ШӘКІР ӘБЕНОВ –ДУАЛЫ АУЫЗ АҚЫН
21.10.2022
1537
0

Өткен ХХ-ғасырдың құрдасындай болған, әдебиет сүйер қауымға танымал қария – ақын Шәкір Әбенов еді. Тәуелсіздіктің алғашқы таңында Елбасына ақ батасын берген сәті әлі жұртшылықтың есінде болар.

Өткен ғасырдағы қазақ халқы көрген небір зұламат нәубеттерді Шакір ақсақал көзімен көріп, қуғын-сүргінді, жазалау шараларын мойнымен көтеріп, неше рет сотталды, ҰОС-на да қатысып, жараланды да. Шүкір, осы нәубеттердің бәрінен аман қалды.
КСРО заманында қалыптасқан қара-тәсіл халықты тура сызған сызығымен жүргізіп, дөңгелек сызған жеріне тұрғызды. Қайырған бағытқа ғана беттейтін, үні шықпайтын буын болып тәрбиеленгенімізді жасырмасақ та болар. Сол ағымның апатын, кемшілігін айтып, бастарын қатерге тігіп, ел үшін, жер үшін күрескен арыстарымыз қаншама?.. Солардың күресі – Қабанбай Батырдың жаумен соғыста сермеген қылышымен пара-пар еді ғой.
Шәкір ақсақалдың да ерен ерекшелігі – сөз қисыны келгенде тайсалмай оқиғаны, мінез құлықты, іс-әрекетті жасқанбай суреттеп ашық айтуы еді.
Қарияның өмірінің кей жылдары елдің шығысындағы Үржар ауданында бірнеше рет өтті. Бұл жағдайлар туралы «Дидар» газетінің 2001 жылғы 21 қарашасындағы «Ол кісі Хамиттің өкіл әкесі болған», «Семей таңы» газетінің 2016 жылғы 5 тамыздағы «Ғасырлар мұрасы», сондай-ақ «Ақындық әлемі», «Шыңғыстың бір шыңы» және «Ертіс өңірі» газетінің 2017 жылғы 28 мау­сымындағы «Шәкір Әбенов және күй өнері» мақаласында: «…Ш.Әбенов алыс-жақын сапарларының бірінде атақты әнші Әсет Найманбаевпен де кездесіпті», – деген деректерді ұсынады.
Бұл тұрғыда 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін, әсіресе ақ өкіметі тұсында іс басында, ірі қызметте болғандар: «Болашақта қандай күн болады?..» – деген оймен сұңғыла, аңғарымды, сенімді адамдарын, туыстарын шекара маңындағы елдерге танысуға жіберіп, жер жағдайын, шекараның ар жақ, бер жағын көбірек байқатқан. Мысалы, қазақтан алғаш шыққан Қарқаралыдағы тарақты Тышқанбай ояздың баласы Қабдолла болыстың, Баянауылдағы арғын Үкібай бидің, Семейдегі қазақтан шыққан тұңғыш қала байлары – тобықты Қаражан саудагердің, Күшікбай байдың, Шұбартаудағы керей елі қайраткерлері ағайынды Айдынкөл мен Шалқардың ағайын-туыстарының шекара маңын ерте төңіректегені белгілі. Оның үстіне 1918 жылы Алаш арыстары: А. Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Р.Мәрсеков бастатқан топтың Шәуешекке сапары да тегін емес еді. Осы жылдары шекара маңына келгендердің ішінде бозбала жігіт, болыстың солқылдаған баласы Шәкір Әбенов те болып, Әсеттің әнін тыңдаған деседі. Әсет 1923 жылы өтеді. Қызыл дәуірдегі саясатқа үйлеспейтін тарихи оқиғаларды үлкендер жасқанып, аса сенімді адамдарына болмаса, албаты айтпайтын да.
Ал, 1928-30 жылдары Шәкір бұрыннан танымал Жарбұлақта тұрып, сол төңіретің жастарымен бірге жүріп, елмен, жермен жақсы танысады. Тегінде билік басындағылардан қысым көріп, басына күн тумаған адам, дөйдалаға пана іздеп кетпеуі тиіс. Паналайтын жері, елі оған қорған болады-ау, деген үмітпен, сеніммен баруы керек. Сол тұста Шәкірді тұстастары мойындаған әрі Шәкір де оларды білген. «Шәкір – тілді адам, елмен тез шығысып кететін», – деп отыратын үлкендер. Ол кезде әлі шекараға застава тұрғызылып, жаппай күзет қойылмаған кез. Елдің: «Осы маңдарда шекара белгіленіпті дейді», – деп жүрген кезі.
Жоғарыдағы газетте: «…Ш.Әбе­нов осы уақытта бас сауғалап, Мақаншыдағы атақты Таймас ақынның үйін паналайды… 1930–33 жылдары Мақаншыда тері-терсек жинайтын мекемеде істейді», – дейді. Тарғыбатай өңірі орталықтан өте шалғай, әсіресе қары қалың, аязды қыста қалалардан астық жеткізе қоятын техника да жоқ кез. Мектеп, өндіріс мекемелерінің бәрі жабылып, ел тоз-тоз болған шақ. Тарғыбатайдың елі сыртқа ауып, оның орнына Шұбартау, Шыңғыстау, Абыралыдан босылған аш халықтың өлгені өліп, өлмегені шығысқа қаптап жатты. Бұрын өлген, сойылған малдардың жиналған терілерінің жүнін қырып, терісін қазанға қайнатып, ашыққан елге талшыққа берген кездер де болыпты. Шәкір ақсақал қысқасы заманның аса қиын кезінде 5 жылдан астам өмірін Тарғыбатайдың күнгейінде өткізіп, аман қалады.
1933 жылы Аякөз, Үржар өңіріне орталықтан құрамында Б. Майлин, Науан Әбішев (21 жастағы хатшы. 1950-ші жылдары ҚазПИ-де сабақ береді, профессор) және С.Сейфуллин бар екі бөлек топ келіп, ашаршылықтың себебін, салдарын байқайды. Бейімбеттің Елтай ауылына келіп, сөйлеген сөзін ел бертінге дейін айтып жүретін. Осы сапарда С.Сейфуллинге Шәкір атқосшы болып, төңіректі бастап аралатып, жақсы танысады және ол Сәкенге қатты ұнайды. Сәкен оны Алматыға бірге ертіп кетеді. Шәкір алдыңғы қатарлы ақын-жазушылармен танысып, оларға еліктеп, оның шығармашылық өсу жолы басталады. 1934 жылы Сәкеннің көмегімен баспадан алғаш рет «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасы жарық көреді.
Ол Жазушылар одағында арбакеш­тік (кучер) қызмет те атқарады. Жоғар­ғы деңгейдегі зиялылар арасында тө­мен­дегі бір оқиға сақталған.
Бұл оқиға қазақ өнерінің Моск­ва­дағы «Онкүндігі» қарсаңында болса керек. Бірде Шәкір Жамбыл ақынды Ұзынағаштан пауескемен (повозка) Алматыға Жазушылар одағына алып келеді. Сол кезде Жазушылар одағы бастығының кабинеті көп орындық қойылған, ат шаптырым үлкен зал екен. Залдың оң жағындағы қосымша бөлмедегі шкафтарға кітаптар, газет–журналдар қойылыпты. Шәкір осы бөлмеге кіріп кетіп, шкафтың қалқасында кітап оқып тұрады. Есік ашық тұрады. Жамбыл кірген соң Сәбит Мұқанов кабинетте отырған, түрегеп тұрған бір топ ақын-жазушыларды далаға шығарып жіберіп, есікті тарыс жауып алады.
Сәбит:
– Ақсақал, сіздің партияға өтуіңіз керек, – деп, қайта-қайта қолқалап жатады.
– Жамбыл: – 90-ға келдім, партияда нем бар, боқ жеймін бе? – дейді. Осыны естіп тұрған Шәкір көрші бөлмеден қарқылдап күліп жібереді. Сәбит оны да кабинеттен қуып шығады. Далада ішінде Иса Байзақов бар, бір топ ақындар тұр екен. Іштен күліп шыққан Шәкірден: «Ей, Жамбылға Сәбит не деп жатыр?» – деп бәрі зор ынтамен жамырай сұрайды. Сонда Шәкір: «Жамбылға партияға өт деп жатыр!» – деп тағы күледі. Қоршағандар: «Ал, Жамбыл не деді?» – деп өзеурейді. Шәкір: «Оны айтпаймын», – дейді. Қа­лам­герлердің бәрі қызықтай қиылып: «Айт­шы! Ағатай!» – деп жалынады. Шәкір: «Сыра алыңдар!» – дейді.
Сонда Шәкір Жамбылдың өзін өлеңге айналдырып, жауап береді.
Денем тақап қалғанда тотияға,
Басыма бақ қонады қапияда.
90-ымда тоңқаңдап, боқ жеймін бе,
С…м сенің сүйікті партияңа деді, – депті.
Айнала қыран-топан күлкіге айна­лады. Мұндағы тотия сөзі–адам жер­лене­тін қамырдың, ақымның топырағы екен.
Өткен қызыл дәуірде партияны, өкіметті, көсемді, саясатты жырламаған ақын, әуен жазбаған композитор, таптық күресті жазбаған жазушы жоқ. Болмауы да мүмкін емес еді. Тіпті бүгінгі үлкен буын 1991 жылға дейін: «Қазақтың нағыз шырқаған кезі, деді ғой Леонид Ильичтің өзі», – деп ән де салдық қой. Жамбылға тылсым күшпен сөз өнері ерен қонған – киелі ақын. «Әу, деп аузын ашса болды, құлағына ақ жылан келіп, сыбырлап сөз салып тұрады екен», – дейтін оны білетіндер. Жамбыл өтерінде: «Мен жолбарысымды 3 шақырдым, қарамай кетті. Ана Тілендінің баласының(Нұрғиса) қолын жалап тұр», – дейді.
1936 жылы Москвада қазақ өнерінің «Онкүндігі» өткенде республика өнерпаздарын Жамбыл бастап барғаны белгілі.

…Уа, данышпан сабазым,
Езілгенді теңедің.
Жалқауларды жеп едің,
Жер жүзіне шам-шарақ
Орнатамын деп едің, –
деген әйгілі өлеңін ағытады. Ал, Кре­м­ль­­­­­ге келгенде Жабылдың нөкері: «Ал, бастаңыз ақсақал!» – дегенде, Жам­был ұмытып қалып: «Әлгі қызыңды ұрайын­ның аты кім еді?» – дейді. Нөкері құлағына тұншыға күле сыбырлап: «Сталин», – дейді.
…Туған айдай дер едім,
Түнде барда күндіз жоқ.
Жанған күндей дер едім,
Күндіз барда түнде жоқ.
Темірқазық дер едім,
Тек тұрғаны болмаса,
Онда тіл де, үн де жоқ.
Ең жарығым Сталин.
Жанып тұрған жалынды от,
Рұхсат етсе әумин, әумин! – депті де, «Бесін уақыты болыпты ғой» деп, Кремльдің бұрышына шапанын жая салып, намазын оқыпты.
Жамбыл дүниеден өткенде жазушылар мадақтау сөздерін айтып, ақындар арнау өлеңдерін оқиды. Кезек келгенде қарт жыраумен ұзақ жыл көп сыралғы болған Шәкір ақын тұрып:
Өлеңді мен айтпаймын кекесінмен,
Тәуекел, тура айтамын төтесінен.
Жетісуда жүз жылдай бақылдаған,
Қазақстан айырылды текесінен, –депті.
Кейін осы өлеңі өзіне пәле болып жабысады. Сотталуына да қосымша себеп болады. Бұл шумақ ақынның жинағына қосылыпты деп естідім. Сталин өлгеннен кейін түрмеден босайды да, Мақаншыға келіп шамалы уақыт тұрады. 1937 жылдардың зардабынан кейін, сол кезде түрмеден қайтқан зиялы қауымның дені заман нақтылы тұрақтағанша өз ауылдарына бармай, сақтықпен сырттап жүреді, ауыздарын бағады. Төлеу Көбдіков сияқтылар ауылдарына бармай кетіпті. Себебі оларды көрсеткен, соттатқан, сатқан «ақжүректердің» жұрнақтары ауылдарында әлі бар болатын.
Шәкір ақсақал Үржар ауданына, яғни бұрынғы басқан ізіне 1991 жылы жазда Мақаншыда өткен «Қабанбай Батырдың 300 жылдық» тойы қарсаңында ат басын бұрды. Ауданның атқамінерлері, зиялылары мен елең құлақ жұршылығы арасында шешіліп сөйлеп, ара-арасында тұрғыластарын сұрайды. Әңгімесінің шет-жағасын мен де естідім. Сонда Таймас ақынға ерекше назар аударып, туыстарын, ұрпақтарын іздестіреді. Күрсініп: «Таймастай жігіт қайда, енді!» – деп те қояды. Білетін үлкендер Таймас туралы айтып, жұбатқан болады.
Қабанбайдың тойына Тайыр Закиров мырза демеушілік көрсетіп, 40 атқа бәйге тікті. Бұл мырзалыққа ауданның бірінші хатшысы Орал Арғынбеков рахмет айтып, үлкен сахналардан неше дүркін дәріптеді. Әлі КСРО тұсында аттың бас бәйгесіне тұңғыш рет судай жаңа жасыл «Москвич» көлігі ұсынылды. Бас бәйгені «Зерно» совхозының аты алды. Шәкір ақын: «Ой, осы Найманды шашқандарыңды қашан қоясыңдар. Менің шешелерім найман қыздары», – деп қалжыңдап та қояды.
1990 жылдары Үржар ауданының Фрунзе атындағы колхоз председателі Оралбай Сақабаев бір сапарында Абай ауданының Құндызды ауылында тұратын Шәкір Әбенов ақсақалға арнайы барып жолығып, сәлем беріп, ұзақ әңгімелеседі. Оралбай: «Шәкір ақсақал өте жинақы, тиянақты адам екен. Ауласында көлденең жатқан шөп, қылтан жоқ, мұнтаздай таза. Басында сақтықпен сөйлеп отырды да, артынан шешілді. Айдауда жүргенде сіңіссе керек, әңгімесінің арасында сыбайтын сөздерді жиі қосатын әдеті бар екен. Президентке бата берердің алдында, қаладан бір танымал газеттің редакторы келіп, мынадай-мынадай сөздерді қосып жаттасаңыз деп, оны дайындамақшы болыпты. Шәкір: «Оған саспа, ол кезде Алла өзі ауызға сөз салады» деп көнбеді. Әрқашан ойын толғанып, батыл айтатын Шәкір ақсақалдың: «Бәтшағар, халыққа жайсыз болады-ау!.. Көзі ойнап тұр екен кәпірдің», – деген сөзі ел зиялылары арасында айтылып, халық ішіне таралады. Шәкір аса көрегендігімен бе, ерекше қасиетімен бе, бүгінгі күнгі келеңсіз оқиғаларды қалай болжағанына таң қаласың.
Сондай-ақ, Шәкір жас кезінде 1920-30 жылдары Үржар ауданы Мақаншы ауылының ақыны Таймас Есенұлын үлгі тұтып, қасына ілесіп, үйінде тұрып, оған қатты еліктепті. Таймастың менде 2 дәптер толы өлеңдері бар. Ол – өте батыл, батыр адам. Сөздің қисыны келгенде қорықпай ақтара салатын төкпе ақын еді. Қиын-қыстау заманда да оның өлеңдерін сақтадым. Егер, ұрпақтары болса, өлеңдерін қолдарына тапсырайын деп едім», – дейді. Оралбай мырза Таймастың қыздарының ұрпақтарына Шәкір ақсақалдың сәлемін жеткізеді.
Жалпы Шәкір ақынға назар аудару, көңіл бөлу, оны бағалау, жұртшылыққа дәріптеу жасыратыны жоқ, тәуелсіздік жылдарында ғана етек алды.
Халықта: «Сенің қандай екеніңді білейін, жолдасыңды көрсетші», – деген тәмсіл бар. Шәкір бағалаған ақын Таймас Есенов 1889 жылы Мақаншы маңында туған. Руы – найман ішінде тума табы. Шешен, суырып салма, домбрашы, батыл, өжет, айтыскер ақын болыпты. Әрі қайратты, балуанға түсіп жүрген, ірі тұлғалы, кесек адам екен. Өлеңдерімен зорлық-зомбылыққа, әділетсіздікке қарсы күрескен. Қоғамдағы жағымсыз әрекеттерді, құбылыстарды сынаған. Ел ішінде сақталған, 1929 жылдары басталған колхоздастыру туралы өлеңінде:
Әй, белсенді, белсенді,
Қамқоршы деп ел сенді.
Бар малынан айырылып,
Кедей сорлы теңселді.
Елге әмір жүргізді,
Тақыр шалбар кигізді.
Жаңғыз сиырды қорға алып,
Артты жерге тигізді, – дейді.
Сондай-ақ 1930 жылдары әйел теңдігіне, көп әйел алғандарға қар­сы шыққан заңдарға, оны наси­хат­тау­шы­ларға төмендегідей шумақтар арнапты.

Бұл заң екі әйелдің бірін қайыр дейді,
Анасын баласынан айыр дейді.
Ақ неке, ақ батаны ұмытпасаң,
Заң бұзған статьяң дайын дейді.
Әйелге өз теңдігін бердік дейді.
Құрамыз мәдениетті елдік дейді.
Қаңғыртып қуып шықсаң бұл әйелді,
Түсінген жаңа заңды ерлік дейді, –
деп қоғамдағы асыра сілтеушілер мен әпербақандарды шенепті.
Көктұма (Бахты) Патша үкіметі тұсында және Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында орысқа қараған 5 болыс атанған елдің орталығы болады. (Мәмбет – 2, тума – 1, болатшы – 1, байғана – 1 болыс). Онда дуанның съезі өткен. 1922-28 жылдар аралығында атқару комитетінің председателі Тұрсын Қозыбаев (1896-1964) болған. Руы – тоғас. 1921 жылдары Семейде Қаныш Сәтбаевпен бірге «Ел басқару» курсында оқыпты. Ескі тәртіп бойынша атқару комитеті әскери гарнизонға бағынған. Гарнизон командирі В.Черненко болған. Аудандық партия ұйымы әлі қалыптаспаған. ГПУ, заң құрылымдары болған. Комсомол – жастар ұйымы белсенді болыпты. 1922-26 жылдар аралығында Тұрсын Жарқынбаев, бірнеше хатшы, оның орынбасары Омар Қашағанов болады. Т.Жарқынбаев 1926-28 жылдары аудандық сот қызметіне ауысады. Жоғарыдағы 5 болыс аймағында 1928 жылы Үржар, Мақаншы аудандары құрылады. 1926 жылы Көктұмада Қазан төңкерісіне байланысты «Бай мен кедейдің арасындағы айтыс» шарасы өткізіледі. Бұл айтыс газетке де жарияланыпты. Бай жағынан Таймас айтысады. Кедей жағынан айтысқан жастау ақын өзеуреп, сөзге қонақ бермей, не жеңілгенін білмей, дөйдалаға лаға берген соң Таймас ақын:
Әкеңнің аузын …
Мекалай! (Николай патша)
Жорға жүйірік мінгізген,
Торғын-торқа кигізген
Айналайын өкімет!
Жалаң аяқ жүргізген,
Мойынға қоржын ілгізген, –
депті де, Т.Қозыбаев бастап отырған алқаға қарап: «Анаған бәйгені беріңдер!» – деп тұрып кетіпті.
Таймас 1938 жылы «халық жауы» болып, Жайтөбенің бауырында атылады. Озбыр саясаттың салдарынан қолжазбалары сақталмаған. Оның өлеңдерін білетін үлкендер азайған тұста, заман жылымық бере бастады. Шәкір ақсақалдың да оны ауызға батыл ала бастауы бертінде.
Таймастай бір өлеңі көзі тірісінде баспа бетінде жарық көрмеген, осы өңірден шыққан талантты ақындар көп болды. Шала-шарпы, бір-жар ауыз өлеңдері ел құлағында қалғаны болмаса. Олардың қатарында тума руынан шыққан Ауған Жақсылықов ақын, Әсетпен сөз қағыстырған әйгілі дүлдүл ақын Рысжан қыз, Күнболат Қамзаев сынды басқа да талант иелері болған еді.

Рамазан Нүсіпов
ШҚО, Үржар ауданы, Көктерек ауылы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір