ТАМАДА ДЕПУТАТ – ТАМАША ДЕПУТАТ
Сақара перзенті, тегінде, сонау көне замандардан – әнқұмар, сөзге ұста, дәстүрге берік.
Жорықта – қаһарман батыры, шапқыншылықта – ердің сойына жаужүрек сардар, жаугершілік жылдары атқамінеріне – серік, қай заманда алаш мұратына адал, мүддесіне – табанды, задында, сұрапыл, сұңғыла жұрт.
Өнердің соры
Әдетте, өнер жолына кеш түскен немесе өнерден ерте қол үзген өнерпаздар жақсыға бақталас, жеткенге күндес, көргенге іші тар, табиғатынан қызғаншақтау келеді.
Машықтан айырылған соң, көкірек көзі – ой көзі бітеледі, көрініп тұрғанды жорта көрмейді, кейде – астафраллаһ, шын көрмейді, жоқты бар, барды жоқ деп айтып, елдің көркін, ажарын қашырады. Шыңдалмаған талант ұшқыны тез сөніп, бос кеуде, құр көкірек, сорға айналады.
Бірақ өнерде – талаптың тұлпарын мініп өренді ауылға кездейсоқ ат басын бұрған, бейсауат жүрген, адасқақ, бөгде қонақтар, дағдыда, көп болады. Іздегені өнер емес, бедел, дәулет, алайда, олар бөтен елде жүріп абырой таппайды – өнердің мұраты, меніңше, басқада, сондықтан пысық жұрт адасып келген суыт меймандар тәрізді көп тұрақтамайды.
Бірі асаба, екіншісі әншілікті қалайды, киноға қол созған есері де, телевизияны түбімен құртқан бөсері де, тіпті, ортанқол депутаттықтың арзан мансабына, мансаптың тегін нанына қызығатындар да бар. Белсенділік танытып, суырылып алға да шықпайды, артта да қалмайды. Біреуден кеш, біреуден ілгері. Сүрініп-қабынып жүреді. Арагідік көзге түсіп қояйын деген ниетпен ауық-ауық ұсақ-түйекті әңгіме қылып сөйлеп те тастайды. Саяси ұпай жинаудың өзіндік бір әдісі. Әйтпесе жұрт аяулысын да, қалаулысын да мүлдем жоғалтып алуы кәдік. Көзден кетсе – көңілден де кетеді. Ел наразы, жұрт ұмытады. Бір көрініп қалу негізгі мақсатқа айналады.
Сондағы айтатыны не? Әрине, кеше өзі меңгере алмай кеткен сала. Ептеп мәдениет, аздап өнер. Білгенінше сөйлейді. Білмегеніне жеткенде, айқайға басады, ұлттық мәселені жақсы көріп емес, пайдасын іздеп көтереді. Құртып жатыр деп бір ойбайлайды, құрыдық деп бір шулайды.
Шын мәселені жоқтамайды. Іздегені – бос дақпырт. Көздегені – қазақ емес, қазақтың көңілі де емес, әйтеуір даурықпа сөз, әурешілік, жалған бедел.
Өзінің соры
Бұл образ менің есіме бір өнерпаздарды түсіреді. Әуелі домбыра шертеді, қала берді, театрға барады, опера және балет қолдан келмейді, сондықтан драманы көздейді – бірақ одан ештеңе шықпайды. Театр – өнердің бекзаты түрі, өресіздер игере алмайды. Сандалып жүреді де, сандалып қайтады.
Сосын, ақындық жолға түседі, жыршылықты қуады, әншілікті мақсат тұтады. Дауысын дірілдетіп біраз ән салады – әні жұлдыздардай қалтыраған, елді әуреге салады. Өзін де шаршатады. Жұрт та қажиды. Тәтті дауысында сырын ешкім ұқпаған бір мұң бар еді, тұрмысыңа қарасаң – бәрі де тамаша, үйде тоқшылық, түзде ырыс-береке, не жетпейді, не жетіспейді, неге күміс көмей, жез таңдай сандуғаш, таңғажайып бұлбұл, ғасырдың үні, мәңгіліктің дабысы соншалықты қамырықты, зарлы, сақараны дүрліктіріп, көкіректі қарс айырып қамыққаны несі…
Түйінді шешіп, тұжырымды тапқанша – дарынымыз сахнадан кетеді де қалады. Шенеунік болады. Шері тарқайды. Енді өзі де қалтылдамай, елді де қалтыратпай, дауысын да дірілдетпей сөйлейтін болады.
Бірақ тез аяқталады. Не бүлдірді, кімге жақпады, оны ешкім білмейді, білетіндер айтпайды да.
Өлермен өнерпаздар, тегінде, сәтсіздіктен соң, жанталасып ұстаздыққа келеді… дауыста қайтадан діріл пайда болады. Жоғалтып алған тәтті дәмін қайта табады. Мұңы тәтті ме, жыры тәтті ме, сыры ма, әйтеуір қапасы көбейеді, қайғысы артады, әкім-қара заманын аңсайды, сағынышы күшейеді, құсаға ұшырайды, сырқатының емі жақсы күрсі, жайлы орындық еді, бірақ әдіпті күрсі, зерлі орындықтар ұзарып, асқарлап, биіктеп кеткен бе, қол жетпейтін қияға, қиянға шығып кеткен бе, жете алмай қояды.
Қорланады. Қайтадан той басқарады, той басқару да мекеме басқарудың алдамшы бір көрінісі емес пе, ақындығы қозады, әкімдігі есіне түседі, әнді, жырды, сырды үстемелеп, тоқтамай айта бастайды…
Әндетіп жүріп депутаттыққа жетеді. Әрине, ән айтқандардың тағдыры қандай болғанын атақты тәмсіл жақсы бейнелеген еді ғой, шегірткенің тағдыры, ала жаздай ән салатын, несі бар, тәмсілге қайшы болса, болсын, кім біледі, жазмышы басқа шығар, мүмкін, халқының кәдесіне жарап та қалар. Өнерден қол үзсе де, тамада атақтан қол үзген жоқ еді… Күдер үзген жоқ еді. Десек те, тамада арманы орындалады. Сайқымазақ кәсібін де меңгереді. Сөйтіп, Алдар Көсе тіріледі.
Бірақ соры қайнаған қожанасыр тамада түнгі ұйқыдан айырылады. Көптің бірі болса да, бірегейлердің атағы тыныш ұйқы бермейді. Заңға олақ, білімі шолақ тамада қайғы кешеді. Ақындық жұқпады, актерлік бойына сіңбеді, жарытып ән де сала алмады, әкімдік болса – қолдан келмеді, сонда ол депутаттықтан не пайда көреді, не береке табады… Жалпы, оған мәжілістің не қажеті бар… қайта, көңілі жай табады, ескі қателік-кемшіліктерін түзесе ме екен, актерлігін шыңдай ма, дауысын қоя ма, қалыптастыра ма, әлде бұл атын шығарып, бедел жинауға жақсы орын ба…
Біздің сорымыз
Шіркін, ұлт жанашыры болғанға не жетсін! Шын жанашыры емес, атағы… ел аузыма қараса, қазақ айтқаныма жүріп, айдағаныма көнсе.
Тамада аяқастынан шала бүлінеді, ұлт қамқоршысы боп шыға келеді. Сондағы ойы – айқаймен абырой табу, ұпай жинау. Енді алқымнан алатын, ауыздықпен езуін жыратын, құрбандыққа шалатын… біреу, біреулер керек. Есіне түсті, есе алатын қазіргі ең оңтайлы өнердің түрі – кино немесе телевидение, әйтеуір қара бұлттай төніп қаптап келе жатқан қояндарын аспабымен қорқытып, жан-жаққа шашып, қаймықпағандарын қабат-қабат үркітіп, Арқадағы Қояндыға жетеқабыл жәрмеңке сахнасына билік орнатса болды. Қалай үстемдік құратынын білмейді, бірақ білмегенінді білдірмеу үшін жау шаптылап аттанды сала бер. Сенгені сенеді, сенбегені – үндемейді.
Содан кейін басталады. Анау қазаққа қарсы, мынау алаштың мінезіне жат, жолдағысы – дұшпан, қолдағысы – одан екі есе дұшпан. Ұлт тозды, ұлық ел ішін бұзды, аламан бәйгеде басқаның аты озды. Шаң қаптырды. Төпелете бер – ойлануға мұрша бермей – хаттарды өкіртіп жаз, сауал таста, сұрау жолда, тоқпақта, жақтатпа, тоқтама, тоғытып, көміп, шомып, кінә тақ, айыпқа бұйыр, пәле-жала жақсы айқайдан соң өзі-ақ жабысады, бастарын саудаға салсаң, кір өзі-ақ оңай жұғады, сосын тазаланып, жуынып көрсін. Былға, күйе жақ, көлеңке түсір…
Тамада тамадалар секілді қайда жүрсе де тамада күйінде қалады. Ол ел басқаруды той басқару деп түсінеді. Ой басқаруды той басқару деп түсінеді. Қателіктерін көрмейді, қызына сөйлепкеліп, қызарақтап барып тоқтайды… тоқтай алмайды, қайыра бастайды.
Асаба мырза домалақ арыз, үшбу хат жазудың асқан шеберіне, кәсіби маманына айналады. Қазір депутаттық сауал жолдауға машықтанып жүр. Өнерді түсінбейді, білмейді, бірақ ел ортасында, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, жай, тыныш, өз бетімен жүрген жоқ – жағалай бәрін аңдып, тінтіп, тізіп, жазып жүр, бүгін ол қарабайыр түсініктердің күзетінде тұр.
Қазыналы өнерді жалған белсенді емес, нақ өнерпаз ғана сақтай алатынын, сірә, бір сәт болса да ұға алмай кетеді-ау деген күдік бар… Артының қайырын берсін!
Дидар АМАНТАЙ.