Бекен ИСАБАЕВ: ҚҰНАНБАЙ «ОРЫСҚА ҚАРСЫ НЕ ІСТЕЙ АЛАМЫЗ?» ДЕП АҚЫЛДАСҚАН
22.08.2022
3048
0

Қайсыбір жылдары «Қазақстан» телеарнасынан қарымды журналист Қасым Аманжолұлының қатысуымен «Анық Абай» деректі фильмі көрсетілді. Екі жыл шамасында көрсетілген сол танымдық фильмде семейлік абайтанушылар Төкен Ибрагимов пен Бекен Исабаев Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы алма-кезек небір құнды деректерді әңгімеледі. (Бүгінде екеуі де марқұм) «Анық Абайдың» телевизиялық нұсқасының ғұмыры қысқа болғаны өкінішті.

Есесіне, қолымызға Бекен ағаның «Ұлылар мекені» атты кітабы тиді. Кітапты оқыған сәтте сол фильмде айтылған соны сырлар санада қайта жаңғырды. Шығармаға Шыңғыс атырабында өмір сүріп, артына өлмес мұра қалдырған Абай мен Шәкәрім, Мұхтар, Көкбай ақын дәуіріне дейінгі, сол кезеңдегі және кейінгі заманмен өзектес дәйек, шежірелер, билердің сөйлеу үрдісі мен сөзге тоқтау үлгісі арқау болған. Онда қаламгер әкесінен, қариялардан бала күнінен естіп, білгендерін баяндайды.
Бекен (Бекмұхамбет) Исабаев 1930 жылы Шығыс Қазақстан облысы қазіргі Абай ауданының Көкбай ауылына қарасты Маян қорығында дүниеге келген. Семейдің Н.К.Крупская атындағы пединститутынан филолог мамандығын алған. Мектепте директор, кеңшарда партком хатшысы қызметтерін атқарып, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музейін басқарды. Кітапты көзілдіріксіз оқитын, көкірегі шежіреге толы Бекен Исабаев осы жақтағы балаларына келіп жүретін. Күзге салым Екібастұзға келген сондай бір сапарында сұхбат алудың сәті түскен еді.

Абайтану мен мұхтартану, шәкәрімтану көшірмеге айналды
– Аға, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы – дүйім жұртты дүр еткізген сүбелі дүние. Кейін жазушы Кәмен Оразалин Абай мұрасын жұртшылықтың қалай қабылдағанын және бала Мұхтардың өскен ортасын негізгі желіғып тартқан «Абайдан соң» романын жазды. Қайым Мұхамедханов пен Тұрсын Жұртбай сияқты қаншама ғалымдар Абай тақырыбына қалам сілтеді. Сіздің «Ұлылар мекенінде» кітабыңыз – солардың заңды жалғасы. Шығармада айтылғандар «Абай энциклопедиясынан» қаншалықты көрініс берді?
– «Шәкәрім энциклопедиясына» менің 178 мақалам енді. Ал «Мұхтар Әуезов энциклопедиясы» бей-берекет жазылған дер едім. Ондағы қателерді тізбелеуге аруақтан ұяласың. Қайткенмен, алғаш жарық көрген тұлғалық энциклопедия ғой. Энциклопедияда Көкбай ақынды: «1927 жылы қайтыс болған», – деп бұрынғы нұсқамен берген. Шындығында, ол 1955 жылы көз жұмған. Осындай жаңсақ деректер жетіп артылады. Сосын автор өзі орысша ойлаған соң да, сөйлемдері орысша құрылған. Ал қазіргі абайтану мен мұхтартану, шәкәрімтану жаппай көшірмеге айналды. Зерттеушілер жаңадан шыққан дүниелерді шолуға құлықсыз. Бұл – ғылымның үлкен соры. Біз Алаштың қайдан шыққанына терең бойлай қойған жоқпыз. Меніңше, қазақ әдебиетінің даму ғылымы қайта қаралуы керек.
– Сөзіңіз аузыңызда. Немістер әлемнің сексен елінде Гете институтын ашты. Сол арқылы тілін оқыту өз алдына, прозасы мен поэзиясының әлем тілдеріне аударылуына ықылас танытып отыр. Біз де өз қазанымызда қайнай бермей, бас ақынымыз Абай мұрасын әлемдік деңгейге көтеру үшін қайтпек керек? Бұл жерде мәселе аудармаға келіп тіреледі ғой.
– Абайдың ұлылығы сонда, оны ешкім аудара алмайды. Неміс ақыны И.В.Гетенің «Жолаушының түнгі әні» өлеңі туралы айтқан Бауыржан Момышұлының сөзі бар емес пе?
– Б.Момышұлы: «Осы өлеңді жазған «Гетеге – 3, оны орысшаға «Горные вершины» деп аударған М.Лермонтовқа – 4, одан «Қараңғы түнде тау қалғып» деп аударған Абайға – 5 деген баға берем», – деген. Расында да, Абай Гетенің өлеңін әрі қарай керемет дамытып әкеткен ғой. Әрі оған ән жазды.
– Иә, дәл солай. Оларда қазақтікіндей тіл байлығы жоқ. Сондықтан Абай қол жетпейтін шың боп тұр. Абай институтын ашу мәселесі ұлы ақынның 150 жылдығы кезінде көтерілген. Бірақ айтылған ой жүзеге аспады. Алматыдағы әл-Фараби атындағы университетте әл-Фараби ілімін оқытып жатыр деймісің? Әшейін, аты ғана. Жалпы Қазақстанда ғылым яки білім болсын, қай-қайсысының да тек атына еліктеп отырмыз.
– Оқырман Құнанбайға Әуезовтің көзімен қарап келді. Заңғар жазушы кезінде тап күресін солай суреттеу­ге мәжбүр болғаны белгілі. Заман өзгерді. Енді «Абай жолына» көркем шығарма ретінде қарай отырып, дәуір шындығын ашып көрсететін кез келген жоқ па?
– Кез келгенде қандай. Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбайды Мұхтардан арашалаймыз ба, әлде Мұхтарды Құнанбайдан арашалаймыз ба?» деген мақаласы жарық көрді. Соған ешкім үн қоспады. «Сенің қойған тақырыбың дұрыс емес. Қандай хақың бар?» – дедім. Ол күлді де қойды. Тұрсын інімді жақсы көремін. Қалжыңдап ойнай береміз. Шынында да, романда Құнанбай жойғыш адам боп көрсетілген. Ал негізінде ол заманда Құнанбайға теңесетін адам жоқ. 1851 жылдың шілде айында Құнанбай әкесі Өскенбайға бүкіл қазақты шақырып ас берген. Сонда Құнанбай бастап, Алшынбай, Шоң мен Шорман бәрі: «Орысқа қарсы қолымыздан не келеді?» – деп өте құпия ақылдасады. Бұл – Исатай мен Махамбет өліп, көтерілістің басылған кезі. Кенесары болса, 1848 жылы қайтыс болды. Сырым Датұлы одан бұрын кетті. Көтібардың көтерілісі де біткен. Ақылдаса келе, олар енді орысқа қарсы көтеріліс шығармай, ғылымын пайдаланып, балаларды жаппай оқыту керек деген тоқтамға келген. Жалпы, ол заманда да қазақтың оқыған азаматтары аз болмаған. 1917 жылғы ақпан революциясында Санкт-Петербордың өзінде қазақтың оқыған зиялысының саны мың адамды құраған. Бұған осы тізімді жүргізген Мұстафа Шоқай көз жеткізген. Ыбырай мен Абай, Шоқан сияқты тектілер осы дүрмектен шықты. Баянауылдан шыққан Шорман 69 жасында басқа жерде емес, Омбы губернаторының үйінде өлді. Шорманға: «Кісі қай уақытта дүниеден өтуі керек?» – дегенде, ол: «Жардың ыстық құшағы суымай тұрғанда… Әйелің жыласа, құшағым кетті-ау деп, халқың жыласа, басшым еді, басымнан айырылдым, беретінін бермей кетті-ау деп, ондай кісінің арманы бар ма, ертерек өлу керек», – депті. Абай турасында Семейдегі ғалымдармен пікір таластырғанда екіге бөлінеміз. Абайды орыс өлтірді. Сабады. Оразбай секілді есігінен қарай алмайтындар үйін тінтті. Біржанды жындандырып, Ақанды мәңгіртіп жіберді. Соның бәрі орыстың қолымен жасалды.
Біржан мен Сара айтыспаған.
– Біржан демекші, Біржан салдың Абай ауылында алты ай жатып қонақ болғаны шындыққа жанаса ма?..
– Мен Біржан сал болған Аралтөбеде 1987 жылдан 2003 жылға шейін тұрып, Мұхтар Әуезовтің музей үйін басқардым. Сонда ауылдағы шалдардан естігенім бар. Кезінде Абайдың екінші әйелі Әйгерім: «Қар алатегірек кетіп жатқан уақытта Абайға сәлем берем деп Біржан келе жатыр», – деген хабар жетті. Біржан Абайдан үлкен ғой. Іле Аралтөбеден үш шақырымдай жерде екі-үш бұлақ қатар ағатын Тізесудың жағасына киіз үй тіккізілді. Мен кірпіш үйде бір баламды дүниеге әкеліп отырған едім. Біржанның дауысының зор болғандығы сонша, домбырамен ән салғанда қасыңда тұрғандай естілетін», – депті. Білуімше, Біржан Абай ауылында алты ай жатпаған. Мамырда ел жайлауға бір ай жүріп көшкенде көшке ілесіп отырыпты деген сөз бар. Осы жерде бір айта кететін жайт, Біржан Сараға кездесуі мүмкін болғанмен, екеуі айтыспаған. Бұл жайды Сараны көрген кісіден естідім. Сара қызылшырайлы, талдырмаш сұлу келіншек болған екен. Талдықорған жақтағы Жаркенттен келе жатқанда, жолай той болып жатқан бір ауылға соғыпты. Етке тойған жұртшылық: «Сара келді, ән салсын», – деп қаумаласа керек. Ортаға үстіне көрпе төселген сандық қойылыпты. Қолына домбырасын алып жайғасқан Сара: «Менің сырқат екенімді білесіңдер ғой. Ән салуға халім келер ме екен? Одан гөрі күй тартып берейін», – деп төрт-бес күйді төгілдіріпті. Сара отыз екі жасында қайтыс болыпты. «Біржан мен Сара айтысы» газетте басылған. Шындығында, айтысты екеуінің атынан Әріп ақын жазған. Ондағы мақсат – қазақтың арғы-бергі әдебиетінде айтыс саласын түлету болған. Сарамен сөз қағыстыруға лайықты деп Біржан таңдалып алынған. Әріп – нар дауысты Нарынбайдың, қу дауысты Құттыбайдың тұқымы ғой. Әрі Көкбайдың жиені. Қытай мен орыс тілдерін жетік меңгерген Әріп Қытаймен шекаралас Бақтыда қытай мен орыс консульдығының жұмысына ат салысқан. Одан кейін «Рысжан мен Әсеттің» айтысы өмірге келді. Рысжан тіптен өмірде болмаған адам дейді. Ұмытпасам, 1951 жылы әдеби мұраға талас туыпты. Бұл жайында Сәбит Мұқановтың естелігінде: «Айтысты Әріп шығарған, тек байды мақтауға құрылған. Мұны оқытуға болмайды», – дегенде, Мұхтар Әуезов: «Біржан-Сараны» Әріп шығарды, айтыс болған жоқ дегілерің келеді. Болғанда қандай. Әріпті жамандай беріңдер. Бірақ айтысқа қиянат жасамаңдар», – депті. Сөйтіп, айтысты Мұхтардың дуалы аузымен аман алып қалдық. Айтыс – Әріптің қазақ әдебиетіне енгізген бүтіндей бір заңды мұрасы», – деп айтылған.
Мұқаң Разақтан кешірім сұраған
– «1942 жылы М.Әуезовтің ұлы ақын туралы романының 1-кітабы «Абай» деген атпен жарық көруі елді бір дүр сілкіндірді. Жазушы екінші кітабына кірісерде Ғабит Мүсірепов: «Әйгерімді қалай бейнелемексіз?» – деп сұрапты. Сол кезде Мұхтар: «Шындықтан аттай алмаймын. Әйгерімнің осалдығы, Абайды жерге қаратқан опасыздығы романның өн бойына желі боп тартылатын өзегі болады», – дейді. Ғабит: «Мұқа, сіздің кітабыңыз – әлемдік роман. Егер асылымыз Абайдың жары артынан өсек аяңдаған әйел болса, Абайымыз, халқымыз кім болғаны», – деген уәжді алға тартады. Екі жылға жуық илікпеген Мұхтар ақыры Әйгерім бастаған қазақ әйелдерінің бүтіндей галереясын сомдады», – деген екенсіз кітабыңызда. Әуезов Әйгерімнің қай әрекетінен жиреніп еді?
– Біз Абайдың жылқышысының әйелі болған адамдармен көрші тұрдық. Абай інісі Оспан өлген соң әмеңгерлік жолмен оның әйелі Еркежанды алған. Абайға інісінен 1700 жылқы, 900-дей түйе, қаншама сиыр қалған. Сонда екі жыл Әйгерімнің отауын ашпапты. Оны елдің бәрі біледі. Сол кезде Әйгерім бір қыз туыпты. Желтоқсанда алғашқы соғым сойылған кез. Бірде Әйгерім: «Абайға барайын деп едім, ешқайда кетіп қалмас па екен?» – деп кісі жіберіпті. Артынан қызыліңірде отыз шақырым жердегі Ақшоқыдан түйеге мініп, біреуге жетектетіп, алдына қызды отырғызып өзі келіпті. Аязды кеште сықырлатып кіргенде Абай орнынан еріксіз тұрып, құшақтап алып кеп, қасына отырғызыпты. Шай жасалып жатқанда, бойы жылынған қыз жүгіріп кетіпті. Абай әлгі балаға қарап отырып: «Әйгерім, мына баланың атын кім қойдың?» – депті. Сонда Әйгерім: «Сіз қойсын деп қоймап едім», – дейді. «Ә, сен кінәлі емес едің. Кінәлі менмін. Енді бұдан кейін бала көтермессің. Аты Кенже болсын», – депті. Әйгерім бір апта жатыпты. Абай оған көйлек, шапан кигізіп шығарып салыпты. Сол Кенже 24 жасында бір ноғайға тұрмысқа шығып, баладан кетіпті. Абай тоқалдыққа Әйгерімді алғанда ол тұңғышы Тұрағұлға екіқабат келген ғой. Сонда Ділдә: «Бай сенікі, бала менікі», – деп, Тұрағұлды бауырына салыпты. Әйгерімнен туған Тұрағұлдың қызы Мәкен: «Ділдәні ана, Абайды әке, өз әкеміз Тұрағұлды аға, ал Әйгерімді тоқал дейміз», – деген екен. Абай өмірден өткен соң қара шаңыраққа Тұрағұл ие боп қалады. Сол кезде елдегі бір ақсақал: «Әй, Тұраш, сен Абайдың артына ие болып қалдың. Ой жақтан кісі келгенде өз анаңды тоқал деп отырсаң, жараса ма саған?» – деген көрінеді. Тұрағұл үндемей отырып: «Жөн айтасыз, ақсақал, кімнен туғанымды білемін ғой. Білемін. Бірақ сәбидің көңілі адал болушы еді. Бала кезімнен тоқал деп кеттім. Енді айта алмаймын», – деп жауап қайы­рыпты.
– Абайға Мәшһүр Жүсіп те барған екен…
– Иә, пәуескемен барыпты. Есіктен кіріп келген Мәшһүрден Абай: «Сен кімсің?» – деп сұрағанда, «Мәшһүр Жүсіппін», – дейді. «Мәшһүр Жүсіп болсаң, Құдай қайда, кәне көрсет?» – деген сауалына: «Әркімнің жүрегінде», – деп жауап қатқан екен. «Ә, шын Мәшһүр екенсің, кел, отыр», – деп қонақ қылып қайтарыпты. Алдында да әлдебіреулер Мәшһүрмін деп барса керек.
– Разақ немере інісі Мұхтар Әуезов дегенде ішкен асын жерге қойған екен. НКВД адамдары одан Мұхтардың Алашорда партиясына қатысы барлығын сұрап, карцерге салып азаптағанда да жұмған аузын ашпаған. Сол Разақ нақақтан сотталып, 1954 жылы Ақтөбедегі лагерьден босап келгенде ұлы жазушы жөнімен қарсы алмаған дейді.
– Мұхтардың өзінен кейін туған Үмия деген қарындасын көзім көрді. Разақтың әйелі – Әзімбайдың қызы. Меркеде тұратын екінші қызының үйінде құдалықта болғаным бар. Әлгі кісілер айтады… Разақ халық жауы боп айдауда жүргенде түрменің бастығы өзіне шақыртып: «Сіздің аты-жөніңіз Омарханов Разақ қой. Мені танисыз ба?» – деп сұрапты. «Жоқ, танымаймын», – депті сонда Разақ. «Мен – Ырғызбай пәленбайдың баласымын. Осында началь­ник боп келдім. Жүдеп кеткен екенсіз. Жұмысқа шықпаңыз, әйтпесе өліп қаласыз. Жатыңыз. Тамақты әкеп бергізіп отырамын», – депті. Оны: «Шамасы, Мұхтар жіберген, – дейді Разақтың өзі. – Абақтыдан сымдай боп сегіз жылдан кейін шықтым. Сөйтіп өлмей қалдым. Алматыдағы үйіме келіп, ес жиған соң Қабдеш пен Қытайдан айдаудан келген Бердеш үшеуміз Мұхтарға бардық. Үшеуміз де – кеңес өкіметінің ызғарына ұшыраған адамдармыз. Есікті Мұхтардың өзі ашты. Жалғыз екен. Абдырап, амалы құрып: «Ойпыр-ай, Бердеш-ай, сен де тірі жүр ме едің?» – деді…» Мұхаң ғана айтуға тиісті сөз. Себебі 1931 жылдың күзінде кеңес өкіметіне қарсы Шыңғыстау халқы көтерілісінің басталып, Шәкәрімнің қаралануына Бердеш бастаған Әзімбай балалары себепші болған. Халық қырғын тапты. Мұхаң ол істі жеңіл бағалайтын ба еді? Елпілдеп жеткен үш ақсақал, басы өзінің немере ағасы Разақ болып тоңтеріс бұрылып кетіп қалыпты. Кейін Мұхаң Разаққа барып, аяғына жығылып, үйіне алып кеп, он бес күн қонақ қылып, киім кигізіп қайтарыпты.
Абайға 1898 жылдың 17 шілдесінде таяқ тиген…
– Баспадан алдағы жылы басылып шығатын екінші кітабыңыздың «Қасірет» аталуының сыры неде?
– Баяғыда басына қайғы бұлты төнген бір қария досынан: «Қайғымнан қайтсем арыламын?» – деп сұрапты. Сонда ол: «Қайғы жақсы жардың құшағында, жақсы аттың жалында және жақсы достың кеңесінде қалады», – депті. Демек, қайғы – ұмытылатын нәрсе. Ал қасірет ұмытылмайды. Ол – 1931-33 жылдары, Ұлы Отан соғысында марқұм болған пәленбай миллион қазақтың қасіреті. Қасірет ешқашан ұмытылмақ емес. Абайға таяқтың тигені де сол қасіретпен тең. Сондықтан романның атын «Қасірет» қойдым. Абайға 1898 жылдың 17 шілдесінде таяқ тиген ғой. Содан кейін жиырма бір өлең жазған. Соның ішіндегі он төрт өлеңде «ұмыту» деген сөз бар. «Ұмыта алмай қойдым», – дейді. Онысы – таяқ жегенше, өлгенім жақсы дегені.
– Абай: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, Қорқамын кейінгі жас балалардан», – деп келетін өлеңін жазғанда қырықтар шамасында болғаны рас па?
– Қырыққа жете қоймаған. Отыздың жуан ішінде айтқан ғой. Семейде Асан Омаров деген бір жақсы ғалым бар. Сол: «Шешен Абай. Ақын Абай. Ғалым Абай. Философ Абай», – деп Абайдың өмірін төрт кезеңге бөледі. Абай қазақтың бүкіл арғы-бергісін түгел білген ғой.
– Абайдың ақындығы мен ұлылығының бір ұшқыны ағасының баласы кемел ой иесі Шәкәрімнен де қылаң береді. Оның көне түркі тарихын тануына Абай түрткі болғанын білеміз. Шәкәрім поэмалары терең философияға тұнып тұр ғой…
– Жеті жасында әкесі Құдайберді қайтыс болған соң Шәкәрім Абайдың тәрбиесінде болады. Оқитын кітаптарын Абайдың өзі іріктеп беріп отырған. Шәкәрім поэмасының шыңы – «Ләйлі-Мәжнүн». Ол – сұмдық шығарма. Ондай шығарманы Шығыс шайырларының біреуі де жаза алған жоқ.
«Әй, жартас, мен айтқанды
сен де айтасың,
Дертімді мазақ қылып ұлғайтасың.
Ләйлінің менен өзге ғашығы жоқ,
Ұқтыршы, сен Ләйлі деп
кімді айтасың?

Сенің де Ләйлі деген жарың бар ма?
Ішінде мен секілді зарың бар ма?
Атама ғашығымның құрметті атын,
Ынсап қыл рахым, ұят, арың бар ма?

Жандырма жанып тұрған жүрегімді,
Ерітпе атын айтып сүйегімді.
Ләйлінің атын жалғыз мен атайын,
Зарлатпа, бер жалынған тілегімді…» – деп кете береді.
Қалижан Бекхожиннің «Ер Науан» поэмасы да осал емес. Сонан соң «Нау­рызбай-Ханшайым» да керемет. Оны Көкбайдікі деуші еді. Кейіннен жоққа шығарды ғой.
– Абайдың қосыла алмаған сүйген қызы Тоғжан кейін ұзатылып барған елінде аса қадірменді ел анасы болған деседі…
– Расында да ел анасы болған адам. Халық Тоғжанды ардақ тұтыпты. Өзі шағын денелі кісі болыпты. Мотыш руынан ғой. Олар – өте бай ел. Өмірден 1927 жылы өткен. Бейіті Абай ауданы Тоқтамыс ауылындағы Машан тауында. Тоғжанның баласының аты – Ақылбай. Ақыл аға жер аударылып, 1928 жылы Шымкентте өмірден өтіпті.

Сөз соңы:
Хакім Абай бір жырын: «Еріксіз түсер ылдидан, Еркіңмен шығар өр артық. Итшілеген өмірден, Көсіліп жатар көр артық», – деп түйген екен. Егер Абай елінің әр тасына тіл бітсе, ақынның өткен өмірінен сөйлеп қоя берер еді-ау. Алайда тасқа тіл бітпейді. Есесіне Шыңғыс өңірі тарихын, онда жасаған әйгілі адамдар өмірін терең білетін Бекен Исабаевтай қария бар. Қариямен әңгімелескенде көмбелі көкірегінде әлі талай дүниенің тұнып тұрғаны сезілді. Сол дүние де жарыққа шығып, «Ұлылар мекені» тәрізді ел игілігіне айналсын дейік, ендеше.

Сұхбаттасқан
Рауза МҰСАБАЕВА

Редакциядан: 2014 жылы Павлодар облысы Екібастұз қаласында жазылып алынған Бекен Исабаевтың ғибратты сұхбаты н өзгертпей ұсынғанды жөн көрдік.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір