АҚ-АДАЛ АХАТ
16.05.2022
685
0

Өлім – қашанда күтпеген қасырет. Сексеннен асса да, мен үшін мезгілсіз кеткен Ахат Жақсыбаев – арлы, шынайы қаламгер ғана емес, өзгеше мінезді, ғажайып жан еді.

Алғаш қашан көрісіп, қалай танысқанымыз нақты есімде жоқ. Тәрізі, 1965-1966 жылдар жапсарында, Ахат қызмет етіп жүрген «Лениншіл жас» газетіне әрқилы әдеби мақалалармен қатынасып жүрген кезімді. Әуелденақ ұнасымды әсер болған сияқты, әйткенмен, жұмыс орындарымыз бөлек, бірден жұғысып кеткеміз жоқ. Осы шамадағы әртарап суреттеме, очерктерін оқып және жоғары бағалап жүруім анық.

1967 жылдың май айында «Жазушы» баспасына, Ілияс аға Есенберлиннің ғұзырына көштім. Ілкідегі қызмет орным «Қазақ әдебиетіне» әлі де жиі қатынасып тұрам, Ол замманда әжептәуір мәртебе – редакциялық алқа мүшесімін және бас редактор Нығмет Ғабдуллинмен түсіністі, ерекше жақындығымыз бар. Жұмыс орайы ма, әдепкі көріс пе, алдында отыр едім, бәрі қалыпты, алайда, очерк және публицистика бөлімінің жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Әдебиет тарабы өз ретімен, ал бүгінгі күннің өзекті мәселелерін көтеріп отыратын өміршең мақалалар жетіспей жатыр, тіпті, мүлде жоққа жақын. Сол кезде есіме түсіп айттым. «Лениншіл жаста» сондай бір жас жігіт бар, Ахат Жақсыбаев деген, қызметке шақырсаңыз, бәрін орнына қойып берер еді, деп. Нықаң құлақ түре қалған еді. Үнемі мәнді, маңызды мәселелерді көтереді, өткір және ұтымды, және тынымсыз, жиі жазады, дедім. Содан соң, стол үстінде тобымен жатқан газеттерге нұсқадым. Мына «Лениншіл жасқа» қарай салыңызшы, күнара дерлік шығып тұратын, дедім. Нықаң алдындағы жаңа пошта арасынан жастар газетін алды, әуелгі бетін үстірт шолып, айқара ашып жібергенде… ортаңғы екінші, әлде үшінші бетті тұтасымен жапқан көлдей мақалаға көзі түсіцпті, қолма-қол маған көрсетті. «Осы жігіт қой!..» «Иә», – дедім. Мен айтқан Ахат Жақсыбаев. Нықаң жалпақ очерктің бастауына көз салды да, кеудесін көтере бере: «Енді… бұл жігітті қалай келтіреміз?»  – деген. Қазір «Лениншіл жаста» отыр, жарты сағаттан соң алдыңызға әкелем деппін, соншама сеніммен.

Жастар  газетінің редакциясы Коммунистік проспекті (қазір, құдайға шүкір, Абылай хан даңғылы) мен Гоголб көшесінің қиылысында. Біз – Жазушылар одағы, небәрі үш-төрт квартал ғана. Жоғарғы, үшінші қабатқа көтерілгенде, деп мені күтіп тұрғандай, Ахатымның қарсы алдымнан шыға келгені. Амандық сұрар-сұрамастан: «Саған келдім, үлкен шаруа бар. Мені шығарып сал, мән-жайын жолай айтамын», – дедім. Аралық – алты-жеті минут. Одақтың алдына келгенше бәрін жеткіздім.Әдеби газеттің артықшылық жағдайларын, мұнда күнделікті жұмыстың аздығын, жазуға, ізденуге уақытының көптігін айтсам керек. Яғни, нақты үгіт. Болашағың үшін шешуші, мәнді мезет, десем керек. Қапысыз таңдау. Ахат әуелде таңырқай қарап еді, ақыры іс төркінін ұқты, және келісім берді. Қазір бас редактордың алдына кіргіземін, бәрі келісілген, қайткенде сені алуға ынталы, ешқандай шартсыз мақұлда, содан соң маған кіріп шығып, түйінін айта кетерсің, дедім.

Шамасы он бес минуттансоң келді. Аз-маз толқыған, бірақ мейлінше риза кейіпте. Ертеңнен бастапкірісуім мүмкін, әйтсе де Нықаңа айтпаған бір кілтипан бар, деді. Ондағы бастығым Шерхан Мұртазаев мені жібергісі келмес… Құқұқтық мекеме емес, ешкім ұстап отыра алмайды дедім. Қазір бара сала арыз жазып, алдына кірем. Содан кейін… қатты ренжуге тиіс… Онысына рахмет, дедім мен. Үгіттер, өкпе айтар, бірақ көнбе. Өзім де солай, деді Ахат. Еңбек заңы бойынша, кету туралы арыздан соң екі аптадан артық ұстай алмайды… Сен ағайыншылық, көңілжықпастық жолымен, бетіңнен қайтпасаң болды, дедім.

Түстен кейін хабарласты. «Жұмыстан босатуға қол қоймады, бірақ менің шешімім өзгермейді», – деді. Нықаңа хабарластың ба? Қазір телефон соғам. Ол кісіге де анығын айтам…

Сонымен, арада екі апта өтуі керек. Менің көңілім күпті. Бірақ Ахаттың тұрақты қатқыл мінезіне сендім. Он, әлде он екі күн. Кешке қарай телефон соқты. Біржола босадым, деп. Редактор Мұртазаев екі аптаға оздырмай, бірер күнбұрын алдана шақыртыпты. Енді қайтеміз, дейді ғой. Арызымды қайтып алмаймын… «Лениншіл жастың» тәжірибелі басшысы сол арада өзінің кабинетіне редакция қызметкерлерін түгел жинап, шағын алқау жиын өткізіпті. Мына Ахат бізді тастап, «Қазақ әдебиетіне» кеткелі жатыр, дейді қабағын түйіп. Содан соң жадырай күліпті. Тәрізі, ұтымды және зәру өндіріс тақырыбына роман жазу үшін. Сәт сапар, жемісті еңбек тілейік. Мұндағы қызметіне біз ризамыз. Ахат та бізге риза болуға тиіс… Редактордан соң барлық  жұрттың қырысы жазылып, жаппай дабырласа керек.

Қайтпас, қайран Ахаң ол кезде жиырма жетіге жаңа шыққан жас жігіт, кейін өзі отыз жылдан астам тапжылмай қызмет атқарған Жазушылар одағының саясына осылай келген еді. (Кейін, Нығмет Ғабдуллин туралы естелігінде шет жағалап айтыпты. Ыңғайсыз көрсе керек, менің атымды атамаған. Одан ештеңе өзгермесе керек, ең бастысы – аламштың ғажайып азаматы Нығмет Ғабдуллиннің шынайы, адамдық бейнесі жасалған) Бұдан соң Ахат екеуіміз аз-кем емес, тура жарты ғасырдан астам, тұтас бір ғұмыр бойы тығыз араластық. Отбасымызбен.

Айттым, Ахат жаңа келген кезде мен «Жазушы» баспасындамын. Орынбасар бас редактор. Ол заманда үлкен және шешуші қызмет. Шерхан ағасының роман жазуға бара жатыр» деген сөзі Ахаттың өзіне тосын естілген екен. Рас, журналист, очеркист. Жазушылық ойда жоқ. Тым биік, қолдан келмес меже деп санайды. Осының алдында ғана, ол кезде ұтымды, бірақ қиын тақырып – өндіріс төңірегіне қатысты шағын очерк кітабын шығарған екен. Төрт баспа табақ мөлшерінде. Оқып көрсем, деректі хикаят есепті. Кеңейтіп, көркем повестке айналдыр, дедім. Және алдағы 1968 жылдың тақырыптық жоспарына енгізіп қойдым. Өзінде бәрі бар, бірақ менің сөзім сенім берсекерек, жыл аяғына дейін, шамасы тоғыз табақ хикаят жазып бітірді. «Менің достарым» деген. Тоқтаусыз басылып шықты. Қалай бағаланғаны есімде жоқ. Бірақ қазақ әдебиетінде өз тақырыбы, өзіндік қолтаңбасы бар жаңа бір жас жазушының бой көрсетуі анық еді. Жыл аралатып, келесі кітабын өткердім – «Қайырлы таң». Үшінші кітабы «Бозарал», жаңылмасам, бұрнада зерттеп, барлаған тақырыбы. Біздің кезімізде жоспарға қосылып, Есенберлиннен соң, 1973 жылы жарыққа шықты.

Бұдан әрі Ахаттың самғау жылдары басталған. «Егес», «Бөгет», «Қорған» – өзара үндес, тақырыптас үш роман. Ол заманда, бәлкім, ішінара қазір де, «өндіріс тақырыбы», «жұмысшы бейнесі» деген сөздер тым қарабайыр көрінуі мүмкін екен. Әлемдік әдебиетте үлкен орны бар, қазақта жете игерілмеген сала. Ұран асты, мемлекеттік тапсырмамен жазылған бірлі-жарым шығармалардың тұзы татымас еді. Әдетте, «қайратты, қайсар жұмысшы табының жарқын бейнесін» жасау мақсатында жазылады және өндіріс технологиясын тәптіштеп кететіні бар. Ешкім оқымайды, ресми баяндамаларда  атауда жүрсе де, әдеби сында бағаланбайды. Шыныда да қазақтың үлкен әдебиетіндегі олқы жағдаят. Ал Ахат осы мәнді тақырыпқа мүлде басқа қырынан келген еді. Өндірістік жоспар, социалистік жарыс емес. Сол өндірістегі жұрттың адами тағдыры. Өзгеше еңбекші қауым, қазақ үшін тосын ортадағы мамандар мен қарапайым жұмысшылар бейнесі. Нанымды және шынайы кейіптеледі. Ахаттың қаламгерлік машығы ғана емес, өзі де өткерген мектебі болғандықтан: өте сирек жағдай – болашақ журналист жазушы орта мектептен соң екі жыл қатарынан Екібастұз шахталарында қара жұмыс атқарған ғой. Өмірлік сабақ қана емес, болашақ шығармалардың ұстынын бекіткен нақты тәжірибе.

Бұл реткі сөзімізді осымен шектейік. Тек Ахат Жақсыбаевтың аталмыш романдарын кейінгі әдеби сыншыларымыз қайыра оқуы қажет дер едік. Уақыт таңбасы, міндетті шектеу өз алдына, біздің ұлттық прозамыз өткерген қилы жолдағы өзгеше бір тәжірибе нұсқалары есепті.

Осы орайда, Ахаңның қаламы әбден толысқан шақта жазған ең соңғы шығармасы «Иса ақын» әзірше менің қолыма түспеді. Мен оқыған жекелеген  бір үзіктеріне қарағанда, XX ғасырдың 20-30-40-жылдары, яғни халқымыздың басынан өткен қилы кезең қамтылатын сияқты. Алғашқы кітабы қаламгердің көзінің тірісінде басылып шығыпты. Ахаңның бірге оқыған, бірге жасасқан әріптес досы, бүгінде ол да марқұм, белгілі жазушы Әнес Сарайдың сүйінішті, көлемді мақаласын көрдім, кездейсоқта, интернеттен. Сыңайына қарағанда, «Иса ақын» Ахат Жақсыбаевтың ең негізгі прозалық туындысы болып қалатын түрі бар. Екінші кітап жазылып біткен екен, ендігі жарыққа шыққан сияқты. Яни, XX ғасырдағы қазақтың теңдессіз Мағжаннан соңғы, күні бүгінде нақты бағасын алмай келген ең ірі ұлттық ақыны Иса Байзақов туралы толымды дилогия. Үшінші кітап жазылмай қалыпты. Бірақ Ахат осы тәмам екі кітабымен мақсатты тақырыптың ұщтығына шықты деп байыптауға болар.

Ахаңның өзгеше бір сыпатты тағы бір еңбегі – 2006 жылы топталып шыққан бір томдық естеліктер жинағы. Мемуар – біздің өрелі, озық әдебиетіміздегі кешеуіл қалған жанр. Барды түгел жайып салуға мүмкіндік бермеген советтік тар қалып, ақыры ешқайда бұрғызбас қатаң цензура өз алдына. Баяғы революцияшыл Сәкен Сейфулиннен бастап, соншама дарынына қарамастан, теріс идеология ықпалымен қаншама жалған ақпар қалдырған Сәбит Мұқановқа, яғни «Тар жол тайғақ кешуден» басталып, «Өмір мектебінде» ұласқан жаңсақ тәжірибе өз алдына. Бүгінгі кеңшілік замандағы естелік жазбалардың өзінде өтірік пен шындық араласып жатады. Тіпті, кейбір үлкен жазушыларымыздың шығармашылығында. Тамаша, әсерлі мемуарды масаттана оқып отырғанда, кенет күні кеше өзің де куә болған әлдебір жағдаяттардың көпе-көрнеу қалай бұрмаланғанына қарап, басқа тараптағы, жаңа ғана сенген, қабылдаған оқиғалардың өзіне күмәнмен қарайсың. Анығы – жанр атбиғатын танымаудан. Қандай да естелік қиялдан тумай, өмірлік, нақты деректерге құрылуға тиіс. Қазіргі қазақ мемуарының жекелеген бір үлгілері ғана көңілге қонатындай. Мәселен, Бекежан Тілегеновтың жазбалары. Сырдаң баяндалса да, шындық ауқымынан таймаған Серік Қирабаев естеліктері. Осы орайда, Ахат Жақсыбаев естеліктері бір жосын. Алдыңғы ағалар – Сәбит Мұқанов пен Ғабиден Мұстафин туралы, кейінгі Бекежан Тілегенов, Оралхан Бөкеек туралы. Ұтымды сыпаты – шынайы, табиғи қалыбы. Қазіргі қазақ мемуарының озық үлгілері қатарында деп едік.

Хош. Жазушы Ахат туралы сөз – өз алдына, және тым ұзаққа кетуге мүмкін. Біздің осы, естелік сыпатты шағын мақаланы жазудағы негізгі мақсат – адами Ахат төңірегінде болса керек еді.

Енді Ахатты Ахат қылған ақиқат мінезге қатысты бір-екі мысал.

Әйгілі желтоқсан дүрбелеңінен соң, Мәскеу, бүткіл Советтік империя «Қазақ ұлтшылдығы» деген мәселе көтерді ғой. Бүгінде «ұлтшыл» лақабы – өзінің бастапқы, жағымды мағнасына оралды. Тіпті, ұлттық санадан кенде, бірақ атақ шығарудың жолын тапқан жағдайлардың өзі «мен ұлтшыл едім, сол үшін жапа шектім» деп сөйлейді. Ал ол кезде ұлтшылдық – нағыз жаулық есебінде. Сонымен, Мәскеуден бастап, барлық ақпарат кеңістігінде «қазақ ұлтшылдығы» әшкереленіп жатыр. Қашанда қысылтаяң кезде халқына қарсы күрескер жандайшаптардың даусы өктем шығады. Сондай некестің бірі – «Правда» газетінің меншікті тілшісі Есілбаев деген болды. Кзекті әшкере мақаласын жазарда «қазақ ұлтшылдығының ордасы» Жазушылар одағына келеді ғой. «Жұлдыз» журналына. Маған дейінгі заманда Бұл кезде Ахаң журналдың жауапты хатшысы. «Сіздің журналда  Россия жазушыларының шығармалары неге басылмайды?» – деп сұрапты, пәле іздеп. Мұндай алмағайып кезеңде, қитұрқылап, әрқилы бұлдыр жауап беруге болады. Бірақ Ахаң турасын айтыпты. «Жұлдыз» – қазақ тіліндегі жалғыз әдеби журнал. Сол себепті басылмайды. «Онда тым құрса орыс жазушыларының аудармаларын жариялауға керек қой?» Ахаң тағы да тура тартыпты. «Бұл – аударма журнал емес!» Бұралқы Есілбаев қуанып кетеді, міне, Қазақстан Жазушылар одағында ұлтшылдық сана қалыптасқан деген үкімін компартияның орталық органы, құдіретті «Правда газетінде жарияға шығарады. Әлдекімнің құты қашар еді, Ахаң мәу деген жоқ, ал әдеби жұртшылық мәз болды.

Екінші жағдай – өз ішіміздегі қызық. Шамасы 1993 жылы. Күшіне кіріп тұрған Назарбаев барлық ақпарат басшыларын шақырып, пресс-конференция өткізеді ғой. Әрқилы, мәнсіз, жарамсақ сұраулар қойылып жатыр. Сонда бір кезде Ахаң қазіргі қазақ ауылында қалыптасып тұрған ауыр жағдай, жаппай таршылық жөнін айтып, халықты мынау қыспақтан құтқару үшін қандай төтенше шаралар қолданылуы керек деген сауал тастайды. Назарбаевтың талағы тарс айырылыпты. Қандай қиыншылық? Қандай қыспақ? Қалеке, айтыңызшы, осы жақында ғана сізбен бірге ел аралап қайттық қой! Өз көзіңізбен көрдіңіз. Ешқандай таршылық жоқ!» – депті Қалекең, яғни Қалтай Мұхамеджанов әзілге сүйеді ме, біз барған жердің бәрінде керемет молшылық болды деген тұрғыда жуып-жайып жіберген екен. Ал біз – қаламгер қауым жапырмай күлдік, қалған жұрт Ахаңның батылдығына таң қалып, күн-көсемнің түйсіксіз мінезін тани түссе керек.

Ахат екеуіміздің «Жұлдыз» журналында бірлесе қызмет атқарған жылдарымыз өз алдына бір хикая. Тұтас кітап жазуға болар еді. Жауапты хатшы журналдың тақырыптық ауқымы, басылымы, таралымына қатысты таралымына қатысты барлық шаруаны атқарып жатыр, оның үстіне ұжымның бірлігі, күнделікті шаруа, кезекті санды әзірлеу машақаты бар.Ахаң қашанда турашыл, талапшыл, сонымен қатар, айрықша сыпайы мәдениетті. Жастарға ақылгөй, әркімге қамқор болып жүреді. Мәселен, бізде жалғызбасты корректор әйел болды. Қате жібермейді, қызметіне тиянақты. Сонымен бірге, мінезі қиыс, жұмыс бабында әркіммен қайшыласып қала береді. Ахаң алдап-сулап, ең бастысы – адами жанашырлықпен үнемі тілін табады. Мектеп жасына жаңа жеткен кішкентай қызы бар еді. «Жұлдыз» журналының баласы деп, әрқилы жолмен ақшалай көмек ұйымдастырып тұратын.

Бұл Ахат редакция қызметкерлері үшін үлкен бедел, ешкім ешқашан сөзін тыңдамай, немесе дауласып көрген емес. Мен үшін барлық істе сенімді. Журналдың ішкі шаруасына қатысты ұжымдық отырыстар мен мерекелер бар. Қашанда кең, жайдары, көңілді. «Жұлдыз» журналында қызмет атқару – үлкен бақыт», – дейтін Ахаң. Шынында да. Қазақ әдебиетінің алғы шебі. Бар жақсылықтың, бар жаңалықтың бастаушысы. Бұл жағдай, әсіресе, алаш арыстары қайыра тіріліп, жаппай жарияға шығып жатқан кезде айқын көрінді.

Ақыры, тоқсаныншы жылдардың бастауында төтенше қиынықтар туды. Журналдың әрбір жаңа санын шығару – азапқа айналған. Сөзге цензурасыз еркіндік туғанымен, қаражат тапшылығы қысып барады. Бұл кезде көршілес республикаларда әдеби журналдардың жабылып қалған жағдайлары да ұшырасқаны мәлім. Ал біз – көркем сөз патшалығы, аталы жұртпыз. Сондықтан, жалғыз Жұлдыз сөнбеуге тиіс. Және әдеби көшбасшы, ұлттық идеялардың жаршысы, тарихи журнал мен отырғанда жабылып қалмауы керек деген намыс бар. Қайткенде, мәңгілікке созылмас өтпелі уақыттан аман шығу қажет еді. Министрлік бөлетін қаражат үнемі жете бермейді, көбіне-көп уақытынан кешігіп жататыны өз алдына. Ал типография аузын ашып күтіп тұр. Міне, дәп осы ретте Ахаңныңіскерлік қабілеті мейлінше кәдеге асты.  Екеуіміз Оңтүстікті араладық. Аудан орталықтары ғана емес, әлдебір бай совхоздар. Бірде Өзбектегі қазаққа қол созыппыз. Әр тараптан азды-көпті ақша құйылып жатыр. Ақыры Арқаға шықтық. Жәйрем кенішімен шарт жасасып, тұрақты байланыс орнаттық. Бізден – рухани қолдау, ұтымды насихат. Бұл кеніш бар қажетімізді өтемесе де, тынысымыз кеңейді. Менің қызметім, менің атағым – рекламалық жарнама есепті, бар шаруаны атқарып жатқан – Ахаң. Жырғамасақ та көтеріліп қалдық. Соның өзінде кей-кейде қордағы ақшамыз кезекті нөмірге толығымен жетпей қалатыны бар. Мұндайда журналды көлемін азайтамыз, баз-базында бірегей, әдепкі кейпінде екі санды қосып шығарамыз. Ақыры, үзіліп, немесе тоқтап қалмадық. Айтқанымдай, көбіне-көп Ахаттың арқасында.

Не керек, Ахаң осындай, әрі іскер, әрі адал, және турашыл, өзгеше серек еді.

Журналдан соң «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып сайланды. Мұның өзі бір қызғылықты хикая. Жазушылар одағының секретариатында бекітілуге тиіс еді. Біз жұп – он кісі болып шықтық. Әуелде үш, содан соң екі үміткерді қатарынан, екі рет жабық дауысқа салғанда, бес те бес болып, жылжымай қойды. Ақыры, менің ұсынысым бойынша, ашық дауысқа көшу керек еді. Ахаттың өзінің бірге өскен достары тартына берді. Сонда мен айттым: «Мұндай тайталас жағдайда басшының бір дауысы екеуге саналады. Ал, Қалдарбек, сен кімді қостасаң, сол өтсін», – деп. Қалған жұрт та осыған тоқтады. Одақ төрағасы Қалдарбек Найманбаев шынын айтып еді: «Ахатты қолдадым», – деп. Сонымен, жаппай келісім бойынша, бес дауыс қарсы, алты дауыс жақтаушы есебінде. Ең соңғы сәтінде, бұл тайғақ шешім ешқандай күмән туғызбас үшін, қаулы заңды деп, бәріміз де қол көтеріп едік. Яғни, бір ауыздан. Сөйтіп, Ахат Жақсыбаев «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметіне бекіді.

Ахаң орталық әдеби газетімізде бес жылға жуық отырды. Бұдан соңғы кезеңде, өз қалауымен зейнетке кеткенше тағы да баспасөз тарабында жетекші қызметтер атқарды. Ендігі жерде таза шығармашылық жұмысқа көшкен еді.

Не керек, айта берсе әңгіме көп. Ұзақ өмірдегі көп қызықтың қайсын түгендерсің. Қимас дос төңірегіндегі хикая тіпті ерек. Ахаттың анасы – жиырма жас ішінде серігі майданда қаза тауып, қолда қалға үйелмелі-сүйелмелі үш ұлын тәрбиелеп жеткізген, бұдан сы барақат жағдайда немерелерін қызықтаған абзал әже туралы, Ахаңның өмірлік қосағы, мейірбан, ақылды Клара туралы, екеуі әлпештеп өсірген нәзік қыздары Меруерт, қазақы тәрбиелі келін Зәуре мен парасатты кәсіпкер ұл Мұрат туралы, ең аяғы, кісілікті құда Жүсіпәлі Нүкетаевқа қатысты қаншама лепес ойда тұнып тұр. Алайда, мұндай шағын толғаныс емес, үлкен естеліктің жүгі. Бәлкім, алдағы заманда Ахат туралы жайыла жазармын. Жазлмай қалса да уақасы жоқ. Жүрекжарды негізгі ойларымыз таңбаға түскен сияқты.

Ахат бақытты ғұмыр кешті. Өзінің байыпты ақылы, ұстамды мінезі, ақ-адал болмысымен, армансыз өтті. Денсаулығы мықты еді, қайратты еді, он бес жыл болмаса да, жеті-сегіз жыл жүре тұрса керек-ті. Тәжді тажал аталатын ғаламат дерт көлденеңнен алып кетті. Иманы кәміл болсын. Бәріміз де баратын жер. Әйткенмен ішің ашиды.

Менің жетпіс жылдық мерейтойым шет елде өткеріліп еді. Прага қаласы, Влтава өзені, «Еуропа» атты кемеде. Сәскеден түн ауғанға дейін, Чех жұртының Алтын астанасын қақ жарып өтетін тымық дария бойымен, жоғаылы-төмен, ілгерінді-кейін саяхаттап жүрдік. Мол дастарқан, ән-күй, тілектес сөздер, кеменің екі қабатында қатарымен дабыралы, сырлы би. Едіге баламмен қызметтес әрқилы ұлт өкілдері бар. Туған елден арнап келген дос-жаран, туыстар жөні бір бөлек. Барлық жұрт көңілді, көтеріңкі мерей үстінде. Қимай, әрең тарады. Сонда, ертеңіне Едіге айтып еді: «Көке, достарыңның бәрі жақсы ғой, бірақ Ахат ағаның саған деген ықылас-пейілі мен тілектес көңілі өзгеше екен!..» – деп.

Иә. Қайран Ахаңның өзі де ерекше бір жан еді ғой!..

 

Мұхтар МАҒАУИН

Силвер Сприн, Мэриленд,АҚШ.

25.1.2022 ж 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір