Адам баласын азғындықтан құтқаратын күш — руханият
29.04.2022
259
0

Елбасы, мемлекеттің тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрген болатын. Мақаланың негізінде ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы №790 қаулысымен, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын бекітті. «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы – 3 бағыт, 7 міндеттен тұрады. Жобаның негізгі мақсаты – Ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы – қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және руханиятын көтеру. Сонымен қатар ел жастарына жаңа мүмкіндіктер беріп, олардың түрлі бастамаларын жан-жақты қолдауды көздейді.

І бағыт.  «Рухани жаңғырудың» құндылықтарын одан әрі дамыту. Тілді дамыту міндеті бөлек белгіленген.
ІІ бағыт.  «Ел рухы» – отандық мәдени өнімдерді елге және шет мемлекеттерге танытуға бағытталмақ.
ІІІ бағыт. «Тәуелсіздік ұрпақтары» ел жастарына арналады.
«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының мазмұны жағынан мән-мағынасы терең, ауқымды жоба. Бұл жобада қазақ халқының мәдени болмысы мен шығу тарихы, қазақи күре тамыры толық қамтылған. Біз өмір сүріп отырған жаһандану кезеңінде оны мұқият сақтап қалып, ұрпақ бойына дарытудың маңызы орасан зор. Алайда бүгінгі ұрпақ бойына «ұлттық кодты» мүмкіндігінше терең сіңірсек, ол – біздің ертеңгі ұлт болып қалуымыздың кепілі екені сөзсіз. Жалпы, тұтас ұлт болып рухани жаңғыру үшін жаңғыруды өзіңнен бастаған дұрыс. Әлем өзгерсін десек алдымен өзіміз өзгеруіміз қажет.
Адам баласын моральдық азғындықтан, сезім жадаулығынан құтқаратын белгілі бір күш бар. Ол күш – руханият. Руханият – қоғамды әлеуметтік экономикалық құлдыраудан алып шығатын күш-жігер. Қоғамның қалыпты рухани дамуы, еліміздің әлеуметтік құрылымына, түрлі топтарға, олардың әрекетіне өзгерістер енгізе алады. Мәдениетті де парасатты адам рухани бастаулардан нәр алатын қоғамда ғана қалыптасуы заңдылық. Қоғам үшін рухани байлыққа қастерлі ана тіл мен ата-бабадан жеткен асыл салт-дәстүрді жатқызуға болады.
Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бірнеше басымдықтар мен сол басымдықтарға жетудің нақты қадамдары анық көрсетілген. Елбасы ұсынған бұл мақалаға қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтарының айқын көрінісі негізделген. Бүгінде қазақ елі саяси реформа мен эко­номи­калық түрде жаңғырып қалыптасуда. Біздің мақсатымыз – айқын, бағытымыз белгілі, ол әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу болатын. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғыруы тиіс екені де мәлім болды. Елбасы өз мақаласында қазіргі кезеңдегі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, өркениеттің жақсысын алып, жаманынан жирену жөнінде аса құнды пікірлер айтты. Бүгінгі ғылым мен техниканың дамыған заманында өмір сүріп отырған Қазақстан осы жобадағы бағыт бағдарларды өзінің төл құжатына айналдырып, ауқымды іс- шаралар жүзеге асты. Мемлекет басына келген жаңа президент Қ.Тоқаев өз сөзінде «Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған басымдықтардың негізінде қабылданған «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын іске асыру әлі де жалғасын табатынын жеткізген болатын.
Президент Қ.Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына арналған жолдауында Жаңа Қазақстанды құруға бет бұрғанын бұл жолғы жолдаудың мән-маңызының ерекше екенін ұзақ жылдар бойы, кең ауқымды түрде жүзеге асатынын, бұған дейінгі президент Н.Назарбаевтың бастамалары жалғасын табатынын айтып өткен болатын. Сондай-ақ жолдаудың маңыздылығына терең үңіле отырып, мен адам өміріне аса қажетті бірнеше салада үлкен өзгерістер болатынын көрдім. Соның біріне тоқталатын болсам, Қазақстан бұрын 16 облыспен шектелсе, алдағы уақытта тағы үш облыс орталығы қосылатын болды. Осының өзі қазақ елінің қарыштап дамитындығының көрінісі емес пе? Кешегі қазақтың даналары – Абай, Шәкәрім, Мұхтарлар жатқан қасиетті қара топырақ қайта түлеп, халқы рухани жаңғыратын болады. Президенттің бұл жолдауын біз қызу қолдап, өз ризашылығымызды білдіріп отырмыз.
Ж.О.ТҰМБАЙ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Экономика және бизнес жоғары мектебі,
Менеджмент кафедрасының доценті

Ж. ЖАНҒЫЛБАЕВА,
МжЖБ мамандығының 4 курс студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір