Зеңгір көкте жылтырайды күміс күн…
03.07.2015
2227
0

901335_1784039279_egemen-83-723x1024Досан Жанбота

 

  1. ҚОСАЙ ШЕЖІРЕШІ

(Ақ өлең)

Сонау да сонау

ХХ ғасырдың қырық үшінші жылы еді,

Ол дәуірді көргендер аз бұл күнде

ортақ бір-ақ тілегі.

Айтпасам ішке сыймайды,

есіме алсам сол сәтті.

Шежіреші Қосай қарт түсіме ылғи кіреді.

…Қараңғы үй,

Жарығында май шамның,

Отыр Қосай өр жағында Қайшаның.

Қайша келін, ардақтысы, аямайды дәм-тұзын,

Содан ба екен сүйіктісі баршаның.

Кино да жоқ,

театры қайдан болсын ауылдың.

Күнде жылау,

Қарақағаз хабаршысы дауылдың. –

Москвадан,

Киевтен

келетұғын қайғысына ортақтасып бауырдың.

Зілдей ауыр,

зілдей ауыр,

сол күннің жеті жаста куәгері болдым мен,

Бір жігіт жоқ, қалың елге ақыл айтар, жөн білген.

Бәрі кеткен майданға жетім, жесір қалғаны,

Бір бәйбіше, төрт қарттың даналығын көрдім мен.

Бәйбішесі Башайы «Халық жауы» болып кеткен баласы,

Жетпістегі Ысқақ сал, түлкі ішік, құндыз тері жағасы.

Бәтекбай мен Байқасқа бірі қайны, екіншісі қайнаға,

Бәріне де ақылшы тоқсандағы Қосай деген данасы.

Бір ауылдың түзететін тетірі мен тентегін,

Сол кездегі жесір айтқан, мұңға толы ән тегін

Өлең шіркін, ортақ қазына, үлесім бар менің де.

жазбай оны қалай ғана, қарыздар боп кетемін.

Тоқылған жейде, жыртық жамау киімді –

Жесірлерді жұбату Қосай қартқа бұйырды.

Ақ сақалы желпілдеп бастағанда әңгіме –

Ұмытып та кетер ек, қайғы деген құйынды.

Ол айтатын ертегіні – елдігімді қорғаған,

Ол айтатын ерлігімді бүкіл халық қолдаған.

Намысымды қайрағанда қыран болып қалықтап,

жер әлемді шарлағам.

О, туған ел, жаға білсең лапылдаған отыңмын,

Мен сол шақта қиялменен қия шыңда отырдым.

Мына сайқал заманның болатынын кім білген,

Мехнатын көретін дүние деген қоқымның.

Алғаш рет естігенбіз Қараш ханның есімін,

ғасырлардың шаңы басқан тарихымның есігін.

Ашып Қосай айтты бізге: Ұлы ханның сүйегін

сақтайды деп, – Қарқарадай менің алтын бесігім.

Бәрі орнына келеді», – деп тоқтағанда әңгіме,

Сол сабырлы бейнесі есте қапты мәңгіге.

Енді барсаң ауылға аңыз айтар кәрі жоқ,

Білетіні сиыры мен бес қойы ақырзаман келді ме?!

Қосай бізге тар заманда рух берді, осылайша демеді,

Білмеуші едік ұры, қары, сауда, сайқал дегенді.

Ұмытылды КПСС-тің келіп кеткен көсемі –

Бір-ақ халқы ұмытқан жоқ

Қосай шежіреші дегенді!

 

  1. ҚАЙҚЫ КЕЗЕҢ.

Қайқы кезең. Қақпасындай шығыстың,

Кездесетін жері осы ағайын, жекжат, туыстың.

Екі жағың қия қаптал, қыны дерсің қылыштың,

Зеңгір көкте жылтырайды күміс күн.

 

Бұл кезеңнен тарихтың талай-талай көші өткен,

Сартта асқан жүгін артып есекпен,

Моңғолда асқан, қарақорым Қалмақта,

Таразылап өлшесең жаңыласың есептен.

 

Жол әнеки, өрімдей, ыстық оның табаны

Құшақ жая тосыпты ғұлама мен дананы.

Жақсылыққа жалғасар деп келетұғын ертеңгі

Аттандырған бұл ауыл арман қуған баланы.

 

Кезең міне, дәл төбеңде көк аспан,

Айналасы ақтаулар Хантәңірмен таласқан.

Рымғали* ғұлама ымнан бәрін түсінген,

Қадірбек* пен Ақселеу* әзілдері жарасқан.

 

Ортасында Жәнібек* бұлбұлы ол даланың,

асқақтаған үн қандай, жайсаңы еді-ау, адамның.

Іңкәр көңіл, о, шіркін, ғашық еді өмірге

«қонақ бол» деп бұларды еліме ертіп барамын.

 

Ән шырқады Жәнібек әсем әуез қалқыған,

Құлық* таудың құшағын қуанышқа толтырған.

Ләтипа, Тоты, Хадиша риза болды сол сәтте –

Топырағы Қайқының қара алтын боп балқыған.

 

Алқызыл жүзі алаулап, қызуы шалқып дененің,

қалықтап жүрді Жәнібек аспанында Кегеннің.

Қарт Қарқара маңдайынан сүйді оны самал боп,

осы шығар замандас «Бақытты шақ!» дегенің.

 

Дариғай, сол бір өткен күн бүгін міне ертексің,

Жақсылар кетті тым ерте, деді ме бізге «Тер төксін!».

Тұрмын жалғыз кезеңде, есіме алып достарды,

Әттең-әттең дүние-ай, сол бір күнге не жетсін.


 

* Рымғали Нұрғали – Мем.сыйлықтың иегері, жазушы, ғалым, академик.

*Қадірбек Сегізбаев – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы.

*Ақселеу Сейдімбеков – ғалым, жазушы.

*Жәнібек Кәрменов – халық артисі, жазушы.

* Құлық – тау аты. Қайқы сол таудан асатын жалғыз кезең.

  1. ЕСІМДЕ СОЛ БІР ҚАРТ ҰСТА…

(Заманбекке)

Есіңде ме қарт ұста

әңгіме айтар елдегі,

«Жаратқан Құдай тартысқа,

Жұмыр басты пендені», –

дейтін еді, қышқашын,

соза беріп көрікке,

сондағы оның нұсқасын

Түсінбептік, желік пе?!

«Доқ айтпағын Аллаға,

Кәрі ұрады –

түптің де бір түбінде.

Оқ атпағын патшаға.

Тағы ұрады,

Күндердің бір күнінде!» –

дейтін еді-ау,

бауырым

Тұлпарға міндің шалқалап,

Құшағын ашты дәуірің,

отырғызды төрге қолқалап.

Өкпең жоқ елге,

әділдікті іздедің,

айналасы от кілең…

Жеңістен күдер үзбедің,

Кездестірдің оқты сен.

Кінәлі енді табылмас,

Қадаған саған қазықты.

Күнәсі тегі жабылмас,

Аллаға мәңгі жазықты.

«Батыр!» дейді, ел бүгін,

Рахмет, оған, не дейін.

Көрсетер кейде елдігін,

Өтемес бір-ақ ер жүгін.

Өлген соң атақ, сөз ғана

Мақтауға ғана қажетсің

Жазықсыз едің жалғанға

Тірлігіңе шіркін, не жетсін!

 

  1. АҚ ПЕРІШТЕ СЕНБІСІҢ

(Келінім Бибігүлге)

Құрметтесе сезім сын,

Жалт қараған бар ғалам.

Ақ періште өзіңсің –

Қайнаға өлең арнаған.

Артық, кемде боямай,

Табиғат көрік сыйлаған,

Бақытты да аямай,

Тәңірім енді қи соған.

Жайнаған осы шағында,

Орындалсын тілегің.

Жақсының жүру жанында,

Шын бақыт деп білемін.

Көрмегенде сағына,

Іздейтұғын Шынарсың,

Жақсы інімнің бағына,

Өмірге келген шығарсың.

Ағайынға гүл еккен,

Мақтанысың елімнің,

Сыйлайтын адал жүрекпен,

Айналайын келінім.

Сағынармыз бұл күнді,

Қалар артта жаяу мұң,

Шуағы мол күлкіңді,

Аяма бізден аяулым.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір