Алқымынан арманның жұпар аңқып…
09.10.2025
265
0

Торғын Тұрлыбаева

АУЫЛ ДЕГЕН…
Алқымынан арманның жұпар аңқып,
Шақыратын алысқа құмар тартып.
Ауыл деген бесігі бал қиялдың,
Күн тоңатын, ай шалқып, бұлттар балқып.

Албырт шақтың бақытын кім түстеген,
Аңсататын адамды бір күш пе ерен?!
Ауыл деген, ардағым, ауыл деген –
Аңқылдаған көңіл ғой кір түспеген.

Мәнері де, мәні де сәтті күнде,
Қалпы қонып, мінезі тартты кімге?
Ауыл деген – даладай кең жүректі,
Дархан пейіл, шек жоқ қой мәрттігінде.

Қағажудың көрсе де қаншамасын,
Тарықпаған тәубаға тамсанасың.
Ауыл деген әжемнің әңгімесі,
Қозғайтұғын әріден әпсанасын.

Ақтарылсам қайталап аңыз бәрі,
Ақ жаулыққа түйілген аңыздары.
Ауыл деген айрандай ұйыған жұрт,
Ақылына тоқтатқан абыздары.

Жазылмаған заңы мен ғұрыпы бар,
Қалт кеткенге құпия құлыпы бар.
Ауылда бұл еріксіз өкпе-наз да,
Шәйі орамал кепкенше ұмытылар.

Өтірікке өртең боп өнбегендер,
Көбесіне біз сұқса көнбегендер.
Бәрін тастап кеттікші ауыл жаққа,
Мейірімге бөлекше шөлдегендер.

Қасиеті қорғаған құйыныңнан,
Талай мәрте жол тапқан тұйығыңнан.
Ауыл деген – қаймағы қазақтықтың,
Бұзбау бізге аманат бұйырылған.

Ауыл жақта тынши ма арым бір сәт,
Дәтке қуат бере ме сағым-құрсақ.
Кіндігіміз өзіңе байлаулы ғой,
Ауыл, бізді кешірші, сағындырсақ.

АУЫЛ МҰҢЫ
Қала жаққа қарай берем алаңдап,
Бір жақсылық көрінер деп қараңдап.
Кеткенім не, әсершіл боп әрнеге,
Әбігершіл әдетпенен маған жат.
Ұясы едім аппақ қанат арманның,
Талас жүрмес төресі едім талғамның.
Дәптеріне асау жүрек ақынның
Ақауы жоқ тамшы-жыр боп тамғанмын.
Аңқылдаған ағайынның бағына,
Сарқылмайтын менде еді қазына.
Сағыныш боп қалған сұлу кештердің
Бөлек еді жан тербейтін сазы да.
Бүлкіл қағып тіршіліктің тамыры,
Көлім толқып, егін – мол құт дарыды.
Ұбап-шұбап мал өрістен қайтқан кез,
Естелік пе, қайталанбас қалыбы.
Сонау жылдар… көктемім бе ең,
жазым ба ең?
Ұрпағыма ұяттымын қазір мен.
Көк сөздерді көпсітеді бәзбіреу,
Көтерем деп көңілімді әзілмен.
Ебін тапқан кәрісі де, жасы да,
Қала жаққа көшіп кетті асыға.
Шүкір, қазір кейде келіп-кетіп жүр
Құран оқып бабасының басына.
Қала жақтан іздеп кеткен несібе,
Өз жұртымды жазғырайын несіне.
Қоштасарда мөлт-мөлт ете қараған,
Сол бір жанар түсе берді есіме.
Бейбіт күнде берекемді алған кім,
Неге мені ауызға алсаң арландың.
Өмір, өлім… шарам қайсы жарығы
Мен көретін сөнер болса жалғанның.
Сынық сәуле. Сұрауы жоқ ауылмын,
Ертелі-кеш еңсемді езді ауыр мұң.
Әй, бірақ та… сұрай қалса сын көздер
Деп жатыр де: «Хәлім жақсы, тәуірмін».
Қалса-дағы қолға қарап күтімім,
Көбейер деп үміттімін түтінім.
Кең заманда маған да бір, тағдырым,
Қия көрші бақытыңның бүтінін.

АНА
Бұл пәниде бағаңды артық етті Алла,
Дүрия-дәурен дүрмегі озып кетті алға.
Аңқылдайсың ойлап арғы-бергіні,
Ана, сенің пейіліңде шек бар ма?

Жалғанда бұл жетер жанға дәру мың,
Қалпын көрдім қаланың да, ауылдың.
Қаталдықтан қалтыраған заманда,
Ана, сенің мейіріміңе зәрумін.

Көрдің бе сен қия баспас пендені,
Еркелеудің қисыны бір келмеді.
Балалықпен сезе алдым ба білмеймін,
Ана, сол бір сағынышты сендегі.

Жүрегімді мұндай бір зат жаншымас,
Жанарыңа жасырынса тамшы жас.
Қайсарлыққа егер бәйге тігілсе, 
Ана, саған табылмайды қарсылас.

Көрген талай тіршіліктің тартысын,
Басымдағы бар бақыттың нарқысың.
Қиналғанда маған бер деп сұрадым,
Ана, сенің төзіміңнің жартысын.

Тағат таппай сыртылдайды сағатым,
Жаңылмайды жорғасынан жаңа күн.
Тынысташы, ұяласын уайымсыз,
Ана, сенің кірпігіңе қара түн.

Ой қуасың күндіз-түні білемін.
Жүрегіңе құндақтаулы жүрегім. 
Абыроймен жүрсек біздер жер басып,
Ана, сенің орындалған тілегің.

ҮНСІЗДІК…
Үнсіздік,
Білмейміз оның бағасын.
Үнсіздік,
Алыстап бізден барасың.
Қаламыз кейде ұяттың даусын естімей,
Айқайлап жүріп, жақсының
жыртып жағасын.

Үнсіздік
Өткенді еске түсірер.
Үнсіздік,
Кімдер бар сені түсінер?
Қабағын түйіп, сөзсіз-ақ жөнге салатын
Үлкендер қайда, жолынан тайса кішілер.

Үнсіздік,
Ғашықтар үнсіз тілдескен…
Үнсіздік,
Шығатын құны күнде естен.
Шулаған топтың тарылмас па екен сүрлеуі
Барады шұбап бағытын барлап білместен.

Үнсіздік,
Тілден де өткір жанарың.
Үнсіздік,
Сенімен сырлас қаламым.
Түңілсем егер, түсін сен, мейлі, түсінбе,
Жылармын іштен, үндемей
бірақ қаламын.

Үнсіз күн.
Қылмайды адам күнсіз түк.
Үнсіз түн…
Жаратқан бәрін үнсіз қып.
Сырыңды ашпай, сыныңды алға тартасың,
Қуат бер, елге, құдірет болсаң, үнсіздік.

…Тағы да үнсіздік.

ТЫНЫШТЫҚ
Ғалам мына толған сұмдық, сын, егес,
Көкжиектен бұлдырайды мың елес.
Жанталасқан жаһан дерті жанында
Менің таудай тауқыметім дым емес.

Нені дұрыс, нені бұрыс дей алам,
Байлығымен астамсиды кей адам.
Азып-тозған ашқұрсақты көргенде,
Тойып ішкен тамағыма ұялам.

Жарылыстан естерін де жия алмай,
Назаланса көз жастарын тия алмай,
Жазықсыздар жанұшырып жатқанда, 
Қалай ғана ұйқым қанар ұялмай?

Зұлым ойлар шымылдығын түруде,
Кедергі көп қамсыз өмір сүруге.
Бүтін бір жұрт қайғы кешіп жүргенде,
Қақым жоқтай емен-жарқын күлуге.

Шама жетпей бүлік дейтін дүлейге,
Үркек ойлар түндігіме түней ме?
Бейбіт елде өмір сүрген бақыт қой,
Орын да жоқ қорқыныш пен үрейге.

Қолда барды қуат тұтып, ырыс қып,
Сабырменен күн кешуге тырыстық.
…Қолыма ұстап әлдилесем жер шарын,
Әлди, әлди…
Аңсағаным тыныштық.

БІР СӘТ
Жанарымды малындырып мұңға,
Жамалымды шомылдырып нұрға.
Сұрақ белгі…
Әлде сынап тұр ма?
Сезімімді сеңдей соққан бір сәт.

Көз ілмей-ақ атқызғанда таңды,
Кеудемдегі бұлбұл әнін салды.
Естимісің,
Есте солай қалды
Балдай еріп бақыт құшқан бір сәт.

Жерік қылып ақыл-есті жырға,
Еліктіріп айтылмайтын сырға.
Гүл ектіріп
қуаң тартқан қырға,
Ертегіге сеніп қалған бір сәт.

Жәутең қағып жанарымда жалған,
Шыркөбелек айналғандай бар маң.
Бекем бол деп,
Мені әуреге салған
Қоштасуға қия алмайтын бір сәт.

Аптықтырып асау желік жеңді,
Көзбен ұрлап тылсым тұнған реңді.
Білемін ғой,
Қайталанбас енді
Көңілімді көктем еткен бір сәт.
Жан-жағымның бәрі алғыр, мықты,
Жапырақтай жанымды кім ұқты?
Өкінішке
орын да жоқ тіпті,
Өмір деген –
түбі өлім бір сәт.
***
Сараң ғана сіркіреп сеуіп өткен,
Қозғамады бұл сезім мені көптен.
Сен менің жүрегімнің төріндесің,
Сағынтып, аңсатады нені көктем?
Үсік шалған бүршіктің бағы қысқа,
Мелдектейді жанары сағынышқа.
Көмектесе алмайды жедел жәрдем
Жүректегі алапат жарылысқа.

Ұмытқандай көктемде бірдеңесін,
Суық қардың бар екен гүлде несі.
Тас құшақтан қаулаған құштарлықты
Үркітіп алмайық біз, үндемеші.

Күркірінен аспанның құлақ тұнып,
Бүлкілінен қалды ма бұлақ тынып.
Бөбек-гүлді ренжітіп алмайын деп,
Күлемін, ішімнен шын жылап тұрып.

Үмітімнің үзілді есіл демі.
Тұма жырдың тұсауы кесілмеді.
Көзіңе тік қарамай көзімді ілсем,
Кешір мені, ей, көктем, кешір мені.

***
Қатпарынан бұлт басқан аршылар күн,
Тамшыларын нәр қылып жан суардым.
Көркем болса көңілдің ақ парағы,
Көне дәптер ішінде бар шығармын?

Беттемейтін белгісіз қабаттарға,
Қосылмайтын бәзбіреу санаттарға.
Жылдамдығын жарықтың місе тұтпас,
Жеті аспандай құпия жаратқан ба?

Жер үстінен тым келте көретінім,
Бөлінбесті білмедім бөлетінін.
Қыркүйекте мен туған жанған жұлдыз
Қарашада сен туған сөнетінін.

Қара бар ма қарманар қараңғыда,
Жанар мұңға малынып…
санам нұрға.
Ізгілікке іргемді жанай түсем,
Болмасам деп кінәлі ар алдында.

Сенгенім көп шындық деп жалған бірақ,
Жаным күнде сол үшін жардан құлап.
Жел өтінде қорғансыз қалмаса екен,
Түкпірінде жүректің жанған шырақ.

***
Бұл көктемнен сезіледі күз лебі,
Салқын тартты неге лезде түз демі.
Жылы қабақ танытпаған жақынға,
Сезді ме екен суықтықты біздегі.

Бір-біріне жуытпаған жаманат,
Жоққа сабыр, барға қылған қанағат.
Сан сынақтан сақтап келген елімді
Махаббат қой – Алла берген аманат.

Соқыр көзбен асқақ болу не теңім?
Солқылдасам жасқа толар етегім.
Жүрегіме мейірім бер өлшеусіз,
Мұқтаждарға жылу сыйлап өтемін.

Жүрегімнің соқыр қылма жанарын,
Алып келем бұл дүниенің сабағын.
Жаратқанға сансыз сауап, шүкірмен,
Толтыра көр сауабымның табағын.

Қонақпыз ғой бұл өмірге бәріміз,
Тәубеге де келерміз-ау әлі біз.
Жетері анық көктем жақтан жылылық,
Ал қазірше қамықпасын кәрі күз.

Жетісу облысы,
Текелі қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір