ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСЫН АРТТЫРУ ҚАЖЕТ
24.05.2022
4644
0

Өткен жылы қазақ драматургия­сында қандай жаңалық болды деген сауалға жауап іздегенде алдымен тілге оралатыны: «Театр болғасын оның драматургиясы да бар. Даму үстінде. Үдеріс бар!».

Амангелді Мұқан

Бірақ баяу жазылуда, тақырыбы өзекті емес, ой-идеясы ашылмаған, кейіпкері аяғына дейін тарқатылмаған, театр режиссерінің ұстанымына, көзқарасына, ойластырған сахналық формасына сай емес. Байқасақ, кемшіліктер бір төбе. Бұрын да солай болған, бірақ драматургтеріміз басқаша уақытта өмір сүріп, жұмыс істеді. Бұрынғыша спектакльді қоюға бөлінген уақыт аралығы азайып кетті. 5 рет түзетіп, қайта-қайта көркемдік кеңеске тапсыруға уақыт тапшы. Сол асығыстық, сол қарбалас театрлар режиссерлерінің драматургтермен асықпай жұмыс жасауына кедергі болып жатқаны анық.
Өзекті мәселе болған ұлт театрының драматургиясы және оған келетін бүгіннің Мұхтары мен Ғабиті қайда? Бүгінгі драматургтер ертеңге қандай қор қалдырады? Қазіргі 795 мүшесі бар ҚЖО – аз санды қазақ театрлары үшін үлкен күш, Армия. Бірақ сол армияның қатарынан бар-жоғы 15-20 адам ғана драматургиямен айналысады екен. Бұл – қолына қалам ұстаған ақын- жазушылардың 2,5 % ғана. Драматургия тек «Драма.кз» жас драматургтердің фестивалін өткізу үшін немесе некен-саяқ автор-драматургтің жеке мәселелесі болып қалмауы керек. Оған Мәдениет және спорт, Ақпарат министрліктерінен бастап, театр қайраткерлері, бәрі де белсенді атсалысқаны жөн.
2021 жылдың қорытындысына орай атап өтерлік драмалық шығармалар:
1. Театр режиссері, драматург Ерсайын Төлеубайдың 3 томдық шығармалар жинағының «Алаш тарихы» деп аталатын 2 томы мен «Драма пьесалар» атты 3 томы таза драмалық шығармалардан тұрады. Пьесалардың ішінде көтерген тақырыбы, авторлық айтпақ негізгі ой-идеясы айқын ширақ та өткір жазылған туындыларымен бірге, бір қайнауы ішінде дүниелер де байқалады. Десек те, театрлар қажетіне жарарын таңдап алып қоюға мүмкіндігі бар.
2. Серік Асылбекұлының «Империядағы кеш» шығармалар жинағына автордың бұған дейін әр алуан журналдар мен жинақтарда жарияланған және түрлі театр сахналарында қойылып жүрген пьесалары мен киносценарийлері енген.
3. Думан Рамазанның «Тақ» деп аталатын пьесалар жинағындағы драмалық шығармаларының бірқатары – театрлар репертуарында келе жатқан, көрермендер тарапынан өз бағасын алған туындылар. Мұндағы «Тақ» пен «Қанатталды» жаңадан жазылғандар қатарында және жақын арада сахнадан көреміз деген ойдамыз.
4. Ақын Қасымхан Бегмановтың «Экспедициядан кейінгі өмір» атты кітабына күллі түркі халықтарының көсеміне айналған Мұстафа Шоқайдың өмірінен сыр қозғайтын «Менің Мұстафам» тарихи монодрамасы, «Мұстафа Шоқай» поэтикалық тарихи драмасы мен «Мұстафа Шоқай» драмасы және қуыршақ театрына арналған «ЕрТөстік» пьесалары кірген. Көрнекті қайраткер тұлғасына арналған пьесалардың басты мақсаты – Мұстафа Шоқайдың түркі халықтарының бірлігі туралы мәңгі өлмейтін идеясын насихаттау. М.Шоқайдың арпалыспен өткен өмір белестері, оның рухани кемелдігі, халықаралық саяси күрескер ретіндегі сом бейнесі пьесаларда әр қырынан ашылған.
5. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған «Қазіргі қазақ драматургиясындағы инновациялық ізденістер» атты ұжымдық монография да атап өтуге тұрарлық. Бұл еңбекте қазақ драматургиясының тәуелсіздік дәуіріндегі даму тенденциясы зерттеледі. Зерттеушілер назарынан қазақ драматургиясындағы инновациялық ізденістер тыс қалмаған. Бұл кітап – ұлт драматургиясының тарихы, кешесі мен бүгіні жайлы зерттеушілікпен айналысатын ғалымдар мен жас ізденушілерге қажетті еңбек, қаламгерлер тарапынан да өз шығармашылығы жайлы пайымды бағалау тапқан, оқылатын кітап болған.

Ұсыныстар:
1. Қазақстан Жазушылар одағы еліміздің театр қайраткерлерімен, өзге де шығармашылық одақтармен, жер-жердегі театрлармен қоян-қолтық араласып жұмыс істеуі керектігін 2016 жылы алғаш жасаған баяндамамнан бастап айтып келемін. Сол ұстанымым өзгерген жоқ. Шетел театрларында драматург-автор, шын мәнінде, бірінші адам. Алдымен автормен келісім шарт жасалып, қаламақысы келісілмейінше, театр жарты адым да аттап баса алмайды. Ал біздегі драматург – жарнама мен спектакль бағдарламасында бірінші тұрғанымен, қалған жағдайда ұмыт болатын жан. Драматургтердің театрдағы орны мен рөлін көтеруге байланысты жұмыстар жүргізілуі керек. Бүгінгідей сананы нарық билеген заманда тегін шығармашылықпен айналысу қисынға келмейді.
2. Дәл осы аптада, яғни 16-22 мамыр аралығында Халықаралық Rejisser. Dramaturg. START-2022 режиссерлік лабораториялық жобасы өтуде. «R.D.S» жас режиссерлер мен драматургтердің шығармашылық байланысын нығайту, олардың заманға сай идеялары мен жаңаша көзқарасын қалыптастыру және жаңа драмалық шығармалар мен драматургтердің артуына себепкер болуды көздейді. Міне, осындай іс-шаралар Одақтың пьеса жазуға талпынатын мүшелері үшін де тосырқамайтын, үйреншікті, қалыпты жайт болғаны керек. Режиссер мен театрды драматург­ке жақындату Қазақстан Жазушылар одағының да назарында болып, арнайы іс-шаралар өткізу қолға алынса.
3. Драматургия жанры арнайы зерт­теуді, ерекше көзқарасты қажет ететін кірпияз, күрделі де қиын жанр екенін талай мамандар айтып кеткен. Осы орайда, Жазушылар одағы жанындағы баспадан драматургия саласы бойынша жыл қорытындысының есептері жеке кітап болып шығарылса. Бұл қазақ драматургиясының соңғы 30 жылдық даму кезеңіне назар аударуға, даму үдерісін, бүгіні мен болашағын сараптамадан өткізуге, ғылыми тұжырымдама жасауға үлкен көмек болар еді. Жыл қорытындысы саланың ертеңгі сапалы жұмыс істеуіне сеп болуы керек.
4. Одақтар арасында шығармашылық қатынас орнату шаралары қолға алынбайынша, театрлардың жаңа шығармаларға деген сұранысы өтелмек емес. Әр шығармашылық Одақ өз қазанында қайнап, толыққанды өнім беруге келгенде қауқарсыздық танытуда. Опера, мюзикл, балет жазғысы келетін композиторлар одағы «либретто жазатын авторымыз жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртеді. Моно, құжатты, инклюзивті, т.б. заманауи театрлар жасағысы келетін жас режиссерлеріміз толып жүр. Соларға серік болатын автор драматургтер тапшы. Осының бәрі шығармашылық бірлестіктердің өзара байланыстарының аздығынан деп білеміз. Еліміздегі шығармашылық одақтардың ішінде өзінің бірлігін, толыққанды құрылымын сақтап қалған қара шаңырақ – Жазушылар одағы. Оның басқа да шығармашылық одақтардың жұмысына жан бітіретіндей мүмкіндігі бар деп білемін. Жазушылар одағы мүшелерінің шығармашылық қабілет-қарымын барынша ашатын мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануымыз керек. Өзге одақтармен бірлесіп атқарар жұмыстар бағытын айқындап, бірге жұмыс істейтін болсақ, бұл – қаламгерлердің шығармашылығын әртараптандырып, түрлендіре түсер еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір