«МІРЖАҚЫПТАЙ БОЛАМЫН!»
06.03.2023
161
0

 

Жаңа жыл қарсаңында «Өскенде кім боласың?» – деп сұрадым бір оқушымнан. «Міржақып секілді кісі боламын», – деп жауап берді ол. Бірден түсіндім, мұны айтқызған «Міржақып. Оян, қазақ!» телесериялының әсері еді. Өйткені мен де аталмыш сериалдың әсерінен шыға алмай жүргем-тұғын.

Өнердің кенжесі саналғанымен, ой-өрені өсіруде, пікір қалыптастыруда, қоғамды, келешек ұрпақты тәрбиелеу­де кинематографияның алар орны ерекше. Әсіресе буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалар сүйікті кейіпкерінің болмыс-бітіміне қызығып қана қоймай, сондай болмаққа талпынады, талаптанады. Осынау талап түр-тұлғаның ұқсауына мән беруден басталып, арзу-арман, мақсұт-мұраттың ортақтығына дейін жалғасатын жайттарды өмірде көріп те, біліп те, кейде бастан өткеріп те жүрміз. Бұл сөз – фильмдегі жеке қаһарман жөнінде. Ал тұтас кино өнерінің идеология құралына айналып үлгергені қашан! Мәселен, Голливудтың қаһармандық фильмдерін көрсек, «әлемді Америка құтқарады» дегенге имандай сеніп қаламыз. Қытайдың каскадерлық фильмдерін көріп өскен ұрпаққа жер жүзіндегі жаңғыз жауынгер халық – қытай халқы секілді көрінетіні тағы анық. Айналамызға көз салсақ, кәріс мәдениетін үлгі тұтатын жастардың көп екенін байқамау мүмкін емес. Оңтүстік кәріс елі өзі өндіретін дорамалар (сериал­дар) арқылы осы нәтижеге жетіп отыр.
Осы ретте, «Міржақып. Оян, қазақ!», «Ахмет. Ұлт ұстазы», т.б. секілді сериялдар­дың жарыққа шығып жатқаны көңіл қуантады. Қаймана қазақтың қамы үшін күн күлмей, түн білмей қызмет қылған, Алашты арманына жеткізу жолында ғұмырын сарп еткен бабалардың өмір жолы – елім деп емешегі үзіліп тұратын балаларды өсіріп-жетілдіруде құнды сабақ, өлмес өнеге.
Беріге дейін елімізде түсірілген фи­льм­­­­­­­­дер мен сериалдардың кемшілігі көр­кем­дік сапасынан бөлек, Қазақстанды құрау­шы негізгі ұлттың құндылықтары мен мәдениетін негативті насихаттауында еді. Мәселен, бақуатты, өзіне сенімді кейіпкерлер ресми тілде ғана, ал кедей, мазаққа ұшырайтын, жалқау, жалпы жағымсыз қылықты кейіпкер тек қазақ тілінде сөйлейтін, қазақы кейіпкерлер мәдениеттен жұрдай кейіпте көрсетілетін. Шүкір, қазіргі таңда осынау олқылықтың орны толып келеді. Содан кейін ғой, оқушымның «Міржақып боламын» дегені. Тілегін Құдай есіткей!
Міне, оқушының өз болашағына, ел келешегіне бұрынғыдан да сеніммен қарауына, патриоттық сезім ұшқынының алапат алауға айналуына үшбу ойымызды жазуға себеп болған сериал осылай септесті. Мектеп партасында қанша жыл отырса да, санаулы сағатта көре салатын кинодай тәрбиелей алмайтынымызды біз де түсіндік…

Нұргүл РЕУКЕНОВА,
Ақтау қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір