УАҚЫТТЫҢ УӘЖДІ СӨЗІ
15.01.2016
1019
0

АҚЫН КӘДІРБЕК ҚҰНЫПИЯҰЛЫНЫҢ «АЛТЫН СЕМСЕР» ЖИНАҒЫ ТУРАЛЫ

 
822516_1212412288______________________Бүгіндер, біз, қазақ, ісімізге де, рухани болмысымызға да бөлекше шабыт беретін биік белеске көтерілдік. Белес аты – Тәуелсіздік! Қазақ елі кешегі Отарстаннан бүгінгі Азатстанға айналды. Халқымыз қайта туғандай қуанышқа бөленуде. Осындай ғажайып шақ, ғанибеттің үстінде ғой ақындардың жинағынан  ұйтқыған ұлтжанды сезіміңе тіл бітіретін көркем кестелі сөз табылар ма деп дәмететінің. 

Кәдірбек Құныпияұлының «Алтын семсер» («Алаш» баспасы, 2015 ж.) атты жыр кітабын парақтап отырмын. «Алғы сөз орнына» дейтін аңдатпасында  ақын Жүрсін Ерман жазғандай, «өз ортасынан мойын озды­рып, ағалыққа, сақалыққа бет бұрған» ша­йыр шынында да пісіп толып, үлкен мағы­на­сындағы поэзия өлкесіне бет қойған.
Әр көркем шығарма уақыт уәжінен та­былуға тиіс. Ежелден белгілі ақиқат: ұлттық, қоғамдық өрлеу жылдарында лирикалық поэзия дүр сілкініп, соны, соқталы ізденіс­терге бой ұрмақ. Кәдірбек Құныпияұлының уәжді, ұтымды ақындық лебізі, Мағжанша айтқанда, «Жан сөзі» де биылғы жылы ширек ғасырлық тойын тойлайтын теңдесі жоқ тарихи оқиға рухымен арқауланған.
Уақыттың, дәуірдің  өзгерген, күрделен­ген бейнесі, әсіресе  «Біз – барыспыз», «Сенің жы­рың», «Айсамал» атты лириканың саяси-әлеуметтік түрлерінен айқын көрініс табады. Ұрандаған, жалындаған тақпақ күйінде емес, ішкі иірімдерінен, қайшылы­ғы­нан, ойы мен сезімінің үндестік таппай арпалысуынан. Айталық, «Біз – барыспыз» өлеңінің «Жастық шағын Желтоқсанға қарытқан», «Ерен жұртын есі кете сүйген» лирикалық кейіпкері:
Жігерлерді жанитұғын қайрақпыз,
Күншілдерді күмілжітер айбатпыз, –
деп ұрандата келе, 
Тәуелсіздік орнатып ап тізгінді
Пысықтарға бере салған бейбақпыз, – деп опынады. Өлең ырғағы үйреншікті арнадан ауытқып, лирикалық герой жалғыз шу­мақ аясында қайраттанып та, қапаланып та үл­гіреді.
Тәуелсіздікті тың теңеу, эпитет, метафора тауып жырлауға да болады. Ал Кәдірбек баршамызға ортақ қуанышымызды жанамалап сипаттайтын өзінше бір татымды тәсіл тапқан.
Бастапқы жолы Қасым Аманжоловтың әйгілі «Дариға, сол қыз» өлеңін еске түсіретін «Сүмбіл» жыры Түркияда  меймандықта  жүр­ген «алаулы гүл-гүл өңі» албыраған татар аруына арналған. Бір сәт ғашықтық жырға ұқсайды, бір сәт ұқсамайды. Асау жыр­дың бас бермей кеткендігінен емес. Әуені роман­тикалық Һәм реалистік өрнекпен әрленген. Романтика «Түнде ме еді, дариға-ай, күндіз бе еді» деген ілкі жолға байланыс­ты ырғақта. Реалистігі – татар қызы шерте­тін келелі әңгімеде.
Тілмашсыз-ақ шалқыды сөздің нұры,
Тіл мен ділде – туыстық, сездім мұны.
Мұңы да ортақ жан екен, жыры да ортақ,
Өз мұңы емес, айтқаны – елдің мұңы.
 
Үміт артқан ертеңгі таңдарына,
Қызығасың, шіркін-ай, арманына.
Шүкіршілік етеді іргесінде
Қазақ деген тәуелсіз ел барына.
Лирикалық кейіпкердің жүрегін баурайтын жанды әсері шерлі де нұрлы. Орағытып келіп, Тәуелсіздігіміздің бек қымбат бейнесін асқақтатқан. Осы репетті қызулы керікалаң сөздердің тағы бір үлгісін ақын туралы жырдан кезіктіреміз.
 Жоқтау – қазақ өлеңіне ежелден сіңісті тұрмыс-салт жырының саласы. О дүниеге ертерек «асығыңқырап» кеткен ақын Мұқа­ғали Мақатаевқа арналған «Сенің жырың» атты өлеңінде Кәдірбек шерлі, азалы әуенге салынбағанымен, сүйікті сөз тарланының өзі салысқан бақшаның жемісін тере алмағанына өкінішін жасырмайды. Бірақ та Мұқағали тағдырын аянышты тағдырға және жатқызбайды.
Қазағым деп 
көзден жасың таматын,
Қазағым деп 
қайырылды қанатың.
Қазағым деп 
соңғы демің шыққанда 
Тәуелсіздік бері қараған болатын.
Жырдың түп қазығын түсіну қиын емес. Мұқағали жырын құсқа, құсын жырға айналдырып, ұлт санасын оятты, Қазаққа «бе­тін бұрған Азаттық» күнін жақындатты. Сол се­бепті, Мұқағали жыры Мәңгілік Елімен бір­ге жасамақ дейді.
Ой тереңі, сөз ұстасы туралы толғауын Кәдірбек:
Сенің Жырың –
жанған шуақ жанардан.
Сенің Жырың – 
аққу қанат ақ арман.
Тәуелсіздік –
Сенің Жырың секілді. 
Оттан аман 
Отанына оралған – деп аяқтайды. Бір оқпен екі қоянды атып алды деп осындайда айтылса керек. Мұқа­ғали ақын бейнесі мен Тәуелсіздік идеясы іштей қабысып, үйлесімді жарастық тапқан. Айналып келгенде жоқтау жыры күрт жаңа­рып, өркенді өмір жырын, Тәуелсіздік тамы­ры­ның соғуын тыңдатады.
«Айсамал» атты өлеңінде де ақынның қо­ғамдық, эстетикалық мұраты, идеалы мен Тәуелсіздік идеясы бір өрімде өрілген. Дос­тары ақынның жаңа туған нәрестесі дүние есігін Тәуелсіздік күні ашқандықтан, есімін Айсамал атапты.
АЙ – желтоқсан,
ал САМАЛ – тәуелсіздік.
Сен туғанда осылай әуен сыздық.
Желтоқсанның желі ғой сілкіндірген,
Жайлағанда қазақты еренсіздік.
Жалпы, лирикалық поэзия ақындық Мен және  Ел-жер ұғымдарын айырғысыз бірлікте жырлайтыны мәлім. Осы арналы поэзиядан Кәдірбек өз соқпағын таба білген. Біреу айтса қайталап, күйісін он қайыратындардан емес. «Қазақстан картасы» және «Қарқара, қайда барасың?!» өлеңдерінде лирикалық кейіпкердің көңіл-күйі құбылмалы, бірі-біріне қайшы, әрқилы сезімге шырмалады. Сонысымен оқушысын бей-жай қалдырмай­ды. Қазақстан картасына көз салып тұрған лирикалық герой:
Алқауымен Алланың жаратылған,
Қалықтайды қаздай боп қанатында ән.
Орынборы бұйырып Ресейге,
Оңтүстігі өзбекке қаратылған.
Ел сетілген тұстары, жер сетілген,
Қызыл-қара сызықпен көрсетілген. 
Еділіне батысы иек артпай,
Ен шығысы қытайға енші етілген, – деп қамығады. Қамығуының жөні бар. Ойдан шығарылмаған тарихи шындық. Орын­бор қаласы 1925 жылға дейін Қазақ Авто­номия­лық Республикасының астанасы болған. Гүл бақшалы Бостандық ауданы ше? Етіңнен ет кесіп бергендей әлі де жаныңды ауыртады.
Дау тууы. Бір есік, бір тесік заманға кез болған  уақыт келмеске кеткен. Тәуелсіз­дікпен бірге демократия, сөз бостандығы сал­танат құрды. Сондықтан, ау, шырақ, елі­міз­дің ше­ка­ра­сын көрші елдермен дос пе­йіл­ді келіс­сөз жүргізіп, ауыс-күйіс жаса­ғаннан Мәңгілік  Еліміздің қауіпсіз болашағы үшін ұтылғаны­мыз­дан  ұтқанымыз әлде қай­да көп емес пе! – деп өлең авторын сынау орын­сыз. Саяси лирика саяси мақала емес.
Қазақстан картасынан көз алмай тұрған лирикалық кейіпкердің әлем-тапырық ішкі дүниесін торлаған қара бұлт арасынан енді бір сәтте жарқ етіп алтын күн сәуле шаш­қан­дай болады:
Пейіліндей даласы даңғайыр кең,
Жазылмаған жырыңды жалғайын мен.
Етек-жеңін аямай күзесе де,
Қазақстан картасы қандай үлкен! – деп лирикалық кейіпкер енді мақтанышы аралас шүкіршілік сезімге бөленеді. Ақ пен қара орындарын оп-оңай ауыстырып, жүрегіңнің патриоттық ұлтжанды пернелерін дөп басады.
Ақын өлеңдерінен кей-кейде өмір ағысы­на бой бермейтін батылдық, қысылуды біл­мейтін еркіндік лебі еседі. Мұндайда сыр­шыл өлең жалын атып, өмірдің ағымдағы жүрекжарды проблемаларына ден қояды. Ақындық  мінбері әлде бір шың-құздан емес, халқының қайнаған ортасынан табылады.
1989 жылы бүйректен сирақ шығарғыш әміршіл жүйе Қарқара өзенін Ыстықкөлге қарай бұруға шешім қабылдайды. Тумысы сол өлкеден Кәдірбек ақынды бұл сорақы қаулы қатты тебірентеді. Қолына қалам алдырады.
Қарқара қайда барасың?
Халқыңның мына кеудесін шерге толтырып,
Жағаңа біткен жасыл әлемді өлтіріп,
Арнаңнан бір сәт ауытқып кетсең, айбыным,
Жан-жүректерді жегідей жейді-ау қайғы-мұң…
                                                      («Қарқара, қайда барасың?»).
Кәдірбек ренішін, Қарқара өзені арнасын бұзудың арты неге әкеп соғатынын ке­лісті ақындық мәдениетпен жеткізген. «Қараштың сазы нәр алып жатқан суыңнан, Құрғай ма қаңсып, баз кешіп базар-нуың­нан», «Тозады-ау енді өзіңмен аттас қан жайлау», «Шаттан­байсың ба шатқалында енді Шарын­ның», «Ақпайсың ба енді Балқашқа қарай асығып» дейтін мұң-шерге толы лирикалық пейзаж байтақ оқушы жүрегіне жол тауып, кезінде қоғамдық пікір туғызған. Нәтижеде жоғарғы жақтың дегені жүзеге аспай қала­ды. Қарқара өзені ежелгі арнасында ағуын тоқтат­па­ғанынан хабардар оқушы жүрегіне бұл өлең бүгін де жылы тиетінін айтуға керек.
Кәдірбек ақын өзінің күй-жайын саяси-әлеуметтік нұсқада, жеке басының тауқыметі ту­ралы ой-шағымына оқушысы ортақта­са­тын­­дай формада жеткізе біледі. Лирикалық кейіпкер арқасына аяздай бататын қиын­шы­лыққа тап болған жағдайда ұнжырғасы түс­кен шүбәлі жан болып көрінбейді. Қайта өрге салған жүйрік аттай өршелене түседі.
Баспана бермеді бас қала,
Баспана бермеді астана.
…………………………………..
Бүгінде бәрі де тәуелсіз, 
Тек ақын тұрмысқа тәуелді.
                («Сол ғасыр әлі де бұл ғасыр»).
Осы жолдардың шекесіне Қасым Аман­жоловтың белгілі «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды»  өлеңінің ілкі жолы эпиграф етіп алынған. «Қасымын қаңғытқан үй бермей, Сол ғасыр әлі де бұл ғасыр» дейді. Қа­сым­ға Кеңес өкіметі түбінде жеке пәтер кілтін ұстатты да ғой… Ал үй сатып аларға ақша-пұлы жоқ нарық ақыны әлі де Көктөбе­де амалдап тұрып жатқан сыңайлы…
Құны жоқ мүлде адамның
Кедейін байы илейді!
Әкімі шартық қоғамның 
Ақыны арба сүйрейді.
Ақын шүйліккен заманауи проблемалар шешімі оңай мәселеге жатпаса керек. Не қиыншылыққа мойымай шамырқана, ширыға атой салатыны сондықтан. Мына бір «жоқтауға» не дер едіңіз?
Жау алмастай бекітіп ек іргені,
Жарқын еді сәбидің де күлгені.
Коммунизм нұры шарпып жататын
Сол заманның жолдары да нұрлы еді.
 
Енді бүгін тұлға басқа төрдегі,
Кедей құлап, бай биікке өрледі.
Кембағалдың тарылтады тынысын
Капиталист құзғындардың көр демі.
                                         («Коммунизм нұры»).
Тап күресі қағидасын басшылыққа алып, капитализмді жерлеп, қарғап, социализмді бұлбұлша сайрап алғайтын, өткен ғасырмен бірге кеткен соцреализм қайта тірілген бе дейін десең, осы өлеңге тіркес шумақтар «Бағалайық бүгінді, Кім бар, кім жоқ күні ер­тең» деп жауындатады.
Лирикалық көркемдік ой-пікірдің қоғам­дық мән-маңызы қашанда зор. Кешегі мен бүгінгі жырдың ұқсастықтары осы ақиқатқа негізделген. Айырмасы да жетерлік. Сталин­дік жендеттер көп жылдар бойы ел ішін қан сасытқаны рас. Дей тұрғанмен, Кеңес дәуі­рі­нің жеңіс, табыстары да аз болмағаны шындық.
Тәуелсіз Қазақстан күннен-күнге қарыш­тап дамуда. Оның озық елу елдің қатарына қосылуын орынды мақтаныш етеміз. Бірақ жаңа заманымыздың төрт бұрышы түгел деп төс қағу да дұрыстыққа жатпайды. Өсу, өр­кен­деу қиыншылықтарын былай қойғанда, кінәраттары да баршылық. Олигархтар мен қалың бұқара арасындағы тұрмыстық ал­шақ­тықтың тым далиып бара жатқандығы жасырын емес. Азат қоғамның аза бойыңды қаза ететін сыбайлас жемқорлық іспетті кеселі ше?
Өз басым Кәдірбек  ақынның «Коммунизм нұры шарпып жататын, Сол заманның жолдары да нұрлы еді» деген күрсінісін ар­тық кеткендікке жатқызбаймын. Бұны заманауи проблемаларды күн тәртібіне қою­дың өзінше бір амалы болар ма деп жоба­лаймын.
Лирикалық поэзия шекарасы сызылма­ған шетсіз, шексіз дүние. Тірі адам бірде күйінеді, бірде сүйінеді. «Зар» өлеңі теле­дидар­дан зар төккен, сормаңдай алаш азаматы туралы. «Қирады қиял кесенем» деп түнеруіне қарағанда жай адам болмауға тиіс. Күмбезді сарай кез келген кісіде бола бермейді ғой. «Жел» өлеңінде де лирикалық кейіпкер сорладым, енді қайттімге салынып, төбе-құйқаңды шымырлатады. «Зар» өлеңін­дей емес, «жындысүрей» атты желі бар Кеген тұрғынының неден торығатынының мән-жайы белгілі болады.
Жел де жоқ, енді міне, самал да жоқ,
Дейтұғын жел мазалар алаң да жоқ.
Бададан көкті қуып қалып кетер,
Іздейтін сілең қатып танаң да жоқ.
Ақын санасы айнасында нешеме қилы ой-сезім жүйткитіні қай заманда болсын заңды нәрсе.
Кәдірбек жинағынан лирикалық поэзия­ның психологиялық талдауға бейім формаларын да табуға болады. «Жалғыздық» атты жырдың лирикалық кейіпкерінің ішкі әлемі алай-түлей:
Сансыратса да сан үміт,
Ертеңнен күдер үзбедім.
Қамкөңіл кезде қамығып,
Мұңнан да демеу іздедім, – деп басталатын үш шумақ  жыр шетсіз-шек­сіз көңіл драмасы іспетті. Мұндағы лирика­лық бейне жоғарыда сөз етілген жырлардың кейіпкерлеріне ұқсамайды. «Жартыкеш өмір сүргізген», санасына енді ғана жеткен бәле – қырсықтан – жалғыздықтан қиналу лирик­тің ішкі жан айқайын туғызған. «Жападан жалғыз ой кешіп», «қыңырлықпен де» селбескен ол, қою қараңғылықтан шығуды ойлауға тіптен немқұрайды. Болашақсыз.
Бұл бір өлең бойынша  лириктің  дүниета­нымын анықтаймын деп әуре-сарсаңға түс­пеуге тиістіміз. Адам сезімінің байлығы айтып жеткізгісіз ұшан-теңіз. Айтып тауысу мүмкін емес. «Қадір түні», «Әке суреті», «Элегия», «Әппақ әлем», «Есенқұлдың асы» атты өлең­дерде көңіл-күйі көктемгі ауа райы секілді сан құбылады. Ақынның Ана туралы өлеңдер шоғырындағы күн шапағынан алынған отты бояулары, перзенттік  жүректің дүрсілін бейнелейтін өрнекті тілінің дыбыс-үндері елітіп, ерітіп тамсандырады.
Лирикалық тебіреніс, толғаныс дегеніміз ақынның өз тағдыр-талайынан туған жан тебірентер өксігі, өзі мен қоғамның шынайы болмысының шырын, ұйтқысы (конденсаты). Кәдірбек «Жетісу», «Алматының көшесі» өлеңдерінде дәстүрлі тақырып – туған өлке­сін тамашалайды. Кәдірбектің лирикалық өлеңдерінің әлі толық игеріле қоймаған, бірақ жарқын үміт күттірер саласы – «Шығысым, шырайысың күллі елімнің» реңкті жыр тақырыбы.
Қабыл боп көктен түсіп көксегені,
Шығыстан шырайланып көш келеді.
Алабын алтын арай нұрға бөлеп,
Қарсы алар қазақ таңын Өскемені.
Ақын «Дариға-ай, жан сырымды жеткізер ме, Шығысқа шырқай ұшып жетсе өлеңім» деп армандайды. Бір кезде орыс шовинизмі меншіктенбек боп аласұрған өлкеде Қазақ таңы мәңгі атып тұруын тілейді. Ұлт береке- бірлігі идеясына қуат, пәрмен беретін өлең-жырға халқымыз әрқашан да құштар.
Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі биік шынар тұлғасына, әлемдегі жыл сайын өсіп келе жатқан орнына сай кестелі сөз бедер-бейнелерін туғыза   білетін лирикаға сәттілік тілейміз.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір