ЖАСМИН ҚАЛЫБЕКТІҢ БАСТАМАСЫН ЕРЛАН ҚОШАНОВ ЖАЛҒАСТЫРДЫ
25.02.2023
124
0

Ұлттық патриотизмді күшейтудің мәні зор. Оның негізі бала кезден, тіпті сәби ана құрсағында жатқан шақтан бастау алады.

«Отан отбасынан басталатыны» секілді, ұлтын шын сүйген ұланда ғана адамзаттық өре болатыны даусыз. Тамыры тереңге жайылған ағаштың бұтағы да берік. Сол сияқты, елім деп елжіреп тұратын ердің жеке адамға да, тұтас ұлтқа да келеңсіздік әкеледі-ау деген жағымсыз ғадеттен, ойдан бойын аулақ ұстайтыны — шындық. Яғни Отанын қадір тұтқан адам адамдық қасиеттерді де қадірлейді. Осынау асқақ сезімді, ұлтқа деген сүйіспеншілікті туындыларына арқау еткен ақын, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толып отыр. Оның «Түркістан», «Қазақ тілі», «Мен жастарға сенемін», «От», «Өнер, білім қайтсе табылар?», тағы басқа өлеңдері қазақ санасын серпілтіп, ұлттық рухты түлетті. Қазақтың бірлігі, Алаштың азаттығы мен халқымыздың болашағы үшін бар ғұмырын күреспен өткізген ақынның рухани мұрасы да — елжанды ұрпақ қалыптастырудың қайнар көзі.
Айтулы мерейтойға орай еліміздің әр өңірінде түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Ақынның туған жері – Сарытомар ауылынан 7 сынып оқушысы Жасмин Қалдыбек «Мен жастарға сенемін!» атты челлендж бастап, алғашқы болып эстафетаны ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-төрағасы Ерлан Қошановқа жолдады. Әдебиет, мәдениет өкілдері мен басылым қызметкерлері де Мағжанның маржан тілді поэзиясын оқып, жыр эстафетасын ары қарай іліп әкетті. Қазақ әдебиетінің ірі өкілінің әр жыры өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтшылдыққа баулып, бала санасындағы патриоттық сезімді ұштайтыны анық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір