ҚАУЫРСЫН КӨҢІЛ ҚҰЛАДЫ-АУ КӨКТЕН…
03.06.2022
853
0

 

Нұртас ТҰРҒАНБЕК

Басында қазулы қабірдің,

Асында қимаған бауырдың,
Қасында қарт дейтін қауымның,
Жасында алданған арудың…
Өкініш…

Ісінде сүйгенге жетудің,
Күшінде қоштасу, кетудің,
Ішінде мұң қатқан жесірдің,
Түсінде түн қатқан жетімнің…
Сағыныш…

Сапарда сағыныш сүйреген,
Жатарда жалғыздық билеген,
Қатарда жыл сайын сиреген,
Қашан да жаныңды илеген,
Уайым.

Жай жүріп шын ғашық болғанда,
Қаймығып қарасаң сол жанға,
Қайырылып келмейтін жолдарда,
Айырылып табысқан қолдарда,
Махаббат…

Уақыт та, тағдыр да қатал-ақ,
Жаныңды бір сәтте матап ап,
Қинайды,
Өкініш, сағыныш, уайым,
Және сол махаббат!

* * *
Адамның барлығы ұнайды,
Іздеуім керек тек неге мін?!
Мен содан көремін құдайды,
Құдайды мен солай көремін.

Тәңірдің сыйлығы жан нұры,
Сондықтан пенденің тілегі ақ.
Әлемде күнәнің барлығы,
Іздесең шынымен біреу-ақ.

Күнәсіз – Хақ шебер жан үрген,
Ал, күнә Адам мен Хауадан.
Ал Адам мен Хауа Тәңірден,
Қалғаны күнәдан тараған.

Күнәсіз болса егер жанары,
Күнә жоқ болса егер тұсаған.
Періште керексіз қалады,
Ібіліс жылайды құсадан.

Адамнан алғашқы қателік,
Қателік ең дұрыс о бастан.
Жұмақтан тозаққа әкеліп,
Қайтадан жұмаққа жол ашқан.

Ғылымдар дәуірі бұл маңда,
Аспанмен шектелсін ой мейлі.
Дәл қазір дінсіз де, діндар да,
Құдайдың орнына сөйлейді.

Парыз да, қарыз да өзіңнен,
Қорқудан іздеме құдайды.
Ол бәрін жаратқан сезіммен,
Сезімін сол үшін сынайды.

Тәпсірі Тәңірге белгілі,
Дін деген кітаптар шеруі,
Жүрек боп қалады ендігі,
Адамның ең ұлы сенімі.

Адамның барлығы ұнайды,
Сенбесең жанымды тыңда кеп.
Жүзінен іздеймін құдайды,
Сыйпаты сақтаулы тұр ма деп.
* * *
Қауырсын көңіл құлады-ау көктен,
Құлады-ау көктен кім көрді?!
Әй, қандай қиын жыламау неткен,
Түксиген күйі түн де өлді.

Сезім мен сенім арасы сынған,
Жаралы құстай күйге енгем.
Мұң ала түсті жаға тұсымнан,
Мен оны ессіз сүйгенмен.

Ұстатпай көкке алып ұшқанмын,
Алып ұшқаным құс көңіл.
Өткен күндердің сағыныштарын,
Өшіре алмадым іште жүр!

Бозторғай болып шырылдап кетті-ау,
Шырылдап кетті-ау бұл кеуде.
Көмейде жетпей үнім қап кетті-ау,
Естілмей талай дүрлерге.

Жазықсыз жаным жем болып
қалды-ау,
Жем болып қалды-ау қайтемін?!
Сабырсыз сезім сенделіп қалды-ау,
Құдіретің болса айт емін!

Аққудай арман сұңқылдап қалды-ау,
Сұңқылдап қалды-ау айдында.
Өмірдің жасы жылтылдап тамды-ау,
Жоқ әлде менің қайғым ба?!

* * *
Менен сұрай бересің несін оның?
Мен бе, мен,
Мен бәрін де кешіремін.
Аспан тағы жылады алабұртып,
Оның бүгін түсті екен есіне кім?!

Менен сұрай бересің оның несін?
Көндіктік қой бөлгесін, бөлінгесін…
Менің жаным ашиды шақпағы бар,
Тек қана шылымы жоқ өмірге шын!

Несін сұрай бересің енді менен,
Басқа түссе көнер ең, көндігер ең.
Кірпігіңе байланған жан менікі,
Жанарыңның алдында желбіреген.

Менен енді сұрама ештеңе де,
Кетер болсаң, кете бер қош деме де.
Шын сезім сөзбен жаным айтылмайды,
Әйтпесе кеуде тұста босқа өле ме?!

* * *
Жаралы жаным мынау сыздайды
жақпай бір ем,
Үмітті етем сосын тұрақсыз
бақ-қайғымен.
Өзімді-өзім ылғи әйтеуір іздеп жүрем,
Өзімді-өзім ылғи іздесем,
таппай жүрем.

Бәрі де бір-ақ сәттік, қайғы да,
бақ та ораған,
Өзіңді қоса өртейді отыңды
жаққан адам.
Сонда да өзімді-өзім бәріне
кінәлаймын,
Сонда да өзімді-өзім бәрінен
ақтап алам.

Мен кіммін, қайдамын мен, бар ма,
әлде жоқ тұрағым?!
Жауабын кім береді,
жауапсыз көп сұрағым.
Өзіме-өзім ғана сенемін, содан кейін,
Өзіме-өзім ғана күмәнді боп тұрамын.

Жалғыздық жақсы шығар, ал,
бірақ достар қайда?!
Бұл өмір бәйге дейді,
өзімді қосқам қайда?!
Бәрін де өзім шешіп, бәрін де
өзгерткенмін,
Тағдырдың қатысы жоқ
шынымен ешқандай да.

Бәрін де тағдыр өзі реттесе,
орнықтырса,
Өзіме өзім деген орыным
бос қалмай ма?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір