Көшпенділер олимпиадасы
17.09.2024
33
0

«Көшпенділер өркениеті – нағыз көнекөз өркениет. Шын мәнінде, көшпенді халықтар барлық құрлықта бар. Олардың ізін Еуропа мен Азиядан, Африка мен Америкадан көруге болады», – деді Президент Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында. Расында, көшпенді бабаларымыздың ізіне түсіп, көшпенді мұрагерлерін іздеуге шындап кіріссек, жер-жаһанды шарлап кетуіміз әбден мүмкін. Ал Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болса, бізге көшпенділер ұрпағын шарқ ұрып іздеуден бұрын, бағзыда өткен бабаларымыздың спорт­тық ойындарына құрметпен қарайтын азамат­тарды қара шаңыраққа шақырып алуға мүмкіндік берген сияқты. Сол себептен де V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» деп аталды. Бес күн бойы Сарыарқа төсіндегі салтанаты келіскен Елордамызда соноу Аустралия, АҚШ, Оңтүстік Америка, Канада, Еуропа, Африка, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Балтық бойы мен Араб, Парсы және өзіміздің түркі елдерінен келген спортшылар көкпар тартып, жамбы атып, күресіп-алысып, арқан тартысып, ат белінде аударысып, күш сынасып, теңге іліп Ұлы дала төсін ұлы дүбірге бөледі.
Осы рет­те көшпенділер ойындары спорт­тың қандай түрлерін қамтығанын еске салып қойсақ артық болмас. Қараңыз: Асық ату, Ордо, Арқан тартыс, Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Теңге ілу, Қазақ күресі, Ашыртмалы аба гюреши, Кураш, Көрәш, Алыш, Мас-рестлинг, Powerful nomad – Күштілердің сайысы, Тоғызқұмалақ (Тогуз коргоол), Мангала, Овари, Жамбы ату, Дәстүрлі садақ ату.

Тоғызқұмалақтың ғарышқа сапары

Бұл арада сіз: «Мына ойындардың бәрі – көшпенділердің мұрасы. Тоғызқұмалақты атам қазақ ойнаған. Кешегі өткен данышпан Абай ойнаған. Өзгелер оны қайдан білсін?» деуіңіз ықтимал. Тоқтай тұрыңыз. «Тоғызқұмалақ» дейсіз бе? Кешегі атам қазақ ойнаған бүгінгі тоғызқұмалақ ойнына Колумбия, Франция, Германия, АҚШ, Қытай, Латвия, Африка және Араб елдері сынды 41 мемлекеттен келген 114 талапкер қатысып, аламан айқасқа түсті. Адамның ой-зердесін, интеллектуалдық қабілетін сынға алатын ойынның ақырында біздің елдің ұландары командалық есеп бойынша топ жарды.
Бексұлтан Бостандықов ерлер арасында чемпион атанса, Ерсұлтан Әуелбай үшінші орын иегері атанды. Ал әйелдер арасында Мөлдір Серікқызы озық шығып, Аңсаған Қазанғап күміс жүлдеге қол жеткізді.
Жоғарыдағы спорт түрлеріне қатысты бәсекенің біріне шолу жасамастан, ә дегенде-ақ, тоғызқұмалаққа тоқталуымыздың өзіндік бір сыры бар.
9 қыркүйек күні, сағат 09:09-да V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында тоғызқұмалақтан алғашқы ойындар басталды.
Қатысушылардың бірінші жүрісі 9 ойыншыдан тұратын 9 үстелдік тақтада, 9-ұядан басталып, есептеу жылдамдығымен сайысқа түсті.
«Ерекше айта кететін маңызды жаңалық – тоғызқұмалақ тақтасының ғарыш кеңістігіне шығуы. Ресей ғарыш агенттігімен арадағы келісім, негізінде, ішінде тастары бар тақта алғаш рет Көшпенділер ойындары аясында стратосфера қабатына шығып, қайтадан жерге жеткізілді» деп жазды көшпенділер ойындарының ресми сайты https://worldnomadgames.kz.
Сонымен, сөйтіп, көшпенділердің тоғызқұмалақ тақтасы тұңғыш рет ғарышқа сапарлап қайтты. Бұл оқиғаның «Ұлы дала дүбірі» аталған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тарихына жазылып қалары сөзсіз.

«Жалғызды жалғыз демеңіз…»

Көшпенділер ойнының ашылу салтанатындағы көрініс көңіл толқытты. Бұл сәтті «қаны сорғалаған» скептиктердің өзі әлеуметтік желілерде «керемет болды», «сахналық ғажап қойылымды көрдік», «режиссерлердің бәрі өз еліміздің азаматтары екен, сырттан ешкім шақырылмапты» деп жазып жатты.
Бір кісіміз ілгеріде шалқып отырып, «қазақтың тарихында ұялатын ештеңе жоқ» дегенге саятын жібі түзу сөз айтып қалып еді. Сонысы рас, шынымен. Біз етек-жеңімізді қымтап, қымсынатындай, қысылатындай не бар тарихымызда? Бір нәрсе болды, оны енді жасырмай айтуға тура келеді. Ол не десеңіз, ол тарихымыздан тұтастай айырылуға шақ қалған күндерде өркеуделі өзге жұрттың алдындағы именшектеген халіміз (комплексіміз) еді. Сол жасқаншақ халден бұл күндері ептеп арылып келе жатқанға ұсаймыз. Сахналық қойылымдарға арналған жарық әсерінің соңғы технологияларымен жарақтанып, жарқ-жұрқ еткен экранда сақ бабаларымыздың бүгінгі барлық қозғалыстағы механиканың атасы – арбаның дөңгелегін ойлап тапқанынан басталған тарих кереуені Тұмар әжеміз бен Аттиланың кездесуіне жалғасып, Алтын орда империясының сайыпқыраны Жошы ұлысының билік құрған тұсын шолып, Жібек жолын «жетегіне алып», Қазақстанның тәуелсіздігімен тиянақ тапты. Әрине, тату көрші, сыпайы қарым-қатынастың салтына бағып қазақ жерін патша өкіметінің отарлай бастағанын, оның ақыры аяусыз құлдыққа, аштыққа ұласқанын, Мәскеудің шектеусіз билігін, қазақ жерінде талай атом сынағы өткенін елеусіз қалдырдық. Бәлкім, бейбіт өмірді жақтайтын дипломаттардың қағидасы дұрыс: «Өткенді ұмытпай – бүгінгі достыққа жол жоқ».
…Көрініс өз алдына, біз көшпенділер ойнына қатысу үшін әлемнің әр түкпірінен келген спортшыларға жасалған құрметті екпін түсіре айтқанды жөн көреміз. Алдымен, тоқсанға жуық елдің туы көтерілді. Ту көтерген ұландар сап түзеп сахнада тұрды. Содан кейін командалар шеру тартты. Оларды ақ боз сәйгүлікке мінген салт атты бастап жүріп отырды.
Әне, көшпенділер ойнының алғаш туын көтерген елдің ерлері – қырғыз ағайындар кетіп барады. Қарасы мол. Мол болатын жөні бар. Көшпенді спорт ойындарының бір мұрагері осы – айыр­қалпақты ағайын.
Қырғыздардан кейінгі командалардың қарасы, бірақ көзге қораш көріне бастады. Төрт-бес адам, асса – он. Мысалы, атланттар мекені – Грекиядан жалғыз-ақ спортшы келіпті. Жалғыз өзі елінің туын көтеріп, әрі өзін-өзі ұялы телефонындағы бейнетаспаға тартып, құрмет-қошемет көрсетіп дуылдаған көптің алдынан жайбарақат өте берді ол. Осындай жалғыз-жарымдар әр елден бар. Бізге белгісіздеу Бенин деген Африка құрлығындағы елден де бір спортшының қарасы көрініп қалды. Алайда әлгі жалғыз-жарымдар – көшпенді спорт ойындарының өрісін кеңейтіп, дәрпін асыруға белсене кірісе бастаған біздің достарымыз. Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатындағы сөзінде: «Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады», – деді. Әзірше «Дүниежүзілік көшпенділер ойындары» аталып жүрген бұл сайыс ертең расымен «Көшпенділер олимпиадасы» дәрежесіне көтеріліп жатса, сонда жаңағы жалғыздардың жұлдызы жанады және олар «спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайтуға» үлес қосқан жасампаз жандардың санатында тарихта қалатын болады.
Бұхар бабаңыз айтып еді ғой:
«Жалғызды жалғыз демеңіз,
Жалғыз да көпке теңеліп,
Бір майданда жолығып,
Кегін бір алмас демеңіз».
V Дүниежүзілік көшпенділер ойнындағы спортшылардың шеруінен дәстүрлі халықаралық жарыстарға қатысатын командалардың шеруіне ұқсамайтын өзгешелеу көріністерді байқадық.
Ирландиялық бір келіншек сәбиін көтеріп алыпты. Сірә, ол анасының омырау сүтінен арылмаған балақай болса керек. Балақай да дүбірлі додаға өз үнін қосып, іңгәлап қояды.
Мажар-қыпшақтар қыпшақ бөркі мен тақиясын киіп, қайсыбірі қолына садақ ұстап шықты. Айтпақшы, садақ атудан венгриялық сұрмерген Ласло Кочка 1-орын иеленді.
Кубейттік қара дәу қолын әуелете көтеріп, бұлшық еттерін ойнатып, болашақ бәсекелестеріне сес көрсетіп өтті. Ана қара дәумен белдесу, күш сынасу қорқынышты шығар. Әйтсе де күш атасын танымас: біреу алып жықса, біреу шалып жығады.

Мұның атын «Жеңіс» дейді

Сарыарқа төсінде «Ұлы даланы дүбірлеткен» ойындардың бейсенбіге дейінгі (12.09.2024 жыл) нәтижесіне сүйенсек, қазақ спортшылары алып та, шалып та жығып, командалық есепте қара үзіп алға шықты. Бүгінгі есепте, Қазақстанның қоржынында 33 алтын, 25 күміс, 28 қола – барлығы 69 медаль бар. Қырғыздар 16 алтын, 17 күміс, 920қола алып, екінші орында келеді. Қырғыздың соңында – Өзбек, Ресей, Түркия.
Спорттың қай түрінен кім қандай жүлде алды? Қай елдің спортшылары қандай спорт түрінен мықты не әлсіз екен? Бұл сұрақтардың жауабын ғаламтордан тауып алу оңай. Сондықтан оны былай қойып, біз осы жылдың басынан бергі оқиғаларды еске түсіруді жөн көрдік.
Жылдың басы – қыс қатты болды. Соңы ақсүйек жұтқа айналды. Арқа төсінде ақсөңке болып қырылып жатқан Қамбар ата түлігін көргенде, қарадай жаннан түңілдік. Жұт көктем шыға су тасқынына ұласты. Еліміздің он аймағын ала тасқын су басты. Жатақтардың қолдан соққан саман үйлері суға кетті. Жан мұрынның ұшына келді. Әйтсе де ел еңсесін түсірген жоқ. Су жайылған аймақтардағы ағайынға жұрт жанұшыра жәрдем қылды. Үкімет ширек ғасырдан астам тәуекел ете алмаған іске бел байлап, ашық аспанның астында қалған жандарды отбасымен баспаналы етті. Қатар түзеген жаңа үйлер аз уақыттың ауанында әр аймақтан, аудандар мен ауылдардан бой көтерді. Қазақстанның осындай қуатты мемлекет екенін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысқан Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған да ерекше атап өтті.
Міне, сондай «жамандықтардың» соңы жақсылыққа жалғасып, Ұлы даланың кеудесі ат тұяғының дүбірі мен күмбіріне толып, серпілгендей болды. Ал біз көшпенділердің спорт ойындары туралы шағын мақаламызды спорт­тың тілімен қайырсақ, мұның атын «Жеңіс» дейді.
Халықтың жасымай, жабықпай, жігерін жанып алған жеңісі – бұл!

Д. ҚАСЕНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір