ДҮБІРЛІ ТАҒДЫРЛАР ТІЛ ҚАТҚАНДА (Жалғасқали Дүтмағанбетовтың роман-эссесі туралы)
03.06.2022
1983
0

Біздің қолымызға Жалғасқали Дүтмағанбетовтың «Тағдырлар тоғысқанда» атты роман-эссесі түсті. Жалпы эссе жанры қазақ әдебиетіне сәл кешеуілдеп келген жаңалық. Алайда дәл осы жанр бойынша жазылған тәп-тәуір дүниелер ара-тұра кездесіп қалады.

Жалғасқалидың бұл роман-эссесі де біздің осы тың жанрға байланысты көкейдегі кейбір түйткілдерімізді сейілте түскені күмәнсіз. Ең алдымен айтарымыз: шығарманың тілі, сюжеті, композициясы көңілге қонады.
Кітаптың алғысөзінде айтылғандай шығарма «Автордың анасы мен түп нағашысы болып келетін алдаспан ақын Махамбетке байланысты» екен. Оған қоса қазақтың кешелі-бүгінгі тарихы да сауатты түрде баяндалады.
«Алайда мәселе әлемдік жаңалық ашып, таңғажайып іс атқаруда, бүкіл ел ұйыйтын сөз айтуда ғана болмаса керек. Мәселе – жұртқа үлгі-өнеге боларлық ғұмыр кешуде. Менің аяулы анам осындай кісі еді» деп ерекше сағынышпен еске алады автор. «…біз сияқты үлкен мектептен білім алмады, Мәскеуге барып аймаңдай ғалым-ұстаздардың, аттары әйгілі академик, профессорлардың дәрісін тыңдамады. Алайда ойы бізден ілгері, сонау бір ескілікті жылдары есті кісілерден естігендерін қалай жадына жұптап қалғанына дәл осы күнге дейін қайран қаламын» деп жалғастырады анасы туралы перзенттік ойын.
***
Бастау басы – қашан да тұнық су. Автор үшін оның қайнаркөзі – кемеңгер ана. Сосын әлбетте Хакім Абай. Кітап мазмұнынан сол анық аңғарылады.
Жалпы Абайды әркім әрқалай, өмірінің әртүрлі кезеңіне орай түсінеді. «Пушкинді оқу үшін талант керек» дейді Есенин.
Ал Абайды түсіну үшін ше?
Кезінде көрнекті ақын Сәкен Иманасовпен бір әңгімеде «Абайды жиырма бес жасқа дейін түсінбедім» дегенімде, ол кісі «Қалай ерте түсінгенсің?! Мен қырық жасқа дейін түсіне алмадым» деп таңғалып еді.
Асып-тасып айтпағанда, Абайды түсіну үшін де тәжірибе, білік керек тәрізді. Ойы кемел автор бұл орайда да алдыңғы қатарда сияқты.
Автор: «Қараңызшы, данышпан өзінің Бірінші қара сөзінде «не істемек керек?» дейді. Ел бақсам ба екен дейді. Онысы ел басқарсам ба дегені ғой. Жоқ, мен мынадай бұзылған елді басқара алмаймын. Оданша дін бағайын дейді. Дейді де, қайта айныйды. Әй, осындай қараңғы қауымды арамза молда болып алдап өмір сүргім келмейді дейді. Бала бағайын ба деп және бір ойға кетеді. Ұл-қыздардың көзін ашатын мұғалім болсам қайтеді дегені ғой. Дейді де, мынадай бұзылған елдің балалары да бұзылған шығар, мен оларды қалай түзей аламын деп ойын өзгертеді. Мал бақсам қалай болар екен?.. Артынша, азды-көпті өмір сүрдім, асарымды асап, жасарымды жасадым, сол мал маған қажет пе өзі дейді. Тіпті мыңғырған малды өсірген күннің өзінде оның рахатын көремін бе? Біреулер барымталап тартып алады. Сонда ол малды мен кім үшін, не үшін бағамын?
Міне, данагөй Абайдың осы ойы бүгінмен ұштасып жатыр ғой», – дейді.
Кәдімгі Гамлетке тән адами ой-сананың сана мен руханияттың сауалы. Автордың дүниетанымы осы жерден көрінеді.
Жазу үшін алдымен – дарын, сосын таным (позновательность) керек дер едік. Қазіргі модерн үлгісіндегі әдебиеттің талабы да осы. Жалғасқали ағымдағы елді тегіс толғандырып отырған «Үстемдік» тақырыбына орай да ой білдіреді.
«Кеңес кезіндегі орыс ұлты өкілдерінен өзгелерге (бізге де) көрсеткен құқайы салдарынан ұлттық діліміздің әбден тұралап қалуға жақын қалғандығын бүгін ғана салмақтап жатырмыз» деп ой өрбітеді автор. Әрі ол ойы шындыққа сәйкеседі.
Осы жерден «орыс болу оңды ма?» деген сауал туындайды. Қай мәселені де біржақты түсіндіруден аулақпыз. Ресей империясына бізден ертерек қосылған татар халқында орысқа қатысты: «Әуе­лі пушкасы келеді, сосын Пушкині келеді…» деген тәмсіл бар.
Рас, зеңбірек оғымен қоса, орыстың етегіне оралып келген еуромәдениетті де жоққа шығаруға болмас-ау. Алайда дәл осы жерден «орыс болудың деңгейі мен шектеулі мөлшері» деген этнопост­тулаттың пайда болуы да заңды.
Адами түсінікте өзінен жоғары тұрған құбылыстың бәрі – құдірет, жетістік. Көшпелі ата-баба орысқа ілесіп келген еуромәдениетті орыстың өз болмысы деп ұқты. Оған төменнен – жоғары қарады, соған жетуге ұмтылды. Біртіндеп сауат ашып, біз айтып отырған «орыстық деңгейге» жақындады, ақыры жетіп тыңды. Оған қазақы болмыстағы шығыстық дүниетаным, ислам өркениеті қосылып, ақыры қазіргі қазақ «орыстық деңгейден» де жоғары өрлеп кетті.
Сөйтіп бұрынғы арман болған деңгейге төменнен емес, жоғарыдан, төбесінен шаншыла қарайтын деңгейге жетті. Тек сонда ғана оның арман қылатындай керемет емес екенін түсінді.
Бағамдап көрсе орыстың бәрі Пушкин, Ломоносов емес екен. Орыстың арасында да Жириновскийлер, Власовтар, Никоновтар бар екен! Қос ғасырдың өліарасында қазақ соны қатты сезінді.
Бірақ ашығын айтқанда, кеш еді. Екі ғасырлық үстемдік салдарынан тіл, мәдениет, этноерекшелік бұзылған, болары – болған, бояуы – сіңген.
Алайда осы бір баршаны алаңдатып отырған сауал төңірегінде автор «әлі де кеш емес. Өткен этнобрендтерді қайтарудың мүмкіндігі бар» деген ой білдіреді.
***
Жалғасқалидің түсінігімен айтқанда, ол бүгінгі қазақ қоғамының басты ұстанымы болса құба-құп. Автор бұл орайда ұлы бабасы Махамбетті үлгі, бағдарлы нысан етіп ұстанады. Махамбеттің ноғайлы дәуірінен дәстүрлі болған жауынгерлік жырларын алға тартады. Шынында да ноғайлы дәуірінен қалған қасиетті, көне дәстүрдің ең соңғы жарқылы да махамбет баба!
Жалғасқали осындай тұжырым жасайды. Әрі ол қисынға да келіп тұр!
Ешкімнің көңіліне келмесін, ағымды, аруақты, жыршылық алапат ағыс Махамбет жырларымен біткен сияқты да бір алаң бар көкейде…
Әрі ол негізсіз де емес сияқты…
Бәрі де жоғарыда айтқан, Жалғасқали өз эссесінде ту қылып ұстаған этноерекшеліктің құбылмалы өзгерісіне байланысты дер едік. Тарихи қазақ-ноғай бөлінісіне қатысты Доспанбет жыраудың:
«Қазақ-ноғай айрылды
Қазақ сартқа қайрылды»
деген зарлы шумағы еске түседі.
Жалғасқали кітабының негізгі мазмұны да өткен, кеткен, жоғалған құндылықтарды қайта оралтуға қатысты дер едік.
Шығарманың құндылығы да сонда.
Әрине, бір мақаламен төрт жүз беттік роман-эссенің келбетін толық ашып көрсету мүмкін емес. Біз де осы шығарманы оқығаннан кейінгі түйгенімізді барынша ықшамдап ақ қағазға түсірдік.
Әлбетте, бастау басы – тұнық су. Қазақтың жауынгерлік рухының символдық тұлғасы, түп нағашың Махамбет бабаңның аруағын риза еткенге ұқсайсың, Жалғасқали!
Іске сәт!
Игі ниет жалғасын тапсын!

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір