Алға ұмтылған мемлекет алдымен тілі мен ділін сақтайды
28.05.2022
252
0

Мемлекет басшысы айтқан реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, ықпалды Парламент құру арқылы, халықтың үнін тыңдайтын Үкімет қалыптастыру.

Президент үсті­міздегі жылдың 5-маусымында өткізуді белгілеген бұл халықтық рефе­рендум меніңше, дер кезінде қолға алынды. Осы орайда Ата Заңымызға ұлттық тәрбиені енгізуді ұсынамын. Қазақ қазақ болғалы бірге келе жатқан салт-дәстүрімізді, ұлттық этика, эстетикамызды Ата Заңға енгізсек ғана қазақылығымыз қалыпқа келер еді. «Балаңды өз тәрбиеңмен емес, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген дана халқымыз. Тәрбиенің негізгі алтын діңгегі – ғасырлар бойы бойымызға салт-дәстүрмен берілген ұлттық тәрбие тағылымы. Ұлттық тәрбиені жастардың бойына сіңіруді бала жастан міндеттесек , некені сақтар едік және қарттарымыздың қамқорлықсыз қалуының алдын алар едік.
Тағы бір айтарым, қазақ даласының билері мен барлық түркітілдес халықтардың билері сот істерін салт-дәстүр, әдет-ғұрып нормалары негізінде жүргізген. Осыны бүгінгі заманымызға сай етіп жаңғыртып, Ата Заңымызға енгізсек, тіпті ғажап болар еді. Дінімізді, тілімізді, ділімізді алға қарай жетелей отырып, өркениетті елдердің қатарынан көрінуіміз керек. Алға ұмтылған мемлекет, ең алдымен, өзінің тілін, ділін сақтайды. Осы құндылықтарымыз шегеленіп, Ата Заңымызда айқындалса, нұр үстіне нұр болар еді.
Не де болса, алда болатын өзгеріс­тер тарихымыздағы ең маңызды және жауапты кезең болары анық. Сөз жүзінде айтылып қана қоймай, керісінше, халық игілігін көретін, ширек ғасырдан астам уақытта қол жеткізген құндылықтарымызды қастерлеу мақсатында жаңа белеске қадам басамыз. Ел тағдырын шешуге тікелей қатысы бар алдағы референдумға елін, жерін, тарихын, береке-бірлігін қастерлейтін, елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақ-тылық пен тыныштықты қалайтын ізгі ниетті әрбір азаматтың, бүкіл халықтың қатысуы аса маңызды.

 

Қасымхан
Бегманов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір