АҚЫННЫҢ ЖАРЫ
Осы аптаның дүйсенбісінде жамбасы жерге тиген Қанағат Қараш Қанипа Бұғыбаеваның жан жары еді. Табиғат ананың ақындықты жомарт сыйлаған адамға есімінің қосақталуы біреулерге ерсі көрінуі де мүмкін-ау. Сөйтсе де бұл қосақтың ішкі жарасымын тым жақын білетіндер ғана аңғарар. Күні кеше дүниеден озғанға дейін сол ақын жарының атын ардақтады, тіпті қосағының өлеңімен өнер жарыстырғысы келгендей қадамға батыл да барды. Бұл қадам өзгеге жараспаса да, Қанағатқа қонымды болатын. Өйткені, ол Ұзынағаш сахнасына бірқатар қойылымдар шығарды. Даңқты өнер шебері Ыдырыс Ноғайбаевқа серіктесіп, спектакль тұжырымдарын жұртшылыққа жаңаша түсіндірді. Болашақ өнерпаздардың талабын шыңдады. Жұп-жұқа жаратылыс иесі қарасөз де жазды, ақындардың өлеңдеріне де «жан бітірді». Қазір қолыңа шам алып іздесең де осындай ерекшелігі бар Қанағат Қарашевты табу оңайға соқпайды.
Бұл шындықты дүниеден өткеннен соң барып түсінетініміз өкінішті.
Қош бол, Қанағат!
«Қазақ әдебиеті» газеті.