Валидол ішіп жүрміз ғой
Жас журналистер, тіпті, сөз майданының кейбір сақа тартқан сарбаздары да Шерхан аға Мұртазаның «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген лебізін жиі қайталауға құмар. Көркемсөздің хас шебері бұл сөзді қалжың ретінде айтқан шығар деймін мен. Әсілі, қазақ ауыз әдебиетінде, әфсаналарда бұлай деп түйені немесе құлағы салпаңдаған есекті меңзеуші еді. Журналистер қауымына бұл бейнелі сөздің ұнауына қарағанда өздерінің әлгі көнбіс жануарлардан онша айырмашылығын таба алмағандарынан болар. Не дерсің, жұрттың көбі қалай да нағыз адам болудан қашқақтаған күрделі заманның шынайы көрінісі осы шығар.
Жаңабек ШАҒАТАЙ,
«Түркістан» газеті
Бас редакторының орынбасары
Расында, айырма бар ма? Кейде кейбір журналистердің жазғандарын оқып отырып, әлгі көнбіс жануарлар да қалам ұстай білсе, дәп осылай сілтейтін шығар, шіркін-ай, деп қиғаш ойдың қылаңытатыны да бар. Бір әншінің: «Тапқайсың жүрегімнің дауасын», – деп қиыла өтінетінін естігенде валидол ішкім келіп кеткен. Қолыңа кейбір басылымдарды алғанда дәп осындай күйді бастан кешетінің де рас. Соның бәрі көптеген журналистердің сөз құдіретін мойындамайтындығынан, тіптен киелі сөздің қасиеті барлығынан мүлдем бейхабар екендіктерінен туатын жан төзгісіз жағдай.
Жалпы, әлемде журналистиканың терең дағдарыста екенін талай білгірлер көп уақыттан бері қынжыла айтып жүр. Тіпті, әйгілі Владимир Познер орыс журналистикасы қалың батпаққа біржола құлады дейді. Арзан сенсация іздеу, оны қолдан жасау, қағазға түскен жазуына жауапсыз қарау, өсек-аяңды өршіту, жан-жақты терең сараптаманың жоқтығы әлемдік журналистиканың құнын құлдыратқан себептердің бір парасы ғана.
Марқұм ұстазымыз Тауман Амандосовтың «Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік» деген сөзін қаперге алушылар қазір мүлдем азайған кез ғой.
Жә, кәсіби мерекеміздің қарсаңында күңірене бермей, журналистиканың ұстанымы қандай болуға тиіс деген қиын сауал төңірегінде ой қозғап көрелікші.
Жоғарыда айтып өткенімдей, әлемдік журналистика рухани терең дағдарысты бастан кешуде. Оның объективті себептері де көп. Соның бірі – дамыған елдерде қоғамды жаппай елең еткізетін, көпшіліктің пікірін бір арнаға тоғыстыратын өмірлік тақырыптардың өзі таусылған. Мемлекеттік тіл мәселесі түбегейлі шешілген, шенеуніктері қабылдауға келген қарапайым адамға жайылып жастық, иіліп төсек болып, алдынан кофе алып жүгіреді. Ол жағынан алғанда қазір ұлттық журналистиканың жұлдызы жоғары. Біз ұмтылатын, біз қол жеткізуге тиіс жайттар көп. Мемлекеттік тілдің мүшкіл халі, әлі күнге қоғамның қазақтілді және орыстілді болып бөлініп отырғаны, қалаларымыздың қазақыланбай қалуы, көптеген жастар ана тілін менсінбейтіндігі әрбір саналы азаматты қынжылтары шындық. Бармақ тістетеді. Бірақ жалпы журналистер қауымының қазіргі кездегі ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар үшін күресі нәтижесіз кетпейтіні аян. Ұлттық мүдде үшін күрескендер қазақтың келешегі үшін күресушілер. Олардың еңбегі із-түзсіз кетуі мүмкін де емес.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.