Мәңгілік портреттер галереясы
22.08.2022
605
0

Құмар Омархан
2003 жылы Абай атындағы ҚМПУ-нің «Көркемсурет» факультетіне «Сурет және сызу» мамандығына оқуға түсіп, бір жыл білім алады. Бірақ өзі армандаған оқу орнынан білім алу үшін келер жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Кескіндеме және мүсін» факультетінің «Станокті кескіндеме» мамандығына қайта емтихан тапсырып оқуға қабылданады. 1-2-курста кәсіби білімін Есімғали Жұмановтың шеберханасында шыңдаса, 3-курстан бастап оқу бітіргенше профессор Жұмақын Қайрамбаевтың шеберханасында жалғастырады. 2011-2012 жылдар аралығында аталмыш оқу орнында магистратурада оқып, кәсіби біліктілігін арттырды. Магистратурада кәсіби біліктілікті профессор Қанапия Оспановтың шеберханасында шыңдайды. 2012 жылдан бүгінгі күнге дейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының колледжінде және мектеп-интернатында сурет және кескіндеме пәндерінен жүйелі түрде сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеп келеді.
Құмар Омархан 2000 жылдан бастап шығармашылықпен бірізді айналысып жүр. 2018 жылдан бері ҚР Суретшілер одағының мүшесі. ҚР Орта білім беру бағдарламасы бойынша бірнеше жұмыстары 7 (Қазақ әдебиеті), 8 (Қазақстан тарихы) және 11 (Қазақ әдебиеті) сынып оқулықтарына енген. Ол – Республикалық және Халықаралық шеңбердегі көрмелерге, симпозиумдар мен конкурстарға ұдайы қатысады.

Ұлт қайраткерлерінің көркем бейнесін егемен ұрпақтың еркін санасымен өз кенептерінде қайта жаңғыртуға тырысқан, бүгінгі тәуелсіз қазақ бейнелеу өнерінде шығармашылығы сұранысқа ие суретшілердің бірі – Құмар Омархан.

Лирикалық және эпикалық романтизм

Соңғы жылдары дүниежүзінде белең алған пандемия көптеген шығармашылық тұлғаларына әртүрлі әсер еткені белгілі. Бірінің шығармашылығында тоқырау белең алса, енді кейбір суретшілер осы кездегі бос уақытты шығармашылықтарын дамытуға тиімді пайдаланды. Пандемия олардың шығармашылығы үшін оң әсер берді десек болады. Өйткені күнделікті күйбең тірліктен бас көтеріп, бір уақыт өткен кеткенге көз жүгіртіп ой толғауға мүмкіндік болды. Соның нәтижесінде суретшілердің шығармашылығында жаңа, тың тақырыптар көтеріліп, әртүрлі шешім тапты десек те болады. Пандемия кезіндегі шығармашылығы жемісті дамыған суретшілердің бірі Құмар Омархан қазақ қайраткерлерінің портреттік галереясын жасайды. Оның кенептерінен біз Абылай хан, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлының тақырыптық және портреттік шешімдерімен қатар Әлихан Бөкейханұлының, Ақселеу Сейдімбековтың, Әлия Молдағұлова мен Бауыржан Момышұлының сабырлыққа, парасаттылыққа, сезімді тербейтін бай колоритке, қажыр-қайрат пен қаһармандыққа негізделген тамаша кескіндемелік келбеттерін көре аламыз. Құмардың шығармашылығында көркемдік шешімін тапқан қайраткер тұлғалардың портреттік галереялары бейнеленушілердің тұлғалық және шығармашылық болмыстарына қарай түрлі шешім тауып жататын. Солардың ішінде кескіндемешінің қолтаңбасына портреттік галереяларды кескіндеуде лирикалық романтизм мен эпикалық романтизмге ерекше ден қою байқалады. Бұлардың барлығы суретшінің 2020 мен 2021-ші жылдардағы шығармашылығының жемісі.

Абайдың сырлы болмысы

Құмар Омархан елімізге белгілі суретшілердің арасында 2021 жылы ұйымдастырылған ХІ Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған онлайн-конкурсына қатысып, «Абай және Жамбыл әлемі жас суретшілер көзімен» атты «Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған үздік көркемсурет туынды» номинациясы бойынша «Абай Құнанбай­ұлы. Күз.» туындысы үшін бас жүлдемен марапатталып, қаржылай сыйақыға ие болды.
Қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, ақын, ойшыл, аудармашы Абай Құнанбайұлының шығармашылық болмысын ашатын көркем образы сәтті шешім тапқан аталмыш туынды 2020 жылы өлшемі 140х90 см болатын көлденең форматты кенепте майлы бояумен лиссировкалы техникада орындалады. Туындының колориттік шешімі мен орындау шеберлігі Құмар Омарханның өзіндік қолтаңбалық ерекшелігіне, тәлім алған кәсіби шеберлік мектебіне сай реалистік мәнерде шешім тапқан.
Туындыдан оң жақтан солға қарай бағытталған, үстіне кең пішімді жеңіл шапанын киіп, екі қолын артына айқастырып ұстаған күйі ойға шомып, күзгі салқында сейіл құрған Абай бейнесін көреміз. Ауыр ойға батқан болмысын Абайдың көз жанарын алысқа салмай, басын сәл еңкейте ұстап, бейтарап бағытта аяңдаған жүрісі айқындай түседі. Жапырақтары түскен қурайлар мен ағаш бұтақтары, сарғыш реңге боялған бүкіл алқап, көлін тастап жылы жаққа сұңқылдай ұшқан тырналар, сұрғыш көк суық түске боялған көл де, күздің қара суық мезгілі болғанын білдірсе керек. Туынды колориті Абай атамыздың «Күз» атты өлеңінде «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып дымқыл тұман жерді басқан», – деп жырлайтын өлең шумақтарының жолдарына сәйкес келеді. Жылуын аз шашып, мейлінше кішірейген күн көзі, алыстан мұнарлап іздеусіз қалғандай көрінген жалғыз балбал тас күз мезгілінің соңғы айларындағы сүреңсіздікті жеткізгісі келгендей. Алайда суретші сары реңдес түстерді ұтымды пайдалана отырып, табиғаттың сұлулығын шебер жеткізеді. Сары және сұр түсті колорит арқылы Абайдың қара халқының болашағы жайлы ұлы толғаныстарын, шеккен уайымын да мейлінше әсерлі суреттеген. Тақырыптық туындының түстік шешімінен ұлы ақынның шығармашылық аурасын, философиялық ой-толғауларын толықтай сезіне аламыз. Абай әлеміне бойлай отырып артында мол мұра қалдырған дара тұлғаның жалпы халыққа танымды әдеби, театралдық бейнесін дене тұрқының силуэтті шешімі арқылы тұтас жеткізеді. Бұл туындыдан Абай Құнанбайұлының портреттік бейнесін көрмегенімізбен, Абай әлеміне сезімдік тұрғыда терең бойлаймыз.
Туынды Абай әлеміне деген асқан құрмет пен сағынышқа негізделгендіктен романтикалық реалистік мәнерде шешім тауып, лиссировкалық жазу техникасы арқылы лирикалық көңіл күйде орындалған. Құмар Омарханның «Абай» атты туындысына қарап отырып, оның әлемін, философиясын, танымын, лирикалық өлеңдерінің табиғатын сезініп, түйсіне аламыз. Туынды көрерменді ақынның дара әлеміне елітіп таныстыруға, Абай шығармашылығын насихаттауға арналған.

Абайға қайта оралу

Пандемиямен қатар келген қазақтың біртуар ақыны, ұлттық дүниетанымымыздың философы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы Юнеско көлемінде аталып өткенімен, онлайн жүйенің құрбаны болды десек те болады. Жаппай індет жайлап онымен күресуде әлі тәжірибеміз аз болған пандемияның алғашқы жылдары маңдайымызға біткен дара тұлғаның мерейтойын ауыз толтырып айтатындай лайықты дейгейде өткізе алмауымыз мүмкін сын болар. Бірақ халықтың денсаулығы мен ұрпақтың болашағы сынға түсіп, таразыға тартылған уақытта әрине, барлық нәрсеге сабырмен қарағанымыз жөн. Осы орайда елдің түпкір-түпкірінде ұйымдастырылған онлайн іс-шаралармен жарыса суретшілерде ұлт дүниетанымының брендіне айналған Абай бейнесін өз шығармашылықтарында қайта жаңғыртып, жаппай сала бастайды. Нәтижесінде бүгінгі күні отандық суретшілердің, соның ішінде жас буынның көзқарасымен жаңаша түлеген Абай бейнесінің сом тұлғасы көрерменге жол тартты. Солардың бірі – Құмар Омарханның Абайдың лирикалық әлемін жырлаған тақырыптық туындысынан бөлек шығармасы Абайдың кеуделік портреттік бейнесі. Оның 2020 жылы 100х90 см өлшеміндегі кенепке майлы бояумен орындалған «Абай Құнанбай» атты портреттік туындысы ұлы тұлға Абайдың келбеттік бейнесін жан дүниесімен сабақтастықта ашуға арналған.
Суретші Абайдың портреттік бейнесін кескіндеуде кеудеге дейінгі портрет үлгісін таңдау арқылы камералық шешім жасайды. Туындыдан суретшінің ұлы тұлға әлемін тануға, түсінуге, талқылауға деген ұмтылыстарының көрінісіне куә боламыз. Үлкен өлшемді шаршыға жақын тік форматта ақынның көлемді келбеттік портретін кескіндеу арқылы оның ұлттық мәдениеттегі орны мен рөліне, қазақ дүниетанымы мен әдебиетіндегі маңыздылығына, тұлғалық шешімі мен ұлылығына ерекше назар қояды. Осылайшы ұлы тұлғаның асқақтығын көрсетсе, бет-бейнесі арқылы халқына мейлінше жақын, қарапайым адамды суреттейді. Абайды сол заманға сай тік жағалы ақ жейде, кең пішімді, қайырма жағалы еуропалық үлгідегі костюм мен сыртынан киген жеңіл абайша шапан үлгісі мен қара тақиясын киген күйінде, көпшілікке танымды образында кескіндеген. Бұл арқылы Абай әлемінің кіршіксіз тазалығын, оның орыс әдебиетімен сусындаған білімдарлығын және өз халқы үшін уайым жеген, ұлтына ерекше ілтипатын көрсетеді. Осылайша әрі асқақ, ұлы, әрі қарапа­йым Абай Құнанбайұлының портреттік бейнесін жасай отырып, киім үлгілері мен туындының түстік шешімі арқылы дара тұлғаның шығармашылығынан, өмірінен, тұлғалық болмысынан сыр шертеді.
Портреттік туындының түстік шешімі қара, сұр, суық реңде орындалып, Абайдың қара сөздерінде баян­далған халқы үшін алаңдап, уайым кешкен болмысын ашуға негізделген. Абайдың бет әлпетіне ерекше жарық бере отырып, оның жүзін жылы, мейі­рімді, қарапайым етіп көрсетеді. Алысқа көз тастаған өткір жанары арқылы үлкен дара ойдың адамы екенін білдіреді. Мастехинмен орындалған пастозды жағу мәнерін таңдай отырып, «Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деген сөздеріне сілтеме жасап, Абайдың өз заманындағы қараңғылықпен, надандықпен, сауатсыздықпен күрескен болмысын аша түседі.

Бірегей портреттер галереясы

Суретші ұлт болашағы үшін еңбек сіңіріп, өмірін арнаған біршама қоғам қайраткерлерінің көркем бейнесін өз шығармашылығында қайта жандандырады. 2020 жылдары мастехинмен жазу техникасын дамыта отырып, осы портреттер галереясының қатарын кеңейте түседі. Енді біз Құмар Омарханның қылқаламына тиесілі Шәкәрім Құдайбердіұлының, Темірбек Жүргеновтың, Әлихан Бөкейханның, Бауыржан Момышұлы мен Әлия Молдағұлованың, Ақселеу Сейдімбектің портреттерін көре аламыз. Олардың ел құрметіне бөленген, ұрпақ жадында сақталған танымды, қаһарман, парасатты бейнелерін тағдырларына айналған соқпақты ғұмырларының ауыр үлесімен сабақтастықты ашу үшін, суретші мастехинмен пастозды жазу мәнерін, портретті кенепте бедерлі кескіндеу ерекшелігін пайдалана отырып, қолтаңбасына жаңа серпін алып келеді. Халық қаһармандарының, қоғам қайраткерлерінің елі үшін жасаған өлшеусіз ерен еңбегінің қадір-қасиетін арттыру үшін осы портрет галереясын жасауда суретші шығармашылығына эпикалық романтизм мәнері тән. Суретші енді лиризмнен, лиссировкалы жазу мәнерінен бедерлеп жазуға көшу арқылы бейнеленуші кейіпкердің тағдырына түскен барлық қиындықтары мен ауыртпашылықтарын бір портрет арқылы ашуда осы бір мәнерді өте тиімді пайдаланады. Осының әсерінен портреттері де ұлт қаһармандарын өскелең ұрпақтың санасында қайта жаңғыртудың жаңаша талқылауына ие болады.
Портреттер сериясында осындай мәнерде жазылған кезекті туындысы Шәкәрім Құдайбердіұлына арналады. ХХ ғасырдың басындағы қазақтың философиялық-этикалық бай мұрасын өз шығармашылығында дінмен, дәстүрлі мәдениетпен терең сабақтастықта парасатты жеткізген ақынның кеуделік портреті суретші шығармашылығында дара шешім тапқан. Әлдеқандай мистикалық әсерлерге жетелейтін туындының жазылу мәнері Шәкәрім әлемінің тылсым сырларына көрерменін бойлатқысы келгендей. Ш.Құдайбердіұлының сәтті шешім тапқан портреттік келбеті өткен шақтан ұрпағына зор үмітпен қарап тұрғандай әсер қалдырады. Бейне мен артқы ая арасындағы ауа кеңістігінің бір сәтте өте мол секілді сезілуі ақынның басы мен қауға сақалының тым шынайы әрі әсерлі көрініс табуына мүмкіндік берсе, бейнеленген кескін шекараларының, әсіресе кеуде және иық бөлігінің жуылып, аямен бір сәт кей жерлерде тұтасып бейнеленуі тылсымдық, яғни мистика әсерін күшейте түседі.
Ал Бауыржан Момышұлының профильдік портреттік бейнесі – Құмар Омархан шығармашылығындағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Кеңес Одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы – Ұлы Отан соғысынан кейін елге оралып, отан үшін отқа түскен қаһарман азаматтың эталонына айналған тұлға. Оның портреттік бейнесіне қалам тартқан суретшілер де аз емес. Барлығы бірдей оның жоғарғы рухын, батырлығын, әскери қызметі мен жазушылығын мейлінше көркем шешуге тырысқан. Құмар Омархан да батыр тұлғасына қалам тартуда көптеген ізденістер жасап, оның танымды, қайсар, ержүрек бейнесін кескіндеудің жолдарын іздейді. Оның сәті батыр Бауыржанның ескі фотоларының бірін көрген сәтте түссе керек. Түссіз реңдегі көне фотода Бауыржан Момышұлы тау халықтарының қаракөлден тігілген папахқа ұқсас ұлттық бас киімі мен осы тектес жағалы пальто киіп, папирос тартқан күйі қырынан түскен екен. Суретші осы фотодан әсерленіп, Бауыржан Момышұлының кеудеге дейінгі профильдік портретін бай түстік шешімде, мастехинмен пастозды жазу мәнерінде өте әсерлі кескіндейді. Шәкәрім портретіндегідей ая мен денені бір сәт тұтастыра отырып, портрет пен қолға ерекше мән береді. Портреттің барлық детальдарына жіті мән беру арқылы суретші шеберлігіне көз жеткіземіз. Папиросын тартқан күйі ауыр ойға берілген батыр портретінің егде тартқан бейнесінен өткен күндердің өшпес ізі қалғандай. Папирос ұстаған қолы да мейлінше шынайы кескінделіп, ішкі драмаға толы портрет композициясына әсерлі динамика берген. Папиростан шыққан түтін осы динамика мен батыр портретіне жинақталған ауыр толғаныстар мен ішкі драматизм­ді одан бетер тарқата түседі. Артқы аяда бейнеленуші кейіпкер денесімен тұтасып шешім тапқан отты қызыл сары түс жоғарылаған сайын сұр көк түстерге жалғасып көмескіленген. Бұл да Бауыржан Момышұлының портреттік бейнесін, ғұмырлық жолын, от кешкен соғыс жылдарын тұспалдайды. Осылайша суретші түстік шешім мен жағу мәнері, композициялық құрылым арқылы батырдың кез келген жаудың мысын басар, мықты қайсар рухын шебер жеткізген.
2021 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен «Мәдениет порталы» ақпараттық агент­тігінде ұйымдастырылған «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық байқауда Құмар Омарханның портреттер галереясынан түлеп шыққан «Ақселеу Сейдімбек» туындысы 3-орынға ие болып, дипломмен марапатталды. Бұл да суретшінің соңғы жылдардағы үздіксіз шығармашылық ізденістері мен еңбегінің жемісі болса керек. Мемлекет тарапынан суретшілерге мұндай қолдау аса қажет. Әрбір шығармашыл тұлғаның ел үшін, ұрпақ үшін жасап жатқан еңбегі еленіп жатса, ол да суретшінің кейінгі шығармашылығына үлкен демеу, серпін болмақ. Ақселеу Сейдімбекұлы – Қарағанды топырағының тумасы. Ол – жазушы, әдебиет зерттеушісі, ғалым, филология ғылымының докторы. Суретші Ақселеу Сейдімбекұлының мол рухани мұрасын кенепте көркем кескіндеу үшін оны өзінің кабинетінде, кітап сөресінің аясында ауыр ойға шомған күйі бейнелеуді жөн санайды. Күрең қызыл мен көк түстің үндестігінде суық түстерде шешім тапқан туынды салмақтылығымен ерекшеленеді.
Құмар Омархан осындай ұлт қайраткерлерінің үлгілі ғұмырын кескіндеуге арналған портреттік галереяларын лирикалық және эпикалық романтизмге негізделген реализм мәнерінде шешеді. Оның шығармашылығы бейнеленуші тұлғаның көркем бейнесін түс пен пастозды жазу мәнері арқылы сыртқы портреттік келбетін ішкі әлемімен, характерімен, өмір жолымен, шығармашылығымен байланыстыра отырып ашуға негізделген. Яғни суретші ұлт қайраткерлерінің халық санасына жақын, танымды, бейнесін жасайды. Қою қараңғы әрі су түс пен болмашы жарық сәулесі арқылы кейіпкердің тағдыры мен шығармашылығын, өткен күн мен бүгінгінің арасындағы байланысты орнатуға тырысады. Туындыларына танымсыз бейтарап кеңістік беру арқылы бейнеленген кейіпкер тұлғасын барлық уақытқа тиесілі еткендей. Яғни, оның болмысын біз тек өткен шақта ғана қарастыра алмаймыз. Мұндай танымсыз бейтарап кеңістіктер – әсершілдікке бой алдырған романтизм­нің басты белгілерінің бірі. Бүгінгі жас суретшілердің арасында тынымсыз еңбек етіп, орта буынға өткен Құмар Омарханның шығармашылығы мейлінше қызықты әрі ізденіске толы.

Зухра ЫДЫРЫС,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының

«Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы, өнертану магистрі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір