Шыда, шыда! Шыдай түс, шыда тағы!
05.08.2024
319
0

немесе ақын өлеңінің құдіреті хақында

Университеттің бесінші курсында оқитын едім. Диплом жұмысыма жетекшілік жасап жүрген ұлағатты ұстазымыз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбу Сақтағанұлы Тәкенов ағай кафедраға келіп кет деген соң ұстаздар отыратын кабинетке рұқсат сұрап кірсем, ұстазым ұзын бойлы, әдемі қара торы жігіт ағасы, самайына ақ кіре бастаған, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сүлеймен Тұрғанбаев ағай екеуі бір мәселені қызу талқылап отыр екен. Мені шақырғандағы мақсаты – диплом жұмысымның жоспарын тексеріп, ақыл-кеңесін айтпақшы еді.

«Кел батыр, төрлет!» – деді Әбу ағай есіктен кіргенімнен жасқаншақтап тұрған маған қарап. Менің әкелген шимай-шатпағыма бір көз жүгіртіп өтті де, үстелдің шетіне қарай ысырып қойып: «Сәке, бұл жігітті танисың ба? Сенің курстас досың Кеңестің інісі ғой. Диплом жұмысына мен жетекшілік жасап жүрмін», – деп, мені Сүлеймен ағайға таныстырып жатыр. Ал ол кісі болса, «бұл сен бе едің» дегендей маған бажырая бір қарап алды да: «Естуім бар, Кенекең айтқан болатын», – деді де өз ісімен айналысып кетті.
Әбу ағай менің жазған шимайларымды қарап, түзейтін жерін түзетіп, ақыл-кеңесін айтып болған соң, мен рақметімді айтып, шығар есікке қарай ыңғайлана бергенде Сүлеймен Тұрғанбаев ағай: «Әй, батырым, қайда қашып барасың? Бері жақын кел!» – деп өзіне қарай шақырды. Мұндайды күтпеген мен жалтаңдап Әбу Сақтағанұлы ұстазыма қарасам, ол кісі жымиып қарап отыр екен, басын изеп «жақында ағайыңа» дегендей белгі берді. Алдындағы бос орындыққа отырған маған Сүлеймен Тұрғанбаев: «Сен Мұқағали Мақатаевты оқисың ба?» – деді көзілдірігінің үстінен сүзе қарап. «Әрине, әрине, оқимын. Менде Мұқағали ағаның екі кітабы бар. Біз достарымызбен жиі кездесіп, ақынның өлеңдерін жатқа оқимыз», – дедім мен Мұқағали ағамызды бір адамдай білетінімді сездіргім келіп. «О-о-о, ондай мықты болсаң, Мұқаңның мына өлеңін оқып берші. «Шыда, шыда! Шыдай түс, шыда тағы!» деген өлеңін кімге арнап шығарған?» – деді де, мынау шәкіртіңнің мықтылығын тексерейік дегендей диплом жетекшіме иегін қағып, жымия қарап қалды. Мен болсам Мұқағали ақынның өзімдегі кітаптарының қайсысында бұл өлеңнің бар екенін есіме түсіре алмай, қиналып, маңдайымнан терім сорғалап кетті. «Қазір жатақханаға барып қараймын, ағай», – дедім сасқалақтап. Есікке қарай шегіншектеп қашып бара жатқан маған қарап, күлімсіреген күйде: «Қара, қара! Зертте, анықта!» – деген Сүлеймен ағайдың сөздері мен күлкісі әлі күнге дейін көз алдымнан кетер емес.
Сөйтіп, ақиық ақын Мұқағалидың осы өлеңін тауып алып, жаттап алдым. Бірақ кімге басу айтып, кімге шыдамды бол деп айтып жатқанымды өзім түсінбейтінмін.
1985 жылы Қазақ университетін аяқтап, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық университетінде үш жыл ұстаздық қызметте болдым. Сол оқу орнының жолдамасымен Алматыға қайта келіп, аспирантураның күндізгі бөліміне оқуға қабылданған соң, кандидаттық диссертацияның тақырыбы жөнінде ақыл-кеңес алайын деген оймен Әбу Сақтағанұлы Тәкенов ағайды іздеп тарих фаультетіне келсем, ойламаған жерден дәлізде Сүлеймен ағайды кездестіріп қалдым. Амандық сұрасқан соң, ағай не шаруамен жүргенімді білгісі келді. Ал мен болсам, негізгі келген шаруамды айтпай: «Сізді іздеп келіп едім. Баяғы өзіңіз айтқан, Мұқағали ағаның «Шыда, шыда!» деп басталатын өлеңінің тарихын сіз айтпасаңыз, ешкім жарытып айтатын түрі жоқ», – дедім. Сүлеймен ағайым: «Өй, сен, оны әлі күнге дейін білмейсің бе? Өзің бір шабан қимылдайтын жігіт екенсің! Сен оны Кеңестен сұра, ол бәрін айтып береді», – деді де әңгімені шорт үзді. Басым салбыраған күйі, Әбу ағаны іздеуге шамам келмей факультеттен қалай шығып кеткенімді сезбей қалдым.
Бұл сұрақтың жауабын Кеңес ағадан да ала алмадым. «Ораз қайынағаңнан сұрасаңшы. Бұл өлеңнің тарихын саған сол айтып береді. Мұқаңның мұрасын қазір сол жинақтап жүр ғой», – деді өткен өмірінің бір қиын кезеңдері есіне түскендей болып ауыр күрсінген ағам. Оның көзіне ұялап үлгерген мұңды сезгендей болдым. Кеңес ағамның Ораз қайынағаң деп отырғаны, қазақтың керемет ақыны, 1962 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтында қызмет істеген, институттың тапсырмасымен Қазақстанның көптеген облыстарын Кеңес ағамен бірге аралап, төте жазумен жазылған құжаттарды жинақтауда үлкен еңбек сіңірген Оразақын Асқар аға болатын. Менің жұбайым Гүлнәр, Оразақын Төпеұлының туған әпкесі Айнақан Төпеқызының туған немересі еді. Біз университетте оқып жүргенде танысып, отау құрған едік. Сөйтіп, кезінде бір ғылыми мекемеде бірге қызмет істеген екі достың, бір жылдың төлі болған құрдастардың, кейін мыңжылдық құда болып шығуына септігіміз тиді.
Әңгіменің ендігі қызығы Оразақын ағаның үйінде, ақынның адал жары Ажар әпкеміздің жайған дастарқанынан дәм татып отырып өрбіген еді. Мұқағали ағамыздың өлеңінің жазылу тарихына қатысты менің үш-төрт жылдай дұрыс жауап ала алмай жүргенімді, бұл әңгімені бастаған Сүлеймен Тұрғамбаев ағайым да, Кеңес әкем де еш нәрсе айтпай, өзіне жол сілтегендерін ұққан Оразақын аға біршама ойланып отырды да: «Иә, ол өлеңнің жазылуына Сүлеймен де, мен де, Кеңес те куә болғанбыз. Куә болған жанымызда тағы бір адам болған, ол талантты ақын Еркін Ібітанов болатын. Еркін ағаларың Кеңес екеуі Алматыда бір жыл бірге оқыған, бір партада отырған кластастар еді. Мен болсам, Мұқаңның жанынан қалмай, ағалы-інілі, нағашылы-жиенді дегендей бірге жүретін едік. Аспантаулар аясынан келген жігіттер айына, аптасына бір мәрте жиналып, әдебиет пен өнер, ғылым мен білім туралы ойымызды ортаға салып, әңгімелесіп тұруды әдетке айналдырғанбыз. Ортамызда, әрине, әңгіменің көрігін қыздыратын Мұқағали аға болушы еді. Сондай тағы бір тамаша кездесудің орайы, жаңылмасам, 1972 жылдың тамыз айының соңына қарай келіп еді. Нарынқолдан Еркін ағаңның келуіне байланысты болған ол кездесуге Мұқаң екеуіміз бірге келдік, Еркіннің кластасы Кеңес те келді, ол өзінің студенттік жылдарда бір курста оқыған досы, Қазақ университетінің ұстазы Сүлеймен Тұрғамбаевты ала келген екен. Бұл жазғы демалыстан кейінгі алғашқы кездесуіміз еді. Бауырлардың мұндай басқосуында, әдетте, қызықты әңгімелер айтып, жарқылдап отыратын Кеңестің бұл жолы көңіл күйі болмай отырды. Еркін құрдасының кейбір қалжыңдарына да селқостау жауап қайырды. Осының бәрін байқап отырған Мұқаңның: «Оу, Кеңесжан! Не болған саған? Сонша ұнжырғаң түсіп, көтер басты! Қызметіңде бір қиындықтар туындады ма?» – деген сауалына Кеңес ойлы көзімен төңірегінде отырған біздерді бір шолып өтіп: «Е-е-е, Мұқа, не айтары бар дейсіз? Әкемнің «халық жауы» деген жаламен жазықсыз айдалып кеткенін бәріңіз білесіздер. Әкемнің ешқандай жау емес екенін ел де, мен де, мына отырған сіздер де білесіздер. Бірақ осы «клеймо» өмір бойы қыр соңымнан қалмай келеді. 1954 жылы өте жақсы оқығаным үшін Лениндік стипендияға ұсынылғанымда осы «айдарым» үшін бермей қойды, 1958 жылы СОКП мүшелігіне өтейін деп едім, тағы да алдымнан шықты. Енді, міне, биыл докторлық диссертациямды қорғауға шығып жатқанда, «халық жауының ұлы Кеңес өкіметінің тарихынан қалай докторлық қорғап жатыр?» деген домалақ арыздың кесірінен қорғауға жібермей отыр. Менің жаныма қатты бататыны, домалақ арызды жазғыш адам өзіміздің ел жақтан табылып отырғаны ғой», – деді Кеңес ауыр күрсініп. Сол кезде біз оның өңінің солғын тартып, азып кеткенін, ауыр күйзелістен жүйкесінің шаршағанын, аллергияның әсерінен тіпті бетіне бөртіп жара шыға бастағанын байқадық. «Ой, иттер-ай! Бұл не деген жауыздық! Еңсеңді түсірме, бауырым, Алла сүйген құлын далаға тастамайды!» – деді Мұқаң жалпақ алақанын Кеңестің иығына салып тұрып. Сәл үнсіздіктен соң Мұқаң бір тостаған салқын сыраны төңкеріп тастады да қалтасынан қаламын алып, тұнжырап отырған күйінде қойын дәптеріне бізге беймәлім бір жазуларды жаза бастады. Ақынға кедергі болмайық деген біздер ақырын ғана сыбырласып отырдық. Біршама уақыт өткеннен кейін өз жазғанын іштей бір оқып алды да, Кеңестің иығына қайтадан қолын салып қойып, жаңа туған өлеңін шамырқана отырып оқи жөнелді:
«Шыда, шыда!
Шыдай түс, шыда тағы!
Шыдамдыны мына өмір ұнатады.
Үміттің құлан иек құла таңы,
Әйтеуір, бір атады, бір атады…

Өкінбе, өкпелеме бүгініңе,
Өмір, өмір!
Болмайды түңілуге.
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге.

Түсінемін жаныңның ауырғанын,
Шыдадың ғой, шыдай түс, дамылдағын.
Йогтердің тәсілін қабылдағын,
Басқасына бас ұрып табынбағын.

Шыда, шыда!
Шыдай түс, тағы шыда!
Тау құлатқан тасқынның ағысына,
Кір жуытпай кіршіксіз намысыңа
Қарысуға болады, алысуға!»
Солай, Кеңесжан! Бұл өмірде бәріне шыдау керек! Сонда ғана жеңіске жетесің!» – деді де, блокнотын қойнына сүңгітіп жіберді. Ақынның өлеңі отырғандарға керемет шабыт бергені соншалық отырысымыздың сәні кіре бастады. Басы салбырап, салы суға кетіп отырған Кеңес әп-сәтте құлпырып шыға келді.
Сол отырыстан кейін көп ұзамай Кеңес ағаларыңның ғылыми мақалалары бірінен кейін бірі бұрқырап шыға бастады. Көлемді ғылыми монографиясы жарық көрді. Докторлық диссертациясын қорғауға да рұқсат беріліп, 1973 жылдың маусым айында 38 жасында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, тарих ғылымы саласындағы ең жас ғылым докторы атанды. Көрдіңдер ме, ақын өлеңінің құдіретін! Сөйтіп, ол дүйім жұртқа әкесінің халық жауы емес екенін адал еңбегімен дәлелдеді! Ел алдында әкесін ақтап шықты!» – деп, өзіне тән сабырлылықпен әңгімесін өрбіте келіп: «Енді қалған әңгімені Кеңес ағаларың өзі айтып берсін! Сол кісіден қалғанын біліңдер», – деді де, сол күндердің қызығы мен қиындықтары есіне түсті ме екен Оразақын аға да ойға шомып кетті.
Кеңес ағаның үйіне қарай аяңдап келемін… Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Оразақын Асқар, Сүлеймен Тұрғамбаев, Кеңес Нұрпейісұлы… Бұл ұлы адамдардың бейнелері көз алдыма бірінен кейін бірі тоқтамай зырылдап өтіп жатыр. Не болып кеткенін аңғара алмаған күйімде ағаның табалдырығын аттай бере, алдымнан есік ашқан ағама қарап ақиық ақынның өлеңін тоқтамай оқып шықтым. «Өй, бүгін сен тіптен шабыттанып кетіпсің ғой. Төрлет, қалған әңгімені шешеңнің шайын ішіп отырып жалғастырайық», – деді де Кеңес ағам ас үйге бастады.
Менің Сүлеймен Тұрғамбаев курстас досымен, Оразақын Асқар құда-досымен болған әңгімелерімнің барлығын мұқият тыңдап болған соң, ақ күмістей болған шашын салалы саусақтарымен артқа қарай тарамдай отырып, сол күндердің жүйкеге түсірген ауыртпалықтарын еске алғысы келмесе де, басталған әңгіменің нүктесін қояйын дегендей: «Сол, 1972 жылдың көктемінде мен докторлық диссертациямды сәтті аяқтап, ғылыми кеңестердің талқылауларының барлық сатысынан өтіп, авторефератымды шығарып, қорғау күні белгіленіп, авторефератта қорғау уақыты көрсетіліп қойған еді. Академиядағы әріптестерім үлкен қолдау көрсетіп, әсіресе Ғылыми кеңесшім, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Академияның вице-президенті, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының директоры Ақай аға Нүсіпбеков ерекше қуаныш сезімінде болып еді. Авторефераттарды тиісті орындарға таратып болған соң, Ақай ағаның: «Кеңесжан, сен былай істе, өзіміздің елден шыққан, үлкен қызметте жүрген ағаларыңа авторефератыңды таратып, қорғау болатын күнге шақырып кел. Бәріне менен сәлем айт. Бәріміз бірге қуанайық! Олар да көрсін сенің үлкен азамат болғаныңды!» – деген әкелік ақ тілегінен кейін әртүрлі салада, біреулері министрліктерде, екіншілері партия-кеңес қызметтерінде қызмет істеп жүрген он шақты лауазымды тұлғаларға Ақай ағаның айтқанын жеткізіп, көңілім орнына түскендей болып еді. Енді тек сәтті қорғап шығу үшін тыңғылықты дайындалуға көтеріңкі көңіл күймен кірістім. Өзіме деген сенімім өте жоғары еді.
Менің сондай көтеріңкі көңіл күйім бір-ақ сәтте су сепкендей басылды. Күнделікті қалыптасқан әдетіміз бойынша, істеген шаруаның есебін беру үшін жұмыс басталар сәтте институт директорының кабинетіне кіріп едім, әр кезде де жылы шыраймен қарсы алатын Ақай ағаны тани алмай қалдым. Әдемі ақсары өңі сұрланып, қатты ашу үстінде отырғанын байқадым. Орнынан ауыр көтеріліп маған жақындады да, мені құшақтап тұрып: «Жақсылардың тамырына балта шабатын жауыздар әлі де арамызда бар екен. Сенің артыңнан біреулер Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне домалақ арыз түсіріпті. «Халық жауының» тұқымының Кеңес тарихынан докторлық қорғауға моральдық құқы жоқ дегенді желеу етіпті. Бірақ сен мойыма, еңсеңді түсірмей дайындала бер. Академия басшылары тарпынан республика басшыларымен ақылдасып жатырмыз. Мықты бол, қарағым», – деді Ақай аға әлі де болса ашуын баса алмай түнерген қалпында. Жүйкені жұқартқан 1972 жылдың жазы солай басталып, Мұқағали ағаның маған қайрат-жігер берген өлеңімен аяқталған еді.
Сөздің тоқ етері, Ақай ағаның қайраткерлігінің, Қазақстанның бірінші басшысы Димекеңмен – Дінмұхаммед Қонаевпен жақсы сыйластығының арқасында КСРО Мемлекеттік қауіпсіздігі комитетінен, Мәскеуден әкемнің ақталғаны туралы хат келген соң, келер жылы докторлығымды сәтті қорғадым», – деген сөздерді айтқанда, Кеңес ағамның үстінен ауыр жүк түскендей еңсесі көтеріліп сала берді.
«Сонымен, домалақ арызды кім жазыпты?» деген менің жолай қойған сұрағыма: «Е-е-е, қарағым, қазақта «ит үреді, керуен көшеді» дейтін қанатты сөз бар. Домалақ арыз жазған басқа емес, тура өз ауылымыздың адамы, ол облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болатын. Сол екен бықсытып жүрген. Менің кейінгі жетістіктеріме шын қуанған ағаларым әрқашан үйімнің төрінен табылып жатқанда, ол болса маған қарауға беті күйіп, теріс айналып қашатын», – деп еді Кеңес әкем шабыттанып отырып.
Сөз соңында айтарым, Мұқағали Мақатаевтың әр өлеңінің терең сырға толы тарихы бар екенін баса айтқымыз келеді. Бір өлеңінің тарихын талдағандай болдық. Бұл өлеңнің шығуына куә болған ағаларымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Айтылған ақиқат кейінгі ұрпақ, әр- қайсысы бір-бір тұлға болған ағаларымыздың мұрасын зерттеушілердің қажетіне жарайды ғой деп ойлаймыз. 

 

Талдыбек НҰРПЕЙІС,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дің профессоры,
Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір