Қазақтың қайсар Қайымы
Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Қазақтың қайсар Қайымы» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Қазақ ұлтының асыл қазынасы мен мәдени мұрасын танытуға саналы ғұмырын арнаған Қ.Мұхамедханов сөз өнерінде, әдебиеттану ғылымында қадау-қадау еңбектер қалдырып, дарынды суреткер, парасатты ғалым ретінде танылды. Ғалымның зерттеушілік бағытын айқындайтын тақырыбы, ең арналы мәселесі, мақсаты – абайтану ілімі. Ол ұлы ақын шығармашылығын барлық қырынан зерттеуші. 1940 жылы ашылған Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайын ұйымдастырудағы ғалымның еңбегі зор. Бүгінде 75 жылдық тарихы бар музейдегі экспонаттар мен ұлы ақын жайындағы естеліктер, қолжазбалардың жиналуына Қ.Мұхамедханов мол еңбек сіңірді. Музейдің ғылыми қызметін жүйеге түсіріп, Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдарды, экспонаттардың көптеп жиналуына ұйытқы болды. Кеш Семей қаласы әкімінің орынбасары Н.Шарованың алғы сөзімен ашылды. Көрнекті жазушы Медеу Сәрсеке Қ.Мұхамедханұлы туралы естеліктерімен бөлісіп, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті ректорының кеңесшісі, профессор А.Еспенбетов Қазақстандағы алғашқы Абайдың әдеби-мемориалдық музейінің құрылуы мен қалыптасуына Қ.Мұхамедхановтың қосқан үлесі туралы баяндама жасады. Кешке арнайы шақырылған Қ.Мұхамедханов ұрпақтары музей қорына жаңадан шыққан «Қайым Мұхамедханов: Хаттар сөйлейді» кітабын тарту етті. Музей директоры Б.Жүнісбеков Қайым Мұхамедхановты музейдің «Абай медалімен» арнайы марапаттап, ғалым ұрпақтарына табыстады. Бұған қоса өзінің жеке архивінде сақталған Қ.Мұхамедхановтың бұрын жарияланбаған хатымен таныстырып, хатты Абай музейінің қорына тапсырды. Қайым Мұхамедхановтың бұл хаты 1962 жылғы 1 қарашада жазылған. Ол Абай ауданында көп жылдар ұстаздық еткен және аудандық мекемелерге басшылық жасаған Қайым ағаның әріптес жолдасы Баян Күзембаевқа жолданған екен.
«Қадірлі інім, Баян!», – деп басталатын хатта Қайым аға өз отбасының аман-есендігін білдіре келіп, Абай ауданына белгілі Рахым ақсақалдың, Мұхаң, Қойбағар, Біләл, Бәттәш, Нысанбек және тағы басқа азаматтарға сәлемін жеткізуді сұрайды. Солардың бірі – әдебиетші және оқырман қауымға танымал көрнекті жазушы Кәмен Оразалин болатын. Қайым Мұхамедханов пен Кәмен Оразалиннің жолдастық және шығармашылық байланыстары өмір бойы үзілмегені белгілі. Хаттан белгілі болғандай, Қ.Мұхамедханов бұл кезде ұстаздық қызметпен шұғылданған. Ғалымның хатын оқи отырып, Қайым ағаның 50 жылдардың басында жазықсыз жапа шеккені жүрегін әлі де сыздататыны байқалады. Қ.Мұхамедханов өз хатында былай дейді: «…өзім самолетпен келгеніме дән ризамын. Бірақ, айыптаушы, ақтаушысымен, қарулы сақ-сақтаушыларымен ең жоғарғы жазаға бұйырылып келе жатқан Бейсештің баласы өткен-кеткенді ойға салып, көз алдыма елестетіп, біраз толғандырды. Сонда да… мына самолеттің іші жұмақ сияқты көрінді. Ағалық көңілмен Қайым!». Хат Семейден жазылған. Сондай-ақ кеш барысында ҚМұхамедхановтың шәкірттері Қ.Жырғалыұлы, Ш.Жанаева, ақын А.Манабаевтың жұбайы Рымхан апай естеліктер айтып, арнау өлеңдерін оқыды. Ж.Шайжүнісов атындағы колледж студенттері Қ.Мұхамедхановтың өмірі мен қызметі туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, арнайы ғылыми жобаның тұсаукесерін жасады. Кеште қаланың өнер ұжымдары: Абай атындағы қазақ драма театрының әртістері, қалалық Мәдениет сарайының әншілері Н.Иманбаев пен Ж.Шарипов, мәнерлеп оқу мектебінің оқушылары өз өнерлерін көрсетті.