Көңіл сүзгісі көмескі, ой зердесі таяз

Әйіп ЫСҚАҚОВ,
ҚазҰАУ-дың шет елдермен байланыс және инвестиция бойынша проректоры
Дана халқымыз ежелден ұрпағына «Жақсыға жанас, жаманнан адас», «Жақсыдан қашпа, жаманға баспа» деп аманат қалдырған. Содан болар, әрбір ата-ана баласына жақсы мен жаманның не екенін ерте ұқтыруға тырысқан. Дегенмен де, қазір қоғамда осы екі қарама-қайшы ұғым кейде бір-бірімен астасып, ежелден қалыптасқан құндылықтар қайта қаралып жатқаны байқалады. Адалдық, отбасылық, мейірімділік, туысқандық, еңбекқорлық туралы құндылықтар, өмірге, Отанға, туған жерге деген махаббат та заманға қарай өзгерген секілді.
Бұған жаһандану, бүкіл әлемдік ақпараттың жеңіл қолжетімдігі себеп болып, әлі буыны қата қоймаған жастарды дұрыс жолдан адастырып та жатады. Жастар арасында суицидтің таралуы, жас қыздардың ерте жүкті болып, іштерінен шыққан сәбилеріне аяусыздық көрсетіп, далаға тастап кетуі, жалған діни ағымдарға түсіп, өздерін жоғалтып алуы, өкінішке орай, қоғамымыздың үлкен дертіне айналып отыр. Жемқорлықтың белең алуы, байып-тасыған отбасы балаларының жүгенсіздігі кейбір адамдар үшін жаман нәрсенің күнделікті нормаға айналғанын көрсетеді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Өкінішке қарай, ақпарат құралдары да сүйінші сұрағандай жағымсыз хабарларды жарыса жазып, қоғамдағы негативті энергияны одан әрі қыздыра түсуде. Содан эфирде жаман нәрселер белең алып, қоғамға нашар әсер етіп, жақсы мен жаман арасындағы айқын шекара көмескіленіп бара жатқандай.
Жақсы мен жаманды айыру адами тәрбиеге, әрнәрсені көңіл сүзгісінен, ой зердесінен өткізе білу қасиетімен де байланысты. Көрген мен естіген нәрсені еш зерделеусіз қайталау жақсы мен жаманның айырмасын аңдамауға әкеліп соғады. Сондықтан, әсіресе, ақпарат құралдарының тетігінде отырғандар, шоу бизнесте жүрген адамдардың мойнына жүктелетін жауапкершілік өте зор.
Жақсы мен жаманды айырмау ана тіліміздің төңірегінде де көптеп кездеседі. Әрине, бәрін қазақшалаймыз, сөйтіп тілдік қорды байытамыз деген жақсы ниет. Алайда, әр нәрсенің шегі, белгілі бір стандарттары болады ғой. «Кастрация цветков»-ты «гүлді піштіру», «завязь»-ды «гүлдің жатыры» деген ана тілімізге жат сөздерден не ұқтық, әбден қалыптасып кеткен «сорт» дегенді «сұрып»,
«класс» дегенді «сынып» дегеннен не ұттық? Мұндай мысалдар тым көп. Осының салдарынан кейде ана тіліміздің жағдайын қиындатып жатқанымыз да рас. Тіпті, бір адамның айтқаны мен жазғанын екіншісі ұқпай қалатынды қайтеміз. Диссертациялық кеңестерде отырғанда ғылыми жұмыстың авторефератындағы жазылған түйіндеменің қазақша мәтінін ағылшын тіліндегісін оқу арқылы ғана ұққаным бар. Мұны алдымен авторлардың жауапсыздығы, сосын сауатсыздығы деп айтар едім.
Қорыта айтқанда, Абай атамыз сонау ХІХ ғасырда айтқан «Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деген сөздері бүгінгі күнге арнап айтылғандай.
Осы орайда енді не істеу керек деген сұрақ туады. Менің ойымша, қоғамды салауатты қылудың бір жолы – білімді, парасатты адамдардың ролін арттырып, әр ауылда, ұйымда ақсақалдар мектебін қалыптастыру қажет. Көргені мен түйгені мол, дана ақсақалдар кез келген ортаның ұйтқысы болып, жақсы қасиетті дамытуға мұрындық болатыны сөзсіз.