ҚЫЗЫЛ ГҮЛДЕР…
15.05.2022
638
0

Естеріңізде болса, 2019 жылдың 4 ақпанында Елордада кенеттен шыққан өрттен бес бала қаза тапқан еді. Жантүршіктірер осы жағдайға талай қаламгер күйзеле үн қатты. Қалың қазақ қайғыдан теңселіп кетті.
Таяуда Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында Жәнібек Әлікеннің осы оқиғаға арналған «Қызыл гүлдер» қойылымының премьерасы өтті. Назарларыңызға автор, қоюшы режиссер және театр басшылығының қойылымға қатысты ойларын ұсынып отырмыз.

Жәнібек ӘЛІКЕН,
пьеса авторы:
2019 жылы бір шаруамен ел жаққа кеткем. Ол кезде Нарынқол өңірінде интернет жоқ, Кегенде ғана байланыс бар. 4-5 күн бәрінен хабарсыз қалып, Кегенге жеткенде әлеуметтік желіні ашсам, күллі қазақ күңіреніп жатыр. Қазақ даласын қара жамылдырған бес қыздың өлімінен миым жарылып кеткендей болды. Мәңгіріп біраз отырдым да, өзімді-өзім ұстай алмай көзімнен жас сорғалап, қатты күйзелдім. Әлдекімдерге кіжініп, боқтай беріппін, боқтай беріппін. Нақты кімді боқтап отырғанымды да білмеймін, бәріне бейжай қарайтын қоғамды ма, сол қоғамға жауапты адамдарды ма? Содан үш айдай еңсемді көтере алмай қиналып жүрдім. Сәбилердің жанып жатқаны, шашының өртенгені, соншалықты кішкентай періштелердің денесінің күлге айналғаны көңілімнен еш кетпеді. Бір жадырап күле алмадым. Қайта-қайта күрсінесің, ештеңе істей алмайтын дәрменсіздігіңе күйінесің. Оларға араша түсе алмаған біздің жағдайымыз періште қалпында көкке ұшып кеткен бесеуден ауыр болады-ау деген ой көңілімді толқытты.
Содан қолыма қалам алдым. Жал­пы, пьесаларды өте қысқа уақытта жазам. Миымда әбден пісіріп, болашақ туындының қаңқасын тұрғызып ала­мын да, тез арада қағазға түсірем. Бірақ осы бес қыздың отқа оранған тағ­ды­рын арқау еткен шығармам басын­да тез жазылды да, толықтай өмірге келуі ұзаққа созылды. Жаны­мыз­ды күйіндірген сол оқиға болғанда ақындар қауымы қатты көтерілді ғой. Бес балапанға жыр арнамаған ақын қалмады-ау… Әлеумет­тік желіні ашқанымда, осы күйі­ніш жайлы ақын Айгүл Жұмаділдің жазбасы бірінші көзіме түсті. Пьесама да Айгүлдің поэзиясын қосқым келген. «Жүрегімізді шымырлатқан осы жағдайды жырға арқау етіп көрсеңіз… Шығарманың әр тұсына сіздің өлеңдеріңізді қоссақ. Пьеса да жартылай поэзия түрінде туса», – деп өзіне де айттым. Алайда ол кісі тапсырыспен жаза алмайды екен. Ұзаққа созылып кетті. Күтіп жүріп, бастаған дүниемді аяғына дейін жеткізу мақсатымен, араға екі-үш ай салып, шығарманы толық жазып шықтым. Мықты режиссердің бірі, досым Ержан Қаулановпен ойымыз тоғысып, көзқарастарымыз ұштаса кетті. Оның: «Халықтың еңсесін түсірмейтіндей, жұртшылыққа көңіл айту мазмұнындағы дүние туралы мен де ойлап жүр едім. Осы спектакльді аяқтап берсеңіз», – дегені де ықпал етті. Сол тұста Ержан Ж.Аймауытов театрына ауысып: «Міндетті түрде осы пьесаны сахналаймын», – дегені бар-тын. Міне, бұл қойылым осылайша көрерменге ұсынылды.

Арман ТЕМІРБЕК,
Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма теат­рының директоры:
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айта келе, жаңа кірген Барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялады. Осы «Балалар жылы» аясында Ж.Аймауытов теат­ры «Қызыл гүлдер» спектаклі арқылы болашақтың тұтқасы – бүлдіршіндерге жіті көңіл бөлудің, оларға деген жауап­кершіліктің зор маңызға ие екенін ұғындырғысы келді.
Жалпы, кез келген театр ұлттық құндылықтар төңірегінде ғана сөз қозғамай, әлеуметтік шындықты да көрсете білуі керек. Біз саясатты емес, ата-ана мен бала арасындағы нәзік қарым-қатынас жөнінде айтқымыз келді. Бұл сенім ақталды да, көрерменнің көзінен төгілген жас, яғни катарсис осы сөзімізге дәлел. Біз жылатайық деп емес, жүректерін жылытайық дедік. Әрине, ата-ананың балаға деген махаббаты ерекше, десек те, бүлдіршінге көңіл бөлу, онымен сырласу, балаға уақыт арнау жағы кем түсіп жатқаны белгілі. Олармен шүйіркелесіп, ойларын біліп, кеңесіп отыруды ұмытып барамыз. Біз балалардың тыныштығы мен күлкісіне жауапты екенімізді ұдайы есте ұстауымыз керек.
Айтпақшы, бұл – Ж.Аймауытов театрының сахнасында биыл көрермен назарына ұсынылып отырған алғашқы қойылым.

Ержан ҚАУЛАНОВ,қоюшы режиссер:

Театр қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерге дер уақытында дабыл қағып, әр түйткілді мәселені ашық көрсетуі тиіс деп санаймын. Әсіресе құндылықтардың жаршысы, іздеушісі, насихаттаушысы бола алуы керек. Жәнібек Әлікеннің «Қызыл гүлдер» қойылымы сіз бен біз өмір сүріп отырған ортаның шындығын сынайды.

Спектакль­дің негізгі идеясы бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас және тығыз байланыс жайында өрбіген.
Пьесаны алғаш оқығанда көзіме еріксіз жас келді. Денемде алай-дүлей құбылыс пайда болды. Неге десеңіз, шынында да, біз, яғни ата-ана мен балалар арасындағы мәміле азайып барады. Ертелі-кеш күнкөріс қамымен сыртта жүрген ата-анасы балаларының не ойлап, нені армандайтынын білсе екен деп ойлаймын. Балалар біздің күтімдегі тал-шыбық тәрізді. Біз мән бермей жүргенде уақыт ағымы жас шыбықты қисық қылмаса екен деген тілек бар. Кейде біздің салғырттығымыз балаларымыздың өмірмен қош айтысуына себепкер болып жатады. Неге олар біздің қателігіміз үшін жапа шегеді? Неге олар біздің салғырттығымыз үшін мұңаяды?.. Менің басты ойым, спектакль көріп отырған ата-ана балаларын ойлап отырса, үйіне барғанда баласын құшақтап, өзінің жіберген қателігін түсінсе екен деймін. Біз болашақты ұрпақ үшін жасаймыз. Өйткені олар еліміздің ертеңі, мемлекеттігіміздің мызғымас кепілі саналады. Сол себепті де, оларға деген жауапкершілікті бірінші орынға қоюымыз керек.

Нұркен ТҰРЛЫБЕК,
әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі:
«Қызыл гүлдер» спектаклі көрерменнің көңілінен шыққанын олардың ыстық ықыласынан аңғардық. Қойылым симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен халыққа ұсынылды. Режиссер бұл арқылы шынайылық пен тазалықты айтқысы келгендей. Бір отбасының үміт артқан бес қызы аяқ асты тұтанған отқа оранып, түтінге тұншығып, мына өмірмен қош айтысты. Бұл кімнің кінәсі, кім жауапты екенін іштей бағамдадық.
Қойылым «Балалар жылы» аясында көрерменге жол тартып отыр. Мұнда болашақтың тұтқасы бүлдіршіндерге жіті көңіл бөліп, оларға деген жауап­кершіліктің зор маңызға ие екені айтылады. Жалпы, спектакльде бес қыздың тағдыры баяндалады. Қойылымның премьерасы 4 күн болып, халықтың жоғары бағасын алды.
     

Бетті дайындаған: Қ.ӘБІЛҚАЙЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір