Қазақ көшіне тағы қауіп төнді
26.09.2022
755
0

Кейінгі жылдары тарихи Отанына бет бұрған қандастар көшіне байланысты түрлі мәселелер туындап, «әр қазақты жалғызы көретін» зиялылардың ашынғанда шығатын ащы дауысы әр тұстан естіле бастады. Мұхаңның, Мұхтар Мағауиннің «Қазақсыз Қазақстаны» – әне, сондай бір ой түбінен оянған толқыған шер, зар толғау еді. Естір құлақ, сезер жүрек болса, біз көтеріп отырған мәселе тағы да алдымызды орамас еді. Қаскүнемдіктің бәрі қазаққа жасалатындай – ойың онға, санаң санға бөлінеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан дайындалған «Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қоғамды дүрліктіріп, жұрт көңіліне алаң салды.

ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫ ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛУ – ОЛАРДЫҢ ЕЖЕЛГІ ӘДІСІ…

Ауыт МҰҚИБЕК,
«Құрмет»
орденінің иегері

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жасаған Жолдауында көші-қонға арнайы тоқталып, «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді» деді. Соған сай дайындап отырса керек, 5 қыркүйекте «Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жарияланды. Мен жақсы білемін, барлық тұжырымда министрліктер жағынан жасалғанымен, ол сөзсіз Президент Әкімшілігінің нұсқауымен жасалып, күзеп-түзеуінен өтеді. ПӘ Тұжырымдама жасауға нұсқау беру үшін, алдымен Президенттің келісімін алады. Міне, сол тәртіппен жасалған көші-қон саясатының бес жылдық арналған тұжырымдамасы біраз былықтың бетін ашты.
Біріншіден, аталған тұжырымдаманың осылай жасалуына ықпал етушілердің шеттен оралған қандастарымызға деген көзқарасын, ниетін көрсетті; Екіншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясынан» бастап, өзіміздің Конституциямыз бен қолданыстағы Конституциялық заңдарымызға дейінгі құқықтық актілерді қақпайтынын дәлелдеп берді; Үшіншіден, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы ортаға қойған «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деген ұлы мұратын мүлде ескермеген…
«Қасиетті парыз» дегеннен еске түседі, «Тұжырымдаманы» осылай жасауға ықпал етушілердің артында әлдекімдер тұр ма екен деп ойлаймын. Олар әдейі осындай қитұрқылық жасап, оны дәл кезектен тыс Президент сайлауының алдында алып шығып, қандастарымызды қамтыған бүкіл халықты Президентке қарсы қоюды жоспарлаған болуы бек мүмкін.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, Тимур Құлыбаев 2011 жылғы «Жаңаөзен оқиғасын» ұйымдастырған қандастар деп шеттен оралған ағайынға жала жапты. Үкімет басқарып отырған Кәрім Мәсімов 2013 жылы күзде қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заң қабылдатып, халықты Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы қойды ғой. Байқайсыз ба, сол сценарий, міне, биыл еш өзгеріссіз тағы қайталанып, енді Қасым-Жомарт Кемелұлының алдынан шығып тұр.
Қандастарымызды құрбандыққа шалу – олардың ежелгі әдісі… Бұл – жақсылықтың нышаны емес, аса қауіпті жағдай! Көші-қон саясаты тұжырымдамасының дәл осылай Үкімет айқындаған өңірлерге барған қандастарымызға ғана бес жылға «Қандас» мәртебесін беріп, төрт жылсыз ҚР азаматтығын алуына шектеу қоятын, өзге өңірлерге коныстанған ағайынды мүлдем ҚР азаматтығынсыз қалдыруға апарып соқтыратын қатаң Заң қабылдауға әрекет жасап отырған ықпалды тұлғалар сөзсіз анықталып, жауапқа тартылуы керек!
Енді, көші-қон саясатына келсек, оның бес жылдық «Тұжырымдамасын» жасауға ықпал етушілер де және жасаушылар да мына бір түйінге баса назар аударулары керек!
Ол – адамның ҚҰҚЫҒЫ мен МЕМЛЕКЕТТІҢ САЯСАТЫ!
Нақтылап айтсақ, шекара сыртында қалған этникалық қазақтардың тарихи, тәуелсіз Отанына оралуы мен қонысын өзі таңдап, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы – олардың құқығы. Ал келген ағайынды Үкімет қаулысымен айқындалған жеті облысқа көшіру – ол мемлекеттік саясат! Бұл екеуі мүлде екі басқа ұғым. Мен қандастарымыздың Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстануын қос қолдап қолдаймын! Ол саясатты Үкімет жүргізеді. Қалай жүргізеді, ол енді Үкіметті басқарып отырған басшының қарымы мен шеберлігіне байланысты мәселе. Ал Заңды Президент бекітеді.
Бір мысал, қазіргі қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 5-бабын оқысаңыз, «Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар» деген, қандастарымызға қаратылған норма тұр. Сіз бұл норманы беталбатты өзгерте алмайсыз! Себебі бұл норма «Әр адамның әр мемлекеттің ішінде жүріп-тұруына және өз қалауынша тұратын мекенжайды таңдауына құқығы бар»,– деген, жоғарыда айтылған, «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына» барып тіреледі. Тәуелсіз Қазақстан 1992 жылы наурыздың 2-сі күні БҰҰ-ға мүше болғанда, аталған «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының» нормаларын бұлжытпай орындау туралы келісімге қол қойып, міндеттеме алған. Демек, көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын жасаушылар да, оны жасауға нұсқау берушілер де, ең алдымен БҰҰ-ның аталған декларациясынан бастап, Өз еліміздің құқықтық актілерін оқып, ҚҰҚЫҚ пен САЯСАТТЫ ажырата білулері керек!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрғалы отырған Жаңа Қазақстаны, Әділетті Қазақстаны – дәл осы жерден басталады.

Мұндай тұжырымдамаларға қарсымын

Дархан Бейсенбек, жазушы

Біз де – аумалы-төкпелі қиын кезеңде арғы бетке өтіп қайтқан буынның ұрпағымыз. Сол кезеңдерде шекара маңында қоныстанған қазақтардың біразы уақытша болса да арғы беттен пана тапты, қоныстанды. Өздерін қырылудан, жойылудан аман сақтап қалды деуге болады. Ол тарихи көш, әрине, мүлде басқа дүние.
Енді тәуелсіз қазақ елінің өз отандастарын, қандастарын елге шақыруы – кезек күттірмейтін, күн тәртібінен түспейтін мәселе болуы керек деп есептеймін. Тәуелсіздік алған жылдары ондай болғаны рас. Қаншама қандастарымыз сол кезде елге оралды. «Елге ел қосылса – құт» демей ме? Құтымыз болғаны да шындық. Елге оралған сол жұрттың ішінен қай салада болсын өзін көрсеткен қаншама азамат­тар шықты. Өсті, өнді. Демог­рафиямызға да серпін болды. Бірақ кейінгі жылдары осы тарихи көштің қожырап, түрлі кедергілердің көбейгені жаныңды жабырқатып, жүрегіңді ауыртады. Мына сіздер көтеріп отырған мәселе – көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасындағы дүние тіптен қиын екен. Елге оралған қандастардың бес жыл бойы азаматтық ала алмай, сандалып жүруі масқара емес пе?! Украинадағы соғыс басталғалы елге ағылып келіп жатқан өзге жұрт өкілдерінің құжаттық жұмысы қалай болып жатқанын түрлі БАҚ-тан, әлеуметтік желілерден оқып, көріп, біліп отырмыз. Неге өз қазағың тарихи Отанында түрлі кедергілерге тап болып, бес жылдық шектеуге ұшырауы керек? Бұл дұрыс емес. Елге оралған, ұлты қазақ азаматтарға барынша жеңілдіктер жасалуы керек емес пе?!
Өткендегі Президент жолдауында да бұл мәселе айтылды. Мұны енді ары қарай іліп алып, неге қандастар мәселесін барынша тез шешуге қарекет қылмаймыз? Менің бір түсінбейтінім – осындай тұжырымдамаларды кім, қай жерімен ойлап ұсынады екен? Мақсаты не? Хакім Абай айтқандай, «күндіз күлкің, түнде ұйқың бұзылатын» дүние осы ғой. Олай болмауы керек. Бойында қазақ қаны бар әрбір кісінің сеніміне селкеу түсіретін, алаңдататын мұндай тұжырымдаманың қабылданып кетуіне жол бермей, қатты қадағалауымыз шарт. Әйтпесе жағдайымыз қиын. Осы елдің ұлан-ғайыр қонысының, алқабының жалғыз иесі қазақ қана екенін талай тарихи сәттер көрсетпеді ме?.. Сондықтан осы елдің азаматы ретінде қазаққа жасалатын кез келген жымысқы саясатқа, қаскүнемдікке қарсымын.

Қазақ көшіне тағы қауіп төнді

Рақым
Айыпұлы

Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев билігі жүзеге асырған біраз өзгерістер халыққа кәдімгідей үміт сыйлады. Жіліктің майлы басын ұстап, байлық пен мансапқа әбден құныққандар оңайшылықпен беріле қоймайтын секілді. Күрестің тәсілі тым күрделіленіп барады. Қисапсыз байлық пен шексіз билік бірте-бірте қолдарынан сусып бара жатқандар Президент Қ.Тоқаевты сүріндірудің жаңа тәсілін ойлап тапқан тәрізді.


Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында көші-қон саясатына байланысты: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды», – деп мәлімдеді. Бұдан біздің түсінгеніміз – бұдан былай Қазақстан билігінің көші-қон саясаты қазақ дейтін халықтың ұлттық мүддесін ең басты орынға қояды және қандастардың көшіп келуіне, ішкі миграцияға, демографиялық дамуға басымдық береді. Әрі экономикалық үрдістерді ескере отырып жүргізіледі екен. Мінсіз бе? Мінсіз! Бірақ бір таңғаларлығы – жақында ғана Президент жолдауына орай тым асығыс түрде Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан дайындалған «Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жарық көрді. Президенттің айтқанын министрліктің лауазымды қызметкерлері түсінбеді ме, жоқ біз түсінбей қалдық па?! Нәтижесі адам шошырлық! Сөзбе-сөз оқып көріңіз. Тұжырымдаманың 15-бастамасында: «Қандастарды қоныстандыру саясатын қайта қарау. Құжаттарды қабылдау кезеңінде келу орнын айқындау тетігін енгізу және 5 жылдық болу мерзімінен кейін азаматтық бере отырып, еңбек күші тапшы өңірлерге көшуді реттеу және ынталандыру жөнінде шаралар қабылдау», – дейді. Бұл жерде тайға таңба басқандай айқын жазылып тұр. «Бес жылдық болу мерзімінен кейін азамат­тық беру азаматтық бере отырып, еңбек күші тапшы өңірлерге көшуді реттеу және ынталандыру». Елге көшіп келетін қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануды міндеттесең және бес жыл бойы кірменің күйін кешіріп, азамат­тық бермей зар еңіретсең, мұның қай жері «ынталандыру»?  Сонда Президент айтқан қандастардың көші-қон саясатына жасаған түбегейлі өзгерістің сиқы осы ма? Меніңше, Президенттің «Ұлттық мүддені басшылыққа алу, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру» дегені әдірем қалған сияқты. Біздің ұғымымыздағы ұлттық мүдде – ол Қазақстанда жасап жатқан қазақтардың ғана мүддесі емес, тұтас әлемдегі исі қазақтың мүддесі және олардың өз тарихи Отанына топтасып, құдіретті күшке айналуы, мызғымайтын ұлттық мемлекетті мәңгілікке қалыптастыруы. Ал демографиялық өсімде қазақ көшінің  алар орны ерекше. Экономика адам капиталымен тікелей байланысты. Бұл жерде қателесу атымен болмайды! Тек саннан ғана сапа туады. Бұл –  философиялық аксиома. Бір кезде премьер-министрдің орынбасары лауазымын атқарған Дариға Назарбаеваның Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі сапарында сондағы аналардың баланы тым көп туатынын, сол себепті мемлекеттің мектеп салуға үлгермей жатқанын айтып ренжігенін жұрт әлі ұмыта қоймаған болар. Енді олардан құтыла бастадық па деп жүрсек, онымыз бекер екен. Олар әлі де биліктің негізгі тұтқасында қазаққа қарсы жымысқы саясатын жалғастырып жатыпты. Ең қорқыныштысы, көші-қонға мүдделі, еліміздің ұлттық мемлекет ретінде салтанат құруын армандайтын аса қомақты сайлаушыларды қыр астында тұрған Президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлына қарсы бағыттағанында. Ертең сайлау кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарсыластары: «Міне, көрдіңдер ме?! Назарбаев билігі кезінде жаман-жақсы болсын миллиондаған қазақ елге оралды ғой, енді Тоқаев билігі тұсында шеттегі қазақтар есіктен сығалай алмайтын болады» деуі үшін әдей жасалып отыр деп ойлаймын. Бұл жерде әңгіме министр Тамара Дүйсенова туралы екен деп қалмаңыздар. Бұл сұмдықты жоспарлаушылар дәл сол Президент әкімшілігінің өзінде отырған болуы әбден мүмкін.
Бұл – біз күткен ұлттық мүддемен мүлде қабыспайтын саясат. Қандастардың құқығын тежеп, қазақ көшін құрдымға жіберіп, «тиімді көші-қон саясаты» туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз емес пе?! Мұндай сұрқия саясат тағы қандай кеңесшілердің бақай есебінен шықты екен деп таңғалмасқа шара жоқ.

Мың терезе, жүз есік

Ерболат Әбікен

Қытайдан әке-шешем келді. Қуандық, жырғадық. Бес жыл көрмеген соң ба?.. Немерелері оларды, олар немересін шырамытып, әзер танып, әзер шүйіркелесті. Бұл – басқа әңгіме. «Қазақстан емес, «Қағазстан» екен деп боқтанып, жерге бір түкіріп, өсіп-өнген бір әулет үдере тартып, Қытайға қайта көшіп кетіпті», – деп жиі еститінмін. Ондайлар көп, әрине. «Қарсы алып құрмет етпесе, кірмей-ақ қой ол үйге», – деп Қадыр Мырза Әлі айтты емес пе? Сол есіме түсіп, «Әттең, қағазы құрғыр, мен байғұсты қинайды-ау! Қарт адамдардың ит сорпасын шығарады-ау!» – деп қабырғам қайысып, Қазақстанға келген 20 жылдан бергі қағазбастылықтан көрген қорлығым, күні бүгін табаныма шөгір боп қадалып, бітпей келе жатқан тағдырыма күрмеу болған салақұлаш қағаздар есіме түсіп, еңсемнің түскені-ай. Қабырғамның қайысқаны-ай! Өмірімнің тең жартысын текке құртқан сары қағазды-ай! Сарғайып қайда жатыр екен деші. Әңгіме былай.
Әуезов ауданық Халыққа қызмет көрсету орталығына бес мәрте барып жүріп, ЖСН алдық. Бес мәрте еріккеннен барғамыз жоқ. «ЖСН-ның дайын», – деп телефонға хат жазады, барсаң, «апаға отказ кеп тұр»,– дейді. Бесінші мәрте текке бере салған жоқ. «Мынау бастық еді» дегеннің бәріне кірдік. Шуластық, шұрқырастық, соңында: «Блогер шақырам», –деп қорқыттық. Осылай әзер алдық. Ешкіні апалап, текені аталап жүріп, 11 түрлі құжат жинап, Әуезов ауданық полиция басқармасы, көші-қон қызметі бөліміне үш мәрте барып, Ресейден ауған көп орыстың ішіне шортандай сүңгіп, кезекке таласып жүріп әлгі 11 түрлі құжатты үшінші мәрте әрең өткіздік. Бірінші күні: «Бастық жоқ», – десе, екінші күні: «Құжат қабылдайтын жігіт жиналысқа кетті», – деді. Бір тәулікке жарайтын кейбір құжатымыздың уақыты қайта-қайта өтіп кетіп, үшінші күн дегенде әрең өткізіп, «үһ» дедік. Бұл құжатты енді, мың бір жапамен жинадық. Фотоға ғой шақ еткізіп түсесің, айталық, 028 дәрігерлік анықтама, банкке алдын ала 12252 теңге төлеу, қытайшадан қазақшаға қайта-қайта аударту, тағы- тағылар. Ысырап уақыт пен кеткен ақшаң өз алдына.
– Мен инспектор емеспін, аға инспектормын. Анкетаңды өзгертіп кел, – дейді шегірткедей жігіт, құжат қабылдарда. Әдебиетті жинап теретін институтта «ғылым докторы деп айт» дейтіндердің де ренішке толы жүзі есіңе түседі сол сәтте. «Атаққұмарлар қай жерден де табылады екен-ау» деп қаның қайнап: «Онда тұрған не бар? Мәселен, мен жазушымын, жазушы деген бауырым, біле-білсең, аға инспектор тұрмақ, генералдан да, ішкі істер министрінен де әлдеқайда жоғары тұрады» дегің келеді. «Мына бейшара ақын мен жазушының не екенін біле ме, арасын айыра ала ма өзі?» деп өз-өзіңді сабырға шақырып, тіліңді жұтып, әрең тынасың. Сосын анкета толтырған әнеу бір аударма орталығына қарай құйындай ұшасың!
«Тағы бітпеді ме? Құдай-ау, мыналар ұялмай ма? Қаным өрлеп кетті, дәрімді алмағаным-ай! Асықпашы-ей, бітпесе бітпей-ақ қойсын, көлеңке тауып демалып алайық», – деп күбірлей бастаған әке-шешеңнің алдында, еліңнің абыройын түсірмеуге тырысып, бордай үгіліп, терлеп-тепшіп аналарды ақтап әлек боласың. «Қазақстанның болашағы зор», – деп ертегі құрастырасың.
Көктен түскендей құшақ-құшақ қағаз көтерген, екі қандас кезіге кетіп, жолымыз тоғысатын болғандықтан көлікке отырғызып алдық. Жастары мен қатарлы, өздері әңгімешіл екен. Салдырлай жөнелді. Ежіктемей қысқа қайырайын.
– Әйелім аяғым ауыр дегенде қатты қорыққам. Алдыңғы балада туу туралы куәлік бермей, әбден зәтте болғам. Жақында босанды. Соның жұмысымен жүрмін.
– Қорыққаны несі!
– Қуанышым ұзаққа бармады. Баламды алуға ауруханаға жетіп барсам, «некеде жоқ екенсің» демесі бар ма? Қытайдың неке куәлігін суырып алып шықсам, «бұл не?» деп аналар шыр-пыр болады. Біреуге пұл беріп, интернетпен дайындатқам. Салып ұрып соған бардым.
– Некеде жоқсың деп тұр , – дейді анау.
– Жоғы қалай?
АХАЖ-ға шауып бардым.
– Пекинге бар,– дейді жынымды қоздырып.
– Пекині қалай? Қарантин енді бітті. Далаға бүгін шығып тұрған жоқпын ба? Тұңғыш баламның куәлігін қыңқ етпей бердіңдер ғой!
– Иә, сізді таныдым. 2018 жылдан бері заң өзгерген. Қытай неке куәлігін танымаймыз. Қытайдан куәлендіріп, екі тілге аудартасыз, Пекинге барып дәлелдеп келесіз, сосын Қытай консулынан растатасыз. Сонда барып біз заңды деп танимыз. Балаңыз туу туралы куәлік алады. Болмаса, сот арқылы ажырасыңыз да, қайтадан Қазақстанның неке куәлігін алыңыз!
– Астапыралла, талақ боп кетіп жүрмей ме? Айтпаңыз ондайды!
– Болмаса әкесі екеніңізді дәлелдейсіз?
– Қалай, ойбай?
– Адвокат жалдаңыз.
Адвокат таптым. Қытай неке куәлігіме қарап, көзі шырадай жанып, «Жақсы ғой, мынау керемет», – демесі бар ма?
«Несі керемет», – деймін көзім бақырайып. Бір жақсылық боп қала ма деп өрекпіп тұрмын. «Мынау деген керемет, тоқалың болса, заңдастыруға болады, ажырасқам» деп үй алуға болады», – деп жымың-жымың етеді. Халыққа қызмет орталығына бардым, анда бардым, мында бардым. Аузына түкіріп қойғандай бәрінің айтатыны бір сөз. «Әкелік таныту куәлігін ал», – дейді. Ойбай … мың батпан құжат… Қатын-бала қалды жайына. Мен болсам таңертең кетем, түнде келем, қақпаған есігім, кірмеген тесігім қалмады. Түңіліп кеттім. Ақыры архив пе, бірдеңеге некеде жоқ деп жазды да, баламның фамилиясына қайын атамның аты жазылды. Күйіп-пісіп әкем жүр. «Шүкір етіңіз», – деп мен жүрмін. Жарты жылдан соң балама менің фамилиям берілді. Жақында тағы босанды. Тағы сол шаруа, титықтап біттім.
Менің де әйелімнің аяғы ауыр. Мен де қаңғырам ба енді? Мұны білгенде тыныш жүрер ем.
– Олардікі дұрыс емес, – деп әңгіме ауанын басқаға бұрып жібердім. Бұл кезде баратын жерге жетіп те қойған едік. Анкетаны өзгертіп, кері қайттық.

– Суретке қашан түсеміз? – дейсің құжатты өткізіп болып.
– Әлі қайда, 45 күн сараптама жасаймыз.
– Хабар күтем ғой!
– Қайдағы хабар? Бізді өзің ізде! Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат керек болса, бізді өзің ізде! – дейді әлгі шегірткедей жігіт шіреніп. Сен де шіренесің, сосын диалог басталады.
– Әу баста, өмірбаян мен анкетаның үлгісін неге бермедің маған?
Соны аударма орталығына дайындатып едім, 21000 теңгемді суырып алды.
– Өз обалың өзіңде, менен сұрамадың. 21000-ды неге бересің!?
– Ондай қымбат екенін қайдан білем. Барлығын тастай қып берем деді, келістім. Қазақшаға аударатын көп құжаттың ішінде кетті емес пе? Мені хат танымайды дейсің бе? Мен деген журналистпін, хат жазуды қатырам. Құжаттар тізімін қазақшалап қой! Орысшадан аллергиям бар менің. Басым ауырады, – деп сауатты екеніңді айтқан боп, «журналистпін, артыңды қыс» дегендей сөзіңді салмақтап тастайсың. Келген сайын, сенімен сөзге келіп қап жүрген, сенің ұзын тіліңе төтеп бере алмай ығыры шыққан қарсыда отырған сәнқой қыз «осыдан құтылар күн бар ма» дегендей саған, әрі жақтырмай әрі сескене қарайды.
– Талон бермейсің бе енді?
– Он бес күннен кейін кел талонға.
Он бес күннен кейін оны неше рет іздеп кеп әрең табасың. Талон бермей, алдап шығарып салады.
Ендігі жерде Алматы қаласы ПД Көші-қон қызметі басқармасынан (ДП города Алматы управление миграционной службы) бірнеше рет хабарласады. Шақырады. Сөйлеседі. Ол сұхбат деп аталады. Паспорт тексереді, өмірбаяннан бір нұсқа тағы алып қалады. Арада 45 күн емес, үш ай өтті. Еш хабар жоқ. Әуезов аудандық полиция басқармасы, көші-қон қызметі бөліміне бардық, олар Алматы қаласы ПД Көші-қон қызметі басқармасына (ДП города Алматы управление миграционной службы) жібереді. Қайта Әуезов аудандық полиция басқармасы, көші-қон қызметі бөліміне бардық, қатты сөйлеуге тура келді. Шегірткедей жігіттің кабинеті өзгеріп кеткен. Бізді мүлдем танымайды. Есіне де түсіре алмайды. Құжат қабылдағанда, талон бермегеніне бола:
– Қузау салмадың! – деп өзіңді кінәлайды, басқа жаққа сілтейді.
Қалай қузау салам, сенің комиссияңның кеңсесі де жоқ болса, оның кім екенін Құдайдан басқа ешкім білмесе, – деп өзеурейсің. Оның бұрынғы кәбинетінде отырған жас келіншекті тауып, сөзге тарттық.
– Әкеңе отказ шығып тұр, – дейді шімірікпей.
– Неге?
– Звондаса шешең телефон алыпты, әкең телефон көтермей қойыпты, – дейді.
– Қытайдан кеше келген адамда қайдағы телефон? Екеуінің анкетасына менің телефон нөмірім жазылған. Сонда менің телефонымды шешем көтеріпті де, әкем көтермей қойып па? Неткен қиял десеңші. Менің телефоным 24 сағат ашық. Өйткені мың бір құжаттың арасында малтып жүрмін. Телефон көтермесем, жағдайым қиын. Кәне, көрейін, – деп компьютеріне төне түстім. Ол көрсетті. Бәрі дұрыс, менің телефоным жазылған. Ол тілін жұтып қойып, басқаша сайрап шыға келді.
– Қандай отказ? Орысы бар, басқасы бар ТМД елдерінен келген келімсектің бәрі бар. Тұрақты тіркеуге тұрмақ тұр ғой! Вид на жительсто (ықтияр хат) алып үлгерген. Лып еткізіп, тез алатынын қайтерсің. Біздікі не сандалыс? Кәрі адамдарға не керек? Аурухана керек! Онсыз күні босқыннан жаман, – деп Google-ді ашып жіберіп, фотоларым мен мақалаларымды көрсетіп:
– Мен бұл істі аяқсыз қалдырмаймын. Баспасөзді шулатам, – деп шегірткедей жігіт екеуін қызыл тілмен түйредім-ай келіп.
– Құжатты қайта өткізем, – десем:
– Қайта өткізу үшін бір жыл күтесіз. Заң солай. Орыс пен тәжікке және басқаларына «Вид на жительсто» беру заңда бар. Біз тек құжат қабылдаймыз.
– Айналайын, келімсектерге неңді берсең, оныңды бер. Олар қалай алды және тез? Біз неге ала алмаймыз? Қандастардың күні неге сырттан келген келімсектен төмен тұрады? Әңгіме сонда.
– Бұл істі комиссия шешкен, ағатай! Бізді арандатпаңыз.
– Комиссияны іздеңіз. Ықтияр хат бөлімінен барып сұраңыз, – дейді.
Не комиссияның кім екенін айта алмайды. Мен сәбеттік ескі жүйе туралы, биліктің халықты қанау үшін шығарған қағазбастылығы туралы, мемлекеттің осыған бола дамымай отырғаны туралы ұзақ лекция айта келе:
– Сендер соның мұрагерісіңдер. Сәбеттік жүйенің отын көсеушісіңдер! Естерің барда басқа жұмыс тауып алып істесеңдер болмай ма? – деп ұрсып-ұрсып, олардың нұсқауымен Алматы қаласы ПД Көші-қон қызметі басқармасына шауып бардық. Алдында телефон соққандар, қабылдағандар қарасын көрсетпеді. Орнында жоқ. Телефондары өшіп тұр. Ешкім танымайды. Ешкім мәлімет бермейді. «Ықтияр хат бөлімі» деген мүлде жоқ болып шықты. Алдындағы «кез келген сұрағыңды менен сұра» деп телефонын беріп, өзін «комиссия мүшесімін» деп таныстырғандардың телефоны өшіп тұр. Тіміскіленіп жүріп, осы мәселеге жауапты бір сақшыны тауып алдық.
– Тұрақты тіркеуге тұруға рұқсат беру туралы өтініштің жоққа шығарылғанын бірінші рет естіп тұрмын – деді ол.
– Жердің тесігіне түсіп кетсе де осы істі қараған комиссияны тауып берсеңіз! Шат-шәлекейін шығарам. Жай адам емеспін. Журналистпін. Орыстарға, басқа келімсектерге рұқсат етілген тұрақты тіркеуді қазаққа неге бермейді? Қазақ көбейсе, біреудің жамбасы қыши ма?
– Тұрақты тіркеуге тұруға рұқсат беру туралы өтініштің неге «отказ» болғаны туралы түсіндіруге комиссия міндетті емес? Сондай заң бар. Қайта құжат өткізем десеңіз, бір жыл күтесіз. Көші-қон заңының 49-бабында солай жазылған.
–Астананың атын өзгерткеннен қиын ба? Өзгертуге тырыспайсыңдар ма? Әрі-беріден соң сендер қандастардың арқасында жұмысқа жарып, жалақы алып отырған жоқсыңдар ма?
– Заңды өзгерту біздің қолымыздан келмейді.
– Комиссияның кім екенін тауып берсеңіз, неге «отказ» болғанын маған түсіндірсін!
– Олар түсіндірмеуге құқылы.
– Осы сөзді камераға айта аласыз ба?
– Ойбай, қойыңыз!
– Заңдарыңыз дұрыс емес. Неге маған алдын ала 12252 теңге төлетеді? Фотоға түсерде неге төлетпейді? Осының өзі шеттен келген қандасты қанау емес пе?
– Әуезов ауданық полиция басқармасы, көші-қон қызметі бөліміне барып айтыңыз, құжатты солар қабылдаған.
Оған да елдік туралы, демография, ұлт­тың мүддесі, адамдық құқық мәселелері туралы біраз лекция айттым. Ол аузын ашып, көзін жұмып тыңдады. Іштей қынжылғаны жүзінен көрініп тұрды. Күрсінді. Бірақ кешірім сұрамады. Бұл құжаттардың тек техникалық жағын ғана қарағанын, ары қарай кімнің айналысқанын, комиссия мүшелерімен сөйлесіп көретін болып уәде берді. Мен оған:
– Жатқан жыланның аяғын өздерің бастыңдар! Саясаттан, айқай-шудан сытылып шығып өз жанымды өзім көріп, ешкімге тиіспей, ешкімге соқтықпай, оң бетіме шапалақ тисе, сол бетімді төсеп қана тыныш жүрген адам едім. Бұл мәселені біраз жерге дейін жеткізем. Керек болса, видео түсірем. Қазір фейсбукке тіркелем, сосын ары қарай былай да былай, – деп сарнай жөнелдім. Уатсабымды ашып:
– Мынау Президенттің кеңесшісі, мынау көмекшісі, мынау президент аппаратында істейді. «Президентке хат жаз» деп кеңес берді. Мынау әлгі бір депутат, мына біреулер ютубтың гүлі боп жүрген журналистер мен блогерлер. Осылар маған кеңес береді, қажетті жеріне жеткізеді. Бұл заң шикі. Қандастарды шақырмай тұрып, әуелі дұрыс заң, дұрыс жүйе орнату керек, – дедім. Олармен сөйлескен сөздерімді, түскен фотоларымды көрсеттім.
– Танимын, танимын, – деп басын изеді.
– Сәл уақыт беріңіз, – деді қиналып. Маған жаны ашыды ма? Әлде үрейленді ме? Ол жағын білмедім.
– Сабыр етіп, келер жылы қайта тапсырмадыңыз ба? – деді терең ойланып.
– Қайта «отказ» бермесіне кім кепіл?!
– Сіз неге олай ойлайсыз? А-а … Компьютер отказ беруі де мүмкін, техника ғой! Техникаға сенім жоқ, менен хабар күтіңіз, – деді. Телефонымды алып қалды. Құжаттарымды мың бір жапамен жинағанымды, тағы бір тесікке керек болатынын айтып, қайтаруын өтіндім. Құжаттың кері қайтпайтынын айтты. Қайтуға бет алдық.
– Әй, рақмет айт ана жігітке, рақмет айт, – деді әкем шығып бара жатып.
Содан бері біраз өтті. Ол уәдесінде тұрмады. Хабарласқан жоқ. Ал астаналық жігіттер әлгінде ғана хабарласып, комиссия мүшелерінің, төрағасының дерегін, нөмірін тапқаны туралы жақсы хабар жеткізді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір