БЕЙСЕБАЙ АҚЫН МҰРАСЫ
Балғабек Қыдырбекұлы қайтыс болғалы бері талай жылдардың жүзі ауса да есімі ауыздан-ауызға ауысып, ұмытылмай аталып жататынының сыры неде? Кішкентай ғана бастау сөздің барысында оны ашуға тырысып, сөзді төпеп айтып шығу орынсыз әрине. Дей тұрсақ та, Балғабек Қыдырбекұлы өз заманының ақтаңдақ тақырыбын қаузап, соның ахуалын сезініп, бейнесін тірі елестете алатын ерекшелік иесі еді. Назарларыңызға ұсынып отырған Жетісу әншілік мектебінің көрнекті өкілі, әрі ақын Бейсебай Қаратаев туралы мақаласы өткен ғасырдың 90 жылдарының басында жазылған екен. Бейсебай Қаратаев қазақтың орысқа бодан болар алдындағы ұлттың аңқау қонақжайлығын шынайы ашқан дастан авторы. Оны реті келген жағдайда жарияламақ ойымыз да бар.
Балғабек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ
Бейсебай Қаратаев шынымен-ақ Кеңес өкіметін шын жақтаған, Қазан төңкерісін барлық көзі ашық қазақтардың көбінің-ақ шын бостандық келді деп ұғып, бәрінің де теңдікке енді қолымыз жетті деп білгеніндей төңкеріске шын жанын салған адам еді. Ол кездегі оқыған адамдарға дейін төңкерісті осылай ұқты, осылай түсінді, өздерінің алдына төңкеріс жолына қызмет етуді борышым деп білді. Өйткені, Қазан төңкерісі тек бостандыққа үндейтін, ұлттарға өзін-өзі билеуге мұрсат беру ұрандарымен жүргізілді. Сондықтан да қазақтың көзі ашық азаматтары А.Байтұрсынов, М.Дулатов төңкеріске теңдік келді деп қарады. Алғашқысы тіпті 1919 жылы Коммунистік партияға мүше де болды. Ал Жүсіпбек Аймауытов:
«Қазағым, қақтықпа, қамалма,
Ел болар қамыңды амалда.
Атты таң, шықты күн, кетті түн,
Сал малды, сал жанды аянба!», – деп жалындай жырлады.
Демек, патша үкіметі кезінде-ақ қуғынға ұшырап, билеуші ұлт тарапынан басынан-ақ теперіш көріп, бірер рет айдалып, енді қашып жүрген Бейсебай Қаратаевтың Қазан төңкерісін қуана қарсы алуы заңды да, түсінікті де болатын. Оның о бастан отарлау саясатына қарсы болатыны – отарлаушы ұлт тарапынан көрген қорлық, зорлық-зомбылығынан қалыптасқандығы.
Жетісуды орыс патшалығының отарлауы XIX ғасырдың елуінші жылдарынан делініп жүр. Рас, орыс отаршылары Жетісуға сол жылдары келді. Бірақ тоғыз жүзінші жылдарға дейін қазақ арасына қатал билігін әлі жүргізе алмады.
Өйткені, «сырын білмеген аттың сыртынан жүру» әлі ертерек еді. Дегенмен, қазақтың Шапырашты – Дулатының Үш Алматы шатқалындағы қыстағына қазығын қағып, бекініс тұрғыза бастады. Ең алдымен Сүтбастауды (қазіргі Кіші станица аталатын жер) иемденді. Ондағы қазақтарды жерінен «қайда барсаң онда бар» деп қуып тастады. Сүтбастаудағы қазақ байларының қарағайдан қиып салған үйлерін тартып алды. Қазақ жерінде бұрын түк болмаған деп оларды жабайы адам деп көрсету үшін бұл жерде ештеме жоқ болатын деген құжаттар қалдырды. Алматы төңірегіндегі қазақтарды билеу 1905 жылдан басталды да, 1911 жылы жер-су, шаруа хаттауы жүргізілген соң қазақтар біржола нәлет қамытын киіп, бұғауда, бұрылуға шамасы келмей қалды. Бұл шақта отаршылар қазақтардың мінез-құлқын, жер жағдайын, рулық қарым-қатынасын біршама біліп те алған еді.
Жетісуды отарлау саясаты кезіндегі жағдайды, қазақтардың патша өкіметіне көрсеткен қарсылығын Бейсебай Қаратаевтың 1906 жылы жазылып артында қалған мына «Құсалық» деген өлеңінен айқын көруге болады.
Бейсебай Қаратаев сол отаршылдықтың алғашқы тұтқынының бірі болып 1915 жылы ұсталып, Сібірге айдалды. Патша өкіметінің қуғын-сүргінімен жүріп сүйгеніне үйлене алмаған ол айдалып кетіп бара жатып «Ой жалған, алтын таң» деген ән қалдырды.
Бейсебай Қаратаев он бесінші жылдың жазында Күрті елі Үлкен сазды жайлап отырғанда ұсталған. Сүйгені Ботбай елінің қызы Нұржамал әкесінің оң жағында-ақ отырып, оның ісін қуа артынан Алматыға келген. Нұржамал Ботбай еліндегі Шағатай деген атаның Қарымбай деген асқан байының қызы еді. Ол бай төркініне арқа сүйеп, біраз мал шашып көрген. Бірақ Бейсебай қыр Сібірге айдалған. Нұржамал ақшаны аямай төгіп, Бейсебайды Ақсуға дейін шығарып салған. Сол жолда Бейсебай ақын «Ой жалған, алтын таң» әнін салып айдау жолындағы елді әнімен оятып отырған:
Сүйеніп жүретін ем-ай бар жігерге,
Ұсталдым сүрінген соң-ай бір шөгірге.
Ой, жалған, алтын таң.
Қош елім аман болғын-ай, Нұржамалым,
Айдалып кетіп барам-ай қыр Сібірге.
Ой, жалған, алтын таң,
Келер, кетер, қайрылмас.
Артымда елім қалды-ай тау жайлаулы,
Кері кетер басқан аяқ-ай жол айдаулы,
Ой жалған, алтын таң.
Көргенмен Алматының-ай көшесінде,
Қайтейін құшақтаман-ай қол байлаулы.
Ой жалған, алтын таң,
Келер, кетер, қайрылмас.
Әнді алғаш рет Қазақстанның мемлекет қайраткері Ораз Жандосов өзінің зайыбы Фатима Жандосовамен А.В.Затаевичке жаздырған. Ерлі-зайыпты Жандосовтар жаздырған тоғыз әннің сегізі Затаевич жинағында бар, тіпті осы әнмен бірге жазғызған Бейсебай Қаратаевтың «Қош, аман бол!» әні жарияланған да, жалғыз «Ой жалған, алтын таң» түсіп қалған. Сондықтан Ораз Жандосов 1934 жылы Е.Г.Брусиловскийге мұны қайта жаздыртқан. Кейін 1935 жылы бұл ән Ақжүністің ариясы болып «Ер Тарғын» операсына кірді. Операда ән «Бұл батыр қайдан келген біздің елге…» деп басталады және ол кезде Күләш Байсейітованың дауысына арнап жазылған. Кейін Ақжүніс партиясын Үрия Тұрдықұлова орындайтын болғандықтан ән қайта түзелген-ді.
Айдалып бара жатқан Бейсебай Қаратаевты Ақсу төңірегінде Маман – Тұрысбек ауылы, дәлірек айтар болсақ, Есенқұл (филология ғылымының кандидаты, марқұм Ибрагим Мамановтың әкесі) бір күнге кепілге алып, үй көтеріп салып, қонақасы берген. Осы жерден ақынның сүйгені елге қайтатын болып, Бейсебай «Қош, аман бол!» әнін айтқан. Бұл әнді кезінде Затаевичтің жазып алғанын жоғарыда сөз еттік. 1928 жылы қазақ драма театры ұйымдастырылғанда осы істің басы-қасында болған, сол кезде Қазақстанның халық ағарту Халық комиссары (өнер де осы комиссариатқа бағынған) Ораз Жандосов бір күн түске дейін отырып осы әнді Елубай Өмірзақовқа үйреткен. Бірақ әннің Жетісу елінде қалған нұсқасының Затаевич жазып алғанынан да, Е.Өмірзақов айтатынынан да (екеуі бір кісіден шықса да) өзгешелеу, әжептәуір ноталық айырмашылығы бар. Мысалы, Е.Өмірзақов айтуында әннің үшінші жолы әннің екінші жолы сияқты биік нотада басталса, біз ұсынып отырған нұсқада үшінші, төртінші жолы да мүлдем бөлекше, дауысқа жайлылау, қоңырлау нотамен беріледі. Қайырмасындағы «шіркін-ай» дейтін жолдағы дауыста бір-ер нота төмен түсіп кетеді. «Қош, аман бол!» әнінің өлеңі мынау:
Жасымнан болдым құмар, сәулем саған,
Күн бар ма дидарласар есен-аман.
Дүниеде сенсіз маған қызық бар ма?
Тілекке жететұғын туса заман.
Қайырмасы:
Аппақ етің қардай бар,
Қызыл бетің қандай бар,
Сен сәулемнің татулығы,
Кеудемдегі жандай бар.
Ахау, шіркін-ай,
Беу, беу, беу
Қош, аман бол-ай!
Сағынып хат жазамын алтын айым,
Бір заман сені көріп тұра алмаймын.
Дүниеде бір өзіңе не тең келер,
Киіктің ұқсатамын құралайын-ай!
Қайырмасы.
Елуді алқымдап қалған Бейсебай Қаратаев осы әнді айтып, сүйгенімен көрісіп қоштасқанда «жасы келген адамның онысы несі-ай» деп келін-кепшік бетін шымшыса, енді біразы, әсіресе мосқал адамдар «қайтсін-ай!» деп көзін сүрткен. Сөйтіп Бейсебай аяғында кісен, қолында зәнжір айдалып кете барған. «Қазыбек менің өтенім», «Жігіт болса шоқ болсын», «Үш Алматы» әндері де осы «Қош, аман бол!» тақылеттес әндер.
Ақын Семейге барған жерде, кемеге отырар сәтте қазаққа белгілі Сабыржан Ғаббасов кездесіп қалып бір орыс жігітінің шеберлігімен кісенді ашқызып, қашып шыққан. Ол енді елге қарай келмей, керісінше Тарбағатай кетіп, қалың найман арасында бір жылдай жүріп алған, өзін ең алдымен елінен іздейтінін жақсы білген. Сондықтан да кері қашып, он алтыншы жылдың дүрбелеңі басталар сәтте ғана еліне оралған. Бірақ ел ішінде жүргенмен қашып-пұсып, бірсыпыра уақыт елсіз жерлерді мекен еткен. Әсіресе, ата-баба көктеуі Өтеген – Қазыбекті кезіп, құмда ғұмыр кешті. Сондай қашқын шағында «Үш шоқының аяғы құм болады» сияқты бірнеше ән шығарған. Әннің түзілісі айдау кезіндегі алғашқы әндеріне де, төңкерістен соңғы шығарған әуездеріне де ұқсамайды. Және көркемдік жағынан бұл ән әуені онша жатық та емес, жан терберлігі де аз. Алғашқы «Ой жалған, алтын таң» мен «Қош, аман болды» шығарған адамның әні дегенге сенгің де келмейді. Бірақ шығармашылық өнері қиын өнер. Ол адамның көңіл-күйіне, жан дүниесінің тербелісі-қозғалысына сүйенішті де, тәуелді де. Оны мойындамасқа болмайды. Әрине, тосын қараған адам егіліп-төгіліп тұрған әнді тыңдаған соң, одан мұңды-шерді, жүрек кернеген қапа-қайғыны ұққан соң жайбағыстау, қарапайымдау әнге көңілі толыңқырамай, қоңылтақсып, ән әуезін қомсынып қалады. Бірақ бәрібір болмысты өзгерту қиын болып қала береді. Әннің нотасы көңілді-ақ.
Үш шоқының аяғы құм болады,
Құм ішінде қаптаған жым болады.
Жыммен жымып жүрсем де жасырынып,
Сені ойласам жүрегім тым болады.
Қайырмасы:
Арайым-ау, арайым-ау,
Сары майым-ау,
Салмағай сары уәйім-ау.
Қара адырдың аяғы сор болады,
Жете алмаған тілекке қор болады.
Сенен жырақ жүргенде Нұржамал-жан,
Қайран менің жүрегім құм болады.
Қайырмасы.
Он жетінші жыл келіп, патша тақтан кеткен соң бұғаудан босанған арыстандай ақын да түлеп сала берді. Ел ішіндегі бостандық деген ахуал Бейсебай Қаратаевты да шарпып, жан дүниесін жадыратып жіберді. Ақын өзінің мосқалдығына қарамастан өзінен жиырма жастай кіші бәйбішесі Нұржамалына тағы бір ән арнады. Әннің әуені көңіл-күйінің өрлеуін, жан дүниесінің шат-шадымандығын, қуанышын айқын сездіреді. Ән әуені ақынның туған даласындай тынысын кеңіте түскендей. Бұлтсыз, ашық аспан асты өзіне тиген ақын көтеріңкі құш әуезбен жүрегінің қылын шерткен ыстық махаббатын алғанына бағыштайды, елі жеткен бостандықты қуана әнге қосады. Бас бостандығынан айырған түнекті, түпсіз күн көрінбес зындандай қысталаң заман алыс қалғанын, енді бостандық болғанын өлеңімен де, оған дәп сәйкес келіп тұрған әдемі әнімен де әлемге паш етеді. Шынымен «Нұржамал» әуелгіде Жетісуды шарлап кетті де, бері келе ұмыт бола бастады. Бірақ қалайда Бейсебай ақынның қыздармен болған қызықты айтыстары әңгіме болғанда бұл әннің де шеті шығып қалып отырады, ел ақынды еске алғанда оның әндерінен де мәлімет береді. Совет-Герман соғысынан бұрын мұндай ескі әңгімелерді айтатын адамдар көп еді, отыз жетінші жылы қаймағымыз, қырық бірде кілегейіміз сапырылған соң, қаспағымыз қалды да, осы кезге дейін қаймақ тұрар сүтті қазанға толтыра алмай жатқан жайымыз бар емес пе. Ел ішінде бірлі-жарымды тереңнен ой толғап, өзіңнің жаныңды тербетіп жіберетін адамдар бар. Мысалы, Қазақстанның халық ақыны Әсімхан Қосбасаровты алайық. Ол өзінің суырыпсалма ақындығын былай қойғанда «Мың бір түн» хикаяларын өлеңмен айтқанда судай сіміреді. Ескі қиссаларды айтқанда аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Онымен әңгімелесу бір ғанибет. Бірақ жұрттың бәрі Әсімхан болып туа бере ме? Ауыл қарияларының өзінің қайда жүріп, қайда тұрғанын айтып бере алмайтынын көргенде күйзелмей тұра алмайсың. Ал бұдан кейін оның жанында өскен жастардың тіл-аузын қойып қалмағанына қайта шүкіршілік еткендейсің.
Ақын «Нұржамал» әнін шығарғанда елуден асып қалған-ды. Бейсебай сыртқы бейнесі онша көрікті адам емес-ті. «Сары сұр адам екен, тым өңді емес, құбылар тоты құстай әлгі антұрған» деп Сараның Біржанды айтқанындай, өзінен Бейсебай бейнесі тартымды болмағанмен, Нұржамалды оның өнері тартқан болса керек-ті. Өзінің басын бағалаған Нұржамалының ақын да қадіріне жеткен-ді. Әнін естіп кейін Бейсебайдың өзін көрген кейбір жеңіл ойлылар: «осы шалдың қай жеріне қызықты екен» (ақынның келбетіне кейін тоқталамыз) дегенді естіп қалған Нұржамал: «өнеріне» депті деген әңгіме де бар. Сонымен «Нұржамал» әнінің тексті былай келеді:
Өлең айтқым келеді бүгін таңда,
Артта қалды ескі күн қалың таңда.
Ахау, Нұржамал-ай,
Ғашық едім саған-ай,
Бостандық берген заман-ай!
Әкең байқұс сұрап еді қырық жеті,
Қалың беру жойылды бүгін заңда.
Қайырмасы:
Кездессек те басында жол тұстасып,
Кеткен едік ажырап жылыстасып.
Қайырмасы:
Уәдеңде тұрыпсың Нұржамалым,
Заман туды кететін қол ұстасып.
Қайырмасы.
Бейсебай ақынның өлеңдері мен әндерінің бір ерекшелігі уақытына өте сәйкес, заман оқиғасын, сол кездегі жағдай пернесін дәл басуында деу керек. Оны әнінен де, тіпті айтыс өлеңдерінен де көреміз. Мысалы, Тұмар қызбен айтысқанда Тұмардың:
Сен бе едің Бейсебайым медаль таққан,
Советтің жалаң аяқ отын жаққан.
Мойныңа медаліңді тағып алсаң,
Құдды тазыға ұқсайсың қарғы таққан, –
дегеніне ақын шамданбай, жеңіл әзілмен:
Мен едім Бейсебайың медаль таққан,
Осы медаль келіпті Мәскеу жақтан.
Төреңе қапылыста тіл тигізіп,
Басың сотты болады-ау, Құдай атқан, – деп жауап қатады. Мен бұл жерде ақынның Тұмармен, Зейнепиямен айтыстарына тоқталмаймын. Оны Әсекең (Әсімхан Қосбасаров) айтып жүргендіктен жоғарыда айтқанымдай, ақынның пішінін Тұмардың қалай суреттегенін ғана айтпақпын. Қыз:
Бейсебай жамбастамай тұрып отыр,
Құдайым қай жағыңнан ұрып отыр.
Ит жауырын, бақа төс, шошқа қабақ,
Саған кімнің обыры құрып отыр, – десе, ақын оған доз шақырмайды, мені тілдеді деп ашуланбайды, «Қыз сөзі батқан сайын жаным кірер, қарамай қатты сөйле өлгеніме» деп Біржан айтқандай, Бейсебай ақын:
Бұл сөзге доз шақырман ақын Тұмар,
Қай жігітке болса да Тұмар құмар.
Бақа төс, шошқа қабақ білінбес-ті,
Болғанда менімен ұмар-жұмар, – деп жауап береді.
Бейсебай ақынның айрықша тоқтауға тұрарлық соңғы әні – 1922 жылы шығарған «Қайран Ораз» әні. Әннің шығу тарихы былай келеді. 1921 жылы Жетісуда жүрген жер-су реформасы кезінде Жетісу әскери-төңкеріс комитетінің төрағасы Ораз Жандосов губернияның бірнеше қыстақ-кенттерін отаршылардан босатып, қазақтарға жерін қайтарған. Бұрын патша өкіметі құмға, шөлге айдап тастаған, жерінен айырылып қаңғып қалған, тентіреп кеткен қазақ еңбекшілері қайтадан Шұбар, Шамалған, Шилікемер, Мұқыры тағы бірсыпыра үлкен қыстақтарға қайта орналасқан. Бұған шыдай алмай, билеп-төстеп үйреніп қалған орыс кулактары Мәскеуге арызды боратсын-ай, келіп. Осыдан кейін Ташкенттегі билеуші шовандар «Қазақтарды жерге бірінші кезекте орналастырғаны үшін» Ораз Жандосовты орнынан босатқан. Халық өтінішімен Мәскеуден қайта комиссия келіп, Жетісудағы жер-су реформасының жүргізілуін тексеріп, мәселе РК(б)П Орталық Комитетінің Ұйымдастыру Бюросында қаралған. Онда Жандосовтың атқарған қызметі құпталсын делінген. Осыдан кейін О. Жандосов Түркістан республикасының басшы қызметіне – Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің насихат бөлімін басқаруға жіберіліп және секретариатқа енгізілген. Республика астанасы Ташкент қаласы болғандықтан ол сол жаққа көшкен. Жетісулықтар отаршылардан өшін, жерін алып берген Жандосовты ел болып шығарып салып, екі жүз атты адам Қордай асуына дейін қосын қошықтап, думандатқан. Міне, Бейсебай Қаратаев әнді осы жолы шығарып, бүкіл жетісулықтардың ерік-жігерін, Оразға деген ақ көңілін осы әнмен жеткізген, бейнелеген. Белгілі бұлбұл Кенен Әзірбаев та «Оразжан» әнін осы жолы шығарған-ды. Бейсебайдың «Қайран Ораз» әнін толқымай, күйзелмей тыңдау қиын. Оның мақамы Бейсебай ақынның ойының, әншілік-шығармашылық деңгейін естір, ұғар құлаққа біршама құйып-ақ тастайды, жүрегіңнің түкпір-түкпіріне жеткізеді. Әннің ұзын-ырғасында бұрын құлдықта-күңдікте жүріп, жерінен айырылып, енді-енді қатарға қосылдық па, қосылмадық па деген, отаршылар малайлығынан құтылғандардың құйқа шымырлатарлық зар-мұңы әннің өлеңінен де гөрі әуен ырғағынан айқын аңғарылады. Әсіресе, ән қайырмасындағы «Қайран Ораз-ау!», «оу, қош аман бол!», «жерің қалды», «елің қалды» деп тебіренетін тұстары алғашқы жақсылық жасаған адамынан айырылғанына халықтың зар еңірегеніндей естіледі.
Кеттің бе Жетісудан, қайран Ораз,
Кулак пен капиталға ойран Ораз,
Қайран Ораз-ау.
Қуғанда контрларды Алатаудан,
Ел-жұртың салып еді сайран Ораз,
Қайран Ораз-ау.
О-оу, қош аман бол-ау.
Жетісу өзің өскен жерің қалды,
Артыңда Үйсін-Найман елің қалды,
Жерің қалды-ау.
Жиында ертіп жүріп ән салғызар,
Еңіреп Бейсебайдай серің қалды,
Елің қалды-ау.
О-оу, қош аман бол-ау.
Отыз жетінші жылдың сүреңі әркімнің-ақ есінде. Міне, отызыншы жылдарғы аласапыраннан кейін «Қайран Ораз» оған айтылған жоқтау сияқты болып естілетін еді. Совет-Герман соғысы кезінде де жасырып-жауып айтылатын бұл әуез қаяулы-қайғылы көңілдің зарындай шығатын. Оны өзіміз талай көрдік, куәсі болдық.
Бейсебай ақынның бұлардан басқа да төрт әні бар. Оның бәрі де төңкерісшіл, қалыпты арнаға сыймай, қатты тасыған өзендей буырқанған ақынның азапты да, аяулы да өмірімен сабақтасып жатады. Соның бәрінде де асқақ арман, қайғылы мұң жатыр. Кейбіреулер бұл әндер содан бері неге жарық көрмеген, неге айтылмаған деген сұрақ қоюы да мүмкін. Солай десе ол заңды да болып шығады. Дегенмен, оқушы жұртшылыққа мына бір жайды ескерте кетпей, айтып өтпесек болмайды. Өйткені, ол жайды біреу білсе де біреу білмейді. Бір кездері БК(б)П Орталық Комитеті қайғылы, мұңлы әуездерді қатты сынға алғаны белгілі. Сондықтан да бұл әндер айтылмай қалды. Оның үстіне ақынның жоқтаушысы да болмады. Артында бала-шағасы қалмады. Бұл әнді білетін адамдардың оны жарыққа шығаруға сауаты жетпеді, тәуекелі тұрмады. Мен сияқтылар жас болды немесе ер жеткен соң жұмысбастылықпен онымен айналыса алмады. Міне, енді, тізгін-шылбыр өз қолымызға көшіп, кеңшілік заман туғанда асыл кездікті қап түбіне сақтап қоюды жөн деп таппадық.
Айталық «Көрікті Балқаш, көк Балқаш» әніне сол кезде айтылса да ешбір тосқауыл болмас еді. Бірақ ән жоғарыда айтылған себеппен үнсіз қала берді.
Бейсебай әндерінің өлеңдері автор өзі шығарғандықтан болуы керек, әннің жалпы мазмұнына өте сәйкес келеді. Ал сондай-ақ, ән сөздері әуездік үнге өте бейім. Бұл автордың өзінің әншілік өнерінің біршама жоғары екенін көрсетеді. Оны мына «Көрікті Балқаш, көк Балқаш» әнінен анық байқаймыз:
Балқаштың суы тұнық, жері құрақ,
Берісі көгал болар шұрат-шұрат,
Жігітке сәукім салған ермек етер,
Табылмас бұдан өзге бекем тұрақ.
Қайырмасы:
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Көрікті Балқаш,
Көк Балқаш.
Әз Балқаш, көк тұнығым, көгіл ірген,
Бетінде жүзген аққу көңілдермен,
Құдайым мұнша көрік береді екен,
Аузынан көк күмісті төгілдірген.
Мажалы ақынға ұсталып, жерінен айдалғаны оның шығармашылық өнеріне қатты әсер еткен. Оның сол бір шақтағы қай әнінің сөзін алсаңыз да аузынан ah ұрып, жалын атып тұрады. Сонымен бірге, ол өзіне ара түсе алмаған, ұлық алдында айдаһар аузына тасталған қояндай қалтылдап, қорқақтап, қораштанып қалғанын көру қиын емес. Ол «табанында тақа жоқ» болыстарды сынай кетуді де ұмытпайды. Оны мына бір «Жігіт болса шоқ болсын» әнінің сөздерінен аңғарамыз:
Тұтқын болдым жете алмай қарашаға,
Мүсәпірге Құдайым қараса ма?
Табанында тақа жоқ болыстардың,
Түсе алмады-ау қыз құрлы арашаға.
Қайырмасы:
Жігіт болса шоқ болсын,
Екі көзі ор болсын,
Егер олай болмаса,
Бар болғанша жоқ болсын,
Бар болғанша жоқ болсын!
Армандамын мінгенге атқа шабан
Тұтқын болдым жете алмай күзге таман,
Барлық адам бұл кезде өтпес пышақ,
Бай болпиған бос екен болыс сабан.
Қайырмасы.
Рас-ақ. Тіпті ол кезде орыс отаршыларының сырын, жайын қазақтар аңғарып болмаған шақ еді. Өйткені, жеріне келген адамдарды өздері сияқты кең пейілді, көңілінде дағы жоқ адам деп есептеді, оның үстіне қит етсе, қыр Сібірге айдатып жатқанды көріп отырып олар қалай ғана қимылдай алсын. Бүйідей бүріп алған отаршылар оларға ондай бір бұлқынатын кеңшілік қалдыра қойды ма. Оны кеше ғана өз басымыздан кешірдік емес пе!? Сондай зорлық-зомбылықтың езгісін көрген Бейсебай ақын өзінің мекен жайын айта отырып, ғашығынан қалай айырып бара жатқанын «Қазыбек менің өтенім» әнімен білдірді:
Қазыбекке құс қонар қалықтасып,
Неге ғана құшпадым алып қашып.
Қол ұстасып өткенде Нұржамалым,
Жүрер едік бүгінде шабыт тасып.
Қайырмасы:
Қазыбек менің өтенім,
Қалай-ақ сенен кетемін,
Қай түкпірде жүрсем де,
Әндетіп сені өтемін.
Қазыбекке құс қонар қайырылып,
Қалды көңлім, шиткіді, майырылып.
Опа берсін өзіңе Нұржамалым,
Ақсеңгірде барамыз айырылып.
Қайырмасы.
Бейсебай ақынның күйрен жан емес, шын мәніндегі күрескер екенін де ән текстерінен аңғаруға болады. Ол тағдырыма налып қайтемін дей отырып, ертеңге болашаққа бекем сенім артады. Өзінің жеріне қайта ораламын-ау деген сенімінен айырылмайды. Өйткені, ол өз ісінің әділ екенін, адамшылық тұрғыдан адал екенін біледі. Сондықтан да ол жолығып өлмегенге өлі балық дәм бұйырып қайтып келетінін де болжайды. Жерін де, елін де аңсайды. Жерін, елін әнге қосып, оның байлығын, табиғатының сұлулығынан да хабар бере отырады. Оның аңсайтыны ғашығы Нұржамал болса, сағынатын жері Үш Алматысы. «Үш Алматы» әнінің сөзі мынадай:
Алатау қалдың артта көз көрімде,
Жатар ма ем бір шынтақтап өз төрімде.
Әркімнің жүрген жері Мысыр шаһар,
Қой жайып-ақ жүрер ме ем өз жерімде.
Қайырмасы:
Балдырғаны білектей,
Бүлдіргені жүректей,
Үш Алматы жерім-ай!
Мен қайтем тағдырыма бүгін налып,
Алатау артта қалды-ау, қайран алып.
Бәлкім мен дәм бұйырып қайтып келем,
Жолығып өлмегенге өлі балық.
Қайырмасы:
Қазандай бұлақ қайнаған,
Бағында бұлбұл сайраған,
Үш Алматы жерім-ай!
Бейсебай Қаратайұлы жасырып-жауып қоюға болмайтын, ұмытылмайтын ақын, әнші. Оның әндері адам жанының қылын шертеді, адамның жан дүниесін қозғамай қоймайды. Бүгін еліміз егемендік алғанда Бейсебай ақын әндері жастардың отаншылдығына арқау боларлық, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра түсер әндер екенін баса айтқан жөн болар еді. Оның әндері енді өз атымен жарық көретін, бүгінгі маман әншілер аузынан естілуге лайықты сұлу саз екенін еске саламыз. Асыл кездік қап түбінде жатпайтын болса, бұл әндердің де жарқын естілер уақыты болды деп шамалаймыз.
1994 жыл.