Санжар КЕРІМБАЙ: Бүгінгі адам материализмнің тұтқынына айналды
02.05.2022
5695
0

Кейінгі жылдары халқымыздың байырғы салт-дәстүрі мен ұлттық дүниетанымын насихаттап, аңыз-қиссалар арқылы олардың терең мәніне үңілуге үндейтін кітаптар жарық көре бастады. Жақында жастар санасына қозғау салған сондай тағылымды еңбектердің жетекшісі – Санжар Керімбай мырзамен әңгімелесудің сәті түсті.

– Санжар мырза, «Отбасы хрестоматиясы» сериясы арқылы ұлттың дәстүрі мен ғұрпын, діні мен ділін насихаттап жүрсіздер. Бұл сөзіме «Әлдиден эпосқа дейін», «Салт-дәстүр сөйлейді», «Логотерапия» сынды кітаптар дәлел. Бұл істі қолға алуға не түрткі болды?
– Оған түрткі болған – Логотерапия ілімі. Біз онымен 2007 жылдан бері таныс едік. Ілімнің негізін қалаған австриялық психотерапевт Виктор Франкл ХХ ғасырдың басында невроздың жаңа түрімен кездеседі. Оның клиникасына ағылған клиенттер Фрейдтің кезіндегідей тыстан таңылған моральдық қысымнан немесе жүзеге аспай қалған либидоның құмарынан азап шекпейтін. Олар бақуатты өмір сүрсе де, көңілдің түкпірінде үңірейген бір апан барын сезетін. Рахаттың қалаған түріне қолы жетіп тұрса да, өзіне не керегін біле алмай, абыржыған кісілер жанын қоярға жер таппай аласұрады. Франклдың өзі дінге сенетін дәрігер болғандықтан жаңа невроздың шығу төркінін дәл табады. Бұл технологиялық прогресс пен рационализм үстемдік еткен жаңа дәуірде діннен теріс айналған жұрттың рухани құндылықты басы бүтін тәрк етуінен шыққан экзистенциялық кесел болатын. Өмірдегі барлық құбылысты «Не үшін бұлай болып жатыр?», «Оның ішкі Мәні не?» деген сұрақпен тексермесе, жауабы берілмеген жұмбақтар уақыт өте келе көкіректе қаңыраған бостық сезімін туғызады. Дәл осы жағымсыз сезім өмір сүруге деген құлшынысты күйретеді. Франкл сипаттаған бұл аурудың түрі біздің қоғамға да келіп жайғасып алды. Біздің жұрт та тылсымға толы өмір атты феноменнің сансыз жұмбағына тұщымды жауап таппақ тұрмақ, жүйелі сұрақ қоюға шамасы келмей қалды. Осының кесірінен елде суицид оқиғасы өте көп.

Негізі, бұл сұрақтарға дін философиясы жауап беруге қабілетті еді. Өкінішке қарай, біздегі діни үрдіс биліктегі ықпалды топтардың «жамағат жинап саяси күшке айналу керек» деген үгітіне ұрынып қалды да, халыққа кері әсер етті. Уланған дін мәдени құндылықтар өндірудің орнына бұрыннан бар рухани құндылықты «бұлар Құранда жоқ» деген желеумен жайпап тастады. Ұрпақ болса өсіп, көбейіп жатыр. Олар есейген сайын кез келген тыйым мен дәстүрдің хикметін (даналығын) түсінгісі келеді. «Неге өйтуге болмайды?», «Олай етпесе не болады?» деп сұрай береді. Совет кезінде рухани тамыры қиылып қалған қазақтар баланың бүкіл сұрағына «Жаман болады!» деген жалғыз жауабын бере салады. ХХІ ғасырдың баласы ескі буын сияқты «жаман боладыға» бірден иланып, оны мүлтіксіз орындауға тырыспайды. Осыдан келіп нигилизм күшейеді. Нигилизм дерті санадағы өнегелі, мәнді, мағыналы өмір сүретін дәліздің бәрін бітеп тастайды. Міне, осындай апаттың алдын алу үшін біз классикалық құндылықтарға жүгінуге мәжбүр болдық. Негізінен, қисса мен аңыз форматындағы қазақтың классикалық құндылықтары «не үшін?» деп басталатын ең маңызды сұрақтарға «оның хикметі мынау болатын» деп мағыналы жауап бере алады. Бірақ оны ғылымға ғана табынып, рационалды танымға жабысып алған, кез келген аңызды баланың ермегі санайтын ересек қазақ қажетіне жарата алмайды. Сол үшін біз жаңа буынның санасын нигилизм кеселінен құтқарып қалу үшін «Әлдиден эпосқа дейін» және «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабын шұғыл түрде қолға алдық. Одан соң «Сияр шәріп» жарыққа шықты. Ал «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» кітабы қазақтың аңыз, әпсана, қиссаларының рационалистер ойлағандай баланың ермегі емес екенін академиялық әдіспен дәлелдеу үшін жазылды. Осыдан бастап кез келген құбылысқа қатысты «Не үшін бұлай?» деген сұраққа «Оның түпкі хикметі мынау!» деп жігерлі түрде жауап беруге мүмкіндік туды. Көкіректегі қуыс құндылықтармен тола бастады. Өмірге құштарлық артты.

– «Салт-дәстүр сөйлейді» атты кітапта қазақтың ырым-тиымдарының түп-тамыры аңыз-қиссалар арқылы ашып көрсетіледі. Семенов-Тянь-Шяньский қазақтар жайлы: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ, салт-дәстүрінің өзі тұнып тұрған білім» деген екен. Бір шетінде орыс, бір шетінде қытай отырса да, діні мен ділін шығыстық терең таныммен айқындай білген көшпелі ата-бабамыздың даналығының сыры неде?

– Мен бұл даналықты көшпенді өмір салтымен ғана байланыстырмаймын. Себебі даналық – транцсендентті сипатта өмір сүретін болмыс. Яғни ол мәңгі бақи құпия болып қала беретін тәңірлік әлемнен ақжүрек тақуаның көңіл айнасына келіп түсетін иләһи сәуле болса керек. Әдетте ондай құбылыс пайғамбарларға уахи түрінде түседі. Сондықтан қазақтың киелі салты мен дәстүрінің өміршеңдігі ең бірінші Құран рухымен тікелей үндесіп кетуінде. Бірақ ол өзінен-өзі үндесе салмайды. Оны үндестіру үшін көкірек көзі ашылған дін ғұламалары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан тыйылып, тынымсыз тағатта ойланады. Көне түркілік танымнан келе жатқан көркем салттар мен мағыналы дәстүрді Құран рухымен сауатты түрде синтездейді. Барлық дәстүрдің бастауын әйтеуір бір пайғамбардың оқиғасына апарып жалғайды. Бір ғана мысал: Беташар салты – қазақта ғана бар таңғажайып құндылық. Таяз ойлы радикал діншіл болса беташарды: «Бұл Құран мен сүннетте жоқ. Пайғамбарға келіндері бұлай сәлем салмаған», – деп оп-оңай айналымнан шығарып тастайды. Орта ғасырдағы ғұламалар өз дәуірінде ондай надандыққа мүмкіндік бермеген. Бір ғана беташарды мәңгілікке сақтап қалу үшін оны Адам ата, Хауа ана аңызымен матап, халықтың санасына сіңірді. Яғни қазақы қисса бойынша іші тар сайтанның көзі тимесін деп ақ жаулықты Хауа анаға Тәңірімнің өзі жапқан. Адам ата келіншегімен танысам деп ақ жаулықты ашқан кезде Хауа еріне иіліп сәлем салыпты. Бұл салт содан қалды деп беташардың түп бастауын тәңірлік әлемге өткізіп жібереді. Мифтің өлмес сипаты тәңірлік әлемде болған бір оқиға жер бетінде, сенің де өміріңде ұдайы қайталанып отыруға тиіс. Міне, осындай рухани синтезден сәтімен өткен кез келген дәстүр ғасырдан ғасырға емін еркін көшіп жүре береді. Сондықтан да бұл тақырып қозғалғанда Қожа Ахмет Ясауидің есімі еріксіз атала беретіні содан. Яғни көне түркілік дәстүрдің бәріне Құран киесін дарытып, бәрін түгел аман алып қалу үшін күресетін мықты мектептің негізін қалаушы Ясауи деп айтылады. Қазақтың киелі дәстүрін мансұқтап, құртуға құштар болған діншілдердің Түркістан мен Әзірет Сұлтан десе өре түрегелетіні осыған байланысты. Орта ғасырда да мұндай текетірес қайнаған. Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи жұрт ойлағандай 63-тен соң жер астына кіріп алып, зікірін айтып отыра бермеген. Ол – кәдімгі патриот ұлтшыл адам болған. Мемлекет құру ісіне тікелей қатысқан қоғам қайраткері. Ал мемлекет метафизикалық танымы тереңге кеткен қоғамда берік болып құрылады. Мемлекет уахи арқылы пайда болған шынайы өркениеттің панасында өсіп-өнеді. Біз Ислам өркениетінде өсіп-өндік.

– «Надандық» деген сөзге қалай анықтама берер едіңіз?

– Жалпы надандық жайында тауып айтқан, тигізіп айтқан, ақтарып айтқан сауатты афоризмдер жетеді. Бірақ академиялық ғылым ол жайлы нақты позиция ұстанады. Надандық деп адамның өзін сырттан бақылап, өзін-өзі сынға алып отыратын қасиетінің сөніп қалуын айтады. Оны логотерапияда «self-detachment», яғни «адамның өзінен бөлініп, ұзап кетуі» деп атайды. Бұл таңғажайып қасиет адам болмысына ғана дарыған. Экзистенциялық философия мен психотерапия адамның болмыс хәлінде дұрыс өмір сүруі осы күйді ұстап тұруына тәуелді дейді. Бұл функцияны сана (рацио) атқармайды. Оны адамның ар-ұяты атқарады. Адам ар-ұятына бекем болып, «ұят болады» деген жерде кілт тоқтап үйренсе, өзін-өзі сырттан көріп, іс әрекетіне сараптама жасай алатын қабілеті күшейеді. Мұны Абайдың қара сөзіндегі «аптада, не айында өзіңнен есеп ал» деген тәмсілімен еске алуға болады. Бірақ ол сөзде ғана солай. Шындығында өзіңнен есеп алу оңай емес. Ол да кәдімгідей уақыт пен қажыр-қайратты талап етеді. Оның үстіне, ар-ұят жүректен шығады. Қазір жүректі ешкім таным көзі ретінде қарамайды. Ет-жүрек модерн адам үшін бар болғаны қан айдап тұрған насос қана. Ал жүректің кірлеуі ар-ұятты тұралатады. Сондықтан дін ғылымы, «көп күлме», «арам ауқат жеме», «бос сөз сөйлеме», «некесіз ойнап күлме» деп момындарды тыйып отырады. Надандығы асқынған адам «Мен не үшін бармын?», «Бар екенімді не үшін ой-санаммен айырып тұрмын, мұның не хикметі бар?», «Неліктен түбінде өлетінімді осы бастан анық біліп тұрмын? Сонда мен өлгенше не істеуім керек?» деген сұрақтармен бетпе-бет келе алмайды.

– «Логотерапияда» Виктор Франклдың еңбегін негізге ала отырып, XX ғасырдағы мағырып пен машырықтағы пайда болған ілімдерді саралай келе, өзіндік тұжырымдама ұсынылады. Қоғамда қызу пікірталас тудырған осы еңбектің жазылу барысына тоқталсаңыз.

– Жалпы 2007 жылы логотерапия жайлы «Стремление к смыслу» деген бір мақаланы көзім шалды. Бұл маған қатты әсер етті. Осының әсерімен Франклдың концлагердегі оқиғасын оқып шықтым. Бірақ мұның бәрі жәй баяндау форматында жазылған жеңіл ақпарат болатын. 2009 жылдары ресейлік ғалым Леонтьев аударған монографиясын түсінуге тырысып бақтым. Бірақ ештеңе ұқпадым. Себебі таныс емес терминдер тым көп. Сонымен тісім батпаған соң оны тастап кеттім. Бірақ бұл ілімнің теориясы адвокат Абзал Құспанға қатты ұнағаны сонша, ол 2017 жылы: «Осы жолы логотерапияны аударып шығармасаңдар ат құйрығын кесісем», – деп бізді қыспаққа алды. Алғаны жақсы болды. Себебі оған берген уәдені орындау үшін сарқылып еңбек етуге тура келді. Ол кезде сол авторлардың бірі – Мұхит Төлеген Түркиядағы Эржиес университетінде оқып жатқан. Ең күрделі, ең ауыр терминдердің кілтін сол ашты десе де болады. Жоғарыда айтқанымдай, қазақтың классикалық құндылықтарының рахатын сол кезде көрдік. Себебі өте тығыз жазылған академиялық еңбекті қазақшаға сөзбе-сөз аударып бере салудың түк те пайдасы жоқ-тын. Мұздай мәтіндегі жансыз аударманы жан баласы оқымас еді. Сондықтан Франклдың өмірдің әрбір құбылысына қатысты түйіндеп тастаған терминдерін ашықтап түсіндіруге мәжбүр болдық. Ең қызығы, солардың бәрін тереңнен толғап қопара түсіндіріп беруге қазақ аңыздары толық қабілетті болып шықты. Бұл екі жаққа да тиімді іс болды. Логотерапия ғылымы қазақша қиссалармен байып, құнарлана түсті. Ал шашылып, төгіліп, жайылып жүрген қазақ аңыздары буынып-түйініп, тып-тығыз терминге айналды.

– Түркияда оқып жүргеніңізден хабардармыз. Түрік руханиятының қандай артықшылықтарын айтар едіңіз?

– Бұл сұраққа жауап бермей-ақ қояйын. Себебі мен олардың бірде-бір діни не рухани өкілімен әңгімелесіп көрмеппін. Мен тек профессордан лекция тыңдап, білмеген нәрсемді сұрап аламын да, қалған уақыттың бәрінде тек қана қазақ қоғамын құндылықпен байыта түсу ісіне кірісіп кетем. Сондықтан мен бұл жақта бірде-бір түрікті дұрыс танымаймын және араласпаймын. Сөйлессем де ішім пысып кетеді. Себебі маған өз Отаным қызық.

– Тарихқа көз жүгіртіп айталықшы, бір ұрпақтың санасы жаңару үшін қанша уақыт қажет?

– Интернет пен технология ғасыры адам санасын қалай тез тоздырса, дәл солай тез оңалта да алады. Оның үстіне бұл сұрақ енді халыққа қарата айтылудан қалды. Себебі ұрпақ санасы жаңарып, жаңғыруға әманда дайын тұр. «Ендеше сананың жаңара салуына кім кедергі?» деген сұрақ туады. Оның жауабын көзі ашық кез келген қазақ біледі. Жаңаруға кедергі – Ресейге тәуелді біздің билік. Егер Қазақ билігі тәуелсіз болып, ұлттық мемлекет құруға жігері жетіп, ұрпақ санасын жаңартам десе 7-8 жыл жетіп жатыр. Кәсіби білігі жоғары педагогтарға қазақ мектептеріне арнап сапалы оқулық жазуына мүмкіндік берсін. Бүкіл оқулықты орысша жазып, қазақшаға калька аударма жасап, қазақ мектебіне ұсынып жатқан мемлекетте ұрпақ санасы қалай жаңарады? Одан кейін ұлттық арнадағы сапасыз бағдарламаларды сылып тастап, орнына трансцендентті сипаты бар құндылықты салса да жетіп жатыр. Сосын үкімет дінді өзінің саяси мүддесіне қолданғанды доғару керек. НӘН-нің дәуірінде діни орталықтар рухани һәм мәдени құндылық өндіріп, ескі қолжазбаларды қайта аударып айналымға салумен емес, «намаз оқып, патшаға бағын» деген уағызбен әуре болды. Ұлтшыл дін мамандары түгелдей қудалауға ұшырады. «Сананы тез арада жаңартып алуға болады» дегенді мен неліктен сеніммен айтып отырмын? Себебі 2001-2006 жылдар аралығында «Қазақстан теле-радио корпорациясында» Ғалым Доскен ағамыздың қол астында істедім. Сол кезде Ғалым ағаның өте сауатты стратегиясы айналдырған 3-4-ақ жылдың ішінде сананы жаңалап жіберуге шақ қалды. Өнер мен ғылымға ұмтылған жастар қазақ болып өмір сүрудің шырынды дәмін енді тата бастаған болатын. Бірақ бір ауыз қазақша білмейтін Ертісбаев деген мәдениет министрі ұлттық арнаның желкесін қиған соң бәрі тоқтады. Сол кезде-ақ, «е, мына маргинал үкімет ұрпақтың санасын жаңартуға емес, керісінше, оларды қараңғылыққа қамауға мүдделі екен ғой» деп түйгем. Содан бастап «халық надан, халық жалқау, халық мақау» деген түсініктен толық бас тартқан адаммын. Бәрі биліктің қолында!

– Бүгінгі қазақ қоғамының «әттең-ай» дегізетін олқылықтары қандай?

– Қазақ қоғамының «әттең-ай» дегізетін тұсы өте көп. Бірақ мен ол үшін қоғамды не халықты айыптап сөйлейтін позициядан кеттім. Себебі қазақ қоғамы өзінің иттігінен емес, 30 жылға созылған автократиялық биліктің кесірінен күйреді. Мен қазір қазақ қоғамының 90-жылдар мен 2000- жылдардың басында сұмдық саяси белсенді болғанына қайран қалам. Сол кездегі саяси екпіннің арыны басылмағанда, қазіргі олқылықтар барлық қоғамда болуға тиісті табиғи кемшіліктер болып қалушы еді. НӘН дәуірінде дүниеге келіп, 25 жыл бойы кедергісіз тамыр жайған жемқор жүйе енді барлық «әттеген-айдың» анасы мен атасына айналды. Сондықтан маған қазір бір ғана кемдігін айтшы, сол ғана жетеді десе, «қазақ қоғамы саяси пассив күйінен шығуы керек» дер едім. Себебі саяси реформа жасалып барып, әділ басқару жүйесі орнықпаса, әлгінде әңгіме қылған сананың жаңаруы деген ең ұлы нығметке жете алмаймыз. Сананы жаңартуға қабілетті ғалымдар мен ақылды тұлғалардың бәрі қисық жүйенің құрбаны болып, ештеңе жасай алмай отыр.

– Жүректің басты дерті не?

– Бұл классикалық сұраққа ескідегі ғұламалар толық жауап беріп, тіпті оны дертінен айықтырып, жазып алудың да мың сан тәсілін тапқан. Бірақ ол тәсілдер біздің ғасырда пайдаға аспайды. Пайдаға асады, бірақ оның шартын біз қабылдамайтын болғанбыз. Себебін айтайын. Жүрек көзі ашылған ғұламадан біреу сұрайды:

– Өмірдегі ең ірі бақытсыздық не?

– Жүректің өлуі!

– Жүректің өлуі деген не?

– Жүректің дүниеге толық байланып қалуы.
Қазіргі адам обьективті әлемнің ішінде материализмге әбден маталып, тұтқынға түсіп болды. ХХІ ғасырдың ұсынған сансыз қызығы мен жаңалығы ғайыптағы Ұлы ЗАТ жайлы ойлануға мүмкіндік берер емес. Күн сайын ашылып жатқан дүние ішіндегі жаңа қызықтар бізді еліктіріп, желіктіріп тұр. Осы дүрмекке топ-тобымен кіргендер сезімтал жүрегінің мұздай етке қалай айналып кеткенін сезбей де қалады. Ал ескінің әулиесі көзіне көрініп тұрған материалды обьектінің өзіне өлсе де жабыспайды. Оны метафизика ғана қызықтырады. Олар: «Мына жаңалық пен құбылыстың бәрі қай жақтан бұрқылдап шығып жатыр? Ол неге сарқылмайды? Жоқтан бар нәрсе шықпайды. Табиғаттың тәртібі бойынша бар нәрседен бар нәрсе шығады. Ендеше алуан түске боялып, тіршілік сахнасын құлпыртып тұрған мұншама қызық пен шыжықтың ең түбіндегі құпия тұрған жойылмайтын барлық не? Ол не үшін бұлай дүниені құбылтып тұр? Мені бұлай сұрақпен қинауында не мән бар?» – деп ниеті мен мұратын осы ғайыптағы абсолютті болмысты танып білуге қарай бұратын. Осы болмысқа құмар болып, оның құпия сырына құштарлана ұмтылғанда, қан айдап тұрған ет-жүректің таңғажайып рухани функциялары іске қосылады. Ал материядан жұбаныш тапқан өлі жүрек, бұрынғыша денеге қан айдап насос болып тұра береді. Неліктен бұлай болды? Себебі ол ілімді ұстанып, ұрпақтан-ұрпаққа беріп отыратын ілім ошақтарын КСРО кезінде большевиктер түгел қиратып тастаған. Яғни рухани кадр жоқ. Ал қазіргі діни орталықтар сол жоғалған жүрек ілімін тірілте алады дегенге зор күмәнмен қараймын. Зайырлы форматта өмір сүруге үйреніп алған модерн қазақтар дінмен, пайғамбармен тікелей байланып тұрған жүрек іліміне тіпті беттегісі келмейді. Себебі кейінгі 20 жылда еш кедергісіз уағыздалып, таратылған надан діншілдік сауатты қазақтарды Алла, Құран, пайғамбар ұғымдарынан суытып алыстатып жіберді. Олар енді бас көзімен-ақ рационалды түрде тыныш қана өмір сүргенді оң көреді. Жүректің көзі, жүректің дерті деген шындықтарды жай ғана әдеби теңеу, метафора ретінде қабылдауға көндікті.

– Ата-бабамыз жауға шабарда «Аруақ!» деп атқа қонған екен. Бүгінгі күні де «аруақ!» десе, бейсаналы түрде делебеміз қозады. Бұл сөзде қандай мән бар?

– Бұл делебені үнемі қоздырып отыруға болушы еді. Бірақ қазақ руханиятына аяусыз шабуыл жасаған сатқын уағызшылар «ширк болады» деген желеумен аруақ сыйлау, оның болмысына тағзым ету деген қазақы танымды талқандап жіберді. Негізі, мұны да дін ғұламалары шындап қолға алса, Құран рухымен үндестіріп насихаттай алады. Бірақ біздің үкіметте ондай стратегия жоқ. Сондықтан діни орталықтар мұндай тақырыпты айналып өткенді жақсы көреді. Бірақ мені өлген адамның болмысы тіріге әсер ете алмайды деген түсінік сендіре алмайды. Себебі дінде пайғамбар рухына салауат айту деген өз алдына дербес құлшылық түрі бар. Ол жерде пайғамбарға бір салауат жолдасаң, ол да саған он салауат артығымен жолдайды. Көгеріп-көктеп, рухани дамуыңды Алладан тілеп отырады деген сенім түрі бар. Олай болса пайғамбардың ізін басқан киелі рухтар да момынның психологиясына әсер ете алады деуге болады. Ал қазіргі ғылымға салсаң, бұл сұраққа ең терең кірген Карл Густав Юнг шығар деп ойлаймын. Юнгтың пайымынша, қасиетті кісілер өлген соң киелі образдарға айналып, түпсанамызда бізбен бірге жүре береді. Соған орай «ұжымдық бейсана», «архетиптер» деген сияқты жаңа терминдер ойлап тапты. Яғни дүниеден өтіп кеткен барлық кісілер бізді түпсанадан түрткілеп, жаңа істерге шақырып тұрады. Олардың рухына құрмет көрсетіп, олардан медет тілеген жандар тұла бойына қосымша рухани қуаттың құйылғанын анық сезеді. Өкінішке қарай, ХХ ғасырда Еуропа жұрты киелі аруақтардан түбегейлі бас тартты. Енді олар өмірдің болмашы қиындығы кеп соққанда морт сынатын бишараға айналды. Ал өздерінен теріс айналғанын түсінген түпсана мен бейсанадағы аруақтар болмысы тірілерге тіл қатпай үнсіз шөгіп кетті. Егер Еуропа адамы алдыңғы атасының айбыны мен жігерін қайта тапқысы келсе, оларға құрмет көрсетсін деп толғайды Юнг Меніңше, бұл диагноз бізге де келеді. Күні кеше ел ұстаған, сөз ұстаған қасиетті ата-бабасынан саналы түрде теріс айналған қазіргі діншілдерде ешқандай харизма қалмады. Олар қазір: «Тезірек қиямет қайым болып, Алла намаз оқушыларды жұмаққа кіргізіп, бәрімізге 72 хор қызын тегін таратып берсе болар еді. Ал мына жақтағы қоғамда менің шаруам жоқ», – дейтін ыждаһатсыз тобырға айналды. Сондықтан өз басым ширк мәселесін олар ойлағандай қабылдамаймын. Киелі аруақтың бәрі онтологиялық әлемде біздің амандығымызды Алладан тілеп жатыр деп сене берем. Және сол сенімім мені жаңа алаңдарға қорықпай кіре беруге көмектесіп тұратын сияқты сезіледі. Бұл құбылыстың бәрін ұлық Алла өзінің құпия Затында бақылауда ұстап, қадағалап отыр деген иманым – киелі аруаққа құрмет көрсету арқылы олардан да шабыт пен қуат аламын деген сеніміммен шарпыспайды. Егер үкімет 25 жыл елді ойрандаған салафизм идеологиясына тоқтау салса, аруақты аталарынан күш алатын жаңа қазақтар қайтадан қалпына келуі мүмкін.

– Алда тағы қандай кітаптар шығару жоспарда бар?

– Ол әманда құпия болады. Жария болған жоспардың жүзеге аспайтын әдеті бар. Жоспарда жазылатын кітаптар кезекте тұр. Оның бәрін тек шыққан кезде айтамыз.

Әңгімелескен
Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір