«ЖӨРГЕКТІҢ» ЖҰПАР ИІСІ
26.02.2023
291
0

«Жөргек» – Сағи Әмзеұлының алғашқы жыр жинағы. Онда туған жер, ана, әке, махаббат, достық, балалық шақ, сүйіспеншілік, ұлттық рух тақырыптары қамтылған. Ақын өзінің ішкі толғанысын, махаббатын, ой тізгінін ырғақты ұйқаспен, көркем сөз иірімімен, өзіне тән ерекше сөз саптау шеберлігімен берген.

Өлеңдері оқуға жеңіл, бірінің мазмұны екіншісін іліп әкетіп, бір оқиғадан екіншісіне ауысқандай, жалғасын тапқандай түрлі тоғысқан сезімдер иіріміне тап қылады. Бала шақта басталған еркелік пен тыңдап өскен ертегінің, құрағы жасыл жайлаудың, табанына жұмсақ кілемдей төселе кеткен көк майса­ның құдіреті жас ақынның шабытын шыңдап, жырларын жартасты жарып шығар мөлдір бұлақтай сылдыратқаны анық аңғарылады. Ақын өлеңдерін өзге ақындардан айрықшалап тұратын қасиеті – өз оқырманына ойын бүкпелемей, қарапайым қара сөзбен, жүйрік ырғақпен жеткізе білуі.
Бұл өлеңді оқып отырған адамның қабылдауына, түсінуіне және жадында сақтауына оң әсер етеді. Дейтұрғанмен бұл кітапта жинақталған жырлардың өз тыңдаушысына, оқырманына қалдырар ойы мен мәні терең. Өлеңдерінде бірде жас балаша қуантып, бірде терең ойға батырады. Сол арқылы жақсы мен жаманның, бақыт пен қайғының, қуаныш пен күйініштің, жастық пен кәріліктің ара-қатынасын, айырмашылығын ескеріп, адам баласы басынан өткеретін сан алуан тылсым сезімдерді, қияға өрлетіп, кейде қиғаш бастыратын мінездерді суреттейді. Сыйластық пен әр сәтті бағалауды, өткен күнді қимастықпен, сағынышпен, кейде өкінішпен ғана емес, ыстық махаббатпен, құрметпен еске алуды, оған бүгіннен қол бұлғауды, шүкіршілік пен рақым етуді үйретеді.
Нақты кейіпкерлерді, ұлт ұланына, мақтанышына айналған тұлғаларды негізге ала отырып, үлгі етеді, рухын көтереді, ата-анасын ойға салады, бауырларын сағындырады, достарын елестетеді, балалық шағын ойға алдырады, махаббатын қанат қақтырады. Оқырманына осындай эмоция мен сезім сыйлай білген жас ақынның тілі жатық, айтар ойы айқын, өлең тармақтарының ұйқасы оралымды, қаламы қарымды. Ақын бірде сізге дос болып сырын ашқандай, бірде ішіне мұңын басқандай, кейде жанартаудай үнсіз тілдесіп, кейде лаулап жанып, бір сәт бар сезімін жыры арқылы ақ жауынмен төпеп, соңында сахарадағы сағымдай еліте баурап алады. Мұның барлығы ақын жанының адам жанын түсіне алуы және жауапсыз-ақ өз тыңдаушысымен тілдесуі деп білеміз.
Өзінің «Жөргек» атты өлеңінде:
Ұмытпа жұпар иісін жөргегіңнің,
Байлығы барған дейсің көрге кімнің.
Қу кебін денеңе кеп оралғанда,
Кеш болып, жылатпасын пенде күнің, –
деп, адамзат баласының шыр етіп жөргекке түскен сәтінен бастап, өмірінің соңына дейінгі бойына жиған рухани байлығынан өзге заттық құндылықтың барлығының көрге қайта барғанда қасынан табылмайтынын ескертеді. Яғни, өмір жолында адам үшін басты құндылық материалды дүниемен өлшенбеуі қажеттігін айтады. «Кеш болып, жылатпасын пенде күнің» – деген жолдарында өз ойының қорытындысына баса назар аудартады. Айтылған ой бәрімізге таныс болғанымен, тереңіне бойлап, дұрыс-бұрысына ден қоя бермейтініміз аян. Сондықтан бұл өлеңнің бізге айтар ғибраты мол.
Кітапта ақынның ана тақырыбына арнаған өлеңдерін жиі кездестіреміз.
Соның ішінде «Айналдым» өлеңінің:
Сағынған сәтте өзіңді
Ырқына батып ойлардың,
Мауқымды басып мәз болар
Даусыңнан сенің айналдым,–
деген шумағынан анаға деген шексіз махаббат пен сыйластықты, құрметті көреміз. Ой ырқына батқан жанның түрлі күйбеңнен шаршап, шайпау тартқан көңілінің қайта жасарып, бала күнге деген сағынышының мауқын басар жалғыз ардақтысы – анасы және оның дауысы. Ақын жырларының шабыт деңгейіндегі негізін оны қоршаған қоғам және өзі жасаған кейіпкерлер толықтырып тұрғаны анық. Соның әсерінен өлеңдері шынайы әрі оқыған адамға тұщымды болады.
Ақынның махаббат тақырыбындағы жырларынан суреттеудің, теңеудің алуан үлгілерін көруге болады:
Албырт жүзіңіз үлбіреп тұр-ау,
Аспаннан түскен ақ ұлпа қардай,–
деген тармақтардан адам келбетін суреттеу­дің ғажап тәсілін байқаймыз. Ақ ұлпа қардың жеңілдігі мен үлбіреген жұмсақтығын елестету арқылы сұлу арудың жүзін көркем сипаттап тұр. Екінші жағынан албырт тартқан, үлбіреген деген сипаттаулар бейнелеп отырған кейіпкерінің жас шамасын да байқауға мүмкіндік тудырады. Демек, өлең жазудағы ақынның мақсаты – өз оқырманына түсінікті бола білу әрі сол арқылы ой тастап, әркімнің өз қиялындағы бейнені елестетуіне мүмкіндік беру. Бұл өлеңнің көркемдігі мен құрылымынан бөлек, мазмұндылығын да арттырады. Өлеңдегі мұндай суреттеулер көркем өнердің қас туындысындай болған нағыз қазақ сұлуының портреті мен түр-тұлғасын танытатын ұлттық бояуға толы көркем бейнені ашып тұр. Поэзиясында ұлттық-поэтикалық элементтерінің үйлесімін өзіндік, қайталанбас реңктерін эстетикалық талғаммен тамаша береді. Асқан сұлудың бейнесі жасалып, көркем бейненің элементтері, кейіпкер портретінің бейнесі сөздің қанық бояуы арқылы ұтымды көрініс тапқаны аңғарылады.
Ақын сұлу сөздің құдіретін танытып жырлайды. Жүйрік қиялымен берілген ойдым-ойдым ойлар, жапырағын айқара жайған сезім – ормандары, балалық шақтың самал желі сезіледі. Лирикасында сөз суреті ашық, жанды, алуан түрлі бояумен суреттеледі. Махаббат лирикасын суреттеуде адамның жан дүниесіндегі әр құбылыс пен эмоциялық ерекшеліктерге мән беріп, оларды өзіндік келбет-бейнесіне сай жырлағаны байқалады. Сағи Әмзеұлының сезімтал жүрегімен суреттелген жырларының реңкі жүрдек ой-толғанысымен, көркем образды сөздерімен қабысып, гармониялық бірлікте сабақтаса берілген. Бұл жыр жинағы жалпы өлеңсүйер қауымға арналған.

Алма Кенжеқожаева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Абай ғылыми-зерттеу институтының
кіші ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір