-дастан», «Бабалар үні», сондай-ақ «Жан тербер» күйі, жетігенге арнап жазған «Ауыл кеші» атты музыкалық картинасы, сазсырнайға арналған «Балдәурен» атты екі бөлімді сюитасы үздіксіз орындалып келеді.
Ұлттық дәстүрден тамыр тартқан, шертпе күй стилінде шығарған «Өмір толғау» атты туындысында адам ғұмырының мән-мағынасы жайлы толғанса, «Бабалар үні» атты поэмасы ежелгі тарихымызға бойлаудан туған. «Элегия» атты жеке домбыраның сүйемелдеуімен оркестрде орындалатын шығармасына адамның жан дүниесіне тән нәзік сезімдер арқау болған. Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған «Алматы вальсі», «Ауылың алыс қалғаны-ай» (сөзі – Марфуға Айтхожина), «Туған елім» (сөзі – Нұрғали Омарқұлов) және басқа лирикалық әндері бір төбе.
Дирижер және композитор. Білікті ұйымдастырушы. Тәлімгер және ұлағат­ты ұстаз. Осынау шығармашылық жетістіктің бәрі Жамағат ағаның табиғат сыйлаған дарынын елдің кәдесіне жаратуының, академиялық білімді қажырлы еңбекпен ұштастыра білуінің нәтижесі екені сөзсіз. Ұлттық өнерге қалтқысыз қызмет ету – ұлтқа қызмет ету деген де осы шығар.

Дина ИМАМБАЙ 

БЕСАСПАП

Жамағат десе осыдан елу-елу бес жыл бұрынғы студенттік шағымыз еске түседі, консерваторияда бірге оқыдық. Абай көшесіндегі жатақханада Қаршыға Ахмедияров, Шекер Ахметжанов – бәріміз бір бөлмеде тұрдық. Төртеуміз де музыка десе, ішкен асымызды жерге қоятын едік. Студент бола жүріп Құрманғазы оркестрінде жұмыс істедік: біз – домбырашы, Жамағат – контрабасшы. Содан бері достығымыз үзілген емес.
Мен үшін Жамағаттың орны бөлек, шығармашылығымда айрықша қолтаңбасы бар. Көптеген әндерім мен күйлерімнің партитурасын жазды. Жамағаттың артықшылығы – музыканы оркестрге өңдеп түсіруінде. Партитураны кез келген композитор жаза алмайды. Жамағат өзінің талантымен, ішкі сезімталдығымен өңдеу, әрлеу ісінің шебері атанды. Ол – әрі бесаспап музыкант, кез келген аспапта ойнай береді.
Драматург Бақтияр Әбілдаұлының Жамбыл облыстық драма театрында қойылған «Айша бибі» спектакліне жазған музыкамды Жамағат оркестрге арнап өңдеді. Бұл қойылым әлі күнге сахнадан түскен емес. Ұлы композитор Нұрғиса Тілендиев­тің рухына арнаған «Қараша қазым, қайдасың?» деген әнімді де Жамағат досым оркестрге түсірді, содан бері «Құрманғазы», «Отырар сазы» және басқа оркестрлермен қосылып орындап келемін. Әннің сазы мен оркестрдің үнінде Нұрағаға деген қимастық пен құрмет, ерекше сағыныш бар.
Жамағаттың бір ерекшелігі – ол үлкен-кіші, кәсіби не әуесқой демей, өтініш айтқан адамның ән-күйін оркестрге түсіріп беруден еш жалықпайды. Бірде Әнуар Бекжанов дейтін жамбылдық сазгер 5-6 әнін өңдеуге берді, алайда көп ұзамай дүние салды. Сонда Жамағат әлгі әндердің партитурасын тегін жасап, Әнуардың бала-шағасына тапсырды. Осындай азамат­тығына талай куә болдық.
Замандасым, досым, әріптесім Жамағат ақсақалдық жасқа да келіп қалыпты. Өнерде өскелең ұрпаққа берер үлгі-өнегесі мол, абыройлы азаматтың ұстаздығы мен шығармашылық қызметі жалғаса берсін, отбасына бар жақсылықты тілеймін.

Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның және Қырғызстанның халық артисі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір