ҮРЕЙЛІ ЖЫЛДАР СИПАТЫ
Фатима ҚОЗЫБАҚОВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.к.
ХХ ғасырды тітіркенткен сұмдық қасіреттердің жантүршігер тізіміндегі сталиндік-большевиктердің шаруаларды жазалау шаралары, әсіресе қасіретті бастан кешірген Қазақстан халқын қырып-жою әрекеттері ешқашан естен шықпақ емес. Қазақстан бұрын-соңды болып көрмеген әлеуметтік тәжірибе жүргізетін алып полигонға айналды. Бұл қазақ халқының тіршілігіндегі дәстүрлі экономикалық жүйені күйретіп, тарихта бұрын-соңды болып көрмеген аштыққа әкеп соқты. Қасірет ауқымының ғаламат болғаны сонша, біз оны нағыз қуғын-сүргін саясатының көрінісі деп толық моральдық жауапкершілікпен айтуға құқылымыз. Қазақстанда осы қуғын-сүргіндердің құрбандары әлі күнге дейін саяси тұрғыдан толық ақталған жоқ. Өкінішке қарай, қайғы-қасіреттің нағыз түп-төркінін тек 1932-33 жылғы сұмдық ашаршылықпен және күштеп ұжымдастырумен ғана байланыстырып келдік. Ал оның негізгі алғышарттары Кеңестік режим өмір сүре бастаған кездің өзінде-ақ туған болатын. Әсіресе 1920-1930 жылдардағы қоғамдағы үрдістердің қалыптасуына идеологиялық экстремизмге негізделген большевиктік экономикалық саясат та қатты ықпал жасады. Кеңес билігінің саяси-идеологиялық әрекеттеріне сын көзбен қайта қарауымыздың басты себебі: Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» жарлығы. Жарлық негізінде, «Байлардың, жартылай феодалдар мен кулактардың, орташалардың меншігі мен мүлкін тәркілеу» ісіне байланысты жұмысшы тобы құрылып, іске кіріскен. Осы орайда құпия сақталған архив құжаттарын қайта қарау барысында кеңестік саяси, шаруашылық реформалардың ұлт, қоғам дамуымен үйлеспейтін, шындықтан қашық тұстарының жария болуы да бұл кезеңге өзгеше көзқараспен қарауымызға түрткі болды. Сондықтан байлардың, жартылай феодалдар мен кулактардың меншігін тәркілеу, жауапқа тарту және отбасы мүшелерімен, туыстарымен бірге жер аударылған әрбір байға, кулакқа, жартылай феодалдарға, ауылдың көзі ашық азаматтырына, тіпті колхозшыларға қозғалған қылмыстық істер бойынша үкімдердің күшін жойып, жазықсыз қылмыстық, әкімшілік жауапқа тартылғандарды бүгінгі күні толық ақтауымыз қажет (Саяси, діни сенімдері үшін, әлеуметтік, ұлттық және басқа да белгілері бойынша мемлекет тарапынан негізсіз қудалауға ұшыраған адамдар қуғын-сүргінге ұшыраған болып есептеледі).
Қазақтың тәжірибелі малшы мамандарын тәркілеу мен күштеп көшірудің, тұтқындау, өлім жазасына кесу, лагерьлерге қамау және жер аударудың кезеңдері мен санаттарына тоқталсақ:
1-кезең – 1928 жылдың тамызы – 1929 жылдың ақпаны – бай «жартылай феодалдарды» жою (тәркілеу және көшіру);
1929 жылдың соңы – 1930 жылдың қаңтары – астық, ет дайындау және салық науқандары барысында күштеп ұжымдастыру, ауылдың шаруа қожалықтарының бір бөлігін иеліктен шығарудың басталуы;
2-кезең – 1930 жылдың қаңтар қаңтары мен 1931-1932 жылдар – жаппай ұжымдастыру және кулактар мен байларды жою;
3-кезең – 1932-1933 жылдар – байлар мен кулактарды толығымен иеліктен айыру;
4-кезең – 1934-1938 жылдар – бұрынғы байлар мен кулактардың ұлдары мен басқа да жақын туыстарын РСФСР Қылмыстық кодексінің 58, 59-баптары бойынша қудалау.
Ауыл шаруашылық саласындағы жаппай қуғын-сүргін құрбандарын келесі санаттарға бөлуге болады:
– Қазақстан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесі мен Орталық Атқару Комитетінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулысына сәйкес (1928 жылғы тамыздан 1929 жылғы ақпанға дейінгі тәркілеу және көшіру), мал-мүлкі тәркіленіп, тұрғылықты жерінен Қазақстанның басқа аймақтарына күштеп көшірілуге тиіс байлар мен «жартылай феодалдар» (2 санат бойынша):
а) көшпелі жерлерде 400-ден астам малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар, айналадағы халықпен қарым-қатынасының құлдық сипатына байланысты қоғамға қауіпті немесе рулық артықшылықтар мен экономикалық үстемдікті пайдалану арқылы ауылды кеңестендіру шараларына кедергі келтіретіндер;
б) жоғарыда көрсетілген нормадан аз болса да, ірі малы бар, бірақ «а» санатында көрсетілген жағдайларға байланысты жергілікті билік органдары қоғамға қауіпті деп таныған тұлғалар;
в) бұрын өз қызметінде артықшылығы болған топтарға жататын адамдар, мысалы: сұлтан, хан ұрпақтары, бұрынғы орнынан алынбайтын болыстық басқарушылар, патша үкіметінің арнайы наградаларымен, яғни жеке немесе мұрагерлік азаматтар атақтарымен, медальдармен, басқа да белгілермен жұмысын тиянақты атқарғаны үшін марапатталған, белгілі бір жеңілдіктер мен артықшылықтар беру туралы арнайы грамоталары бар адамдар мүліктік жағдайына қарамастан көшіріледі.
«а» тармағына жататын адамдар бірінші, «б» және «в» тармақтарына жататындар тәркілеу мен көшірудің екінші тобына жатады.
– «Байлар мен кулактарды тап ретінде жою» науқаны кезінде аудан шегінде тұрақты тұрғылықты жерінен басқа округке, Қазақстаннан тыс жерлерге жер аударылған шаруалар (Қазақстан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесі мен Орталық атқару комитетінің «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды күшейту және бай-кулактармен күрес жөніндегі іс-шаралар туралы» 1930 жылғы 19 ақпандағы қаулысы). Олардың көпшілігі лагерьлерде болды, атылды, қалғандары Сібір мен Солтүстіктегі арнайы қоныстарға көшірілді.
Ауылдық және шаруа қожалықтарының иелері 3 санатқа бөлінді:
Бірінші санатқа контрреволюциялық кулактар мен бай белсенділер кірді. Бұлар – контрреволюциялық әрекеттерге қатысқан немесе Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихаттың кез келген түрінде бой көрсеткен, күдікке ілінген ауыл тұрғындары, шаруалар. Олар – қамауға алынды, олардың ісі ОГПУ-дан өтті. Оларды саяси айыппен ОГПУ, кейінірек НКВД тұтқындап, өлім жазасына, түрлі мерзімге лагерьлерде ұстауға, жер аударуға үкім етті.
Екінші санатта байлар, атқамінерлер, кулактар, кулактарды қолдайтындар, жанашырлар кіретін ең ауқатты шаруалар бөлігі болды. Олар елдің аз қоныстанған аудандарына мәжбүрлі түрде жер аударылды.
Қалған «байлар мен кулактар» үшінші санатты құрады, олар өз округіндегі немесе округінің шегіндегі ең нашар жерлерге қоныс аударылды. Екінші, үшінші санаттағы кулак шаруашылықтарының тізімдерін жұмысшылар мен колхозшылардың, кедей-шаруалар жиналыстарының қаулылары негізінде аудандық атқару комитеттері жасады.
Осы қайғылы оқиғаның беташары қазақ халқының дәстүрлі құрылымына алғашқы соққы берген 1928-1929 жылдары ірі байларды тәркілеу ретінде басталды. Мәселен, 1928 жылғы 27 тамызда республиканың Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің мәжілісінде «Байлардың шаруашылықтарын тәркілеу туралы» және 1928 жылы 13 қыркүйекте «Ірі және жартылай феодал байларды тәркілеуге қарсы қылмыстық жауапкершілік туралы» қаулы қабылданды. Науқан қорытындылары жайлы архивтік деректерден іс жүзінде 700 шаруашылық тәркіленіп, оның 619-ы өздері тұратын округтен тыс жерлерге, Сібірге «ит жеккенге» жер аударылғанын көреміз. Соның нәтижесі ұдайы өндіру байланыстарының жүйесіндегі функционалдық рөл атқарып келген бай және ауқатты шаруашылық құрылымның бұзылуына әкеп соқты. Осылайша, қазақ байларының малын тәркілеу ауылдағы орташаларды топтастыруға, олардың әл-ауқатының артуына емес, керісінше, қайыршыланған ауыл халқының жарлы-жақыбайға айналуының өршуіне, мал шаруашылығының күйреуіне ұшыратты. Күштеп тәркілеу науқанының нақты көрінісі осылай болды.
Сталиндік қуғын-сүргіннің келесі легі, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау жөніндегі науқан мен салық саясаты қазақ шаруаларына сойқанды соққы болып тиді. Әсіресе, астық дайындау науқандары жүргізу әдістері жағынан тікелей экспроприациялау формасына ұласты, ал ет, мал дайындау науқаны әуел бастан «соғыс коммунизм саясаты» тұсындағы төтенше шаралардың күштеу сипатын ала бастады. Бұны «товарды жасырғаны немесе рынокқа шығармағаны үшін» деген қылмыстық жаза белгілейтін РКФСР қылмыстық кодексінің 107-бабы мен «жалпы мемлекеттік маңызы бар міндеттерден бас тартқаны үшін» қылмыстық жауаптылық көздейтін РКФСР қылмыстық кодексінің 61-бабының күштеп қолданылуынан көруімізге болады. Осы заңның негізіне сүйеніп, мемлекеттік мүдде деген желеумен қазақ ауылдарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін дайындау кезінде де заңсыздықтар жайлады. Мәселен, жүн дайындауды «екпіндете» өткізу мақсатында қайсыбір жерлерде қойды қаһарлы қыс кезінде де қырқуға мәжбүр етті, мұның өзі малдың жаппай қырылуына әкеп соқтырды. Міндетті түрде астық дайындау «заңы» ежелден мал шаруашылығымен ғана айналысып келген аудандардың астық сеппейтін шаруашылықтарында да қолданылды. Астыртын қарсылық жасауға да дәрмен болмай, жазадан үрейленген бұл аудандардың халқы өздерінің малын астыққа айырбастауға, сол астықты дайындау есебіне өткізуге мәжбүр болды.
Осындай дайындау науқандары кезінде қазақ шаруаларына қарсы кең көлемде жазалаулар жүргізілді. Ашылған архив деректері негізінде 56948 село тұрғыны әкімшілік-қылмыстық жауапқа тартылған. Соның ішінде – 34121 адам сотталған. БК(б)П қазақ өлкелік комитеті бюросының 1930 жылғы қаңтардың басындағы жабық мәжілісінде Голощекин дайындау барысында 1928 жылғы 1 қарашадан – 1929 жылғы 1 желтоқсанға дейін сот тарапынан 125 адам ату жазасына кесілгенін, ал саяси бас басқарма тарапынан осы кезең ішінде 152 адам атылғанын хабарлайды. Сондай-ақ осы кезеңде «кулактар мен байларды тәркілеу» науқаны да біртіндеп нақты жүзеге асырыла бастағанын мәлімдейді. Сөйтіп, дайындаулар кезіндегі төтенше зобалаң мен салық саясаты жаңа аштықтың алғышарттарын жасай отырып, ауыл халқының жағдайын айтарлықтай күйзеліске түсірген. Бүкілодақтық коммунистік партияның ВКП(б) қазақ өлкелік коммитеті мен ОГПУ-ның құпия мәліметтеріне жүгінсек, 1929 жылдың 15 желтоқсанына дейінгі аралықта бір ғана астық дайындау саласында 30800 адам түрлі қуғын-сүргінге ұшыраған.
Одан әрі қазақтардың шаруашылығына малшы-көшпенділер мен жартылай көшпенділерді отырықшыландыру жөніндегі күштеу саясаты да аса ауыр соққы болды. Отырықшыландыру науқаны уақыт жағынан индустрияландыруды өрістетумен үйлестірілді. Архив құжаттарының көрсетуіне қарағанда, мемлекет отырықшыландыру саясаты арқылы астық проблемасын тиянақтап, индустриялық прогресс үшін қор жинауды қамтамасыз ету мәселелерін шешкен. Сондықтан индустрияландыру үшін қаржы іздестіру мақсатында – 1928-1929 жылдары үкімет салық тәртібін одан әрі қатайтты. Салықтың ауыр болғаны сонша, Қазақстан ауылдары мен деревняларының еңсесін басты. Сол жылдары 4% ауқатты және кулак шаруашылықтарын ауылшаруашылық салығының 33%-ын төлеуге мәжбүр етті. Бара-бара 1927-1928 жылдармен салыстырғанда, салық ауыртпалығы 98.8%-ға артқан.Осы науқан кезінде меншігін тәркілеу, жауапқа тарту, отбасы мүшелерімен, туыстарымен бірге жер аудару мақсатында – әрбір байға, кулакқа, жартылай феодалға, тіпті орташаларға да, ауылдың көзі ашық азаматтарына қозғалған қылмыстық істер бойынша үкімдер күшіне енген. Архив деректері осындай адамдардың саны тек 1930 жылдың қаңтар-маусымының өзінде 54625 бай, ірі және орта шаруа қожалығын (яғни 200 мыңнан астам адамды) құрағанын көрсетеді. Осылай, салық салу нормасының күрт өсуі мал шаруашылығымен айналысатын көшпенділердің тұтас қауым болып елден тыс жерлерге үдере көшуіне әкеп соқтырды. 1926 жылғы Бүкілодақтық санақ бойынша қазақтардың 98,1 пайызы ауыл-қыстақтарда мекендегені белгілі. Бүгінгі таңда түрлі мұрағаттардағы, соның ішінде, Қазақстан Рсепубликасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағатында зерттелген 1897, 1926, 1937 және 1939-жылдардағы санақ деректеріне сүйене отырып, күштеп ұжымдастыру жылдары ішінде 80 мыңға жуық қазақ шет ел асып, сол кездегі КСРО-дан тыс жерлерге қоныс аударып, сонда қалып, қазақ диаспорасын толықтырғанына көзіміз жетті. Олардың 70 мыңға жуығы – Қытайға өтіп кеткендер. Бұл деректердің шынайылығы сол кездегі ПП ОГПУ агенттерінің жедел барлау деректерімен де, Б(б)КП қазақ өлкелік коммитетінің (Казкрайком ВКП(б)) тапсырмасы бойынша шекаралас аймақтарда осы мәселені арнайы зерттеген Үкіметтік комиссияның қорытындыларымен де расталды. Осы жылдар ішінде Батыс Қазақстан аумағынан Түркіменстан мен Тәжікстан арқылы Ауғанстан мен Иранға тағы бірнеше мың қазақ кетті деуге де негіз бар.
Ұжымдастырудың төтенше тағы бір сипаты кулактар мен байларды жоюдың мемлекеттік бағыты болды. Енді республика шегінде орта шаруа қожалықтары бар шаруалар кулакқа жатқызылып, қудаланып, «кулактық жер аударуға» жіберілді. 1929-1933 жылдар аралығында, яғни 5 жыл ішінде Қазақстанда ПП ОГПУ үштігі 9805 істі қарап, 22930 адамға қатысты шешім шығарса, оның ішінде 3386 адамды өлім жазасына кесу, 13151 адамды 10 жылға дейін бас бостандығынан айырып, концлагерлерьге жіберу ұйғарылған. Бұл мәліметтер әлі де толық емес. Өкінішке қарай, Қазақстандағы кулакқа жатқызылған шаруалардың нақты сандық көрсеткіші әлі де белгісіз. Өйткені бұрынғы КСРО-ның мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің архивтерінде құпия болып келген «С» (құпия) әрпі бар істерге жаңадан талдаулар жүргізілуде, осы істерден ғылыми айналымға түскен материалдар мен жаңа фактілер елеулі мәліметтер беретіні анық. Себебі 1930-31 жылдары «кулактық жер аударуға» жіберілген шаруалар саны 6765 адамға жетіп отыр (бұрынғы деректер бойынша, 5500 адам болған деп көрсетілген). Қазіргі мемлекеттік комиссияның жариялайтын материалдары түбегейлі жаңа мәселелерді көтереді деп күтілуде.
Мен осы «Бай-кулак, жартылай феодалдарды (орташаларды) және крестьян шаруаларды» ақтау бойынша құрылған мемлекеттік комиссияның V жұмыс тобының мүшесі ретінде шаруаларға қарсы жазалау шаралары аяусыз жүргізілгенін нақты айтқым келеді. Олар – қылмыстық істер кодексінің 58, 59, 61, 62, 69, 73, 79, 82, 95, 97, 108, 110, 111 және мемлекеттік праволық кодексінің 371-баптарымен жаппай сотталған. Кулакқа жатқызу идеологиясы кейіннен жай шаруалар мен колхозшыларды да қамтып, бұрын-соңды болып көрмеген кең көлемде жазалауға ұласқан. Күштеп ұжымдастыру, мал-мүлікті тәркілеу, бай-кулактарды құқығынан айыру ұранымен шаруаларға қарсы қуғын-сүргін шаралары бұрынғыдан да күшейген. Біздің есебімізше, жоғарыда аталған қоғамдық-саяси науқандар кезеңінде жалпы алғанда республикадағы қуғын-сүргінге ұшыраған «кулакқа жатқызылған» шаруалар саны бұрын 100 мың деп көрсетілсе, бүгінгі таңда 165 мыңнан астам адамды құрап отыр. Бұл сан болашақта бұдан да артық көрсеткішті көрсетуі мүмкін.
Сондықтан қазақтар аштықтан ғана емес, жаппай жазалау салдарынан да көп қырғынға ұшырағанын көріп отырмыз. Қазақстан өлкелік комитетінің 1931 жылы мамыр-тамыз айларында қабылдаған қаулысында «ұжымдастыруды бұрынғыдан да жоғары қарқынға көтеру» міндеті қойылды. Осы жылдар ішінде Кеңес үкіметінің шығарған әрбір заңы, Коммунистік партияның әрбір қаулысы шаруаларға қатысты қуғын-сүргіннің жаңа легін туындатып отырды. Атап айтсақ, ОАК мен Халық Комиссарлар кеңесінің (ХКК) 1932 жылғы 7 тамызындағы «колхоз және кооператив мүлкін жымқырғаны (ұрлағаны) үшін» Қазақстан бойынша 33345 адам сотталған. Осы экспроприация және ұжымдастыру кезеңі ішінде Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың өкілетті өкілдігі – ПП ОГПУ агенттерінің жедел барлау істерінің нәтижесінде республикадағы 46091 отбасын, яғни 180015 адамды бай-кулак ретінде арнайы көшірілгендер санатына қосып, Қазақстаннан тыс жерлерге жер аударған. Большевиктер партиясының зорлық-зомбылықпен іске асырылған осыншама қатігез саясаты бай-кулактардың ғана емес, қарапайым колхозшы-шаруалардың да жаппай наразылығын күшейткен. Әсіресе көрші мемлекеттерге, Қытай жеріне өтіп кетіп, шекаралық аудандарға орналасып, елде қалып, ауыр халге ұшыраған өздерінің жерлестерін шет жаққа көшіріп алумен айналысқан кісілердің есімдері ҚР Бас прокуратурасының архивіндегі қылмыстық істер бойынша құпия архив қорларында біз қараған 252 қылмыстық істер бойынша жауапқа тартылғандар санатында тұр. Оларды шекара бұзған, кісі өлтірген, бандитизммен айналысқан, колхоз мүлкін ұрлаған деген айыптаулармен атып, концлагерлерге, ең кем дегенде, 10 жыл бас бостандығынан айырып қамаған. Бұлардың көпшілігі – халыққа қадірлі, ықпалды ақсақалдар, дін басылары, орта шаруалардан шыққан батыл және өжет адамдар еді. Олар – «бандалық құрылымның қатысушылары», «шпиондар», «отанды сатқандар», «диверсанттар» деп айыпталған. Зорлық-зомбылыққа наразылықтарын ашық білдірген, халық сенген, соңынан ерген осынау неліктен айыпталуы керек? Оған ешқандай негіз жоқ. Сондықтан «жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР заңының 6-бабына сәйкес ақталуына мүлдем тыйым салынған мұндай адамдар да заңдық жағынан ақталуға тиіс.
Ф.Голощекин өзінің 1931 жылғы желтоқсанда И.Сталиннің атына жазған құпия хатында ОГПУ ПП деректеріне сүйене отырып, Қазақстанда соңғы екі жыл ішінде ғана 15 рет бандиттік көтеріліс шыққанын, оларға 34 мыңға жуық адам қатысқанын атап көрсеткен. Алайда ол «бандиттік қозғалыс» деп атаған бүкіл көтерілістер шаруалардың наразылық шерулері болатын.
ОГПУ ПП-дің Қазақстан туралы ресми деректері бойынша, 1929-1931 жылдар аралығында республика аумағында лаңкестік әрекеттерді, өрт қоюды және бандиттік әрекеттерді есепке алмағанда, шаруалардың 372-ден астам ірі көтерілістері орын алған. Нәтижесінде 1932 жылдың ақпанына қарай Қазақстандағы колхозшылар шаруашылықтарының 87%-ы, жеке меншік шаруашылықтардың 518%-ы өз малдарынан айырылды. Өрескел шешімнің зардабынан, қисапсыз мөлшерде жиналған малға жайылымның, азықтың жоқтығынан қырылып қалды. Архив деректері бойынша, бір ғана 1931 жылы Қазақстандағы бай-кулактарды тап ретінде жою саясатымен қазақ шарауаларының 5%-дан жоғары бөлігі жойылып кеткен.
Қазақстан халқын осындай озбырлық күштеу саясаты бұрын-соңды болып көрмеген демографиялық апатқа ұшыратты. 1937 жылғы Бүкілодақтық санақтың алғашқы мәліметтері бойынша, Қазақстанның ауыл халқының саны 1930-1933 жылдардағы ашаршылықта 3 млн 379,5 мың адамға кеміген. Қытайға және басқа шетелдерге өтіп кеткен қазақтардың, жер аударылғандар мен жолда өлгендердің, іс-түссіз жоғалып кеткендер мен шекара асқанда қырылғандардың санын толық анықтау үшін зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда… Ал осы ашаршылық жылдарында негізінен қазақ шаруалары қырылғанын ескерсек, большевиктердің бұл саясатын ақтап алу қиын. Сұрқия саясаттың зардабынан республиканың басқа ұлттары мен ұлыстары да зардап шекті, дегенмен бұл коммунистік партияның көшпелі және жартылай көшпелі қазақ халқына жасаған ең ауыр да аяусыз қылмысы болғаны анық. Оның дәлелі: Қазақстандағы ашаршылық салдарынан қырылып қалған қазақтардың үлесі – 49% болса, 11%-ы украин халқын, 6%-ы – орыстарды, 8%-ы – өзбектерді, 13%-ы – ұйғырды, 10%-ы – татарларды, 11%-ы немістерді, 12%-ы мордва халықтарын, 10%-ы белорусьтарды, 25%-ы қырғыздарды, 10%-ы дүнгендерді, тағы 10%-ы басқа да ұлттар мен ұлыстарды құраған. Бұл деректердің үрей туғызатыны сөзсіз әрі бұдан тек қазақтар ғана зардап шекпегенін анық көреміз. Алайда мемлекеттің күштеу саясатының кесірінен, қазақ ұлтының жартысына жуығы жаппай қырылып қалғаны адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға екенін мойындау қажет.
Біздің ойымызша, жоғарыда келтірілген тарихи деректердің растығына еш күмән жоқ. Белгілі қазақстандық ғалымдардың бірлесіп орындаған ғылыми-зерттеу жұмысы барысында және әлі де құпия сақталып жатқан деректер мен мұрағат-құжаттардағы деректерге сүйеніп, осындай тұжырымға келдік. Халықтың мал-мүлкін жаппай күштеп тартып алу, ұжымдастыру кезеңіндегі қуғын-сүргіннің нәтижелері осындай болды. Ал егер бұл дерек-мәліметтердің әлі толық емес екенін ескерсек, науқанның қаншалықты зиян тудырғанын пайымдай аламыз.