Өтпелі кезең өкпелі кезең емес
28.02.2023
196
1

XXI ғасырда дүниежүзі ғалымдарын толғандыратын мәселенің бірі – қазіргі кезде жасөспірімдер арасында жиі кездесетін суицид. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәлімет­тері бойынша, 15-24 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында суицид екі есе артып кеткен. Бұл сұмдық мемлекет­тегі экономикалық жағдайларға байланысты екен. Мәселен, дамыған елдер санатындағы Францияда соңғы 10 жылда суицидтен өлген балалар саны үш есе артқан. АҚШ-та өзіне өзі қол салған 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің саны бір жылда 5 мыңға дейін көтерілген. Қазіргі кезде АҚШ-та ең көп өлімнің арасында суицид 10-орында тұр. Бұнда соңғы 30 жылда суицид 15-19 жас аралығындағы қыздар арасында 200%, ал бозбалалар арасында 300%-ға жеткен.

Суициалды мінез-құлықтың белгілі бір формасы, тәсілі, даму стадиясы, тәуекел факторлары болады. Суициалды мінез-құлыққа адамның жас ерекшелігі, жынысы, кәсіби ерекшелігі, өмірлік жолының ерекшелігі де әсер етеді. Суицидтың ең жиі кездесетін кезі 15-24 жас аралығы. Осы жас аралығында жасөспірімдердің көбі суициалды кезеңнен өтетін көрінеді. Ол адамның бейімделу қабілетінің төмендеуімен сипат­талады.
Психолог мамандардың пайымдауынша, суицид жасауға көбіне жасөспірімдер дайын тұрады екен. Олардағы өтпелі кезең, жауапсыз махаббат, сабақтағы үлгерімнің нашарлауы, әлеумет­тік теңсіздік, әр түрлі кемсітушілік, тағы да ұсақ-түйек нәрселерге бола өздеріне қол жұмсап, өмірлерін қия салатын жастар көп кездесетін көрінеді.
Суицидогенді жағдайлар тұлғаның ерекшелігіне, оның өмірлік тәжірибесіне, интеллектісімен және мінез-құлықтарымен анықталады. Суицидогенді қақтығыс шынайы себептер арқылы жүзеге асады. Қақтығыс себептері ылғи да шынайы болады. Содан жеткіншекті уайым-қайғыға, депрессияға әкеп соқтырады. Сол қиындықтардың шешілмеуіне байланысты адамдар өздеріне қол жұмсауы мүмкін. Мамандардың зерт­теулеріне сүйенсек, суициалды мінез-құлық соматикалық, психикалық ауытқуы бар сау адамдарда да кездеседі екен. Сондықтан өзін-өзі өлтіретін адамдардың барлығының психикасында кінәрат бар деу­ге болмайтын көрінеді. Медициналық статистикада адамдардың қайсыбірі ақыл-ойы кеміс адамдар болса, бірін жүйкесі тозған адамдар, бірін мазасыз адамдар, енді бірін өз эмоцияларын басқара алмайтын адамдар, қалған бөлігін ешқандай психикалық ауытқуы жоқ адамдар құрайды екен.
«Өзіне қол жұмсауға бейімділер балалар үйінде тәрбиеленген және толыққанды емес отбасында өскен балалар арасында жиі кездеседі» дейді мамандар. Сонымен қатар отбасында зорлық-зомбылық көрген, әке-шешесі айрылысқан балалар да суицидке бейім тұрады екен.
Қазіргі жастардың арасында өз өмірлерін бағалай алмайтындар аз емес. Қит етсе өзіне қол жұмсап, биіктен секіре салуды, тамырын кесіп, асыла салуды соңғы шешім деп ойлайды олар. Бұл мәселеге жауапкершілікпен мән беріп, балаларымызға өмірлік құндылықтар туралы жиі айтып, қиындықтарды көтеруге үйрету – әрбір ата-ананың міндеті болуы шарт. Бұл дертпен тек мемлекет ғана емес, әр отбасы күресуге тиіс. Бала мінезінің өзгеру кезеңдерінде олардың көңіл күйлеріне мән беріп, қадағалап отыру қайғылы жағдайлардың алдын алады. Асыл дініміз – исламда да өзіне қол жұмсау үлкен күнә саналады. Сондықтан дін мен тәрбиені ұштастырып, балаларды қиындықтарға төзімді, ауыртпашылықты көтеруге қауқарлы етіп тәрбиелеу – біздің елге, қоғамға міндет! Жасөспірімдердің басында болатын өтпелі кезең өкпелі кезең емес, ол жаста адамның өмірге құлшынып, азамат болуға асығатын әсерлі шағы болуы керек!

Жанна Ақбергенқызы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 31.12.2023 | 06:51

Салеметсіз бе.кеңесіңңзге көп рахмет.болашақта ақыл кеңестеріңізді ескертетін болам.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір