ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОСТАРДЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАЛАРЫ
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіповтің «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» атты музыкалық-энциклопедиялық, ғылыми-танымдық еңбегі жарық көрген еді. Басылым екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім халық шығармашылығы жанрларымен таныстыра отырып, әрбір этнос сазының төлтума болмысын, өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. Екінші бөлімдегі 28 CD таспаға 330-дай орындаушы мен топтардың жеткізуінде 100-ден астам этностың 600-дей музыкалық фольклорының таңдаулы үлгілері топтастырылған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылып, құрастырылған музыкалық антология көпшілік оқырман мен тыңдарманға арналған.
Біз аталмыш еңбектен автордың балқарлар мен қарашай, Үндістан, Пәкістан халықтары мен ауғандықтардың музыкасына қатысты мақалаларынан үзінді ұсынып отырмыз.
Берік ЖҮСІПОВ
Балқар-қарашай халқы Орталық Кавказ аумағында байырғы солтүстік кавказ тайпаларының (әсіресе, Қобан мәдениетіне жататын тайпалардың) сырттан келген иран тілдес, түркі тілдес тайпалармен (алан, болғар, хазар, әсіресе, қыпшақтармен) араласуынан шыққан.
Балқар-қарашайлар этногенезінің аралас сипаты олармен байланысты этникалық атаулардың және әсіресе материалдық-рухани мәдениетінің сан алуандығына себеп болған. Ескілікті әндері татар халық музыкасындағыдай, пентатоникалық реңк алған. Кейінгі әуендер жаңа мақамдық-қосекпіндік (ладтық-интонациялық) суретпен байытылған және қабарды, осетин әндеріне жақындау келеді. Балқар-қарашай сазының негізін диатоникалық шынайы (натурал) дыбысқатарлар құрайды. Әуендік ырғағы үлес ығыстырушы (синкоптар) мен үштік әуендерге (триоль) бай, өлшемі еркін.
Халық арасында көлемді эпикалық шығармалады айтатын жыршы – жомакъчылар қаһарман нарттарды жырлаған. Бұлардан басқа жырчы тобы да бар. Ер адамдарға тән джыр шығармаларын бірнеше орындаушылар топ болып айтады. Әуені де шағын, 5-6 нота аясында болады. Мұндайда бір адам мәтінді қара сөзбен айтып, жырлап тұрғанда қалғандары сөзі жоқ әуен – эжиумен сүйемелдейді. Көп жағдайда жомакъчы мен жырчының міндетін бір адам атқарған.
Балқар-қарашайда ән өнерімен қатар, би жанры да жақсы дамыған. Халық билерінің арасынан ерекше атап айтарлық түрлері: жұптасып билейтін лирикалық тюз тепсеу, қосылып ән айтып жүріп билейтін абезех және көп болып айналып жүріп билейтін шапшаң тегерек-тепсеу, голлу, исламей немесе сандыракъ (лезгинка).
Негізгі халықтық музыкалық аспабы – къыл кобуз. Арфа сияқты бұл ішекті аспаптың жылқы қылынан жасалған 12-20 ішегі болады. Ал скрипка тектес ыспалы аспаптары къобуз екі ішекті. Бұлардан басқа сыбызгъы (свирель), өгіз мүйізінен жасалған үрмелі түтік сырыйна (дудка), волынкаға келетін чыбыг-къбобуз, шынар тақтайдан жасалған харе дейтін шыртылдауықтары болған. Терс-къобуз деп аталатын гармонь да кең қолданылады.
Қабарды музыкасының балқарлар мен қарашай мәдениетіне ұқсас жерлері көп. Ұлттық аспаптары негізінен бірдей, тек қабардыларда аспаптың шыкэ-пшынэ, жия-кобуз дейтін ыспалы, кынгыр-кобуз, апэ-пшынэ атты шертпелі, үрмелі накырэ, соқпалы пхачыч,карс дейтін басқа да өзгеше түрлері кездеседі. Қабарды билері жұптасып билейтін баяу кафа мен лирикалық удж болып бөлінеді.
***
Үндістан – Инд өзені, Гималай жотасы мен Бенгал шығанағы аралығында ирандардан бөлініп шығып, индус атанған бір бөлік арий тайпаларының қоныстануы нәтижесінде пайда болған.
ХХ ғасырдың ортасында Үндістанның бөлінуіне орай Пәкістан мемлекеті құрылды. Оның құрамына Үндістанның негізінен мұсылмандар тұратын солтүстік-шығыс және солтүстік-батыс аймағы енді.
Үнділердің түсінігінде музыканы құдайлар сауатсыз болуы себепті қасиетті жазулардың мағынасын түсіне алмайтындарға арнап жаратқан. Сондықтан да саз өнері әуел бастан осы қасиеттердің мағынасын жеткізуге дәнекерлік жасап келеді. Ол – тәңірлердің өзіндік күбірі саналғандықтан, дыбыс атаулының адамға, жанды дүниеге зор ықпалын баяндайтын ілімдер ең алдымен Үндістанда дүниеге келген. Әр түрлі дыбысқатарларды зерделеудің арқасында кейбір кәсіби орындаушы-сазгерлер дыбыстардың белгілі бір комбинациясын жасау жолымен кейбір табиғат құбылыстарын болдырмауды немесе соның алдын алу арқылы өз қалауындағы нәрселерді іске асырған деп есептеген.
Дыбысын нада құрайтын үнді классикалық музыкасының негізі – рага бірдауысты (монодиялық) дәстүрге арқа сүйейді. Ол тіршіліктің бастауында тұрған ғарыштық қуат деп есептеледі. Ғаламның даму ырғағы саздық дыбыстардың белгілі бір жүйесінде – тала жүйесінде жүзеге асуымен жүріп тұр деп саналған. Музыка жайындағы осынау ғарыштық түсініктердің негізінде Күн жүйесіндегі жеті ғаламшарға шендестірілген үнді дыбысқатарының жеті негізгі дыбысы, сондай-ақ, жарты тонға кем 22 дыбыс аралығында өрістейтін октаваның дыбыстық үдемелілігі – шрути пайда болған.
Классикалық музыкалық аспаптары: ішекті-шертпелі – вина, ситар, сарод, тампура; ішекті-ыспалы – саранчи; үрмелі – флейталар, шехнам, нагасварам (гобойдың түрлері), кішкентай фисгармониялар және соқпалы – пакховадж, табла, мриданга, гхатам.
Үнді көркемөнерінің сипатты белгісі – өнердің синтезі. Музыканың, вокалдық және хореографиялық өнердің үйлесімді қоспасы өмірге үнді саз өнерінің джатра, якшагана, тамаша сияқты түрлерін келтірді.
Үндінің классикалық қолтаңбалы бхарат, натьям, катхакали, катхак, манипури билері үнді музыкалық шығармашылығының көркем үлгілеріне жатады. Соның жарқын бір түрі – бұрындары сабантой, той-жиын үстінде және жыл басын қарсы алғанда биленген бхангра. Өзінің оттан өрілгендей әуен-ырғағымен ол көпшілік ықыласына бөленіп,
ХХ ғасырдың соңында Англия мен АҚШ дискотекаларына келушілердің көзайым композициясына айналып, одан әрі әр түрлі пошымда әлемге таралды.
Бхангра – Пәкістандағы ең танымал билердің бірі. Ондағылар сонымен бірге, баяу самми, екпінді лудди биін билейді. Бұл екеуі де әйелдердің биі. Ал арғы тегі пуштудың хаттак тайпасынан шыққан ерлер биі кхаттак бүгінде аса танымал биге айналған. Тұтас алғанда, пәкістандық саз өнері классикалық, діни (исламдық) және фольклорлық музыкадан тұрады. Классикалық музыкасы раги (рага – үндінің классикалық сазы). Орта ғасырларда мұсылман мәдениетінің әсерімен Құран сүрелерін тәжуид мақаммен оқу (кират) және нұсқалық емес кейбір пошым: сүнниттік миляд, шейіттік (шиа) маджлис өркендей дамыған.
Пәкістанның кейбір аймақтарында ән фольклоры көбірек дамыған. Біршама өңірлерде ән-би үрдісі (джори стилі) үстем. Синд жерінде аспаптық музыка басымырақ. Негізгі музыка аспаптары: ішекті – ситар, вичитра вина, саранчи, сарод, саринда, эктара, тампура; ішекті-соқпалы – рабаб; үрмелі – бансори (флейта секілді), алгоза (қосарлы флейта), шешхнай (гобойдың бір түрі), соқпалы – табла, пакхавадж, бангра, сондай-ақ, суға толған кезде дыбыс шығаратын кеселерден тұратын джалатаранг.
Орта ғасырлардағы ірі орындаушы-сазгерлердің бірқатары қазіргі Үндістан мен Пәкістан аумағында қатар жасаған. Сондықтан бұл мәдениетті екіге бөліп қарау тіпті де мүмкін емес.
***
«Афган», «ауған» – Ауғанстанда қолданылатын парсы тіліндегі пуштундардың атауы. Осы атаумен ертеде шығыс-иран тілінде сөйлеп, Инд өзенін бойлап, тау тізбегінің батыс шекарасын жайлаған әр түрлі тайпаға кіретін ауғандықтар ұғынылған. Осында, Сүлеймен тауының аңғарында, Ғазна-Қандағар, Квети-Пиши таулы аймағында ауған халқы қалыптасып, соңыра біртіндеп өзіне бактриялық, эфталиттік, кейінгі үнді, тәжік және түркі элементтерін қосып алған. Сол себепті елде әлгі аймақты көнеден мекендеп келе жатқан әрқилы халықтардың музыкалық мәдениеті өзара тығыз байланысып, кірігіп кеткен.
Ауған музыкасының сан ғасырлық даму тарихына сонымен бірге көрші үнді және иран халықтарының халықтық ән мәдениеті де өз таңбасын түсірген. Ауғандықтар олардан әуендік түр-тұрпат жүйесі мен нота жазуын еншілеген. Шығыста дәуірлеген музыкалық-эстетикалық теорияларға сәйкес олар музыкада тәңірілік рух бар деп сенгендіктен, саз бен сөзді ажырағысыз бірлікте қараған. Ауған әдебиетінде музыка теориясы алғаш рет шайыр Хаттактың «Дастарнама» кітабында сөз болғаны тегін емес.
Ауғандықтардың саздық-поэтикалық шығармашылығы жанрға бай. Олардың қатарындағы ең танымалы қос тармақты ланоаи әуендері. Бұлар ұйқассыз өлеңдер. Атап айтқанда, алғашқы үзік тоғыз буыннан, екіншісі он үш буыннан тұрады. Сәйкесінше әуендік құрылысы да өлшемді болып келеді. Мұнымен қатар, халық ақындары – ашугтар мен думдар екі әнші бірте-бірте биіктей беретін дауыс көлемінде қосылып айтатын багатый және жиналған жұрт жаппай кезектесіп айтып шығатын нимакый пішінді әуендерді қыздыратын болған. Музыкалық мәдениеті жағынан күрделі ғазел, мухаммас, чарбайт өз алдарына бір төбе. Олардың әдеби пішімдері классик ақындардың өлең көрігінде өрілген. Соңғыларды әдетте кәсіби орындаушы-сазгерлер атқарған.
Би өнері әнмен, музыканың қостауымен өрістеген. Ауғанстанда биді ер адамдар мен әйел адамдар қосылып билейді. Ауған билерінің әуендік ырғағы нақпа-нақ. Еркектер жағы мылтықпен, қылышпен жауынгерлік жора билерін билейді.
Ауғанның халық музыкасы бірдауысты, дыбыстық қатары диатоникалық, сондай-ақ көптеген Шығыс халықтарына тән ұлғайма секундаға ие дыбыс қатарлары да кездеседі.
Ауғанның саз аспаптары мейлінше бай. Олардың ішінен ішекті тамбур, рубаб, мотняға ұқсас дильрубаб, сондай-ақ, ыспалы сарингай, скрипканың бір түрі гиджакты бөліп айтуға болады. Соқпалы-даңды аспаптардан атап өтерлігі: сантур, чанг (цимбал тәрізді), наккара, дамама (литаврдың бір түрі), дариал, дуыра (дағыра), долкай (барабанның бір түрі). Үрмелі аспаптар, оның ішінде қамыстан жасалған бинбаджа (волынка тәрізді, Үндістаннан келген), сурнай (гобой текті), шпелый (свирельдің бір түрі), тула (үрлеме түтік – дудки) және баспалы аспап түріне жататын тілшелі фисгармонияның туысы армунияны ерекше бөліп айтуға болады.