БІЛІМ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ ҚАБЫЛДАНДЫ
31.03.2022
348
0

Білім саласы, ондағы өзгерістер өзектілігін ешқашан жоғалтпайды. Ертеңге деген сенім мен жарқын келешектің кепілі де – бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақтың еншісінде.

Осы аптада Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында, екінші оқылымда маңызды нормаларды көздейтін Білім туралы заң жобасы қабылданды. Жаңа заңда қандай артықшылық бар?

  1. Халықаралық пәндік олимпиадалардың, сондай-ақ халықаралық орындаушылар конкурстары мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарында тегін білім алуға гранттар беру. Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және олардың тәлімгерлері үшін біржолғы ақшалай төлемдер көзделеді. Бұл туралы Президент былтырғы Жолдауында айтқан болатын.
  2. Жоғары білім беруде жаңа онлайн оқыту формасы енгізіледі. Енді ЖОО-лар оқытудың онлайн түрінде белгілі бір оқыту бағыттары бойынша кадрларды дайындай алады. Бұл – заман талабы. Бұл ретте біліктілік талаптарына сәйкес оқытудың белгілі бір бағыты бойынша жеке лицензия алу міндетті болады.
  3. «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» оқулықтары енді еліміздің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық болады. Яғни, бір оқу бағдарламасы және бір негізгі оқулық. Сонымен бірге басқа пәндер бойынша оқулықтардың балама нұсқалары жасалады.
  4. Енді стипендиялар студенттердің шоттарына тікелей төленеді деп жоспарланып отыр. Яғни, осыған дейінгі ЖОО-ға аударатын жүйе болмайды. Сонымен қатар біз уәде бергеніміздей, жоғары оқу орындарының гранттары үшін қаржыландыру да студенттерге тікелей жолдама ретінде беріледі. Ал кейін қаржыны студенттердің өздері жоғары оқу орындарына төлейді.
  5. Жоғары білім деңгейі бойынша жаңадан берілетін лицензиялар үшін 5 жыл мерзім белгіленеді. Осыған дейін олардың нақты мерзімі көрсетілмеген еді. Мәселен, 1992 жылы алынған лицензия барлық өзгеріс пен жаңа шарттарға қарамастан жарамдылық күшін сақтап келді. Бүгінге дейін мемлекет лицензия мерзіміне қатысты талап қойған жоқ.
  6. Жабылған жоғары оқу орындарының студенттерін және олардың жеке істерін басқа жоғары оқу орындарына ауыстыру, оқуын аяқтамаған немесе қорытынды аттестаттаудан өтпеген тұлғалардың жеке істерін, сондай-ақ осыған дейін білім беру ұйымында оқуды аяқтаған тұлғалардың жеке істері мен білімі туралы құжаттарының көшірмелерін мемлекеттік мұрағатқа уақтылы тапсыру үшін жауапкершілік енгізіледі.
  7. Колледждерге академиялық еркіндік беріледі. Енді колледждердің білім беру бағдарламалары министрлік бекіткен типтік жоспарлар мен бағдарламалар емес, кәсіптік стандарттар мен жұмыс берушілердің талаптары негізінде құрылады.
  8. Мұғалімдердің міндетті біліктілік арттыру курстарынан өту мерзімі өзгеріп жатыр. Қазір 5 жылда 1 рет өтсе, енді 3 жылда кемінде 1 рет өту ұсынылады. Бұл білім беру сапасының жылдам өзгеруіне қатысты болып отыр. Оқытушы-педагогтар осы норма арқылы өз біліктіліктерін үнемі жетілдіріп отырады.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов соңғы норма туралы: «Мұндай шешім – педагогтардың біліктілігін үздіксіз арттырудағы әлемдік үрдіске қадам.  Финляндия мен Сингапурда мұғалімдерден жыл сайын, Гонконг пен Ресей Федерациясында кемінде үш жылда бір рет біліктілігін арттыру талап етіледі. Біз педагогтардың үздіксіз ізденуіне мүмкіндік тудырамыз», – деді.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір