«ГРЭММИДЕН» «ОСКАРҒА» ДЕЙІН
09.04.2022
3185
0

Өткен айдың соңында киносүйер қауым мұхиттың арғы жағынан хабар күтіп, Лос-Анджелеске елеңдеді. Өйткені дәл сол уақытта кино өнері және ғылым академиясы «Оскар» сыйлығының номинанттарын анықтап, 94-ші рет марапаттау рәсімін өткізіп жатқан еді. Бұдан да басқа себеп бар…

Биыл аталған сыйлыққа 38 кинотуынды ұсынылды. Жаңазеландиялық режиссер Джейн Кэмпион түсірген «Иттің күші» фильмі номинациялар саны бойынша (12) көш басында тұрса, канадалық режиссер Дени Вильнёвтың «Дюна» фильмі 10 аталым бойынша бақ сынады.
Сонымен басты-басты номинациялар бойынша «Оскар» сыйлығын алған жеңімпаздарды атап өтелік. Олар: «Үздік фильм» – «CODA: Саңырау ата-ананың баласы» кинотуындысы. «Үздік режиссер» деп Джейн Кэмпион танылды. «Тэмми Фэйдің көзі» фильмінде Тэмми Фэй Беккердің рөлін сомдаған америкалық актриса Джесика Честейнге «Үздік актриса» жүлдесі табысталды. Ал көрермен үздіге күткен «Үздік актер» аталымы бойынша «Оскар» сыйлығы нағыз иесіне, Уилл Смитке бұйырды. Оған бұл жүлде «Король Ричард» филь­міндегі Ричард Уильямс рөлі үшін берілді.

«Бақыт жолында»

«Үздіге күтті» дейтініміз сол, Голливудтың жарық жұлдызы Уилл Смит жас кезінен өнер әлемінің биік шыңдарын бағындырып, көрерменнің көзайы­мына айналды. Ол өзіндік қолтаңбасын отыздан астам фильмде ғана қалдырған жоқ, музыка өнерінде де биік талғамымен, дара дарынымен тыңдармандардың жүрегін жаулады. Киносүйер көпшіліктің Лос-Анджелеске елеңдеп, тақым қысып отыруының бір себебі де осы-тұғын.

«Жаңа ханзада»

Кіші Уиллард Кристофер Смит қазақша жыл санау бойынша мешін жылының (1968 ж.) 25 қыркүйегінде АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласында дүние есігін ашқан. Жастайынан кез келген мәселеге бір-екі ауыз сөзбен кесім айтып, өз ортасы «ханзада» деген лақап таңған оның әкесі рефрижераторлық компанияның басшысы, ал шешесі мектеп мұғалімі болып қызмет еткен. Қашан да жұрттың назарында жүрген Уилл он алты жасынан бастап досы Джеффпен бірге рэп айтып, бірнеше альбом шығарды. Америкалық рэптегі лақап аты – «Жаңа Ханзада». Ұзамай дәл осы лақап атпен «I`m the Rapper» және «He`s the DJ» альбомдары үшін «Грэмми» сыйлығына ие болды.
Уилл Смит басты рөлді сомдайтын «Бақыт жолында» (2006 ж. АҚШ) филь­мі есіңізде ме? Жалғыз басты әке барынан айырылып, ісі құрдымға кетеді, дегенмен күн санап асу бермес белестерден өтеді, бақытқа жетеді. «Жаңа Ханзада» да солай, Смиттің кейіпкері он сегіз жасқа жетпей жатып алпауыт сыйлықтардан түскен пайданы жоқ қылып, қарызға белшесінен батады. Сол уақыттарда, 1990 жылы Уилл Смитке «Fresh Prince of Bel Air» атты сериалда өз-өзін кейіптеу ұсынылады. Осынау сериял оның актерлық дарынын паш етіп қана қоймай, данққа бөлеп, соңынан дақпырт та өргізеді.

«Қара киімділер»

Бұдан кейін кино өнеріндегі дебюті «Періштелер қаласындағы бір күн» криминалды драмасында Манни есімді кейіпкерді (1992 жыл) сомдады. Ал актер ретінде кино сыншылардың жоғары бағасын алған «Жалғыздықтың алты сатысы» фильміндегі Пол рөлі оған кинематографияда мансап қуып өсуге даңғыл жол ашып берді. Жалпақ жұрт оның атына 1997 жылы жарық көрген «Қара киімділер» ғылыми-фантастикалық комедиясынан кейін қанықты. Содан соң-ақ актердің атқаны тиіп, айтқаны болып, дәурені жүре берді. Алайда осы кезеңде Уилл Смиттің жеке өмірінде үлкен өзгерістер болып жатты. 1995 жылы Смит бірінші әйелі Шери Зампиномен ажырасып, жалғыз ұлы Трейді анасының қолына қалдырды да, жыл соңынан жыл салып өзінің байыр­ғы досы Джаде Пинкетпен шаңырақ көтереді.


Әйткенмен әр қадам оңға бастай бермейді ғой, әрі қандай әйгілі актер қатысқан фильмдердің барлығы да сәтті болатынына да ешкім кепілдік бере алмайды. Мейлі, ол Уилл Смит болса да! Мәселен, 1999 жылы жарыққа шыққан «Жабайы Батыс» фильмі резонанс тудырмақ түгілі, жұртшылықтың көңілінен шықпай қалды. Тіпті дәл осы картинаға «Жылдың ең нашар фильмі» номинациясы берілді. Дегенмен атақты актер атышулы бірнеше фильмге түскеннен соң, қазақшалап айтсақ, шөміштеп төгілген абыройын шелектеп қайтарып алды. Оның «Ілмек» (2005 ж.), «Аңыз адам» (2007 ж.), «Хэнкок» (2008 ж.) картиналары ерекше сәтті болды.
Ол, таланты, сезім түйсігі, адамдығы, жалпы рухани жағынан ғана емес, тура мағынасында да өте бай кісі. «Голливудтағы қаламақысы ең қымбат актер» деп танылып, 2008 жылы «Forbes» журналына аты ілікті. Сондай-ақ Уилл – өзі түскен бес фильм қатарынан әр жылы 100 млн доллар касса жинаған жер жүзіндегі алғашқы актер.
«Егер қандай да бір арманыңыз болса, біліңіз: басқан әр қадамыңыз, төккен теріңіздің әр тамшысы соған бағышталуға тиіс», – дейді ол. Бізге де қызық, бір кезде жасы кәмелетке де толмаған бозбала рэпер «Грэмми» сыйлығын алып жатып, дүниенің төрт бұрышы «Оскар» сыйлығын Уилл Смит алса екен деп жанкүйерлік ететінін ойлады ма екен?..

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір