Сүйемін кешкі самалды, Сұлудың жұпар лебіндей
01.04.2025
56
0

Қуандық Шаңғытбаев

Біз келеміз

Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, Гүннен туған Пайғамбар.
Мағжан Жұмабаев

Біз келеміз, біз келеміз, келеміз,
Көк түріктер заманындай көнеміз.
Санасынан сара шұғыла шашылған,
Әйтекеміз, Қазыбекпіз, Төлеміз.

Күншығыстан біз келеміз, келеміз,
Өткен күнді кемсінейік неге біз.
Көк сүңгісін айға білеп, асқарда,
Айдын атқан Абылаймыз, Кенеміз.

Біз келеміз, күндей күлген Абаймыз,
Азат­тықты бар бақытқа балаймыз.
Досқа достай ағымыздан жарылсақ,
Жауға жауша, жауығуға жараймыз.

Әлімсақтан ақынбыз да, батырмыз,
Бәрі бізде: батыл жігіт, ақын қыз.
Шайқап ішіп әбілһаят кәусарын,
Жарты әлемді жайлап жалпақ жатырмыз.

Өле жаздап өлмей қалған ер елміз,
Мың толқынға мызғымайтын кемерміз.
Той мен думан, астан-кестен, күй, дастан,
Сауық десе, зауық жанды сері елміз.

Өнерге де, өлеңге де кененбіз,
Ант пен сертке құрыш болат беренбіз.
Тауы манар, сайын дүзі кең елміз,
Айтыңдаршы, қай халықтан кем елміз?

Опқын жұтпай, жарға соқпай кемеміз,
Дүлей дауыл өтіп жарып келеміз.
Алдымызда – айдын айлақ, ақ таңдар,
Ел желкенін көкке биік кереміз.
Біз келеміз, біз келеміз, келеміз!

Туған жер

Сүйемін түнгі орманның,
Ордалы нуын оңаша.
Төңірегім – баяу толған үн,
Көргенім – кілең тамаша.

Сүйемін таңғы майсада,
Малынған шықтың маржанын.
Салынып тұрса сай-сала,
Көмкеріп көк тал жан-жағын.

Сүйемін жазда жабыққа,
Тырсылдап тиген жауынды.
Құлдырап қаңбақ жазықта,
Дүрілдеп өткен дауылды.

Сүйемін кешкі самалды,
Сұлудың жұпар лебіндей.
Саябыр тартып сам алды,
Көкжиек кетсе көрінбей.

Сүйемін қала шамдарын,
Түндерде жанған самала.
Сау жүрсін сылқым шалдарым,
Сау жүрсін сырбаз сал ана.

Жырлаймын туған жерді мен,
Бөлмеймін бұ жақ, о жаққа.
Сыйлаймын тұтас елді мен,
Айырмай орыс, қазаққа.

Еділ

(Жауынгер монологі)

Мен туып-өскен едім жағаңда, Еділ,
Асылым, ақ бесігім, анам да – Еділ.
Япыр-ау, сүйсе де жұрт туған жерін,
Тең түсер мекен бар ма саған да, Еділ!

Жуды ғой кіндігімнің қанын суың,
Пейіштей панам болды жасыл нуың.
Көк меруерт көбігіңе бетім жуып,
Тыңдаушы ем толқыныңнан дүние шуын.

Таң атса шымқай шұғыла көкке бойлап,
Күн қонса құба белге қалқып жайлап.
Желп еткен ерке самал лебін жұтып,
Мен өстім телі тайдай жағаңда ойнап.

Ұрланып арасында орманыңның,
Құшқанда қыл белінен жан-жарымның.
Көзінен айдыныңды көруші едім,
Үңіліп шырағына арманымның.

Жасымнан ертегіңді айт­тың тынбай,
Қаһарман ел ерлігін өстім тыңдай.
Телегей дәстүріңнен таптым дәрмен,
Мен де бір тентегің ем толқынындай.

Қайте­йін, қандай ауыр қатал шындық!
Күн емес отыратын сені жыр ғып.
Жағаңда жортуылдап бүгін жау жүр,
Өрт пен оқ… құрбан құрбы…
қандай сұмдық!
Мен сонда айырылам ба сенен, анам?
Болмақ па жырың, сырың, күйің тамам?
Жетім боп, зар боп саған, өтсем өксіп,
Не қызық, не тіршілік онда маған?

Сенсіз мен жүрем шалқып қайсы арада?
Естілер сенің үнің қай салада?
Қай жерде тірі болып жүрмекшімін,
Айырылып сенен мақрұм, жайсаң ана?

Жоқ, Еділ! Ет жүрегім бала жастан,
Қатал-ақ қас дұшпанға қара тастан.
Кек емес, кеудемдегі – өшпенділік,
Қарашы, жүрегімді жара басқан.

Жоқ, Еділ! Болмайды ойнақ жатқа жағаң,
Сүрен сап түсті, міне, отқа балаң.
Алжаспан әділет­тің ақ жолынан,
Антым сол сен үйреткен жаста маған.

Еділім, енем менің, өскен жерім,
Қаусатпай жау жасағын шешпен белім.
Қайыссам қасарысқан қан қасапта,
Шіріген жұмыртқаңмын. Кешпе мені!

Жаңбырдан ке­йінгі Алматы

Алматының өзі, шіркін, тұрған жыр!
Төкті-ау бір күн дүркін-дүркін дүр жаңбыр.
Көшелерде күміс жалын жалтылдап,
Толықсыды қоңыр шымқай гүл жамбыл.

Жаңбыр, сосын, таусылды да, басылды,
Сырлы иінағаш манар тауға асылды.
Қолшатырлар қанат­тарын жинады,
Торғын аспан мөлдіреп кеп ашылды.

Ару қала салқындап тұр жеп-желең,
Көшелерге көл орнады көлденең.
Көл бетінде ақ торқа бұлт шомылып,
Көл түбінде аспан жатыр көлбеген.

Осы сәт­ті күн қимайтын секілді,
Әйнектерге қонды нарт­тай екінді.
Жібек жұпар бұрқырайды жан-жақтан,
Шалқиды, айхай, самал сүйіп бетімді.

Гүлге толы, нұрға толы Алматым,
Сен тұрғанда, қайтем аспан жәннатын?
Қадіріңді білмейміз ғой кейде біз,
Еһ, Алматым – махаббатым, ләззатым!

Кәрі бүркіт

Талғардың тарғыл тасына,
Шалдығып қонды шәу бүркіт.
Тұлдырсыз тақыр басына,
Қарашы, тұрды қар бүркіп.

Қариды төсін қауырсын,
Қымтанып желден, қомданса.
Долданса тауда дауыл шын,
Болады қамсау ол қанша!

Күс басқан мүйіз тұяғын,
Тайғанақ тасқа қадайды.
Тарап бір қойып қияғын,
Қиырға, сосын, қарайды.

Қарайды селқос, азынап,
Қауқар жоқ шәулі шөгелде.
Жас дүние жатыр жазылып,
Жарқырап жырақ төменде.

Ерігіп ерке түлегі,
Етекте еркін ұшады.
Ауаны жайдай тіледі,
Дауылға толып құшағы.

Шабыты шалқып, шаңқылдап,
Бұлт­тарға періп кетеді.
Жалқындай, сосын, жарқылдап,
Жалтылдап жарып өтеді.

Саңқылдап шыққан қат­ты ұран,
Кернейді таудың қойынын.
Шоңқиып шыңда қарт қыран,
Шолады бала ойынын.

Кеп-кеше ғана қантүбіт,
Қаперсіз момын баласы.
Алыстан бүгін аң түріп,
Қансүрек бопты, қарашы!
Кеп-кеше ғана қанат­тап,
Қияға өзі баулыды.
Самғайды енді мазақтап,
Омалып қалған шәуліні.

Салады сүрен қиырдан,
Таудағы тентек жас құдай.
Бұл отыр тайып тұғырдан,
Баянсыз бетпақ жастық-ай!

Жас кезі қайда, жас кезі?
Жаңаның жанса от күші,
Қиядан шалып аш көзі,
Түйілсе қайта топшысы.

Ойламай оңай олжаны,
Тәкаппар туған тарланың.
Тарлаудан тауып құлжаны,
Қандамас па еді бармағын?

Шалықтар еді-ау шығандап,
Мұз қатып балақ, бауырға.
Айналып көкті ұрандап,
Жауында, жойқын дауылда.

Баршындап әбден ол енді,
Жас келіп, міне, шаршапты.
Ілетін түрі жоқ енді,
Таутеке түгіл, қарсақты.
Етекте кенет тірнегі,
Саңқ етіп, дауыл сұрады.
Бүлк ет­ті баршын бүйрегі,
– Бітпес, – деп, – таудың қыраны!

Бітпейді таудың қыраны,
Сөнбейді қайсар от қайрат.
Жанары жіті, қырағы,
Түлектер жүрсе көкте ойнап.

Үлкенге қуан, Қуандық,
Кіші бол, күшің жеткенше.
Құрмет­те сөзін Құран ғып,
Шәулі боп өзің шөккенше.

Құралай қайғысы

Берен дүзде бөртіп жусан қынажай,
Жеткен мәуірт көктем жерге шыдамай.
Бесқонақтың ықтап жаңбыр, қарына,
Тұрды жалғыз жас босанған құралай.

Жаратпай-ақ жауыз етіп Жасаған,
Жан біткенге неге осы қас адам?
Киік отын күйсеп тұрған ананы,
Атып қалды бір қансүрек есалаң.

Дәл тимеді атылған оқ. Садаға!
Көзді шарпып, кет­ті лағып далаға.
Тұра қашты құла дүзге құралай,
Жолатпайын деп тажалды балаға.

Беті ауған жақ — меңіреу, мылқау маң дала,
Безіп берді, түкті көрмей қаңғалап.
Кете берді; естіледі тек қана,
Бейшараның даусы ғана маңыраған.

Маңырай-маңырай қу далада маңып жүр,
Бір жүгіріп, бір жығылып лағып жүр.
Тебіндеген теңбіл көктің үстінде,
Қос емшектің ақ уызы тамып жүр.

Жиі-жиі сүрінеді көз көрмей,
Жүгіретін қауқары жоқ өзге елдей.
Кең танауын керіп желге тосады,
Жалғыз жатқан лақтың иісін сезгендей.

Қаңғи берді сүріне де қабына,
Жеткісі кеп жетім қалған лағына.
Бейуақ бір сәт шалып қалды құлағы,
Сәби даусын жатқан жақын маңырап.

Тапты ақыры. Басты мауық, наласын,
Иіскеді-ай құшырлана баласын.
Соқыр сорлы мекіреніп лағына,
Тоса берді дертіп келген мамасын.

Ымырт­та

Көл Шалқар, кеште көрдім айдыныңды,
Төсіңнен тостың маған ай нұрыңды.
Томсарған тұнығыңнан тұрдың есіп,
Бір тыныш, жүрегіме жәйлі жырды.

Үргедек, қонып жат­ты ерге ымырт,
Батыста байып баяу семді қызғылт.
Шоршыған шораға­йлар арасында,
Келемін қайығымды есіп жым-жырт.

Кербез кеш бар екен-ау мұндай, тоба!
Мүлгиді жиектегі тұнған қоға.
Қырдағы қиқу салған қызғыш сорлы,
Ақыры жік-жапар боп тынды-ау, о да.

Тұрғанмен айналада бағы өмір,
Бәрін де қымтап, қымқап алды іңір.
Қыршындай көп қызығын көре алмаған,
Күн кет­ті бұл дүниеден тағы да бір.

Шаңғытбай қорасында

Кіндік қаным тамған жер, тиген өкшем!
Жатыр, міне, тып-типыл жермен жексен.
Жыңғыл жондым бұл жерде, сақа құйдым,
Енді, міне, құлазып қалған тепсең.

Иірмекіл бұл жерде ойнаған ек,
Ыза мен дық болмайтын ойда бөлек.
Тәутұқыр мен баспадан, қанталапай,
Бәрі де жоқ: жұп-жұрдай мұз-қара көк.

Не болмады бұл жерде, өтпеді не?
Тіршіліктің асуы, өткелі де.
Басталды ғой мен үшін осы арадан,
Басталды ғой өмірдің көктемі де.

Түсті-ау мұнда талайлар отқа, суға,
Болды-ау мұнда боқтасу, достасу да.
Болды-ау мұнда айт, аза, ант пен алғыс,
Қауышу мен танысу, қоштасу да.

Соқпай мұнда өткен жоқ қапа, зар да,
Болды мұнда опасыз, опадар да.
Отқа салар, отырмақ, ойын-оспақ,
Ұзатқанда сыңсыды-ау апалар да.

Жатыр енді жалаңаш жабдан жайым,
Кәрі жұрт­та тұр тұнып арман, уайым.
Діңкем құрып түнерем, дым шығармай,
О, бейшара ақ бесік, айналайын!

Ойран болып ақ бесік жатыр әні,
Байғыз зарлап ойраннан шақырады.
Садақасын ұрлатқан дәруіштей,
Жасын сығып Қуандық аһ ұрады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір