Мен оқыған кітаптарымды емес, бала күнгі естеліктерімді қымбат тұтамын
25.06.2022
806
0

Қазақстанда бірнеше тілде шығарма жазатындар болса да, қазақ және орыс тілінде қалам сілтейтіндер көбірек көзге түсіп жатады. Бір елдегі екі түрлі ортаның қарым-қатынасы туралы жазуға кіріссек те, іліп алар ештеңе таба алмай жүреміз. Соңғы жылдары бірнеше жоба іске қосылып, екі орта жақындап келе жатыр. Бүгін біз орыстілді қазақ ақыны, өлеңдері ағылшын, испан, қытай, португал, серб тілдеріне аударылған, «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Бельгия, Ресей, Франция, Германияда өткен фестивальдерге қатысушы, бірнеше өлең жинақтарының авторы Қанат Омармен сұхбаттасуды жөн көрдік. 

Қазақ әдебиеті – қазақ тілінде жазылған шығармалар

– Қанат мырза, бірден қазақ поэзиясы туралы айтайық. Қазақ­стан – екітілді орта, екітілді әдеби шығармалар жазылған ел. Мұндай жағдай әлемнің басқа елдерінде бар ма, жоқ па, білмеймін. Қазір әдеби ортада екі түрлі пікір бар. Біріншісі, қазақ әдебиеті дегеніміз – қазақ тілінде жазылған әдебиет. Екіншісі, қазақ әдебиеті – қазақс­стандықтар жазған әдебиет. Сіз қандай пікірдесіз?
– Қазақ поэзиясы, прозасы, драматургиясы дегеніміз – қазақ тілінде жазылған шығармалар. Басқаша ойлаудың өзі әбестік деп есептеймін. Одан бөлек қазақ әдебиеті екі емес, бірнеше тілде жазатын авторлары бар қазақстандық әдебиеттің қазанында қайнап жатыр. Ана тілін жансақ білсе де, өзге тілде жазып, әлем елдері бұрын-соңды естіп-білмеген туған ұлтының мәдениетін авансценаға шығарған қаламгерлер де баршылық екенін білеміз. Біздің мемлекетімізде де орыс тілінде жазатын қазақ авторлары көп. Бұған енді ештеңе істей алмаймыз. Бұл – олардың тағдыры, мұң-шері. Сол ішкі қайшылығын пайдаланып, өз ұлтының баға жетпес мәдениеті мен өзге тілді араластырып, қорытпа жасайтын мүмкіндікке ие болып отыр. Алайда қазақстандық авторлардың орыс тілінде жазған шығармасы бірден қазақ әдебиетінің өнімі бола салмайды. Мұндай мәтіннің өз жолы бар және бұл оңай жол емес. Шығарма қай тілде жазылса, сол тілдің әдебиеті болатынын түсіну керек. Тіпті оны ешкім толық мойындамаса да, біз бұдан қашып құтыла алмайтынымызды ұғынғанымыз жөн. Әрине, егер жазылған дүние тұрақсыз оқырманға арналған талғамсыз дүние емес, шын әдебиет болса, онда өзге тілдегі шығарма қай елде жазылса, сол мемлекеттің мақтанышына айналады. Уақыт ағынының дәл сол географиялық нүктеде тоғысқан сәтін нәзік түсініп, мәнін дөп басқан мәтін жазу – сол елдің тумаларының ғана қолынан келеді (егер ол жергілікті халық тілінде емес, қоныс аударушылар мен колонистердің мәдени иснтитуттары қасірет пен зорлық-зомбылықты мақсат тұтпай, ағарту ісімен айналысу үшін сіңірген тілінде жазса да). Басқаша айтсақ, мұндай мәтін бастапқыда бәріне бөтен болады, бірақ, бір жағынан, әлем әдебиетінің ажырамас бөлігіне айналады.

– Осы тақырыпты кеңінен тарқатсақ… Қазақ және орыстілді әдеби ортаның арасы алшақ екені жасырын емес. Иә, қазір жастар арасында бұл шекара сызығы өшіп келе жатыр. STYQ ұйымдастырған MATIL workshop та соған мысал болады. Бір елдің әдебиет­шілері арасындағы алшақтық нені білдіреді? Екі түрлі колорит қосындысы бізге не береді деп ойлайсыз?
– Өкінішке қарай, сіз айтқан жоба туралы түк білмеймін. Маған бұл жайлы ешкім ештеңе айтқан жоқ. Сол үшін мен әлгі жобаның нәтижесі мынадай болды деп айта алмаймын. Тіпті атын естіген емеспін. Бұның бәрі еліміздегі әдеби ортаның коммуникациясы қандай екенін көрсетіп тұрса керек. Провинциялық ұяңдық пен батырлық өркөкіректікке етіміз үйреніп, әркімнің тынысын тарылтып келеміз. Бір өкініштісі, көпшілік бұлай ойламайтын секілді. Мен өз атын шығару үшін жобасы қандай нәтижемен аяқталатынына бас ауыртпай, әдебиеттен тыс саламен айналысатын бірнеше топты анық көріп жүрмін. Әйтпесе оларды ешкім көзге ілмес еді. Сондай идеясы асып-тасып жүрген адамдардың ішінде хас таланттар да жетерлік. Олар басында таза еңбекті емес, сыртқы әсерді пайдалануды таңдап, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Мұнысы маған мәнсіз, ал көзіқарақты оқырманға күлкілі көрінеді. Әлгіндей тұлға ешқашан біреудің назырына ілігуге лайық болмаса да, өз ойын айтуға құқылы, әрине.
Сұрақта көтерген мәселеге орала­йын. Әртүрлі тілдегі әдебиет тек өзге мәдениет, жалпы өнердің айналасында не болып жатқанына қызығушылық танытқанда бір-бірімен байланысқа түседі және бір-біріне әсер етеді. Қазақ әдебиеті бірнеше онжылдықтар бойы большевиктер мен олардың мұрагерлері – коммунистер тарапынан қысымға ұшырап, жойылуға шақ қалды. Өкініштісі сол, оған қазақтардың өзі көмектесті. Мағжан, Сәкен секілді жүздеген мәдениет қайраткерлерінің өліміне себепші болған сатқындардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Қазақ әдебиеті жойқын соққы алды! Алайда орыстың және басқа ұлттың саналы ұрпағы қазақ халқына шынайы жаны ашып, қайғы шегіп, қызығушылық танытып, онысы шығармаларда, аудармаларда және еркін мазмұндамада, өңдеп жазылған материалдарда көрініс тапты. Оған Павел Васильев, Всеволод Ивановтар мысал бола алады. Қазірге дейін көзден таса қалған бұл үрдіс мемлекет назарына ілікпесе де, жалғасып келеді. Біз қазақ қаламгерлерінің (жарты ғасыр бұрын аты шыққандар емес, біздің арамызда өмір сүріп жатқан авторлар!) поэзиясы, прозасы мен драмасы орыс тіліне ғана емес, ағылшын және қытай тілдеріне аударылып жатқан бірнеше жобаны білеміз. Соның бірі Назарбаев университетінде дәріс оқитын америкалық профессорлардың идеясымен ашылған, 2019 жылдан бері тәуелсіз редакторлар тобы шығарып келе жатқан ANGIME мультитілді онлайн журналы. Алғашқы санында-ақ Ардақ Нұрғазы мен Тілек Ырысбектің өлеңдері үш-төрт тілде жарық көрді. Міне, бұл – әртүрлі әдебиетті жақындастыруға деген таза ниеттің мысалы! Дарынды қазақ авторларын аударатын ағылшын, қытай, неміс, орыс, тіпті француз тілінде жазатын әдебиетшілер табыла кетті! Ешкім оларға мынаны аударып берші деп айтпады да. Өздері қазақ тілінде жазылған өлеңнің эстетикасына, бөлектігіне қызығып жұмыс істеді.

Мен өз ұлтымнан ешқашан бас тартқан емеспін

– Сіздің поэзияңыздағы метагеография, кеңістік арасындағы саяхат, уақыттың құбылуы – жеке бір әлем. «Су түбіндегі күй» (Глубоководный кюй) өлеңінде, «Қабан кітабы» («Книга вепря») поэмасында сіз тегіңізге оралғыңыз келетін сияқты. Қанат Омар түбін, тегін іздеуге саяхат жасады ма, әлде тамыры үзілген ұлтты қалай бар, солай сүюге тырысты ма?

– Мен қымбат тұтатын нәрсе – оқыған кітаптарым емес, бала күнгі естеліктерім: атам мен әжем, әпкелерім мен ағаларым, бауырларым мен қарындастарым, әкем мен шешем, сүйікті туыстарым. Мен – өз ұлтымның ұлымын және одан ешқашан бас тартқан емеспін. Сондықтан шыққан жеріме оралып, халқымның трагедиясын оқу үшін өз-өзімді қинаған емеспін. Мұның бәрі бала күннен санама құйылған. Оқушы кезімде бір кесе қара шай ішіп, көзімді жұмғанымда терезе сыртында салт аттылардың елесі шауып өткені есімде қалыпты. Кейін солар «Атқа мінген қарға» («Ворон-всадник») тарихи поэмасы және «Қабан кітабы» («Книга вепря») фантасмагориялық поэмасы секілді эпикалық шығармаларда тұяқ серпіді, орнын тапты. Мұның бәрі – өткеннің еншісінде қалған шығармалар. Екі-үш жыл бұрын жаңа дүниенің шеті шыға бастады. Ол да эпикалық мәтін – қазақ даласындағы Ұлы аштық туралы шығарма… Мен үшін бұл поэма психологиялық тұрғыда өте ауыр… Өз еркіммен бұның бір жолын да жазбас едім. Алайда автор атақ-даңқ үшін тыраштанбаса, ішінде жатқан қыжыл шынайы шығады. Жарып шыққан қайшылықты өзгертуге тырысып, өз тарапынан көп нәрсе қоспаса болғаны. Шығарма мәтіні үш жыл бойы ішімде қайнады, жақында бүтін бір формаға келеді деп ойлаймын. Айтпақшы, америкалық ақын Мария Дейкуте оны ағылшын тіліне аударып жатыр, себебі екеуміз ақылдасып, бұл еңбегім шетелдік мәдениет өкілдерінің назарына ілігуі керек деп шештік те, АҚШ-тың бір қорына өтініш жаздық. Тіпті қор сұранысты қабылдап, Нью-Йорктегі бруклиндік арт-галереяда театрландырылған қойылым мен авторлық көрме жасау үшін қаржылай көмек беруге келісті. Бірақ пандемия­ның кесірінен (шешім 2020 жылдың басында шыққан еді) ойлағанымыз жүзеге аспай қалды. Дегенмен шетелдік ортаға жетіп, тарататын баспа табатынымызға, мақсатымызға жететінімізге және поэмам ана тіліме, яғни қазақ тіліне аударылатынына да бек сенімдімін. Мұндай сұрқайлы кезең, тарихтың қара парақтарына жазылған оқиғалар ойда қорытылып, айтылуы керек, әйтпесе бұл халықтың бейсанасында ауыр жүк болып қалады және бойын тіктеп, еркін демалып, құлаш сермеуге, жаңа биікке жетуге кедергі болады.

– «Қабан кітабы» демекші, бұл поэманың тынысы кең. Ұзаққа шауыпсыз. Бұл жерде қабан мифологиялық түсінікке ие ме, әлде оның символдық мағынасы бар ма?

– Көне түріктердің байрақ тұғырындағы стилизацияланған қасқырдың қабанға ұқсастығын ойлап таңғалатынмын. Бұның бәрі бекер емес деп ойлаймын. Болашақта зерттеу­шілер бұл аңның орнын жоғалған мифологиядан табады деп үміттенемін. Қасқыр тұрмақ, аю да мұндай күшті, ірі, жылдам, азулы аңмен бетпе-бет келуге батпайды. Егер сақ мифологиясына үңілсек, қабан Өмір ағашын байланыстырып тұрған жоғарғы және төменгі әлемнің дәнекері, сайтани күштің иесі, маңызды кейіпкер екенін көреміз.
Міне, осындай ойлардың жетегінде жүріп поэмаға «Қабан кітабы» деген ат қойдым. Сақтардың түсінігіндегі қабан символы қаншалық екіұшты болса, шығарма мәтіні де сондай екіұшты мағынада жазылған. Бір жағынан, Ұлы дала тарихының терең қойнауына батасың да, екінші жағынан, салыстырмалы түрде жақында болған уақытқа, сонымен қатар әлем мен континенттер арасында саяхат жасайсың.
Бұдан артық ештеңе айта алмаймын. Поэмада бәрі жазылған. Оқырман өзі оқып, қатпарында жатқан жауапты өзі тапқаны дұрыс деп санаймын.

Қазақстандық әдебиетші жақсы өмір сүру үшін шетел асуы керек

– Қазақстанда ақын болу дегеніміз не? Кітап нарығы көңіліңізден шыға ма? Жалпы әдебиетші біздің елде қалай өмір сүруі керек?

– Көшпенді даласында сөз ұстаған адам қашанда құрметке ие болған. Менің отандастарым назарға ілікпейміз деп айтпауы керек. Кітап нарығы туралы ойласақ, оның аумағы тар болғаны сонша, бұл туралы сөз табудың өзі қиынға соғады. Әдебиетші өз отанында әдебиетпен айналысып нан таба алмайды. Отбасыңды асырап, жақсы өмір сүру үшін, жұмыс істемей, таза өнермен айналысу үшін шекарадан асып, шетелге шығу керек. Мен білетін жалғыз жол – осы.

– Елден бөлек, әлемдік геосаяси жағдайға да көңіл аударасыз. No WAR poetry жобасында да өлеңдеріңіз жарияланды. Бірақ кейде қоғамдағы, әлемдегі елеулі оқиғаға өлең жазу нау­қанға айналып кетеді. Бұған қалай қарайсыз? Ақын әр оқиғаға үн қосуға міндетті ме?

– Ешқашан маңызды жаңалықтарға өзекті болғаны үшін ғана өлең жазған емеспін. Конъюнктура, фонограммамен айналысатындарды жастайымнан жаным сүймейді. Тіпті бұрын осы ғасырдың ең білімді адамдары, мәскеу­лік достарым да шығармашылығымда бүгінгі күннің елеулі оқиғасы, дәуірдің іліп алар дүниесі, өзекті жаңалықтардың мүлде аз екенін айтып сынға алған еді.
Алайда уақыты келген сияқты және қазір сіз маған қарсы тараптан сұрақ қойып отырсыз. Өткен жылы біз Берлинде өткен поэзия онлайн-фестивалі аясында жасалған сұхбатта неміс аудармашысы Хендрик Джексонмен осы тақырыпты талқылағанбыз. Оған Каспий маңайындағы Әзербайжан, Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан Шамшад Абдуллаев, Еган Жаббаров, Никат Маммадов және мен шақырту алдық. Сол жерде ойымдағыны жеткізе алдым деп ойлаймын. Сұхбаттағы пікірімді айтайын.
Өмірде адам жасай алмайды-ау деген адамгершілікке жат оқиғаларды көргенде жаныңды қоярға жер таппайсың. Сол кезде әлдебір күш иесі автордың желкесінен ұстап, әрине, егер автордың ниеті таза болса, жазу үстеліне лақтырып жібереді де, содан соң іштегі күйзеліс жарып шығып, қағаз бетіне, электронды параққа жазылғанша жібермей отырады. Автор жазуы тиіс мәтін біткенше тапжылмайды. Бұл ешқандай да әдебиет емес, жанып жатқан танк есігінен өртеніп шыққан сөздің мысалы ғана.
Ал автордың әлдекімнің алдындағы борышы туралы сөз мүлде дұрыс емес. Он тоғызыншы ғасырдағы бір мырза ішкен күннің ертеңінде басы ауырып отырып сондай бір шатпақ жазуы мүмкін. Бірақ сол заманның өзінде қаламгерді біреудің алдында борышкер еткен емес және айқай ұрандар мен әлдебір идеяларды жамылғандарды да ешкім ақтамады. Қазір де сол мыңдаған жылдардағыдай үрдіс қайталанып жатыр. Автордың жалғыз міндеті – жақсы жазу және біреудің салған жолына түсіп алмай, өзінше бөлек өрнек салу. Бұл адам өмірін сарп етіп, еңбек етуге тұрарлық жалғыз нәрсе.

– Қазір шығармашылықта қандай жаңалығыңыз бар? Кітап, бәлкім, жинақ, жобалар, аудармалар жарыққа шығатын шығар?

– Қазір жаңалық көп. Бірақ оны бос сөз қылып көпіртпей, іспен көрсету керек. Оқырманға дайын, жұмыр дүние ұсынған жөн. Біраз жобаны алдын ала көп талқылап, кейін іске аспай қалып, шикі күйінде ұсынылған кездер көп болды. Сондықтан кітап жайлы, конкурстар мен фестивальдер туралы қазіргі қоғам заманауи әдебиетке телитін ғаламторда лепірме сөзден қашатын автормен талқылағаннан гөрі, шыққаннан кейін жаңалықтардан оқыған абзал. Қаласақ та, қаламасақ та осы. Біз көзге ұрып тұрған нәрсені мойындағымыз келмейді. Үшінші мыңжылдық басталғаннан қарыштап дамыған технология заманында роман, тіпті майлы картина емес, сенсор дисплейі бар пластик қорап немесе алюминмен қапталған power bank ғана қалады.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Абзал СҮЛЕЙМЕН

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір