ҚАЙСАР КИЕВ. ҚАЯУЛЫ КӨКТЕМ
01.04.2022
641
0

Қорғанбек АМАНЖОЛ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Киевке бұдан бұрын екі рет жолым түскен қазақпын. Екі ретінде де көктем, сәуір-мамыр айлары болатын. Екі ретінде де жарқыраған ғажабы жанымды тербеген. Бұл күндерде ең бір қаяулы көктемін қарсы алып жатқан қайсар Киевтің көкірегіме ұялап қалған сол бір ұмытылмас аяулы көктемдері есіме түседі. Соңғы баруымда, яғни 2013 жылы көктем Киевке кешігіп жеткен екен. Сол себептен жалпы ағаштардің, əсіресе мамырда Киевті миятқа малындырар магнолиялар мен сиреньдердің гүлдеуі де кемінде екі аптаға кешіккен. Киевтің нағыз сəнін келтіретін талшын тоғайлары енді-енді бүрлегелі бусанып тұрғандай. Солай болса да Киев
əдеттегісінше көркем де көрікті-ақ. Алтын сəулелі ашық күнде
Днепрден соққан самал салқындау болғанымен, Украинадағы
Қазақстанның мəдениет күндеріне келген қазақтың өнер мен
мəдениет қайраткерлері өздеріне деген қонақжай жылы қабақ пен
жарқын көңілден кенде болмағаны да есімде.


Крещатикке тағы да табаным тигенде, Киевтің бойтұмарындай əй-гілі София соборының сап-сары саф алтындай күмбезінің төбесін қайта көргенде, София алаңындағы украиндардың ұлттық батыры Богдан Хмельницкий ескерткішіне тəжім еткенде, одан
соң Киев-Печерск лаврасында осынау халық рухының қасиет-
киелері жайында үнсіз толғанған сəттерде одан да арыдағы 42 жыл
бұрын, яғни 1971 жылғы студенттік шағымызда Киевке бүкілодақтық дойбы жарысына келгеніміз ойымызға оралып еді. Сол жолы толқулы, сағынышты сезіммен жазылған «Самғайды қиял, самғайды, Сапарым тіптен шалғайды, Құшады мені сал қайғы, Сағыныш сүйер сондайды», – деп
басталатын өлеңімізді жастарға қамқор Сағат Əшімбаев аға-
мыз сиясы кеппей сол кезде дүркіреп тұрған «Лениншіл жас»
газетіне бастырғаны да күні бүгіндей көз алдымда. Сол өлең-
дегі түнгі Киев суреті мынадай-тын:
Түннің де мынау əсемі-ай,
Шамдары сөнген қаланың.
Тыныстап жатыр көше жай,
Мен үнсіз ойда қаламын.
Бірімен-бірі айқаса,
Ауада қалқып өлшеніп,
Ақырын самал шайқаса,
Бұтақтар тұрды теңселіп.
Мызғыған түнге «тұр, əй» деп,
Түр-түсті сəуле шашағы,
Сан қабат үйден бір əйнек
Күлімдеп нұрын шашады.
Сондағы Киев сапарынан кейінгі 50 жылдың өн бойында
біз де «Як тобэ нэ любитэ, ми Киев!» деп қайталаудан жазған
емеспіз. Киевті сүйіп қалып едік. Əсіресе, украиндықтармен кездескен сайын осы бір
қанатты сөзді айтудан əсте жалықпаймын. Ал олар бұл
сөздерді естігенде жандары жадырап, жақсы көріп, сүйсініп-ақ
қалады. Өз астанасы туралы жақсы сөз айтылғанын кім жек
көрсін. Өз басыма шынында да Киевті жақсы көрмеу мүмкін
еместей көрінетін.
Сол жолы Киевтің моңғол-татар жаугершілерінің алдынан
кес-кестеген Алтын қақпасын да көргенбіз. Көне тарихты зер-
делегенбіз. Сонда Бату хан қазірде өз атымен аталатын тау-
дан көз салып тұрып Киевтің көркі мен салтанатына таң қал-
ған екен дейді. Батудың əскері қаланы қалың тоғайлы сазда-
уытты кешіп өтіп, қорғанысы əлсіз Печерск дарбазасы жағы-
нан алыпты сонда. Сол жерлерде қазір Тəуелсіздік Майданы
алаңы қанат жайған. Ал біз болсақ тəуелсіз Украина ас-
танасының көркіне көз сұғын қадағанбыз.
Еліміздің сол тұстағы Ақпарат жəне мəдениет министрі Мұхтар Құл-
Мұхаммедпен бірге София соборының мұражай кешенін аралаған кездерде украин халқының қатпарлы да қазыналы тари-
хына сусындап қаныға түскендей болдық. Киев Русінің беделі
мен құдіретін князьдардың Еуропаның билеуші үйлерімен
туыстық байланыстары да айғақтап тұрғандай-ды. Айталық, орыс
жеріне христиандықты əкелген князь Владимир Византия
императорларының қарындасы Анна ханшайымға үйленген.
Киев князі Ярослав Мудрый швед королінің қызын алған. Ал
өзінің қызы Анна француз короліне тұрмысқа шығып, кейін
регент ретінде Францияны билеп, француз тарихында короле-
ва Анна Русская деген атпен бедерленіп қалған. Украин
достардың Еуропаның жалпы
билеуші əулеттерінде киевтік тектің мол болғандығын мақ-
таныш ете тілге тиек еткендігі де сондықтан болар.
Сол жолы сəуірдің соңында Киевте жүргенде қазақ-украин байланыс-
тарының тамыры тереңде екендігін жиірек ойға алғанбыз. Ха-
зарлармен, печенегтермен, қыпшақтармен қыз алысып, қыз
берісу, құдандал, жекжат болу сол бір ерте замандарда əдепкі
шаруа болатын. Киев Русі мен Ұлы Даланың қарым-қатынас-
тары, мəңгілікке жапырақ жайған достығының дəнекер арқау-
лары сол көне ғасырларда сұлбаланған еді. Əлбетте, тарихтың
архивін ақтарсақ, оны айғақтайтын ақпараттар жеткілікті. Бер-
тінге келсек, көбіміз білмейді екенбіз, 2008 жылы Киев қала-
лық кеңесінің қаулысымен Украина астанасындағы Кузьминская
көшесі Жамбыл Жабаев деп аталып, келесі жылдың мамырын-
да ХХ ғасырдың Гомері деп бағаланған атақты қазақ ақынына
салтанатты жағдайда ескерткіш тақта ашылған көрінеді. Ал
осы сапарымызда алда ашылуға тиісті жыр алыбының ес-
керткішін Киевтегі біздің елшіліктің қарсысындағы «Нив-
ки» саябағынан көргенде марқайып-ақ қалғанымызды несін
жасырайық.
Қазақстан мəдениетінің күндері аясында өткен іс-шаралар
осынау достықтың сəулеттеніп, əлеуеттеніп, келешегін кеңге
жайып, кемелдене түскенін көрсетіп беріп еді-ау. Алдағы жылы Қазақстанда Украина-
ның нақ қазіргідей мəдениет күндері өтпек болып келісілді.
Ол күндердің 1847 жылдан бастап қазақ даласында өз өмірі-
нің он жылын өткізген украин халқының рухани көсемі Тарас
Шевченконың 200 жылдығын мерекелеумен сəйкес келуі де
қандай ғанибет десеңізші. Ұлы кобзарьға
қазақ елінде жасалып жатқан құрметтің де жөн-жосығы бөлек. Шын мəнінде,
қазақ елі, қазақ халқы, барша қазақстандықтар Тарас Шевчен-
коны өз перзентіне барабар ардақ тұтып, құрметтейді, шын
жүректен сүйеді. Олай болуының мəнісі де бар. Украин
халқының ұлы перзенті біздің халықтарымыздың туысқандық
дəнекерін мəңгі үзілместей берік етіп бекемдей түсті. Айдау-
да жүрген оны қазақтар ақ көңілімен құшақ жая қарсы алды.
Жер аударылған келімсек демеді, ұлы ақын, ағартушы жəне
суретші ретінде ардақтап төбелеріне көтерді. Бір ғажабы, қа-
зақ сақарасында айдауда өткен сол он жыл Ұлы Кобзарь үшін
ең жемісті жылдар болыпты. Нақ қазақ жерінде оның
500-ден астам сұңғаттық шығармалары мен картиналары, 100-ден
астам өлеңдері мен 20 хикаяты жазылып, ол осынау туындылар-
да сол замандағы қазақтардың өмірі мен тұрмысын ерекше
сүйіспеншілікпен бейнелеген.
Сондықтан да болар, қазақтар украин халқының ұлы пер-
зенті, ұлт рухының ұлық падишасы Тарас Григорьевич Шев-
ченкоға барлық уақыттарда зор құрметпен, шынайы алғыс
сезімімен қарап келеді. Шевченко атымен аталатын əлемдегі
жалғыз қаланың Қазақстан аумағында орналасуы да сол се-
бептен болар. Алматының ең көрнекті жерлерінің бірінен,
яғни Достық жəне Шевченко көшелерінің қиылысынан Та-
рас ақынның граниттен қашалған тамаша ескерткішін көптен көріп жүруіміздің сыр-себебі де осында жатыр.
Сонымен, Киев Ұлттық академиялық оперетта театрында
Қазақстан Республикасының мəдениет күндері салтанатпен
ашылған сəруар сəулелі сəттер де келіп жеткен-ді. Біздің министрдің өз құт-
тықтау сөзін: «Шановні пані та панове! Я вітаю всіх присутніх
тут друзів з урочистим відкриттям Днів культури Казахстану
в Україні» деп украин тілінде бастап, қазақ жолымен сəлемде-
сіп, соңында «Хош келдіңіздер, құрметті достар! Ласкаво про-
симо, шановні друзі!» деп қазақша-украинша егіз өріммен өр-
нектей аяқтауы көпшіліктің көңілінен шыққанына біз де бір
сəт мерейленіп отырып едік сонда.
Сөйтіп, келесі мезетте осынау мəдениет күндері аясындағы
Қазақстанның танымал өнер шеберлерінің гала-концерті бас-
талып кеткен-ді. Нағыз тақым қысатын шақ енді келгендей.
Айналайын қазағымның айкөл өнерпаздары намысты қолдан
бермей, алқалы аламанда қамшы басты. Ағындап ақтарылған,
атойлап шалқыған «Сарыарқа» күйі Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауында сайын сахарамызды Киевтің төріне алып келгендей болды. К.Байсейітова атындағы ұлттық опера жəне балет театрының бишілер тобы оркестр сүйемелдеуімен орындаған Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы «Шашу» биі,
оркестр орындауындағы ұлы дала саздары халқымыздың жан жүрегін, болмысын, шаттық-қуанышын украин бауырларға
əдемі де əсерлі танытты. Əр-əр жерден «Браво! Браво!» деген дегбірсіз дауыстар естіледі. Біздің домбырашы жігіттеріміздің
көз ілеспес виртуоздығы, шеберлігі, күй əуенінің шарықтай құйқылжуы украин көрерменін тəнті еткендей.Туыстас та достас елдегі мəдениет күндеріміздің гүлтәжіндей концерт осылайша табысты аяқталған еді. Кеудемізге көктем ұялатып еді. Киев көктемін…
Концерттен кейін Украинадағы Беларусь елшісі Валентин Величкомен, Əзербайжан елшісі Ейнулла Мадатлімен, Киевтегі көптен білетін танысымыз, философия ғылымдарының докторы, профессор Рүстем Жанғожинмен сұхбаттасудың сəті түскен еді. Біздің өнер шеберлерінің концертіне олар да дəн риза. Екі ел арасындағы мəдени байланыстардың өркен жаюына риясыз тілектерін білдіріп жатыр. Осы арада Гүлия
Тұрғанбекқызы Шлюсавер-Бейсенбинова деген апайымызбен таныстық. Тұрмыс құрып, Алматыдан кеткеніне 40 жыл болыпты. «Сырлы аяқтың сыры кеткенімен, сыны кетпеген» дейтіндей, көрікті болғаны көрініп-ақ тұр. Гүлия апайдың сөзі-
нен аңғарғанымыз, жан-жүрегінде елге деген мол сағыныш бар сияқты. Өзі «Қазақстандық жерлестер» деп атала-
тын Киев мəдени орталығына жетекшілік етеді екен. Апай «Алматыға сəлем айтыңыздар» деп қимастықпен қоштасты.
Киев көктемі қиялға қанат бітіріп, асқақ арманға, асыл мақсатқа жетелейтіндей. Киевтің өзі көркем де көрікті. Киев
метросы күн сайын бір миллионнан астам жолаушы тасымалдайды екен. Жыл сайын үш метро бекеті қосылып отырады. Алдағы жылы метроның бір бекеті «Қазақстан» деп
аталмақшы. Бұл жайды көкейімізге бір деп түйіп қойдық.


Киевтің көрікті жерлерін аралап, тарихын саралап, Киев көктеміне, украин халқының көңіл көктеміне шуақтап шаттанғанымыз-ай сондағы. Көшедегі халық ақжарқын. Қайран Тұмағамның «Украин қызына» деген өлең шумақтарын күбірлей қайталап едім сонда .
Есімде менің, есімде,
Бірге оқыған кездерім.
Есімде менің, есімде
Сенің мөлдір көздерің.
Бірге оқып өзіңмен,
Бірге ойнаған кездерім.
Соғыс бітіп, мамаңмен,
Қайта кеттің Киевке.
Тым болмаса сонда мен,
Қалмадым бір сүйіп те.
Киев көшесінде Тұмағаң жырлаған осы қыз кездеспес пе екен деп қиялдаймын. Киев көктемі. Киевтегі концерт. Киевте
қалықтаған қазақ əні. Қос халықтың, көңілдері хош халықтың
достығының күндері… Содан бері де аттай тоғыз жыл өтіпті. Қазір ішіме, жанымның қалтарыстарына үңілсем, нақ осы өз көзіммен көрген Киевтің жарқын, жадыра көктемін кәдімгідей сағынады екенмін. Әлемнің басқа да үлкен қалаларында, ұлы шаһарларында болғанмын. Бірақ солардың ішінде жаныма жақын тартқаным, бауыр басқаным Киев екен. Соның айғағындай, осыдан үш жыл шамасы бұрын өзімнен-өзім жүріп Киевке тағы бір өлең арнаппын. Бізге мәлім он ғасырлық тарихы бар Киевтің Алтын қақпасы, неге екенін қайдам, он сан ойларға жетелепті.
Киевке келсем шат бола қалам,
Әуелі Алтын қақпаға барам.
Алтын қақпа да ашылып сонда
Алтын тарихты ақтарады маған.

Қақпаны осы қаққандар болған,
Қиян даладан шапқандар болған.
Алтын қақпалы арда шаһарда
Қап-қара түндер, ақ таңдар болған.

Алыс-жақыннан елшілер келген,
Емшілер келген, зершілер келген.
Хазар мен қыпшақ, құдандал жекжат,
Көшпелі жұрттан көршілер келген.

Ғибадатжайдың күмбезі де алтын,
Шағылған соған күн көзі де алтын.
Византияның ханшайымы Анна
Владимир кінәзға гүлмінез алтын.

Киевке мына келін боп жеткен,
Алтын қақпадан өрім боп өткен.
Алтын қақпалы шаһардың даңқы
Ат дүбірімен әлемге кеткен.

Корольдерің де, қаһандарың да,
Дүниені жалмар наһандарың да,
Алтын қақпаны алуға құмар
Әмірші небір қаһарларың да.

Жиһанкер, жаугер заман да келген,
Алтын қақпаны бабам да көрген.
Бату қосынымен атойлап, бәлкім,
Арманда кетіп, арандап өлген.

Киевтің тағы – дара тақ екен,
Кінәздің жаны – жарақат екен.
Алтын Ордадан – Алтын қақпаға
Ағылған әскер алапат екен.

Баудай түсірді қорғаушыларын…
Құласаң, батыр, нардан құлағын…
Болашағына жеткізді жазмыш
Алтын қақпаның арман-пырағын.

…Киевке келсем шат бола қалам,
Әуелі Алтын қақпаға барам.
Алтын қақпамыз ашылып күндей,
Алтын тарихты ақтарады маған.
Өкінішке қарай, Киевтің осынау мен көрген шат көктемдері қол жетпестей алыста қалған. Бату таудың бауырындағы, біздің ақын Қасым жырлаған, партизан Қасым қорғаған Днепро жағасындағы ғажайып қала жабырқаған налалы, қансыраған жаралы. Бірақ қанша жабырқаса да жалыны мол, қансыраса да қайсар қалыбынан танбайды.

Қайсар Киевтің қаяулы көктемі қара жүрек қиянатқа басын имек емес, озбыр қара күшке намысты қолдан бермек емес. Адал жүректі әділетшіл адамзаттың да Киев көктемімен бірге екеніне кәмілмін. Киевтің осынау қаяулы көктеммен тезірек қоштасып, аяулы көктемдерімен қайта қауышар шадыман шақты асыға күтемін. Жаратушы Құдіреттің де қалауы сол болар деп үміттенемін.

АЛМАТЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір