«АЛТЫН САҚА» БАЙҚАУЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
26.09.2022
416
0

Қыркүйек айының 22-сі күні Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде «Алтын сақа» балалар әдебиеті шығармаларының республикалық байқауының марапаттау рәсімі өтті.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» және Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған байқаудың марапаттау іс-шарасы 28 қыркүйекте дүниеге келген қазақ әдебиетінің үш классигі Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкейлердің туған күндеріне орай өтті.
Аталған шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров, ҚЖО басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес Акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Майгельдинов, қазақтың дәулескер күйшісі, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері Секен Тұрысбек арнайы қатысып, жас қаламгерлерге ақ жол тіледі.
Бәйгеге 152 автор 180-ге тарта шығарма ұсынған. Оның 30-ы байқау талаптарына сай емес. Алайда 122 жас қаламгердің 41 ертегісі, 81 шағын әңгімесі додаға қатысуға лайық деп танылып, оның 12-сіне орын бұйырды.
Бәйгеге төрелік еткен қазылар алқасының құрамы төмендегідей:
Ақын, ҚЖО басқарма төрағасының І орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері Ақберен Елгезек;
Балалар жазушысы, сценарист, «Алтын Қалам – 2014» тәуелсіз әдеби байқауының жеңімпазы Зәуре Төреханова;
Белгілі жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуандық Түменбай;
Белгілі балалар жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ділдар Мамырбаева;
Белгілі жазушы, Халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауының жеңімпазы Бейбіт Сарыбай.
Қорытындыласақ, «Шағын әңгіме» аталымы бойынша 1-орынды Досхан Жылқыбай «Түс көре алатын робот» шығармасы үшін иеленді. Ал «Қозының періштесі» атты әңгіменің авторы Дәметкен Сағынбаева 2-орын алды. 3-орын Жантас Еркінұлына «Ақ шаш» әңгімесі үшін берілді. Ынталандыру сыйлықтары Ерзат Молдабекұлына («Мамыргүл» әңгімесі), Ділназ Есболатоваға («Марстағы бір күн» әңгімесі), Айгөлек Өмірбекке («Әке» әңгімесі), Гүлден Жылкелдиеваға («Пума» әңгімесі), Нұрсұлтан Серікбаевқа («Шешілмеген жұмбақ» әңгімесі) табысталды.
«Ертегі» аталымында бақ сынаған жас жазушылардың ішінде «Ренжіскен кітап пен адамды смартфон қалай татуластырды» атты ертегісімен оза шапқан Азамат Әбілқайыр 1-орынды қанжығасына байлады. 2-орын «Бұлт-шәрі» ертегісі үшін Нұржан Нұрбекке бұйырды. «Сиқырлы кітап» ертегісінің авторы Қазим Тілекқабыл 3-орын алды. Көкбөрі Қизат («Қазақтың анасы болған мәңгі қартаймайтын үш пері қызы» ертегісі), Гүлбақыт Әбсат («Ең сұлу құс» ертегісі), Ержан Күркеев («Тіс жегі қалай пайда болды?» ертегісі), Айым Махаева («Ауа сататын патша» ертегісі), Азиза Урах («Патша арыстан» ертегісі) ынталандыру сыйлығына ие болды.

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Мақсат Құсайынов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір