Жас әдебиетшілерге кеңес
31.03.2022
2231
0

Қолыңызға алған кітап – тәжірибемнің жемісі. Ал тәжірибе белгілі бір қателерден жиналады. Бұл кеңестер нұсқаулық кітаптары іспетті нақты және балаларға әдепті үйрететін кітап секілді пайдалы. Енді қандай пайдасы бар деген сұраққа келелік. Әдеп ережелерін мейірімді де ақылды Уаренстің жазғанынан оқып, дұрыс киінуді анамыздан үйренгенімізді еске алайық. Сол сықылды мен де жас қаламгерлерге арналған осы кеңестерді әкелік ықыласпен ұсынамын!

Бастапқыдағы бақыт және сәтсіздік
Жас қаламгерлер өз қатарластарын көре алмай, олар жайында «алғашқы қадамында-ақ өте жақсы айла жасады, мақтануға тұрарлық бақытқа кенелді» деп жатады. Бірақ бұл алғашқы қадам ешкімнің хабары болмаған жиырма «алғашқы қадамның» нәтижесі екенін ойламайды да.
Атақ-даңқ кенет соққан дауыл сияқты болуы мүмкін бе – білмеймін. Меніңше, жетістікке жету жазушының қуатына және көрінбейтін қадамдарының нәтижесіне байланысты. Кішігірім жетістіктер құрала келіп, үлкен жетістікке жол ашады. «Менің жолым болмайды» дейтіндер – әзірге жеткілікті деңгейде үлкен жетістікке қол жеткізе алмаған және қолы жетпегенінен өзі де бейхабар адамдар.
Адамның ерік-жігерін қоршап тұрған, әрбірінің белгілі бір себебі бар мыңдаған шарттың бар екеніне келісемін. Адам еркі сол шарттардан құралған шеңбер ішіне қамалған. Бұл шеңбер – құбылмалы шеңбер: әр күн, әр минут, әр секунд сайын өзгеріп отырады. Соған сәйкес, шеңбер ішіндегі адам еркі де сәт сайын өзгеріске ұшырайды. Мінеки, біздің еркіндік деп жүргеніміз осы.
Еркіндік пен тағдыр – қарсылас. Алайда жақыннан һәм алыстан қарасақ, екеуінің де адамның ырқында екенін көреміз. Сол себепті сәтсіздік деген ұғым жоқ. Егер өміріңізде сәтсіздік бар десеңіз, онда оның бірден бір себебі – сіздегі бір нәрсенің жестіспеуі.
Мыңдаған мысалдың ішінен біреуін алдыңызға тартайын. Мен жақсы көретін, құрметтейтін кейбір адамдар Сю Эжен мен Феваль Поль сияқты атақты қаламгерлерге өкпелі. Аталған жазушылардың қарым-қабілеті төмен болғанымен, жазуға қыры жоқ тұлғалар емес еді. Кейін достарымның оларға деген өкпесі тарқады. Өйткені өкпелеу – уақыт жоғалту ғана және дүниедегі ең қадірсіз нәрсе. Мәселе нағыз әдебиеттің сұраныстағы әдебиеттен жоғары не төмен екенін білуде емес. Дегенмен мен үшін шын өнер сұраныстағы өнерден биігірек екенін айта кетейін. Бірақ Сю Эжен қолданған әдеби тәсілдерді сіз өз шығармашылығыңызда пайдалана алмасаңыз, ол турасындағы пікіріңізбен жартылай ғана келісуге болады. Әдеби тың тәсілдер тауып, сіз де сол дәрежеде оқырманның қызығушылығын оятыңыз, Сю Эженнен жоғары қуатқа ие болыңыз. Сол дәрежеге қол жеткізгенге дейін ізденісіңізді бірнеше есе көбейтіңіз. Сонда ғана буржуазия жайында жаман сөз айтпайсыз, өйткені ол кезде буржуазия сіздің жаныңызда болады. Ал оған дейін «voe victis» («қарғыс атқыр жеңіліс» – М.Қ.). Себебі әдеби әлеуеттен артық нәрсе жоқ. Ол даусыз үкім.

Қаламақы
Бір үй қанша жерден көз тартып тұрғанымен, сәулетінің кереметі дәлелденбейінше оның шын мәнінде қаншалықты сәулетті екенін білмейміз. Сол сияқты, әдебиеттің де қадірі жеткілікті деңгейде білінбейді. Сөз өнері – қаржылай пайда әкелу ықтималдығы өте төмен, бірақ қаншаға болса да сатылуға тиіс нәрсе.
Жастар арасында «Әдебиет соншама қадірсіз делік, онда мұншама мәселе неліктен пайда болады?» дейтіндер бар. Жақсы шығарма түптің түбінде мойындалады, бағаланады.
Бұл мәселеге қатысты жаза алатын нәрсемнің бәрін, бүкіл философтарға, тарихшыларға, іскер адамдарға арнаған мына сөзіммен түйіндеймін: «Адам жақсы сезімдер арқылы ғана «Барлықпен» қауыша алады».
«Осыншама аз ақша үшін жарты өмірімізді не себепті құрбан етуіміз керек» дейтіндер, кейінірек атақ-даңққа қол жеткізгенде, кітаптарын 200 франкқа сатқысы келеді. Бұл бағаға сата алмаған соң келесі күні 100 франк жеңілдік жасайды. Ақылды қаламгер «Меніңше, мұның құны осынша. Себебі менде соған лайық жоғары деңгейдегі қабілет бар. Ал жеңілдік жасау керек болса, сіздермен бірге болу құрметіне ие болу үшін еш ойланбастан жасалуға тиіс жеңілдікті жасаймын» дей алуы керек.

Ұнату және жек көру
Әдебиеттегідей, махаббатта да ұнату – еріксіз сезім. Қанша тырыссақ та, ақыл бір адым кейінірек тұрады.
Екі тарап та бірдей сүйсе, шын жақсы көру – ғажайып дүние. Ал жасанды сезім – өте жиіркенішті, әсіресе бір жақты ғана болса… Біреуінің ғана көңілі құлаған «ғашықтарда» алдаудың, көңіл қалдырудың нәтижесінде пайда болатын жек көрініш сезімінен әлдеқайда жақсы немқұрайлылық деген нәрсе жоқ. Міне, сол себепті сананың және адами қасиеттердің байланысы арқылы құрылған махаббатты құптаймын. Бұл – жаратылыстың ғажайып ишаратының, мына киелі сөздің дәлелдерінің бірі: «Бірліктен күш туады».
Батылдық пен аңғалдық заңы жек көруді де басқара алуы тиіс. Алайда қасақана өшпенділік тудыратын адамдар бар. Бұл – ақылға қонымсыз нәрсе, айналаңа дұшпан жинау ғана. Ал өзіңді дұшпанмен қоршаудың еш пайдасы жоқ екені белгілі. Нысанадан қиыс кеткен соққы айналадағы куәгерлерді жаралау қаупін ескермегеннің өзінде, қарсыластың да жанына бата қоймас.
Бір кісіге қаржылай қарызым бар еді. Бір күні «Семсерлесу» дәрісінде қасыма келіп мазамды алды. Мен де оны қолымдағы қылышпен түрткілей қуа жөнелдім. Артқа қарағанымда мені демімен-ақ жер бауырлатып жіберетіндей ірі денелі ұстазымыз: «Ашу, ыза, жек көруге келгенде өте ысырапшылсың, оны да үнемде. Ақынмын дейді. Әй, сен де…» – деді сөзін аяқтамай. Екі соққы жасайтын уақытым босқа кетті. Ентігіп тұрмын. Ұят қысып барады. Оның үстіне айтарлықтай зияным тимеген бір адамның алдында дәрежем түсіп еді. Расында да, жек көру сезімі бағалы шарап сияқты. Боргияның уынан бірнеше есе қадірлі у секілді. Себебі ол біздің қанымыздан, кірімізден, ұйқымыздан және махаббатымыздың үштен екісінен жасалған. Жек көруге келгенде сараң болуымыз қажет.

Сын
Сын тек қателескендерге бағытталуға тиіс. Егер мықты болсаңыз, басқа бір мықтыға тарпа бас сала сынау құқығыңыздан айырылғансыз; кейбір мәселелерде қарсы пікір білдірсеңіз, белгілі бір жағдайларда ол сізге қызмет етеді.
Екі түрлі сын жазу тәсілі бар: жанама жол арқылы сынау және ең қысқа жол, тікелей сынау.
Жанама жол арқылы сынау мысалдарын Жюль Жаненнің сындарынан кездестіре аламыз. Жанама сын оқырманның көңілін көтереді, бірақ айтарлықтай ештеңе дәлелдемейді. Тікелей сын қазіргі күнде бірнеше ағылшын журналистінің сүйікті ісіне айналған. Ал Парижде бұл сын жазу тәсілі мүлде жойылды. Тіпті M.Granier de Cassagnac та осынау сын түрін ұмытқан тәрізді. Мұндай сын «Мистер Х нағыз намыссыздың өзі, оның үстіне адам сенгісіз ақымақ, білімсіз; қазір мен бұл сөздерімді дәлелдеймін» деп басталады. Содан соң біріншіден, екіншіден, үшіншіден деп дәлелдерін тізбектей береді. Сынның мен айтқан кейінгі тәсілін өз біліміне сенімді және «шойын жұдырықты» кез келген қаламгерге ұсынамын.
Сәтсіз сын – өзіңе кері қайтып келетін жебе. Аңдаусызда өзіңізге ажал оғы боп тиюі мүмкін. Олай болмаған жағдайдың өзінде, адырнаны керіп атқан сәтіңізде жебе қолыңызды тіліп кетеді.

Жазу тәсілдері
Қазіргі кезде өте көп жазу керек, сол үшін де тез жазу қажет. Әрбір соққы діттеген жеріне тиюге тиіс. Тез жазу үшін үздіксіз ой үстінде жүру керек. Ойыңыздағы бір тақырыпты қала кезгенде, моншаға, кафеге, тіпті көңілдесіңіздің қойнына бірге алып кіруіңіз керек. Бірде Эжен Делакруа маған «Өнер – өте ғажап дүние, бірақ баянсыз» – деді. Міне, әдебиет те дәл сондай. Мен бос шимайды құптамаймын, себебі ол да ой айнасына дақ түсіреді.
Мысалы, Урлиак Эдуард шығарма жазарда алдымен ойындағы барлық дүниені қағаз бетіне түсіріп алады. Ондағы мақсаты – ойындағы ешбір нәрседен «айрылып» қалмау. Бұл тәсілді «Кенепті толық бояу» деп атайды. Содан соң кенепті қолына алып, басы артық жерін өшіреді де, керектісін ғана қалдырады. Жазылған шығарма мың жерден теңдесіз туынды болып шықса да, аталмыш тәсіл қабілетің мен уақытыңды ысырап қылады. «Кенепті толық бояу» – бояуды текке құрту емес, шығарманың қаңқасын жасап шығу. Ол жазу үстеліне отырған сәтте-ақ қаламгердің ойында боялған күйде дайын болуы керек.
Бальзактың мұндай қағаздары адам сенгісіз дәрежеде ұқыпсыз және түсініксіз шимайға толы екені айтылады. Осылайша бір роман бірнеше рет жазылады, сол себепті бір сөйлем ғана емес, бүтін бір өнер туындысы шашыраңқы хәлге түседі. Жазушының жазу стиліне жиі ыңғайсыздық тудырған да осы бір нашар тәсіл екеніне шүбәм жоқ. Бальзактың жалғыз қателігі осы тәсіл еді.

Еңбекқорлық һәм шабыт
Ләззат пен құмарлық шабыттың жолдасы емес. Кейбір үлгі тұтарлық адамдардың да бір сәтте құмарлықтың құлақкесті құлына айналатыны мен әлсіздіктері жиіркенішті үшбу түсінікке қарсы жеткілікті дәлел бола алады.
Жазушы бір нәрсеге ғана мұқтаж: ол – жүйелі және өзіне ғана тән жазу тәртібі. Шабыт – тынымсыз еңбектің жемісі. Аштық пен ұйқы тәрізді шабыт та мойынсұнады. Біздің санамызда қандай да бір ғажайып механизм бар екені сөзсіз. Одан ұялмауымыз керек. Күнделікті жүйелі түрде жұмыс істеу ғана қаламгерге шабыт сыйлайды.

Өлең
Өзін өлеңге арнағандарға жалғыз кеңесім, өлеңді ешқашан тастамаңыздар. Өлең – кеш болса да, қаламгерге өте көп пайда әкеле алатын өнердің бірі.
Моральдық тұрғыдан қарағанда, өлең бірінші дәрежелі интеллект пен екінші дәрежелі интеллект арасына шекара орнатады, тіпті ең күшті буржуазиалық күш те бұл деспотиялық эффекттен құтыла алмайды. Теофиль Готьені «Өлім комедиясын» жазғаны үшін ғана оқитын адамдарды танимын. Олардың бұл шығарманы толықтай түсіне алатынына күмәнім бар.
Кез келген дені сау адам ас-сусыз қиналмай екі күн өмір сүре алады. Ал енді адамзаттың өлеңсіз өмір сүре алмауында қандай таңғаларлық нәрсе болуы мүмкін?
Адамның ең өзекті қажеттіліктерін өтей алған өнер әрдайым жоғары бағаланады.
18.04.1846 жыл

Түрік тілінен ықшамдап тәржімалаған
Мәди-Асқар ҚАНЖАРҰЛЫ
«Солақайлар» әдеби клубы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір