ШОҚЫЛАР — КЕҢ ДАЛАНЫҢ КӨШЕЛЕРІ…
03.06.2022
1008
0

 

Мақсат КҮЗЕМХАН

Астында қызыл қырдың қалған ауыл,
Жылытып жүрегіме мәңгі алау үр,
Шалғайдан шақырмайсың қолың бұлғап,
Сарғайған сағыныштың салмағы ауыр.

Шоқылар – кең даланың көшелері,
Құс айтқан құлағымда көш өлеңі.
Білмеймін адырнаңды не шертеді,
Білмеймін қабырғаңды не сөгеді?

Тылсым ой тығылды кеп тағы басқа,
Мыңқ етпес мылқау жалған жағың ашпа!
Жонында жота-белдің қоңырайған,
Атамның жатыр әне жолы қасқа.

Не дейсің мың буыннан қалған дала?
Не дейсің тасқа айналған балбал баба?
Әлемнен әкететін ештеңем жоқ,
Арбамнан аумас деген арман ғана…

Құса қып қос қанатты көкке бермей,
Ебелек елбеңдейді епке көнбей.
Тым-тырыс бұғып жатыр төбелерім,
Тұсынан ешкім жүріп өтпегендей.

Сәби шақ, бұлдыры – алда,
былдыры – артта,
Жастық сап жантайдың ба гүл қыратқа?
Ұран сап жетеміз деп дүр мұратқа,
Жүген сап аттанып ек бір-бір атқа.

Сағынып қараша үйдің қатқан шайын,
(Енді кеп, еркін өскен шақты аңсайын).
Көз алмай көкжиектен тұрам сосын,
Қызыл күн ұясына батқан сайын…
Қызыл шоқ жанарымды жаққан сайын…
* * *
Арайын шашқан Абай мектебі,
Күн шағылысқан ақ әйнектері.
Аулаңда сенің бүр атып еді,
Балғын күнімнің талай көктемі.

Балаша күлдік, балаша жылап,
Бақыт екен ғой қараса бірақ.
Артымда қалдың биігім болып,
Қасиет қонған қара шаңырақ.

Ауысты жылдар, алмасты бәрі,
Қайран балалық қанбас құмары.
Жалғанның жардай жағасындағы,
Арманның балдай алғашқы дәмі.

Шақырып жатса төбе асар арман,
Жортқаныма орай жол ашар алдан.
Тақтаға талай шыққан сәтімде,
Тағдырымменен оңаша қалғам.

Өмір жолында талай гүлдеген,
Ұстазға еліктеп қараймын деп ем.
Нағыз ұстаздың уақыт екенін,
(Қызықпын сонда) қалай білмегем?

Қаламым қолда сияға малған,
Екі параққа сыя ма жалған?
Ынтамды қайтем қияға барған?
Ұлпамды қайтем ұяда қалған?

Алысқа бетті асаудай бұрдым,
Мен де бір кеткен Асан қайғыңмын.
Қоңырауы жоқ тірліктің мынау,
Еш сабағынан қаша алмай жүрмін.

Күндерім жатыр күрделі мүлде,
Білгенім жатыр күнделігімде.
Жиырма бесінші мамыр туғанда,
Жас түлектермен бірге күлімде!

Апамдай күлген күлім қабағы,
Апармай жүрген гүлімді алады.
Абай мектебіне айналып барсам,
Жаза алмай кеткен жырым бар әлі,
Ала алмай кеткен білім бар әлі…
* * *
Шыңғыс қаған!..
Қол созып ат үстінен Күнді ұстаған.
Адамдар қасқыр екен о бастан-ақ,
Қасқыр да – тіршілікке тырмысқан аң.

Әй, хас батыр!..
Бейнесі бес күніңнің қай таста тұр?
Дауылды дәуір өткен кең даланың,
Бетінде мәңгі бітпес шайқас жатыр.

Қанды күрес…
Өмір бар өлімменен мәңгілік өш.
Қақпанда шыңғыртар ма ек қарсы әлемді,
Аттан да ауып түстік, барлығы кеш.

Батыр қаған…
Көзді арбап алыс бар ма шақырмаған?
«Жаһанды жаулап қайт!» — деп қалады ылғи,
Сапарға шыққан сайын қатын-балам.

Ғасырлар-ай…
Шығыстан шырай беріп шашылды арай.
Жолсызда жоғалтқанмын қылышымды,
Бассыздың кесем енді басын қалай?

Шыңғыс бабам…
Қылышты ұлыспенен бірге ұстаған.
Бақсының әні бекер…
Бәрі де өтер,
Түбінде қара жерді кім құшпаған?..
*  *  *
Сол емес пе сөз шыны?
Айнала – айна, көз – шыны.
Әрі барып қарасаң,
Әр таудың бар өз шыңы.

Сұрақ артқан ұран көп,
Жауап таппай шыдам жоқ.
Арман емес аққуға –
Биік ұшу қыран боп.

Әрбір жеке мақұлық,
Өзінше бір тақырып.
Секірсе де бақамен,
Бақ сынаспас бәкілік.

Аты таныс ескіден,
Зерен жайлы естігем.
Мүйіз бар деп төбемде,
Сүзіспейді ол ешкімен.

Қиял асып қиядан,
Көңіл – күпті, күй – алаң.
Жүйрік шығар арғымақ,
Түкіріпті түйе оған.

Тырысқаққа тырыспа,
Ұрысқаққа ұрыспа.
Гүлге қонсын көбелек,
Қайтеді оны құмырсқа?

Сол емес пе сөз жөні?
Ілерсің-ау көзге оны.
Әркімнің бар өз жолы,
Әркімнің тау – өз дөңі.
* * *
Мейірімдерге шөлің қанбаса,
Жоқ жерден бықсып шоғың жанбаса,
Айырға ілігер шөбің қалмаса,
Өмір – далбаса!..

Серт еткен жандар сенімді алдаса,
Адалдығыңды тегін жалмаса,
Жаныңның тұнық көлін жалдаса,
Өмір – далбаса!..

Бақытты дейді: «Сорыңнан жаса!»,
Мұңыңды шақпа орындалмаса,
Тағдырың өзі қолыңды алмаса,
Өмір – далбаса!..

Қияға қалқып көңіл бармаса,
Түндерде ұйқы көп ұрланбаса,
Тәп-тәтті балға ерін малмаса,
Өмір – далбаса!..

Тұлпардың күшін жегуге арнаса,
Сұңқарың торлы темірге орнаса,
Атарға бәрін оғың болмаса,
Өмір – далбаса!..
Көп болып кетсең тобырмен қоса,
Жоқ болып кетсең өліммен қоса,
Бетінде жердің мөрің қалмаса,
Өмір – далбаса!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір