Қасиетті Қазығұрт басындағы «Мәңгілік Ел» саябағы
27.09.2022
1117
0

Тарихи-этнографиялық «Мәңгілік Ел» саябағы кесене-ескерткіштер кешені (2017-2020 жж.) – Ұлы Дала демократиясы мен даналық философиясының энциклопедиясы іспетті, Қазығұрт тауының сәукелесі сынды. Бұл – ұлттық рухани құндылықтарға бай өзгеше бір байтақ әлем. Тұран-Түркістан бағзыдан егіз ұғым, бір бүтін құбылыс. Тұраншылдық, түрікшілдік ұлы идеясының алтын бесігі, жарқын көрінісі – Түркістан. «Түріктің алтын бесігі – Алтай, ер жетіп, өсіп-өнген ордасы – Түркістан» дейді Қошке Кемеңгерұлы. «Ертеден Түркістанды Тұран дескен», «Бұл Тұран ежелден-ақ Алаш шері, Тұрансыз тарқамаған Алаш жері», «Тұраннан Сарыарқаны бөлек деме» деп жырлады Алаштың аймаңдай ақыны Мағжан Жұмабаев. Қара жердің қазығындай Қазығұрт тауы да тұраншыл ақынның қаламынан қағыс қалмапты. «Қазығұрт қасиетті тау болмаса, Топанда Нұқ кемесі тоқтар қалай?!».

Сол киелі мекен, аяулы өлкеде «Бабалар рухына тағзым», «Батыр бабалар мемориалдық кешені және «Ұлы Жеңістің қаһармандары – Салқам Жәңгірхан мен Жалаңтөс баһадүр», «Ұлы Дала даналары – Ұлттың ұлы билері», «Алаш арыстары мен Алаш қозғалысының қайраткерлері», «Анаға тағзым» қоскүмбезді «Киелілер кесенесі», «Қазақ даласының батыры» Қажымұқан Мұңайтпасов, «Тағзым» ескерткіш-кесенелері бой түзеген. Сондай-ақ хан заманының куәгеріндей ұлттық нақыштармен көркем безендірілген этноауыл да бар. Мұның ішінде «Ұлы шаңырақ», «Тәуелсіздік», «Мәңгілік Ел», «Бірлік», «Асыл Ана» дейтін ғарыштық дүниетанымға, көркемдік гармониясына негізделген қазақтың киіз үй іспетті сәулетті ғимараттары көркімен көз сүйсіндіреді, көңіл тебірентеді. Қадірлі Қазығұрттың айбынын асқақтатады. Таудың шығыс беткейінен қарсы алдыңда қасқайып алтын жалды, болат тұяқты тұлпар мініп, бес қаруын асынған батыр бабалар – Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүр тұлғасы аспанға бой созған.
Елдің амандығы, жердің тұтастығы жолында арпалысқан сайыпқыран Салқам Жәңгір 1635 жылы дүрбіт-қалмақ әміршісі Талай тайшының қалың қолы мен торғауыттарға, Батур хонтайшының қуатты әскери жорығына тегеуірінді тойтарыс бергені мәлім. Тарихи деректерде 1643 жылы бас сардар Салқам Жәңгір бастаған қазақ қолының 600 сарбазы ор қазу тәсілімен ойраттардың 50 мың қолын талқандап, 10 мыңын опат қылғаны айтылады. Осы қиын кезеңде сонау Самарқаннан Алшын Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен қанды шайқасқа араласып, жеңіс туын желбіретеді. Бұл – Жоңғар Алатауындағы әйгілі Орбұлақ шайқасы еді.Ұлы стратег Жалаңтөс баһадүр 30 мың әскерге қолбасшылық етіп, жоңғарларға 1640 жылы тойтарыс берген.
Жалаңтөс баһадүрдің (1576-1656) арғы атасы – Ораз Әмір Темірдің кеңесшісі болған айтулы тұлға екен. Баһадүрдің анасы көкжалдың төс етіне жерік болғандықтан, «Жалаңтөс баһадүр» атаныпты. Ел іргесіне жау тигенде сауыт-сайманын сыпырып тастап, қарсы шабар қабылан қайраты да солай атандырса керек. Ол – медреседе білім алып, арнайы әскери дайындықтан өткен мықты қолбасшы, сәулетшілік өнерін де жетік меңгерген кемеңгер тұлға.
Алаштың аяулы ұлы, қайраткер Халел Досмұхамедұлының «Самарқан шаһарындағы Тіллә Қари» және «Ширдор» медреселерін салдырушы «Жалаңтөс батырдың шежіресі» дейтін терең мазмұнды ғылыми мақаласында «Ширдор» (Арыстанды) медресесінің маңдайшасына жазылған парсыша мәліметте бүй деп тәржімалаған. «Әмір қолбасшы, турашыл Жалаңтөс: оның кемелдігін жеткізе мақтайтын қызыл тіл – інжу-маржан; ол тұрғызған медресенің биіктігі соншалық, оның ұшы көкке тірелген; ақылдың қыраны қанатын қанша қақса да жылдар бойы сенің биік аспалы дарбазаңа жете алмас; оның мұнарасының ұшына ғасыр бойы ілмекті арқаны бар айлакер ұры шыға алмас; сәулеті оның аспалы дарбазаларының тізбегін жасағанда таңғалғандықтан саусағын тістеп алғандай, аспан жаңа туған айды қарпып қалды; осы құрылыстың іргесін Жалаңтөс баһадүр қалағандықтан, ғимараттың тұрғызылған жылы «Жалаңтөс баһадүр жылы» деп аталады. Нақты айтқанда, 1619 жыл».
Тұран өркениеті тарихындағы ұлы істері, ел тұтастығы жолындағы Жалаңтөс баһадүрдің өлшеусіз үлесі – қарт Қазығұрт тауынан қасқая қарап, еңселі ескерткішке айналған жөн-жосықтың шаруасы. Расы, осы Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүр ескерткіші – Қазығұрт заңғарынан Мәңгілік Елдің жолын нұсқап тұрғандай әсерге бөлейді.
Кесене-ескерткіштер кешеніндегі халқының қамал-қорғаны болған Үйсін Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Алшын Әйтеке билер бейнесі де аса айшықты, көңіл көкжиегін кеңейтеді. Рухыңа дем салғандай сергітеді. Түркі жұрттарының пірі, заманының құтыбы Қорқыт Ата сонау ғасырлардан жалпақ жұртына аса жақын келіп, Қазығұрт асқарынан қарап тұрғандай күйге бөлейді. Ойшыл-хакім Абайдың, алтын балық үйіріндей ғұлама билердің, ұлт қайраткерлерінің аталы сөзі, «Мәңгілік Ел», «Тәуелсіздік» хақындағы афоризмдері мәрмәр тақтаға ойылып жазылған. Бұл – ізгілік пен даналықтың бастауы, ақылдың алтын астауы. Қазығұрт баурайында «қиыр қонып, шет жайлаған» елді қайтпас қайратымен әлемге танытқан, Қара Қыпшақ Қобыланды зәузатынан тараған Қажымұқан Мұңайтпасов ескерткіштерінің осы тізбекте бой көтеруі – қаһарман халқымыздың рухын ұрпақ жадына шегелеу емей, не? Бір ұлттың ақыл-парасаты, жігер-қайратының символындай болған тұлғалардың Қазығұрттай қасиетті мекенде бедері айшықталып, бейнесі қашалғаны – әлгі қазақ айтатын бір ғанибеттің өзі.
Жоба жетекшісі, ұйымдастырушы, қайраткер Бекет Тұрғараев ұлт тарихы мен тұлғатануға қатысты «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: Ұлы Жеңістің ақиқаты және маңызы» (Шымкент, 2018 жыл 18 сәуір), «Алаш руханияты және Тәуелсіздік» (Шымкент, 2021 жыл 30 қазан) атты Халықаралық әрі республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіп, ұлт тарихының өзекті мәселелері талқыланған. Ұлттық сана, тарихи зерде, мемлекет стратегиясы, отаншылдық идея, даналық-ізгілік қағидасы – Қасиет­ті Қазығұрт басындағы Құс жолындай жарқыраған сәулет ескерткіштерінің басты сипаты.
Осы орайда кешенді ескерткіштердің авторы, халық қызметкері Бекет Тұрғараұлының қайраткерлік тұлғасы жайында бірер сөз айта кетуді жөн көріп отырмыз. Би-шешендеріміздің киелі рухын, сөзін, ісін өмірінің темірқазығы еткен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері – Құрметті судья, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Жеті Жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет мырза Тұрғараевтың қайраткерлік болмысы көңіл айнасында, тіршілік сахнасында, руханият әлемінде қара үзіп шыққан жүйріктей деуге татырлық. Білімді, майталман заңгердің ұшан-теңіз жиған тәжірибесімен қоса-қабат, мән-мағынасы терең ой-толғамдарымен, кісілік келбетімен ортақтасқан жөн болар. Ол зайырлы, құқықтық мемлекет құру мақсатында сот жүйесін реформалау, қылмыстық құқықты ізгілендіру, құқықтың ішкі құрылысының негіздерін айқындау, Сот төрелігі функциясының атқарушылық және ұйымдастырушылық қызметін нақтылау, әділ билік жүйесін одан әрі тереңдете дамыту, судья тұлғасы және оның табиғи ерекшеліктері, сот билігінің абырой-беделі, судьялардың әлеуметтік және зейнетақылық жағдайын жақсарту, біліктілік емтиханын ұйымдастыру, компьютерлік тестілеу, материалдық-техникалық базаны жақсарту, мемлекеттік тілді кеңінен қолдану, ізгілік қағидаттары, атқарушылық іс жүргізу құқығының басты сипаттары жайында нақты байлам-ұсынымдар жасайды. Бұлар соншалықты шынайылығымен, өміршеңдігімен өзгешеленеді.
Профессор Б.Тұрғараев «Билер институтының тарихи маңызы», «Қазақтың билер сотынан үйренеріміз көп немесе Бала биден Ата биге дейінгі аралық өлшемі» атты бірнеше мақала жазды. Онда Билер мектебінің даналық тәжірибесі, мемлекет басқару жүйесі (айталық, Хан кеңесі, Билер кеңесі), Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан заңдарын зерделеді. Ұлт тарихына байланысты сирек мәліметтер мен жәдігерлерді атады. Атап айтқанда олар: Иран мұрағатынан Қасым ханға қатысты тарихи деректер мен Парсы патшасы ІІ Аббас шахтың Тәуке ханға жолдаған хатының көшірмесі, армян-қыпшақ іс жүргізу кодексі «Төре бітігі» (1519-1594) жазбалары еді. Ұлы Даланың көреген көсем, әділетті, дарабоз би-шешендерінің кесек-кесек толғамдарының философиялық тереңдігі, психологиялық сипаты, даналық тұжырымы, азаматтық-құқықтық мәдениеті, мемлекетшілдік, турашылдық көзқарасын пайымдады. Дәстүр мен сабақтастық, тарихилық – Б. Тұрғараев мақалаларының өзегі. Оның заманға лайық ой жүйесі, тазалық, талғам таразысы, Абайша айтқанда, «татымды толық билікке» жетуге деген құлшынысы қызықтырады.
Бекең «Тура биде туған жоқ» дейтін мақаласында өте-мөте қауіпті дерт – «Іштен шірітіп, сау ағзаны мүжіп, жейтін құрт» – сыбайлас жемқорлықтың себептері мен салдарларын жіліктеп баяндайды. Бұл тұста майталман заңгер Бекет Тұрғараев Жапония, Қытай тәжірибесін мысалға келтіріп, терең талдау жасайды. Тағылымдық, танымдық дүниелермен, жиған тәжірибесімен ойын тұздықтап, қоғамды сауықтырушы – судья тұлғасын ар мен жан тазалығы қалыптастыратынын анық көрсетеді. «Әділетсіз соттау, кінәсізді соттау қылмыс» дейтін қағиданы бекем ұстанып, ойлау мәдениеті мен сөз саптау шеберлігін мінсіз меңгеру керектігін ерекше ескертеді.
Қайраткер Бекет Тұрғараев: «Қазақ жерінің қай пұшпағы да әрбір азаматымыз үшін қасиетті де киелі болуға тиіс», – деген ұстанымынан айныған емес. Тұлғалар жайында көп толғанып, көптің игілігі үшін пайымын паш етті. «Алаш ардақтылары», «Әз Тәукеге қызмет қып жаздым «Жеті Жарғыны», «Әйтеке би мен Қожаберген жырау», «Қаһарман қолбасшы, жылнамашы жырау», «Қожаберген жырауды ұлықтау – ұрпақтың парызы», «Жыраудың асыл мұраты мен арман-аңсары» атты айтулы жазбалары, соның айғағы. Осылардағы тарихи, әдеби, мәдени айғақтар – оның жыраулар, би-шешендер, қолбасшылар, баһадүрлер өмір тарихынан көп білетінін және оны қорыта алатындығын көрсетеді. Көрген-білгенін айтып, жазумен шектелмей, қазақтың Ұлы Даласында ұлт игілігі үшін демеушілік жасап, ұйымдастырып, тізбек-тізбегімен сәулетті күмбездер, кесенелер, ескерткіштер, құлпытастар орнатты. Ауыз толтырып айтуға татырлық Абылайдың ақ үйін қалпына келтіру, «Заң және заман» атты газет-журнал шығаруға мұрындық болу, Қожаберген жырау, Сегіз сері, Шал ақын, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мағжан туындыларының жариялануына демеушілік жасау, «Айғаным» музейіне қолдау көрсету, Ә.Нұршайықовтың, К.Салықовтың, Қадыр Мырза Әлінің, Евней Букетовтың, Серік Қирабаевтың, Зейнолла Қабдоловтың көп томдық шығармаларын, Маңғыстау ақын-жазушыларының (50 томдық) еңбектерін, «Қазығұрт» тарихи-танымдық энциклопедиясын шығаруы – нағыз ұлт жанашырының атқара алатын шаруасы. «Мендей мықты болам десең, арқаңмен алты пұт, желкеңмен жеті пұт жүк көтер» деп құмырсқа айтты дейтін тәмсілді еске салатын жігер-қайраттың қарымдысы, жемісі. Ол – қисапсыз шаруаларды, кешенді құрылыстарды ұршықша үйіріп, мұқияттап тындырған заманымыздың Атымтай жомарты.
Өрелі ойы, өнегелі сөзі, істеген ісі бір-бірімен өзектес, сәйкес халық қызметкері, руханият қорғаны Бекеттей азаматтың ұстанымын мынадай ғибраты мол пайымынан байқауға болады. «Билік-кесім шығару, төрелік айту ісінде нендей күрделілік бар?» деген сұраққа судья Бекет Тұрғараев: «Ол – қателеспеу! Мен көп жыл сот орындарында жұмыс істегендіктен, осы тұрғыдан айтып отырмын. Жаңа айттым ғой, сенің әрбір қадамыңның, іс-әрекетіңнің ар жағында адамның тағдыры жатады», – депті. Адам тағдыры, кісі өмірінен құнды не бар? Мұның парқын біліп, нарқына жеткен адамды бұрынғыларша «азамат ердің баласы» демей көр. Бекең ата-анасының үнемі: «Қолыңнан келсе кісіге жақсылық жаса, адамнан қайтпаса, Алладан қайтады», – дегенін көкейіне қондырған, болмысына дарыта білген. Ол: «Ең алдымен адамның жаны, ары таза болуы керек. Сонан соң мамандыққа шынайы берілуі, оны ұнатуы қажет. Білімділік – кәсіп-мамандықтың қоғам алдындағы жауапкершілігін түсіну», – деп тұжырымдайды.
Қайраткер Бекет Тұрғараевтың жан жүрегіндегі, іс-әрекетіндегі мейірім мен ізгілік, тазалық пен адалдық, сүйегіндегі асылдық, тасыған қуат пен жігер елдің рухани өрлеуіне тегеурінді серпін қосқанын көрген ақын Кәкімбек Салықов:
– Сыйлаған бүкіл қазақ жамағаты,
Қазақтың асыл туған азаматы, – деп, Бекеттің бекзат жаратылысына сүйсінеді. Жүйрік ақындардың жөні бөлек, ал техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы қазақтың қара нары хақында:
Төрде басы тұрады, өрде тасы,
Қырандай қия шыңға өрлегенің.
Жүректен Сіз туралы жыр төгілтсем,
Аққудай Каспийдегі тербелермін.
Үш жүз алпыс әулие қолдап жүрсін,
Көргенді ұлы едіңіз көшелі елдің, –
деп, ойын оюлап, өрнектеп жеткізеді. Ұлт тірегі, сұңқар текті ерге деген ел тілегі осындай.
Білімді де білікті, парасатты Бекет аға «Шілтер Ата – имандылық шырағы, Ақбура – ізгіліктің бұлағы, Қазығұрт – Әулиелер тұрағы» дейтін көктен қасиетті қазан түскен мекеннің перзенті. Бұл тау­ға Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған. Қазығұрттың басында Қорқыт Ата байтақ даласына, асыл жұртына қоңыр күйін тыңдатып, ізгілікке үндеп, қара қазаннан барша қауым дәм татқан. «Қара қазанның тілеуі – Алланың тілеуімен бірдей» деген нақыл бар. Сол ұлы пірлеріміздің, даналарымыздың, тұлғаларымыздың бір ұшқыны, сәулесі Қазығұрт баласы Бекет Тұрғараевтың кеудесіне түсіп, санасында жанған болар.
Түйіп айтқанда «Тарихи этнографиялық, «Мәңгілік Ел» саябағы кесене-ескерткіштер кешені» (2017-2020 жж.) – Тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің, мемлекеттігіміздің рәмізі, дәрежесі мен мәртебесі, ұлт игілігі мен мерейі.
Екінші, Түркістан өлкесін Халықаралық деңгейдегі рухани орталық жасап және елді мекеннің инфақұрылымын жетілдіретін болсақ, онда дәстүрлі ұлттық мәдени ұстанымдарымыз келісіммен шоғырланған «Мәңгілік Ел» саябағы туристердің назары түсетін киелі орын болмақ.
Үшінші, «Мәңгілік Ел» саябағының понорамасы – Жаңа Қазақстанның рухани келбетін, интеллектуалдық-шығармашылық қуатын-әлеуетін айқындайды.
Төртінші, Жаңа Қазақстанның өнерін, ғылымын, мәдениетін, тарихын терең түсіндіру мақсатында Мәдениет пен Дін академиясын ашуға ұйытқы болар еді.
Бесінші, Тұран-Түріктердің Ұлы Отаны. Б.з.д Мөде қаған Құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Отан – біздің ғана дүние-мүліктеріміз емес, қабірде жатқан ата-бабаларымыздың сүйектері мен қияметке дейін туатын ұрпақтарымыздың да бұл қасиетті жерде үлесі бар» деген екен. Ендеше, Қасиетті Қазығұрт пен «Мәңгілік Ел» саябағы – Ұлы даланың баға жетпес інжу-маржаны.
Алтыншы, осынау кесене-ескерткіштерінің эскиздік жобасын Бекет Тұрғараев, сәулетшілер: Е.А.Сергебаев, А.Н. Бурганов, С.Т.Бөкебайлардың ересен еңбектеніп, орталық азия архитектуралық дәстүрлердің негізінде ұлттық дүниетаным, көзқарас, ұстаным тұрғысынан «Мәңгілік Ел» саябағын көркемдік талғаммен, суреткерлік, шеберлікпен айшықтаған.

Серік Негимов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология
ғылымының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір