ПАРАСАТ ПАРАҚТАРЫ
04.02.2022
389
0

Ақын Ахмет Өмірзақ пен жазушы һәм сыншы Бегабат Ұзақовтың «Парасат парақтары» деп аталған кітабы шағын таралыммен жарық көрді. Еңбек «Көрнекті жазушы М.Қаназдың творчествосы туралы әдеби эссе» деп аталған.

Кітап: «Соны соқпақ, жаңа жол», «Жан-дүниенің шуағы», «Дара дарын, озық ой, оқшау дүние», «Еркіндік рухы», «Оқыс байлам, тосын сыр», «Ақиқаттың аппақ туын көтерген», «Шығармашылық шырғалаңы», «Парасат парақтары» атты тараулардан тұрады.

Бұл эссе-зерттеу мақалалардың алғашқы бөлімдері әр кезде мерзімдік басылымдарда жарияланғанымен соңғы тараулары оқырманға жетпеген-тұғын. Осы ретте еңбек толық күйінде жарияланып отыр.

Авторлар жазушының шығармаларын егжей-тег­жейлі зерттеп, саралай келе:

«…Жаратқан бойына дарын сыйлаған адамдардың талайы пәни дүниеде абырой-беделсіз ғұмыр кешіп, бақиға сол қадірсіз күйінде аттанып жатады. Себебі, өз дарынын әділет, шындық жолындағы ымырасыз күреске арнаған кісінің таланына топастардың табанында тапталу жазылған. Ал өзінің дүниеге ұлы істер атқаруға келгендігін түсінгендер ештеңеден қаймықпай, ұрпаққа үлгі, өз тұстасына өнеге боларлық талай шаруаны бір өзі-ақ тындырып, халқына қуаныш сыйлап ғұмыр кешпек.

Қазақтың көркем сөзінде өз ұлтының рухани болмысын қара тастан қашалған асқақ мүсіндей сомдаған Молдахмет Қаназ – деректі көсемсөзде де сол шыншыл қалпынан танбай, ғұмырлы шығармалар жаратты.

…Бірнеше ағымдардың синтезін жасап, синкретизм бағытын ұстанған жазушы Молдахмет Қаназ шығармашылығы – тез қабылдап, жылдам ұңғыдан пайда болатын адам түсінігіне емес, жүрекпен сезіп, терең қорытатын сананың тұңғиық қатпарларындағы түйсікке соққы беруге бағытталған. Бұл соққының нәтижесінде қалғып кеткен сезімдер оянады. Адам жаны тітіркенеді, қорқады, қайғырады, қуанады. Кейде шығармалардағы оқиғалардың баяу жүруі постмодернизм элементтері деуге болады» деген түйіндемеге келген.

Нұрсана ҚАНАҒАТҚЫЗЫ,
174 мектеп-гмназияның 11-сынып оқушысы

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір