ЕЛ БІРЛІГІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
01.04.2022
348
0

Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын

Ешкімді естімейтін ескі үкіметтен халық әбден шаршағаны қалың елге аян болатын. Жемқорлар халықты тұралатып, әбден қажытып кетті. Соңғы күндері біртіндеп олардың «шортандарын» ұстап жатыр. Аз жаңалық емес… Ел іші әр хабарға елеңдеп отыр.
Президенттің осы жолдауын халық үлкен үмітпен күтті. Иә, бүгінгі Жолдаудағы жаңалықтарға халық қуанып жатыр. Президент қаңтардағы қанды қырғынға қатысы бар шенеуніктер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері қатаң жазаланатынын кесіп айтты. Қылмыскерлерді тергеу барысын халыққа жариялап отыруды Бас Прокуратураға тапсырды. Алдағы уақытта негізгі билік Парламентке берілетін болды. Бұрынғыдай Парламентте Ассамблеяның орны болмайтынын, Сенаттың атқаратын қызметі өзгеретінін атап айтты. Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары құрылатын болды. Әбден сарапталған, халықтан түскен ұсыныстар ескерілгені көрініп тұр. Ел қатты қуануға қорқатын болды. Жаңадан құрылатын үш облыстың аттары жанға қандай жақын еді! Толқытты… Үлкен қуаныштардың басы болғай! Маған Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мен Елімнің ертең емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын!» деген сөзі қатты ұнады.
Қазақ халқы бақытты болуға құқығы бар халық. Мен қазақ халқының бақытты болғанын өз көзіммен көргім, жүрегіммен сезінгім келеді! Халық бақытты болмай, ақын да, әкім де, Президент те бақытты болмайды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір