Бейнелеу өнеріндегі желтоқсан
Қазақтың график-суретшісі В.Сидоркиннің «Желтоқсан» еңбегі Желтоқсан көтерілісін бейнелеген негізгі кескіндемелердің бірі. Автор бергісі келген түпкі ой сол кезеңнен сыр шертеді. Қып-қызыл түс – ашудың, қатыгездіктің, айуандық деңгейін айқындай түскен. Дәл осы В.Сидоркиннің еңбегінде жанын шүберекке түйген, жастайынан қыршыннан қиылған бозбалалар тағдыры негізгі түпкі ой екені анық. Мұндай бассыздық орын алған жерде аяушылық сезімі болуы мүмкін емес.
Суретші еңбегінің төменгі бөлігіне назар аударар болсақ, азаматтың жан азабына түсіп жатқан сәті жүректі ауыртпай қоймайды. Тәуелсіздікті аңсаған қазақ ұланына жасалып жатқан айуандық осы туындыдан орын тапқан. Туынды авторы сол жақтан жарық беру арқылы қою қызыл түске басымдық бере отырып, ондағы кейіпкерлердің бет-әлпетіне, оның ішінде басты кейіпкер жүзіне сары түс түсірген. Автор осы еңбегінде кереғар түсті қолдана отырып, ондағы қантөгісті одан әрі айқындай түсу үшін суреттің астыңғы бөлігіне қара түсті көп берген. Бұл туынды жайлы автордың өзі бір сұхбатында: «Менің бұл туындыны бейнелемеуіме негіз жоқ, мен осы елдің азаматымын, сол себепті бұл тарихты елемей өтуім әділетсіздік болар еді, мейлі ол Арал мәселесі болсын, мейлі «Невада-Семей» қозғалысы болсын, бұл оқиғаларға арнаған еңбектерім бар!» – деген екен.

В.Сидоркиннің замандасы Айдархан Сихаевтың «Көтеріліс» атты еңбегі де Желтоқсан көтерілісіне арналған. Өзге туындыдан ерекшелігін айтар болсақ, туынды негізі контраст түстерден құралған. Нақтырақ айтар болсақ, ақ және қара түс. Назар аударған жанға, оқиға ортасындағы қараша халықтың ашық түспен ерекшеленгені бірден көзге түседі. Ақ түс – халық даналығы бойынша әділдікке, жақсылық ұғымдарына сәйкес келеді. Картинаның жоғары бөлігінде періштелер бейнеленген. Бұл көтерілісте халықтың өз елінде әділдік орнауын, одан басқа өзге арам пиғылдың жоғын дәл осы періштелер бейнесі дәлелдеп тұрғандай. Бір сөзбен айтсақ, автор халықтың ақ ниетін бейнелеуге құлшынған. Автор желтоқсан оқиғасының негізгі кейіпкері Горбачевты анық әрі айқын бейне етіп көрсеткен. Сюжетке үңіліп қарамасақ та оның оқиға орнынан қашып бара жатқаны айқын.
Тоталитарлық жүйенің кісенін үзген желтоқсаншыларды ел есінде мәңгілікке қалдыру жолында тер төккен суретші А.Сихаев бұл тақырыпта 20 жылға жуық уақыт бойы қазақтың ұлттық дәстүрін сақтау үшін атсалысатын «Аруақ» қоғамдық ұйымына жетекшілік етіп келеді. Оның Қазақстанның Тәуелсіздік үшін күресі мен қайта құру жылдары сияқты қиын шақтарын бейнелейтін тағы бір «Қасыңда болғым келеді» атты көркем туындысы да бар.
Жарылқап Нұрқанат,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының студенті.