ТҮРКСОЙ ТҰЛҒАЛАРЫМЫЗДЫ ҚҰРМЕТ ТҰТАДЫ
11.11.2022
438
0

Келесі жылы мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы, ақын Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы, актриса Бикен Римованың 100 жылдығы ел ішінде ғана емес, түркі елдеріне ортақ ТҮРКСОЙ ұйымының деңгейінде аталып өтеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің ХХХІХ отырысына қатысып, халықаралық ұйымға мүше мемлекет­термен осындай келісімге келді.

Темірбек Жүргенов бастаған саңылақтардың мерейтойларын ТҮРКСОЙ-дың ауқымында атап өту туралы ұсынысты министр Дәурен Абаевқа ел азамат­тары жеткізген болатын. Содан көпшіліктен келіп түскен өтініштер қарастырылып, Мәдениет комитетіне тиісті тапсырмалар берілген екен, нәтиже жоғарыдағыдай болды.
– Министрлік алдағы уақыт­та бірнеше іс-шараны ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлесіп өткізуге ниет­ті. Солардың қатарында материалдық емес мәдени мұраларды насихат­тау бойынша «KYMYZFEST» фестивалін ерекше атап өту қажет. Біз қазақ киноларына да халықаралық деңгейде қолдау көрсеткіміз келеді. Сондай-ақ түркі халықтарының ортақ тарихын ескере отырып, символизм мен геральдикалық элемент­терді зерт­теу бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз. Қазақстан тарапынан көтерілген бастамалардың бәрі бауырлас халықтардың бай тарихын тереңірек түсінуге, сондай-ақ түркітілдес мемлекет­тер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға негіз болады,– дейді ҚР МСМ Мәдениет комитетінің төрайымы Роза Кәрібжанова.
Ол Бурса қаласында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің ХХХІХ отырысына Қазақстан атынан қатысты.
Кеңес отырысы барысында түркі әлемінің мәдени байланыстарын арт­тыруға бағыт­талған екіжақты кездесулер де өт­ті. Бұл рет­те Қазақстан Әзербайжан, Өзбек­стан, Түрікменстан елдерімен ортақ жобаларды талқылап, келелі мәжіліс құрғанға ұқсайды.
Айта кетейік, биыл басқосу Бурса қаласында ұйымдастырылды. Бұл қала бұған дейін түркі әлемінің 2022 жылғы мәдени астанасы ретінде танылған болатын. Жиын қорытындысы бойынша түркі әлемінің 2023 жылғы мәдени астанасы болып Әзербайжанның Шуша шаһары жарияланды.
Түркияда сондай-ақ тағы бір ауқымды іс-шара – «Қорқыт Ата» кинофестивалі өт­ті. Кинофестиваль­дің аясында Қазақ­станның кино күндері ұйымдастырылып, түрік азамат­тары «Ұлы дала таңы», «Мұзбалақ», «Дос-Мұқасан», «Мұқағали» фильмдерін тамашалады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір