Жел соғар кең даланың шерлі өкпегі…
04.04.2022
1779
0

Нұрқанат Құлабаев

Нұрқанат Құлабаев

Ахаңның соңғы сөзі       

Алашым үшін Алла жар,
Ажалға тіктім басымды.
Жарыққа сілтер жанға зар
Адасып келген ғасырды.
Тамыры тексіз тапшыл күн,
Аманат саған тапсырдым.

Алашым үшін Тәңірім,
Тәуекел, талақ тағдырым.
Бүгінге құнсыз қадірім,
Болашақ үшін бар құным.
Мендегі осы қанағат – 
Келер күн, саған аманат.

Алашым үшін жарық күн,
Жанарға симай барасың.
Қамсыздау қыңыр халықтың,
Сәулеге малдым санасын.
Жанымды жала жаралап,
Заманат жатыр қаралап,
Ақиқат саған аманат.

Алашым үшін Сарыарқа-ау,
Сені де қиып барамын.
Жүрегім – жалын, жанартау,
Сеп болар ма екен самалың.
Алланы жаным табар-ақ,
Топырағыңа тәнім аманат.

Алашым үшін қауыз күн,
Айналдың неге азапқа?
Қанаттан сусын тамыздым,
Қаталап жатқан қазаққа.
Кәсібі кеткен халыққа
Нәсібі көктен жауып па?!

Алашым үшін Тағалам!
Ажалға тіктім басымды.
Жаралы жаным, жаға қан,
Маңдайға тиген тасыңды
Қалдырдым саған аманат.
Адасқан асыл жамағат,
Алашым үшін аманат!

Ж. Жүсіпбек

Жандос Жүсіпбек

Мылтық алдындағы монолог

Саналып әр дем,
Көңілде алабұртып мұң,
Ақырғы сәтті өткертіп абақтыдағы,
Түнекпен түйреп жанымды,
қара мылтықтың
қараңғы ұңғысы қарап тұр әлі.

Бұл неткен ұзақ секундтар,
Мылтық ит мына
не күтіп тұр-ей арс ете қалмай…
…Құрбандық біздің айналып,
шіркін ұйытқыға,
Арттағы ел аман қалса екен Алла-ай!

Ұлт ертеңі үшін қам қылып,
ойланған едім
Ұйқыда жатып дымсыз-ақ қалған…
Қайтейін сені, қазағым қайран да
менің,
Немкеттілікті мінсіз атқарған.

Ұрпаққа мәуе берер деп
сендім еккенім,
Жансебіл мына қорғар деп
халықты кие.
…Ал құйыл, құйыл соңғы рет
мөлдірек менің
қарашығыма, жарық дүние!

Я, қош!
Кеттім бақилық тізімде ендігі,
Ертеңін елдің ұшықтап
ұлы үмітпенен…
Шынжыры әзиз шындықтың
үзілген күні
Мен тіріліп келем!

Дала
Құдай қылған қазаққа қайырымдай,
Құдірет пен киеге сай ұғымдай
Дала,
сенен басталып,
қанша соқпақ
жаһан шарлап кетті екен
қайырылмай?!
 
Шыңырауға айналып
жылмақай бақ,
«Құлағында құланның
құрбақа ойнап»,
Дала,
сенің төсіңнен жоғалды екен
қанша тағдыр,
зұлматтан-зұлмат айдап?!
 
Қайтіп ұмыт қыларсың
сол кемсеңді,
жұлыныңа жазмышың өрген шерді,                                             
Дала,
қанша перзентің аштан қатып,
уызыңды қаншама көрдемше емді?!
 
Берекеңді жылымға жылыстатып,
Байтағыңды құлқыни қуысқа атып,
Дала,
саған зәр төкті қанша залым,
уыстатып қолыңа у ұстатып?!
 
Не көрмедің,

басыңнан не кешпедің?

…Ескіліктің кеспірсіз елестерін,
Дала,
енді ұмытшы,
Менің бүгін
айдарымнан көрдің бе жел ескенін?!
 
Сол соқпақтар,
сорабы суалысқан,
Даңғыл болып оралды ту алыстан.
Етегіңе қарғыс пен дуа құсқан
Қараң қалды құтыңа куә дұшпан…
…Айналайын жансебіл
кейуанам-ай,
Мен жасыңмын үзілген қуаныштан!

Батырлан Сағынтаев

Батырлан Сағынтаев

* * *
Шайқалып ніл аспанның
шарбы бұлты,
Шалғайда арғы атамның
қалды жұрты.
Ел көшкен жағасынан
Шибай бұлақ,
Солқылдап жылап ағып,
солды үміті.
Бабамның өткен сонау түзде өмірі,
Байыппен әкем айтқан бізге мұны…
Сарғайып сағыныштан елді күтіп,
Сыңсиды-ау Сарықопаның
күз көңілі.

Көл қаптай көп жылқы жоқ
шаң шұбаған,
Ел жоқта енші дала, кем сыбағаң.
Сәмбі тал тербеледі көк қабығын,
Қияңқы құнан тістеп аршымаған.

Күн құлап көкжиекке қызыл арай,
Жамылып бұлттан шәлі
сызылады ай…
Базарын өмірінің көркем еткен,
Бабамның бұл жерде жоқ ізі қалай.
Ошақтың орны түгіл орда тіккен,
Ауылдың таба алмайсың ізін оңай.

Сар дала сауығы жоқ, сәні кірмей,
Сырқаттай халы қашқан,
қаны жүрмей.
Көл жатыр сүмбіледе суы суып,
Көденің түбі жатыр кемірілмей.

Жел соғар кең даланың шерлі өкпегі,
Жылайды ол көшіп кеткен
елге өкпелі.
Жонында ауылы жоқ, сауығы жоқ,
Жусантөс дала жасы кермек пе еді…

Қыстаудың көң орнының
тоз сатабы,
Боздайды пана болған бозша талы.
Атаның ескі жұрты есінде жоқ,
Ақылсыз баланың бар өз шаһары.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір