Шәмшия ЖҰБАТОВА, ақын: ОҚЫРМАНДЫ ӨСІРЕТІН – ҚАЛАМГЕР
08.04.2022
2997
0

Белгілі ақын Шәмшия Жұбатова поэзия әлеміне ерекше стилімен келді. Әдебиет ауылына жаңадан қадам басқан ақын жырлары сол тұста-ақ соны ырғағымен, өткір ойларымен оқырманды бірден баурап алған еді. Нәзіктік пен өрлікті ұштастырған ақынмен тілдесе отырып, бүгінгі әдебиет пен мәдениет хақындағы ойландырып жүрген сауалдарымызды қойып көрдік.

Бүгін әдебиет бар деп те, жоқ деп те айта алмайсың

– Қазіргі XXI ғасырдағы қазақ поэзиясының ахуалы қалай деп ойлайсыз? Оқырманға беретін жаңалығы бар ма, формасы өзгерді ме?

– Уақыттың үш ондығын артына тастап, мұздақ астында тоңазыған Әдебиет ауылының тұрғындары көктемгі бәйшешектей дүр ете қалды. 2019 жылдан басталған қозғалыс бұл. Кеңістікте бір ұмтылыс бар. Пенде баласының біршама мезгіл ішінде жаны сүйген ісімен айналыспай кетсе, қарайып қалатыны секілді, әдебиет те тоқырау тонын біржола сыпырып тастай алмай, абдырап, күйбеңдеп тұр. Еркін, батыл емес. Әдебиет – мемлекетіміздің, елдігіміздің шарайнасы. Өркениетті отауымыздың қаншалықты еңселі екендігі оның рухани капиталына, мәдениеті мен өнеріне қарап бағаланары анық. Егер бір шақпақты шақпаққа ұрып лақтырса, лап етуге қалың қау дайын тұр. Рас. Мен оны күнделікті өмірде бетпе-бет көріп, сезініп жүрмін. ХХІ ғасырдың әдеби ахуалы жайлы айту кімге де болса өте қиын. Себебі бүгін әдебиет бар деп те, жоқ деп те айта алмайсың. Жоқ дейін десең, талантты қаламгерлер, туымды дүниелер, әлемдік әдебиет қатарынан орын алуға лайық шығармалар өте көп. Бар деп айтайын десең, олар оқырмандарына жетпейді. Кімнің не жазып, не тындырып жатқаны белгісіз. Мемлекет тарапынан қарымды іс-әрекет, қимыл-қозғалыс жоқ. Өлі тыныштық. «Қоғамдық маңызы бар кітаптарды басып шығарамыз» деп, қаламгерлерді бір дүрліктірді Мәдениет министрлігі. Жантайып жатқан жастығымызды аспанға атып, ал кеп шапқыладық. Бұл шабысымыздың нәтижесі не боларын күтеміз. «Әдеттегідей шенеуніктердің науқандық қойылымы болып қалмаса етті» деген күдігіміз де жоқ емес. Аспанға лақтырған жастығымыз жыртылып, ішіндегі мамығы шашылып қалмаса болғаны… Себебі алдында Нұр-Сұлтан қаласындағы Білім басқармасы жыл басында «жазушылардың кітаптарын шығарамыз» деп бір дүрліктірген. Ұзын-сонар тізім жасалды. Қай қаламгердің не жазғаны жіпке тізілді. Айналып келгенде, көзі тірілердің бәрі тізімнен алынып тасталды да, өмірден озған классик ақын-жазушылардың шығармалары жарық көретін болды. Бұл – бір ғасырдан асып кеткен ескі үрдіс. «Баяғы жартас – бір жартастың» кері. Сонда 120-130 жылдан бері бір қазақ қаламгері бір тұщымды кітап жазбағаны ма? Жоқ, олай емес. Өлі классиктер қаржы сұрамайды. Ал көзі тірі қаламгердің кітабын мемлекет сатып алуы үшін ақша төлейді. Көзі кеткен классиктермен ешкім таласып жатқан жоқ. Мәселе – мәдениетіміз бен рухани ордаларымыздың жемқорлыққа белшеден батқанында. Жаның қалай ауырмасын? Алтындай-алтындай жаңа туындыларды кітап сөресінен қоқысқа ысырып тастай салатын шенеуніктердің ұлт мүддесіне, жастардың болашағына немқұрайлы қарауы қашан тоқтайды? Мемлекет қаржысын неге жымқырады? Өз буына өзі тұншыға булыққан руханиятымыз әлі әрі-сәрі күйде. Қазіргі әдебиет заман көшінен құлай ауып, өркениет керуенінен көп кешеуілдеп қалды. Уақыттан кейіндеді. Мезгілден оңбай ұтылды. Соңғы кездері үкімет тарапынан әдебиет­ке қолдау танытқан қаулы-қарарлар көбіне қағазбастылықпен, қажетсіз жиындармен, науқандық қойылымдармен, саяси ойындармен шектелуде. Бүгінгі таңда әдебиет – қоғамның жанды жарасы. Тентегін түзу жолға салып, шешуі табылмас қилы тартыстың күрмегін шешкен, ұрпағын сөзбен тәрбиелеген дана еліміз адамшылықтың кері нәубетіне қалай ұшырады? Мұның бәрі – бір күнде пайда болмаған кесел. Жаһандануға жұтылған болмысымызды сақтап қалатын – мәдениетіміз бен өнеріміз, тіліміз бен айшықты салт-дәстүріміз ғана. Сауал жауабын түйіндер болсам, заманауи әдебиеттің бағыты мүлдем өзгерді. Әдебиеттің формасы туралы жиі айтылады. Бірақ ішкі мазмұны болмаса, форманың керегі не? Жазу үлгісін ешкім қайталай алмайтын, жазу машығы, ойлау үлгісі ерекше, арманы асқақ, санасы таза жаңа буын өсіп келеді. Әр заман өз әдебиетін тудыратынын ойласақ, заманауи қаламгер азаматтық тұлға, қоғам қайраткері деңгейіне көтерілуі тиіс. Қаламгерлер мұны жақсы түсініп болған. Оқырман дәрежесі де өсті. Ол қаламгерден ауқымды ой, салмақты түйін күтеді. Оқырманды өсіретін – қаламгер. Қаламгерді өсіретін заманауи қоғамдық құбылыстар. Бұрқылдап қайнап жатқан Өмір қазаны. Аңтарыла сөз күткен алқалы топқа бүгінгі қаламгердің айтары көп. Мәселе соны қалай айтуда болмақ. Толғақты ойды тобықтай түйінмен беру – қазіргі заман талабы. Жаһандану жаңғырығын бір тамшы қаламсап ұшына сиғызам деп жаны тыныш таппаған әдебиетші қауым қоғамға, қалың оқырманға керек болғанымен, құзырлы билік иелері мен шенді-шекпенділерге қажет емес.

Поэзия – шағын аудиторияға арналған кірпияз дүние

– Жасты да, жасамысты да жасытып біткен бүгінгі қиын нарық заманында поэзия оқырман жүрегіне қалай жетіп жатыр?

– Нарық пен парықтың текетіресіндегі әдебиет жанкештілікпен өмір сүруде. Оның екі қолтығынан тәуекел мен батылдық сүйеп келеді. Күн сайын шарықтаған бағаны жүрекке салмақтап артқан әдебиет кеңістік көкжиегіне көз жүгіртуде. Қаталдық жайлаған тасжүрек ғасырдың сығылысқан қоймасына мейірім коммуникациясын енгізбекке ұмтылып, соның жолын іздейді. Роботтық сана күл-талқанын шығарған қатал мезгілде қапыда қаншама қалам қайраткерлерінен айырылдық?! Өлең оқимын деген адам оны қайдан болса да іздеп, тауып оқиды. Мұндай жандарға басымды иемін. Жалпы, поэзия – шағын аудиторияға арналған кіді, кірпияз дүние. Екінің бірі бойлай бермейтін телегей, кез келген адам түсіне қоймайтын жұмбақ әлем. Өлең оқитын азшылық көпшіліктің көтерер жүгін өз иығына абыроймен артып келеді. Пенде оңашада уақыт тауып, өз жүрегіне үңілмесе, сана парағын аударып тыныстамаса, қалай болмақ? Адам баласы бір сәт ойланбаса, сағынбаса, армандап аңсамаса, мұңданбаса, өмір сүре ала ма? Жоқ, әрине. Тылсым дүниенің сырын кешіп, ізгілікке ұмтылу, жақсылықты аңсау – тірі жан иесіне тән табиғи құбылыс. Поэзия, ол – мен, ол – сен, ол – дәл қазіргі өмір. Бір қызығы, жыл өтеді, уақыт ауысады, қоғам өзгереді, өркениет дамиды. Ал поэзия өзінің актуалды тұжырымын жойған емес. Кешегі өмірден өтіп кеткен Серік Томановты оқып, таңдандым. Бүгінді жырлапты, қазіргі күрделі мәселенің түйінін шеше алмай, жаны жасып, жүрегі жылапты. 20-30 жылдан соң жастардың бірі Серіктің өлеңін оқып шықса, тағы да таңғалары анық. Адам, түсінік өзгереді. Өлеңнің өміршеңдігі өзгермейді. Қазіргі ынталы оқырманның кітап оқуға мүмкіндігі бар. Газет-журнал, басылымдардан гөрі әлеуметтік желі, түрлі мәдени порталдар, бейнекөріністер, ватсап арқылы өз керегін іздеп табады. Ұзақ жолдағы жолаушыға күні-түні сайраған радиохабарлар – жалықтырмайтын жолсерік. Қаламгерге қарағанда оқырманның рухани талап-тілегі оңай орындалады. Кімнің шығармасын іздейді, нені оқиды, ол жеке адамның интеллектуалдық деңгейіне байланысты. Ауылдағы, шет аймақтағы оқырмандардың, шетелдегі қандастарымыздың қазақ тіліндегі әдеби кітаптарға сусындап жүргені анық. Мәдениет министрлігінің қолға алар тірлігі осы мәселелерден айналып өтпесе етті.
Нарықтық заманның қыспағы біздің қазаққа оңай соқпады. Санадағы ұлттық дағдарыс, кеңістіктегі адасу есту мен көруден қалдырды. Айналып келіп мемлекеттік құрылымның тетігіне ақау түсті. Оның шығыршығы кері айналды. Кез келген қоғамдық өзгеріс – өтпелі. Адамзат қауымы жылдамдығы зымыраған құспен тең мобильді кезеңнен шаршап біткен тәрізді. Отырып ойланғысы, тыныштықты, жылы сөз, мейірімді қалайтын секілді. Лирикалық өлеңдерге айрықша сұраныс көбейді. Әлде мен лирик ақын болармын, бәлкім?.. Кім білсін?.. Өлең бүгінде жүрекке жүрек арқылы жетіп жатыр. Қадым заманнан бері солай болатын. Әлі солай. Поэзия өзін ұмыттырған жоқ. Көксетті. Аңсатты. Сағындырды. Оралды.

– Бүгінгі ақын бренді қандай болу керек?

– Бренд ақын болу үшін бренд тұлға, бренд адам болу керек. Жалпы бұл сауалға алғашқы сұрақтың жауабында аздап тоқталып өткем. Мұндай сауалнаманың қойыларын алдын ала сезсем керек. Қосымша айтарым ақын қоғамдық танымдарды терең таразылай алуы керек. Ішкі түйсігі сезімтал барлаушы ретінде. Қоғамдық құбылыстарды сырт­тай қызықтамай, өз дауысын жоғарғы нотамен қосып, жауапкершілік жүгін иығына артса, оның салмағы ауыр тартпақ. Қазақтың Әуезовы, Шахановы, қырғыздың Айтматовы дүниеге, қоғам кеңістігіне осылай келді. Бүгінгі оқырман өте сауатты, өте терең және білімді. Оған жоғары деңгейлі туынды керек. Себебі бренд ақынды оқитын бренд оқырман ғана. Басқалары ұға қояр деймісің? Басы қатып, әуре-сарсаңға түссе, қиын ғой, басқа бермесін! Тұлғалы ақынды уақыт жасап шығарады. Қашап, егеп, тезінен өткізіп. Уақытты тосу, нағыз ақын мен оның талан-тағдырына тура келетін кезеңді дайындау Жаратқанның жеке еншісінде. Оның қазір, дәл осы сағатта шынайы талант иесін жонып, сомдап, енді жан берер сәтті тосып отырмасына кім кепіл?

Талантты қаламгер, үздік шығарма жерде қалмайды

– Заманауи ақын өзін-өзі күнделікті дамыту үшін қалай, қай бағытта ізденуі керек?

– Заманауи ақынға қойылатын бірінші талап – белсенділік. Өнер және өмір жолындағы өзіңе лайық орынды жеңіп алу күрес арқылы келеді. Қоғамның толыққанды азаматы болу үшін күрес. Адами және рухани тартыс. Күрес тәуел­сіздік пен еркіндік сыйлайды. Және ол – құр пысықайлық емес, шексіздікке ұмтылыс, қанат қағу. Тіл дәрежесі, иман тазалығы, жақсылық жасау, махаббат пен мейірім, сыйлау, сүюден бастап, жалпы адами болмыстан бастау алған ішкі жұмыс бір тынбаса керек-ті. Шығармашылық жұмыс үлкенді-кішілі тынымсыз ізденістен, ой мен талғамнан, өзіндік ұстанымнан тұрады. Іс-әрекетке құрылған мобильді кезеңдеміз. Дәл сөйлеп, нақ айтуға, аз сөзбен көп ой білдіруге ұмтылыс болғанын қалаймыз. Талап етеміз, қоса талпынамыз. Ең қысқа деген сөздің адамды жалт қаратары, жылатары, күлдірері болады. Ол сөзді тауып айтуға байланысты. Сондай-ақ көптеген интернеттік бағдарламалар, кітап басылымындағы жаңа технологиялар құлашын кеңге жайып келеді. Олардан хабардар болып, артынан үйренуге ұмтылыс болса, қандай ғанибет. Өкінішке қарай, технологиялық жаңалықтар, робот көмегімен интернет арқылы жұмыс істеу тәсілі бізге көбіне Ресейден келеді. Өзімізде жақсы, білімді программистер аз болғаны ма? Қазақстандық программист ойлап тапқан тәсіл немесе сайт деген сөзді әлі естімеппін. Жасыратын несі бар, жаңашылдықтың бәрі алдымен орыс баспаларына, басылымдарына енеді. Қазақтілді баспалардың жайбасарлығын пайдаланған ресейлік басылымдар біздегі кітап нарығына қолын сұғып жатқан сыңайлы. Жақында Тула қаласындағы бір баспаның қызметкерімен байланысқа шықтым. Devar тәсілімен балаларға арналған кітаптар шығарып жатыр екен. Интернеттен тірі суреттер тауып аласың да, балаларға арналған өлеңнің үстіне қондыра қоясың. Өлең тіріліп шыға келеді. Жираф туралы өлең жазсаң, өлеңнің жанында тірі жираф мойнын созып тұр. Қандай керемет дүние! Жалма-жан өзіміздегі 1-2 балалар баспасына телефон қоңырауын шалдым. Қосымша шынайылық (дополненная реальность) деп аталатын бұл әдістен олар хабарсыз екен. Өкініштісі, қаншама қажыр-қайратпен шығарып жатқан балалар кітабынан Ресейдің қазақша шығарған балалар кітабы өтімді болмақ. Ең жаңашыл әдіс, ең озық технология бізде болмағаны кімнің кінәсі? Ең алдымен, біздің, өзіміздің кемшілігіміз. Кітап басылымының жеңіл жүруіне септігін тигізер нәрсені іздемедік, таппадық. Таргетті жарнама арқылы кітап саудасын жүргізіп көргем жоқ. Бірақ Лондоннан жарық көрген «Өң мен түс» атты кітабымның таралымы робот-бағдарлама арқылы жүргізілетінін байқадым. Кеңістікке құлақ тігіп, жаңалыққа ұмтылу әр қаламгердің міндеті деп ұғамын. Және қаламгердің тағы бір басты міндеті – ештеңеге алаңдамай, шығарма жазу, оқырман деңгейіне сай болу. Шағынып сөйлеу, басындағы қиыншылығын ортаға айту қаламгердің уақытын зая кетіріп, жолына тосқауыл қояды. Талантты қаламгер, үздік шығарма жерде қалмайды. Заманауи қаламгер қазіргі технологиямен достасуы тиіс. Он дана кітап шығарса, оның он оқырманы бар. Қай замандағы қаламгер болмасын өзі өмір сүрген уақыт таңбасын өрнекті сөзбен айшықтап кетуі керек. Нағыз заманауи ақын Күлтегін бабаның жорығын тасқа қашап түсірген Иолығ тегін жылнамашы деп білемін. Жазылған сөздердің бәрі ырғақты, көркем, рухты. Табиғи шынайы, әсерлі. Ал бүгінгі әдебиетке оралар болсақ, кім қай бағытты жанына жақын тұтады, соны таңдағаны дұрыс. Әркімнің өз қалауы, өз деңгейі бар.

Аудио мен интернеттегі жазба өткінші жаңбыр секілді

– Әлеуметтік желі арқылы танымал болған ақындарға қалай қарайсыз? Мысалы, бір ақынның өлеңі фейсбук бетінде жарияланса, ертеңінде ол өлең басқа қолданушының аты-жөнімен вк-да жүруі мүмкін?

– Әлеуметтік желі арқылы танылған ақындарға үлкен құрметпен қараймын. Оларды танытқан желі емес, табиғи таланты деп түсінемін. Әлеуметтік желі ақын жасап шығармайды, таланты бар адамды насихаттай алады. Бұл жастар бар болғаны өз жолын сәтті таба білді, желінің, санды технологияның көмегіне сүйен­ді. Жолы күрделі ақындықтың тағдыр-таланына тап келген рухани-ақпараттық сайттарға мың алғыс. Қалқаман Сарин екі жылдың ішінде танымал болды. Саят Әбенов қысқа мерзімде көпшіліктің сүйіп оқитын ақынына айналды. Бірі – лирик, бірі елдің жоғын жоқтау­шы мұңын мұңдаушы ретінде әдебиет кеңістігінен өздеріне лайық деңгейде орын алды. Бірақ әлеуметтік желіні жақсы пайдаланып жүрген бұрымдыларымыз да бар. Олар да – талантты. Әйтсе де, шарықтап көтерілу деңгейіне жете алмай жатқаны түсініксіз. Себебіне толық үңілмегесін не айта қояйын? Әлеуметтік желіден өзге де түрлі сайттық программалар арқылы шығармашылық жұмыстар әрі қарай жалғасын тапса, артық болмайды. Бәріне уақыт керек, әрине. Әдебиет дегеніміз – рухани капитал, жұтамайтын қазына. Ол – қажеттілік. Сондықтан шығарманы насихаттаудың қай түрі де белгілі деңгейде өзіне сай жауапкершілік атқара алады.
Немерелерімнің болашағына деп 5000 кітап жинақтап, үй кітапханасын жасап жатқан құрбым да бар. Бұл – нағыз тәрбие. Ал аудио мен интернеттегі жазба өткінші жаңбыр секілді. Жұпары бұрқырап, жан сарайыңды ашады да, тез басылады. Ертесіне ұмыттың. Жалпы жылдам, асығыс құбылыс онша әсерлі бола қоймайды. Дегенмен аудио да, желі де – кітапқа әкелетін саты. Бір тыңдаған дүниесін іздеп жүретін, оқыған өлеңін енді кітаптан тапқысы келетіндер аз ба? Бұрынғыдай газет қиындыларын сарғайғанша сақтап жүретін ұрпақтың жұмысы жеңілдеді. Мүмкіндіктің көбейгеніне не жетсін?! Қанатын жылдам қағатын поэзияға насихаттың қай түрі де артық болмайды. Олар поэзия аудиториясын кеңейтеді. Өнер әлемі – шексіз дүние, оған қандай көйлек кигізсең де жараса береді. Шығармашылықты насихаттаудың қай түрі де керек. Эволюция дамыған сайын ол да бұдан әрі жетіле түспек. Плагиаттарға тосқауыл қоятын заң бар. Ол үшін Қазақстан авторлар қоғамына жолығып, заңгерден ақыл-кеңес алуға болады. Автор арыз жазу арқылы соттың үкімімен ақылы төлем өндіруге құқылы.

Ұлы адамдардың өмірінде де хайп элементтері баршылық

– Өзіңізге белгілі, атын шығару үшін арзан дүниеге барып, айлаға салып, жағымпаздық жасап, тұтас әдебиет­ке қиянат жасап, дамуына кері әсер етіп жүргендер жетерлік. Хайп қуған ақындар, халтурщиктер неге тез танылып кетіп жатыр?

– Иә, «атың шықпаса, жер өрте» деген қазақпыз. Күшеншектерге назар аудару – талғамның жоқтығы, мәдениеттің аздығы. Жылтыраққұмарлық. Бұл жағдай эстрада өнерінде жиі кездеседі. Әдебиетте бірен-саран. Десе де кездесетін, болып жатқан, бар дүние. Олар қимылдаса бітті, танылып кетеді деп ойламаймын. Салыстырма ретінде айтып өтуге болады: Жап-жаңа шелектің жанындағы әбден тесіліп біткен ескі шелек даңғырлап құласа, ел алдымен тесік шелекке қарайды, «Даңғырлаған бұл не дыбыс?» деп. Әрі қарай ұмытылады. Бәлкім, хайп қуғандар маңайына аздап қолпаштаушыларды жинайтын болар? Дегенмен «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатынын ұмытпайық. Көптеген хайптар әсіре сілтеуге ұласып жататыны да рас. Олардың танымал болатыны – шындық. Өкініштісі, бұларға әумесер, даңғой ретінде баға беріледі де, «көп ішінде бір Қожанасыр жүре берсін» деген тұжырымға тоқталады. Жалпы жастарға үйлесімді дүниенің бірі деп ойлаймын. Егер, әрине, білікті жасалса. Хайп – көбіне бір күндік қызық. Хайптың небір көкесі соңғы кезде жастарға арналған бағдарламалардан бой көрсетіп қалады. Көрермендерін сүйсіндірді деп айта алмаймын. Хайптың кейбір элементтерін ұтымды қолдана білгендер әжептәуір қаржы тауып, шетелге барып демалып жүр. Соған қарағанда, асыра сілтемей, күнделікті тұрмыста орнымен қолданып, жақсы нәтижеге қол жеткізушілерді жоққа шығара алмаймыз. Тосын мінез, тосын қылыққа ие ұлы адамдардың өмірінде де хайп элементтері баршылық. Көңіліне ұнамай қалған адамды: «Шагом марш!» – деп үйінен қуып шығатын Бауыржан атамызды қалай айтпаймыз? «Халқымның дәстүрін келеке еттің», – деп, Фариза апамыз да шетелден келген қонақтарын үйінен тырқыратып айдап шыққан. Елдің сыйға тартқан қымбат киімдерін ұрыға тонатқан Шәмші ағамыз ше? Батыс Қазақстандағы аштан қырылған малға қол ұшын бермек болып, жалғыз өзі шөп оруды бастаған Құрмет азаматымызды алғашқы сол сәтінде бейнекөрініске түсіріп, желіге салып жіберсе, ол да хайпқа айналып жүре берген болар еді. Хайп – күнделікті тұрмысымызда өмірімізге жаңадан енген бар нәрсе. Егер ол адамзатты жақсылыққа, ізгілікке бастаса, , ғұмыры да ұзақ болмақ. Құрметтің жанкешті қимылын көріп, жанына орақ, шалғысын ұстап отыз жігіт қосылды. Оларды бүкіл қазақ азаматтары қолдады. Әйтсе де Құрмет өз бастамасын танымал болу үшін есеппен жасаған жоқ. Менің айтпағым, заманауи хайпты пайдалы, келелі тақырыпқа құрып, ғұмыры ұзақ болар мүмкіндігіне жұмылдыру. Желіде оңай жолмен танымал болып, танымалдылығының арқасында тұрмысы төмен отбасына баспана алып беріп жүрген вайнерлерді қалай қолдамайсың? Ал көңіліне ұнамаған желі дүниені қарамай қою кімнің болмасын өз еркінде. Бастысы, ол дүниенің ешкімге зияны тимесе болды.

Ақ өлең – ұйқасы жоқ сұлу ырғақ

– Ақ өлең мен қара өлең турасында әдеби ортада дау көп. Өз пайымыңыз бойынша, бұларды қалай сипаттап берер едіңіз? Арзан ұйқас қуатындар туралы не айтасыз? Яғни ұйқастың бәрі өлең бе?

– Өлең ұйқастан емес, рухтан туа­ды. Бір сөзді бірнеше ақын өлеңінде қатар қолданады делік. Соның ішінде біреуі ғана айрықша оқылып, оқырман сұранысына ие болады. Яғни сол ақынның рухы өзгелерден биік. Рух ішкі сұрапыл қуат десек, қуаттан туған дүние өзгелерге қанат бітіреді. Тіпті хәл үстінде жатқан науқастың бір оқылған өлеңнен немесе естіп, тыңдаған әннен құлан-таза айығып кеткен мысалдар да баршылық. Блокададағы ленинградтықтарды Жамбылдың өлеңі ажалдан алып шықты десем, артық айтқандық болмас. Міне, рухтың күші осындай, ол Алладан келеді. Әдебиет әдебиет болғандықтан, оның маңайында айтыс-тартыстың болып отыруы заңдылық. Әртүрлі пікір болғаны жақсы. Дау туып жатыр деу артық болар? Ақ өлең қара өлеңнің атасы емес пе? Ақ өлең – ұйқасы жоқ сұлу ырғақ. Онда Тоныкөктің рухы бар. Адамзат санасының пәк кезінде туған дүние. Ақ өлең үлгісін қалдырған адам баласы аса сұлу болған екен деген ойға келемін. Себебі ырғаққа құрылған керемет өлең қалдырды ғой. Түрлі жорықтарды тасқа қашап, сырлап жазу, мерт болған ақбоз аттың түсіне дейін бейнелеу – нағыз көркемдіктің ұлы поэзиясы. Ақ өлең үрдісінің рухын 600-жылдардан бері таныдық дейміз. Кім біледі, бәлкім, ол Адам ата мен Хауа анадан басталған болар? Олар қандай сөз үлгісімен табысты екен? Бұл – жұмбақ. Меніңше, жаратылыстың о басында бір және екі әріптен тұратын терең мағыналы сөйлемдер болды-ау. Олар табиғатта әлі бар, дыбыс күйінде көшіп жүр. Шулы эволюция мен даңғаза тасасында қалды. Дәлелім бар, ол жеке талдауды қажет етеді. Ал менің өзім үшін ақ өлеңнің ең озық үлгісі – «Сүмбіле туды. Су суыды. Өмір сұмдық» (Орхон жазбаларынан). Бұл сөйлемдердің мағынасы да – соншалықты сұмдық. Қазақтың хандық дәуіріндегі билердің сөзі, Әуезов драмаларындағы диалогтар, шешендік шешімдер мен кесімдер, бұлардың бәрі – ақ өлең. Осы бағытқа қалам тартқан заманауи ақын Темірхан Медетбеков ағамыздың қадамы сәтсіз болған жоқ. Бағаланды. Өмір мен тіршілікті, адами сананы ырғаққа бағындырған Ақ өлеңді бертін келе қара өлең ауыстырды. Белгілі формат. Стандарт. Құйылған қалып. Жетілген дүние нақтылыққа, түсіністікке көшті. Қара өлең туралы сөз қозғамаймын. Себебі оны білмейтін адам жоқ. Бір шумақ құрастыра алмайтын қазақ та жоқ. Қара өлең мен ақ өлеңнің арасындағы қатынасты дау деп айтуға келмес. Меніңше, бұл мәселе туралы сөз қозғалды екен, онда ұмыт қалған, жадымыздың түкпіріне шеккен ақ өлеңнің қанаты өмірге қайта ұмсынуда.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Анар ҚАБЫЛҚАҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір