Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары
Белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіповтің «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» атты музыкалық энциклопедиялық, ғылыми-танымдық еңбегі жарық көрді.
Екі бөлімнен тұратын, үш тілде жарық көрген музыкалық антологияға Қазақстанда тұратын жүзден астам этностардың әндері мен аспаптық мұраларының таңдаулы үлгілері енген. Халық музыкасы мәйегіндегі елдік рух пен бірлік туын бекем ұстаған Қазақстан халқының алуан түрлі руханият нұсқаларын бір арнаға тоғыстырып, ортақ тілге айналдырған бұл басылым ұлттық өнертану саласы бойынша Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр.
Қазақстан халқының рухани, мәдени тыныс-тіршілігін тұтас зерттеп, халық шығармашылығы жанрларын терең талдап, әрбір этностың төл музыкасына қатысты деректерді ғылыми ыждағаттылықпен қамтыған мұндай теориялық, танымдық еңбек ғылыми айналымға алғаш рет түсіп отыр. Басылым көпшілікті этностық диаспоралардың музыкалық мәдениеті туралы құнды мағлұматтармен қамтамасыз ете отырып, олардың музыкалық үрдістерінің алуандығын, соның ішінде халық музыкасының ерекшеліктерін кеңінен толғайды.
Басылымның бірінші бөлімі халық шығармашылығы жанрларымен таныстыра отырып, әрбір этнос сазының төлтума болмысын, өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. Екінші бөлімдегі 28 CD таспаға 330-дай орындаушы мен топтардың жеткізуінде 100-ден астам этностың 600-дей музыкалық фольклорының таңдаулы үлгілері топтастырылған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылып, құрастырылған музыкалық антология көпшілік оқырман мен тыңдарманға арналған.
Антологияның авторы әрі құрастырушысы Берік Жүсіповтің негізгі мақсаты – оқырман мен тыңдаушыны Қазақстанда тұратын этностық диаспоралардың халық музыкасы үлгілерімен таныстыру. Антология өнертану, фольлортану, әдебиеттану, тарих, этнография секілді бірқатар қабырғалы ғылым салаларының деректерін қамтиды. Басылым жоғарыда аталған кәсіби сала мамандарына қоса, қарапайым тыңдарманның да танымын тең таразылай отырып жасалған. Басылымның ғылыми жаңалығының сонылығы, теориялық арқауының негізділігі, күнделікті тәжірибе жүзіндегі қажеттілігі этносаралық мәдени келісімді нығайта түседі.
Этностық мәдениет үлгілерін дамыта түсу, кейбір жоғала бастаған ұлттық дәстүрлердің маржан үлгілерін қалпына келтіру, қазақстандық этномәдени кеңістікті қалыптастыру секілді мәселелер болашақта түбегейлі зерделенуі тиіс. Жалпы музыка атаулының ешқандай шекараны білмейтін, жалпыға бірдей түсінікті, ұлтаралық сипаты антология мазмұнынан да анық аңғарылады. Адам баласының қай тілде сөйлеп, қандай сенімді тұтынатындығына қарамастан, музыкалық мәдениет атаулының өзегінде адамға ортақ ізгілікке толы ілкі белгілер болады. Әсіресе, оны түрлі этностардың дәстүрлі музыкалық мұраларын қатар қойып тыңдағанда анық байқаймыз. Қарапайым тыңдаушының сан түрлі сазды салыстыра тыңдай отырып, ақыр аяғында бір ғана ұлт әуенін естігендей әсер алатындығын басылымның осы ерекшелігіне жатқызамыз.